Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов...
Көне жазба мұралардағы Орталық Қазақстан топонимдерінің көрінісі
Орталық Қазақстан туралы жазба деректердің аз болуы, сақталмауы, соңғы жылдарға дейін тарихи-археологиялық тұрғыдан арнайы зерттелмеуі даулы пікірлерге жол ашып отырған. Орта Азия тарихының тамаша білгірі В.В.Бартольд «мәдениеті бар соңғы жер Сырдария мен Қаратаудың аралығынды болды, бұл өлкенің солтүстігі адам мекендемеген далалы алқап еді», - десе, ал академик Ә.Марғұлан археологиялық зерттеулері барысында ол пікірді жоққа шығарып», Орталық Қазақстанның таулы және өзенді алқаптарында қола замманнан кейінгі, орта ғасырларға дейін аралықта отырықшы халықтар мәдениеті болған», – деді [1,5].
Дегенмен академик Ә.Х.Марғұланға дейін де Орталық Қазақстанның көне қалалары мен жер-су атаулары туралы мәлімет берерлік жазба деректердің, түрлі карталардың болғандығын жоққа шығара алмаймыз. Олардың ішіндегі ең көнесі, яғни біздің жыл санау дәуірімізге дейінгі қытай жазбаларындағы топонимдік деректер қытай тілі заңдылықтарына бағындырып, түбір тұлғасы танымастай өзгеріске ұшырағын. Әрі көне қытай авторлары көрші елдердің аттары мен жер-су атауларын өз тілдеріне аударып немесе өз түсінігіне сәйкес беріп отырған. Қытай алфавитінде сөз ортасында «р» әрпінің қолданылмауына сәйкес түрік атауы «тукую», арғын тайпасы «алун» Темуршин (Шыңғыс ханның шын аты) - «Темучин», орыс елі атауы «олосы», «люся», «лаумоза», «налосзо» (жүнді адам немесе қар адамы аудармасында) берілсе, ал ірі мемлекеттер мен қалалар атаулары да үлкен өзгерістермен таңбаланған. Мысалы, Индия - «Шенди», Месопотамия - «Тяогжи», Рим - «Лигань», Бұқара - «Ань», Ташкент - «Ши» формасында берілген [2,161].
Тарихи мәліметтер қазіргі Қазақстан территориясындағы Балқаш көлінің солт.-де III-IV ғғ. ғұн (күн) мемлекетінің өмір сүргенін айтады. Оларды қытайлар «Юэбань», «Се-Яньто» деп атаған [3,43]. Кейбір еңбектерде бұл өлке Сарматтар жері, Сар ир, Половецтер, Дешті Қыпшақ және т.б. атауларымен де атала береді. Осындағы Сар ир, атауы қытай жылнамасында Се-Яньто формасында берілген. Түбір сар, сары сөзінің «се» формасына көшуін қытай тіліндегі р дыбысының сөз ортасында ұшыраспауынан деп білеміз (түрік - «түкю», аргу - «алун»). Сар-ир (сары жер, сары алқап) атауы Шыңғысхан өмірін зерттеуші Мишель Хоанг еңбегінде «Ciraka er» формасында ұшыраса [4,49]. Көне Римдіктер оларды Сарматтар деп атаса, славяндар половцы деп атаған. Қазіргі еңбектерде половец, половцы атаулары «құба», «құбашақ», «қыпшақ» мағынасында қолданылып жүр. Қазақ тіліндегі «құба жон» атауының мағынасы да сары алқап, сары дала ұғымынан алшақ кетпейді. Көне түркі жазба ескерткіштері мұраларында Орталық Қазақстан топонимдеріне қатысты тек Ертіс өзені (Эртіш сувы) атауы ғана ұшырасты [5,122]. ІХ-Х ғасырларда Орта Азия Қазақстан жерін картаға түсіруде араб географтары көп еңбек сіңірген. Олардың ішінде Орталық Қазақстан топонимдеріне қатысы бар еңбектің бірі – Х ғасырдағы Ал Идрисидің «Китаб-Роджері» мен «Сурат ал-Ард» атты картасы [6].
Академик Ә.Марғұлан бұл еңбектегі мәліметтерді Сарысу, Торғай өзендері мен Ұлытау өңірлеріне байланысы бар деп атап көрсеткен [7]. Ал Идриси аталған еңбегінде Хорезм көлі (Арал теңізі), Тараз қаласы (Жамбыл обл. орталығы) Шаш өзені (Сырдария) атауларына тоқтала келіп, осы елді мекендердің солт.-шығысында оғыздар мекендегенін, оларды Гарбиан, Даранда, Бадагах, Дарку, Нуджах, Хиам, Дахлан, Джаджан атты қалалары болғандығына тоқталған. Оның көрсетуі бойынша бұл қалалар Руза, Магра өзендері мен Горгуз көлі жағалауларына және Музгар, Ортаг, Казтаг, Аскарун таулары бойына орналасқан. ХІІ ғасырлық иран тарихшысы Рашид ад-Дин еңбектерінде де оғыз қағандарының мекендері Ортағ, Қазтағ атты таулы өңірлерде болғандығы және сол жерде Инандж атты қала бар екендігі, қыста Борсун, Какья, Каркорун деген желерді қыстайтыны айтылады [8,80-81]. Бұл топонимдік деректер Әбілғазы Бахардурхан шежіресінде де ұшырасады. Ол оғыздар туралы айта келіп, «Қара хан атасынан соң патша болды. Ертағы мен Кертағы тауларын жайлады, қыста Қарақұм мен Сырдың жағасын қыстар еді» деп жазған [9,15].
Осы өңірдің ежелгі қоныстары туралы орта ғасырлық араб географтары мен жазушылары Инб-әл Варди, Ибн-Сайд, Ибн-Ийаса т.б. да мәліметтер қалдырған [10,98-108]. Орталық Қазақстанның көне қала орындарын зерттеуші ғалым, археолог Ж.Е.Смайловтың пайымдауынша, жоғарыдағы атаулардың дені Орталық Қазақстан жерінде ұшырасады. Атап айтқанда, Руза қазіргі Сарысу өзені, Магра - Кенгір өзені, Горгуз - Теңіз көлі; Аскарун-Бұғылы, Музгар - Ұлытау, Ортағ - Ортау, Кертаг - Қызылтау таулары. Және де автор В.Г.Тингаузен зерттеулеріне сүйене отырып, Руза (Сарысу) өзенінің XIV ғасырда Сарыгузен аталғаны туралы да мәлімет береді [11,5-11]. Расында да, Ал Идриси мен Рашид ад-Дин еңбектеріне талдау жасаған С.Г.Агаджанов, К.Миллер пікірлеріне қарағанда, Ж.Е.Смайловтың пайымдаулары көңілге қонымды. Автордың ұтымды пікірлер айтуына оның орта ғасырлық ғалымдар атап көрсеткен қалалар мен жер-су атауларын, олардың ара қашықтығы мен қай ендікте жатқандығын жақсы меңгергендігі ғана емес, сонымен қатар оның аталған өлкенің жер бедерін жақсы білгендігінде деп таныдық. Және де Ж.Е.Смайлов дәлелдері Ә.Х.Марғұлан тұжырымдарымен сәйкес келіп отырады. Соңғы автор да Ортог, Кертаг оронимдерін Орталық Қазақстандағы Ортау мен Қызылтау деп атап көрсеткен [7,11-12].
Бұл ойды археолог-тарихшы ғалым Жамбыл Омари да қостайды. Осы аты аталған ғалымдар еңбектеріндегі ой қорытуларына сүйене отырып, біз орта ғасырда Орталық Қазақстанда болған (Ал Идриси еңбегінде) қалалардың орналасу ретін төмендегіше топтастырдық. «Нузхат ал-Муштакта» (Ал Идриси) Хиам қаласы Магра өзенінің (Кеңгір) жоғарғы сағасында орналасқан делінеді. Ал Ж.Смайлов оны Басқамыр кешенімен байланысты қарастырады. Басқамыр қазіргі Жезқазған қаласының солт.-бат.-да, Жезді өзенінің сол жағалауында орналасқан. Джаджан қаласы Руза (қазіргі Сарысу) өзенінің оң жағалауында, атақты Бетпақдаламен шектес алқапта болған. Нуджах, Бадагах қазіргі Ұлытау тауының үстінде саланған [11,12-13]. Бұл қалалардың ескі орны қазіргі кезеңде Нөгербек дарасы және Хан Ордасы деп аталынып жүр. Осы екі қорғанның ортасынан Жетіқыз өзені ағап шығады. Даранда атты қала қазіргі Арғанатты тауында болған. Жалпы Сырдария бойынан созылған көне қалалар тізбегі қазіргі Ұлытау, Арғанаты таулары мен Кеңгір, Сарысу өзендері бойларына орналасқандай. Әрі бұл топонимдер орта ғасырлық жазбаларда Россия тарапынан жарық көрген көне карталар мен түрлі басылымдарда (ХІХ ғ. Соңына дейінгі) әр түрлі атаулармен беріліп отырады.
Мысалы, қазіргі Ұлытау оронимі ХІІІ ғ. дейін Музгар, Кендыр-Таг деп аталса [12,44], ХVII ғасырда ғана Улутов формасында беріліп, Кендірлік өзені осы таудан басталады делінген [13,95]. Яғни 1627 ж. Иван IV заманда жарық көрген «Книга Большому Чертежу» деп аталатын еңбектен кейінгі басылымдардың бәрінде де Ұлытау оронимі Улутов, Улутағ, Улутау түрінде беріліп отырған, яғни қазіргі Ұлытау формасынан алшақ кетпейді. Оронимнің Ұлытау аталуына таудың биіктігіне қарағанда, оның орналасу реті мен баурайларының орман-тоғайлы, үлкенді-кішілі бұлақ, өзен-көлді болып келуінің қатысы бардай. Себебі Бетпақдала шөлінен өте көп қиындықпен өткен жолаушы немесе көктемгі көш жолындағы халыққа алдынан ұшырасқан саялы, сулы тау шынында да жер жұмағы, әулиелі немесе ұлы деп атап отырған. Әрине, Ұлытаудың халқымыздың ел, мемлекет болып қалыптасуына арналған, үш жүздің басын құраудағы саяси орын болғандығын да жоққа шығарудан аулақпыз.
Орталық Қазақстанға тән атаулары VIII-IX ғғ. өмір сүрген Қарақожаұлы Қорқыт Атаның еңбектерінен де көреміз. Жалпы Қорқыт Ата дәуірі мен оның шығармаларындағы деректерді Х.Көроғлы мен Ә.Марғұлан оғыз дәуірімен бірлікте қарастырады. Х.Көроғлы «Қорқыт Ата кітабында» айтылатын Қазылық тауы [14,25] мен қырғыздардың «Манас» жырындағы Қазылық тауын көне оғыздар мекені десе [15,132], академик Ә.Марғұлан да осы сарындас пікір айту барысында «Қорқыт» эпосында ұшырасатын Өгізтау (Атасу бойында), Арқу (Арқа) белі, Ортағ қыры Ортау, Көкше теңіз (Балқаш көлінің ескі атауы), Қазылық тауы топонимерінің қазіргі Орталық Қазақстанда ұшырасатынын айтқан.
Ә.Марғұлан «Ежелгі жыр-аңыздар» атты кітабында «Қарқаралының күншығысында, Семейдің күнбатысында тұратын биік тауларды (Кент, Мыржық, Аыралы, Дегелең) ерте заманда қарлықтардың қоныстанған қытай деректерінде ұшырасатынын жазып, кейбір ғалымдардың Қарлықты Қазылық деп атауының негізі де сонда жатыр деген ой айтқан [16,172]. Бұл жай түркі тілдеріндегі р/з дыбыстардың сәйкестігінен де хабар береді. Қазылық «Манас» жырында да жолығып отырады. В.В.Радлов «Қазылық тауы» Қазақстан жерінде екенің ашық көрсеткен [17,36]. «Қорқыт ата кітабында» да Қазылық Қожа және Қазылық қара ат (тұлпар) атаулары ұшырасады [14,102-104]. Қорыта келсек, «Қорқыт» эпосында Қазылық тауы қазіргі Қаракесек руы мекендеген Қарқаралы тауларының жиынтық атауы. Қазылық (Үш Қазылық, Бес Қазылық, Он екі Қазылық) таулары қаракесек елінің көне атауы, қарлық туралы мәліметтердің тың көзі. Яғни, олар туралы деректердің тың көзі «Қорқыт Ата кітабы» болып табылады [18,165]. Алайда Орталық Қазақстанның көне көз қариялары болмаса бұл тауларды қазір ешкім де Қазылық таулары деп атамайды. Біздіңше, бұл атаулардың ұмытылуына бұрынғы көш жолдарының отырықшылыққа байланысты сирек қолданылмауынан әсері болғандай. Ол атаулар соңғы рет Бұқар Жырау өлеңдерінде ұшырасады:
Он екі Қазылық, Ой Түндік
Шауып шықтым белеңге,
Тау суындай сарқырап
Әскерің жатыр өреңде [19,165].
Аталаған еңбектегі Қазылық Қожа, Қазылық қара ат (тұлпар) атаулары, біздіңше, тікерей Қазылық орониміне сәйкес аталаған. Себебі түркі халықтарында жаңа ғасырға дейінгі дәуірлерде белгілі болған қоғам қайраткерлері мен ғалымдардың аттарын кіндік қаны тамған жер атауларымен қоса атап отырған.
Махмұд Қашқари ХІ ғасыр, Қашқар қаласында туғандықтан, сол секілді Қожа Ахмет Яссауи – ХІ-ХІІ ғасырлар, Сүлеймен Бақырғани – ХІІ ғасыр және т.б. Осыған қарағанда, Қазылық Қожа атауы оның Қазылық жерінен шыққанын білдіретіндей. Антропонимнің екінші сыңары «Қожа» атауы ІХ ғасырдан Орта Азия мен қазіргі Қазақстан жеріне ислам дінінің орнай бастауынан хабар бермек. Қазылық Қара ат зоонимі туралы да осындай ой айтуға болады. Себебі күні бүгінге дейін қазақтар қатты қадірлейтін жылқы малын шыққан жеріне қарай Түрікмен текежәуміті, Араб ахалтекесі, Қазақтың қарабайыры, монғол жабысы т.б. деп атау ұшырасады. Әрі академик Ә.Марғұлан Манас батырдың Аққұла тұлпарының мекенінің Бегазы (Қазылықтың бірі) тауына қатысы бар деп дерек береді: «Ақтоғай, Тоқырауын қазақтарының қария сөзі бойынша Ер Манас Ер Көкшенің баласы-мыс.
Оның Аққұла атының жайылған жері Бегазы тауының бөктері. Аққұла күндіз Бегазы тауының іргесінде жайылып, түнге қарсы үстіне шығып, Тас-Ақырдан шөп жейтін болған-мыс. Қазақтардың айтуынша Аққұла шөп жеген Тас-Ақыр, оның су ішкен Тас қазаны Бегазы тауының басында әлі күнге сақталған. Сол жерде тұлпар аттың тұяғының таңбасы бар, оны қазақтар Манастың Аққұласының тұяғынан түскен таңба деп дәріптейді [16,87] Қорқыт ата шығармасында сөз болатын кейіпкердің бірі – Домрул, ол жақсы жігіт жанын бермеу үшін жаналғыш Әзірейілмен соғысады. Осы Домрул, яғни, Домбауыл кесенесі қазіргі кезеңде кеңгір өзенінің бойында тұр, мемлекеттік қорғауға алынған. Жалпақ қалақ тастардан бірыңғай етіп өрілген күмбез VІІ-VІІІ ғғ. Тән делініп жүр. Ш.Уәлиханов ескерткіштерінде осы Домрул-Домбауылдың асқан күйші, қобызшы болғандығы айтылады.
Беғазы-Дәндібай заманының кесенесі (б. з. д. 15–10 ғғ.) Қола дәуірінің бірегей кесенесі Сарыарқаның даласынан 2016 жылы табылған
Қазіргі Ұлытаудың батыс бөлігінде «сарын шоқысы» деп аталатын жер бар, ол кезінде Домбауылдың сарын шығаратын жері болған. Осы секілді Қорқыт Ата атымен байланысты аталатын топонимдер Сырдария мен Торғай өлкесінде де көп ұшырасады. Мысалы, Қорқыт көлі, Қорқыт суы, Қорқыт кесенесі т.б. Астана қаласының солтүстігіндегі Домбыралы-Моншақты оронимі – ерте дәуірде Қорқыт Атаның моншақ теріп, қобызын өрнектеген жері. Осы жерде домбырасы қалып қоюына байланысты Домбыралы-Моншақты аталып кеткен.
Ал орта ғасырда, атап айтқанда, ХІІІ ғасырдағы орталық Қазақстанның кейбір топонимдері Шыңғысхан жорығына қатысты болып келеді. Ол жаулап алған өңірлерін үш ұлына үлес етіп бөлгенде, қазіргі Орталық Қазақстан өңірі (Дешті Қыпшақ) үлкен ұлы Жошы хан үлесіне тиеді. Оның Дешті Қыпшақ жерін аралау барысында Ұлытауға келгендігі Чингиз-намеде айтылады [20,83]. Ол өз ордасын Ұлытауға орнатқандығы туралы тарихи деректер жеткілікті, әрі Жошы мавзолейі де қазіргі Жезқазған қалсының солтүстік шығысында 45 шақырымдай жерде, Кеңгір өзенінің сол жағалауында тұр. Археологиялық зерттеулер мавзолей орналасқан жерде Жошы ордасының болғандығын айтады [11,32].
Жошы хан өлімінен соң оның ұлысы Бату мен Орда Ежен иеліктеріне көшіп, Ақ орда мен Көк Орда ұлыстары құрылады. Плано Карпини Орда Ежен ұлысының алғашқы тұрағы Балқаш көлінің шығысында болған десе, Ш.Құдайбердіұлы оның қазіргі Шыңғыстауда орналасқанын айтқан [21,59]. Шыңғыстау оронимі осы тауда Шыңғысханның хан көтерілу салтанатына байланысты аталғаны көпшілікке мәлім. 1206 жылы жаз айында Орта Азия елдеріне жасалар жорық алдында Шыңғысхан осы тауда хандық ордасын (тұрағын) орнатқан [7,256], соған қатысты тұрақ пен тау аты Шыңғыстау атауына ие болған. Жалпы Орталық Қазақстанда Шыңғыс әулетіне қатысты бұлардан басқа Едіге мен Барақ хандардың есімдеріне байланысты топонимдер ұшырасты.
Едіге діңі қазіргі Ұлытау тауының үстінде, әрі Ұлытаудың бір саласы Едіге тауы деп аталады, ал Барақ атты көл Жезқазған қаласының солтүстігінде 210 шақырым жерде орналасқан. Сөз етіп отырған өңірдің (Орталық Қазақстан) тарихы мен ел аузындағы аңыз-әңгімелерінде Шыңғысхан ұрпағына байланысты деректер Ұлытау жерінде мол ұшырасады. Ұлытау төңірегіндегі топонимдермен Шыңғыс, Жошы, Алаша, Темір, Құтлық, Едіге, Тоқтамыс, ақсақ Темір, Керей, Жәнібек, Қасым, Тәуке, Болат, Абылай, Әбілқайыр, Кенесары хандардың есімдері сабақтасып жатады. Күні бүгінге дейін «Таңбалы тас», «Хан көтерген», «Дабыл қорасы», «Топырақ суырған», «Алтын шоқы», «Хан Ордасы», «Хан қыстағы», «Хан аралы», «Хан басы», «орда базар», «Едіге тауы» және т.б. деп аталатын топонимдер осының айғағындай.
Шыңғыс хан мен баласы Жошыға байланысты дүниеге келген «Ақсақ құлан» күйі және ел аузындағы аңыз бойынша құландарды қыру үшін қазылған ордан пайда болған Құланөтпес өзені атаулары бұл ойымызды толықтыра түседі. Жалпы Шыңғыс хан жорығы, монғолдар үстемдігі Орталық Қазақстан жерінде монғол тілдес топонимдер жасай алмаған. Олардың Орталық Қазақстандағы мекендері, тарихи істері тағы басқа әрекеттеріне сәйкес қойылған атаулардың дені қазақ тіліне тән сөздерден жасалған. Оның басты себебі - аталған өңірде олардың санының аздығы мен олардың да түркі тілін жетік білуінде болса керек. Әрі олардың да көшпелі өмір салтын ұстануы, басып алған жерлеріне орын теуіп, елді мекен орнатпауы, картаға түсіріп, жазба тілде деректеп, есте жаңғыртпауы да әсер еткендей. Сонымен қатар Шыңғыс хан жорығына байланысты топонимдердің бәрін де осы өңірдің негізгі тұрғындары қойып, атап отырғандай.
Оны жоғарыда аталған топонимдердің сөздік құрамы мен тілдік заңдылықтары айқындай түспек. Түрлі тарихи жазба мұралардағы Орталық Қазақстан топонимдерінің көрінісі сөз болған материалдар негізінде шектелмейді. Әрі оны қолда бар материалдар көлемінде тізімдеп, толық қарастырып шығу да мүмкін емес. Себебі халқымыздың тарихына қатысты деректер күн санап, жаңа қарқынмен зерттелу үстінде. Яғни туған жер топонимдері тарихына қатысты ізденістер алдағы күндерде өз жалғасын таба бермек.
Орталық Қазақстанның Ұлытау өңірінде Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары Жошы хан және т.б. талай рет ту тігіп, хан ордалары мен түрлі қорғандар тұрғызуға себепкер болған. Ж.Е.Смайылов орта ғасырлық жазба деректер авторлары пікірлеріне сүйене отырып, ХІІІ-ХІV ғғ. Қазіргі Ұлытау жерінде Орда-Базар, Белен Ана, Болған Ана, Сарайлы, Тұрайлы, Сарай, Жошы Ордасы, Шот Қара және т.б. қалашықтар мен қорғандардың болғандығын айтады. Бұл пікірді Б.А.Ахмедов, В.П.Юдин, Ә.Х.Марғұлан да растайды [11,21]. Бұл атаулар құрамындағы «Орда» орта ғасырда көшпелі орталық немесе астана ұғымында қолданылса, базар сауда орталығы мағынасын білдірген. Яғни Ордабазар көшпелі түріктердің көшпелі астанасы, сауда орны қызметінде қолданылып жүріп, кейін қорған, астана, қала атауына айналғандай.
Қаражартас қорымы.
Бұл қала Ахмет ханның ұлысы ретінде ХV ғасырға дейін өмір сүрген [22,52]. Оның орны қазіргі Жезқазған қаласының солтүстік шығысына қарай 45 км жердегі Кеңгір өзені жағасында. Сарайлы, Тұрайлы қалаларының Жошы хан мазары маңында, Кеңгір өзені бойында болғандығы туралы тарихи деректерді жоққа шығара отырып, Ж.Е.Смайылов бұл қалалардың орны Жезді өзені бойындағы Аяққамыр кешенінің жанында деп көрсетеді [11,22]. Көне жазбалардағы дерек көздеріне Жошы хан атауларымен алаша хан есімі де қатар айтылады [23,17]. Ә.Баһадүр шежіресінде Алашадан татар мен монғол елі тарайды [9,13]. Рашид ад-дин Алашаны Нұх пайғамбардан таратады. Яғни жер әлемін Нұхтың Хам, Сам, Яфет атты ұлдарына бөліп береді. Ал түріктер Яфетті Абдулджа (Алаша) деп атап кеткен, әрі өздерінің түп бабасы Алаша деп таниды. Алаша хан көшпелі болған, оның жазғы жайлауы Ортау мен Қазтауы, сол жақта Инаншы деген қала да бар. Алаша ханның қысқы қонысы да сол маңда – Борсық, Қақиян, Қарақұм жерінде [8,81-82].
Міне, осы деректерде сөз болатын Алаша хан мазары Рашид ад-дин еңбегінде сөз болатын ортау мен Қазтауынан аса алыс емес, Орталық Қазақстанның Ұлытау ауданы жерінде. Ескерткіштің жалпы көлемі 9,73х11,9 м. Биіктігі 10 м. Ескерткіш қазір мемлекет тарапынан қорғауға алынған. Ал Алаша ханның қай мезгілде өмір сүргендігі туралы пікірлер әр текті. Ғ.Мұсабаев – Іле өзені бойынан табылған тастағы жазуға сүйеніп, Алашты ғұн дәуірі немесе б.з.б. ІV ғасырға тән деген болжам айтса, [24,27], А.Сейдімбеков Алаш пен Алаша ханды екі тарихи тұлға ретінде қарастырып, мазарға қатысты Алаша хан тарихын әрі қойғанда VІ-VІІ ғғ. Оғыз ортасынан, бері қойғанда Х-ХІ ғғ. Қарахан заманынан, тіпті, ХІІ-ХІІІ ғғ. Шыңғысхан дәуірінен іздеу қажет дей отырып, мазардың ХІ-ХІІ ғғ. Салынғанына тоқталады. Алаша хан мазарының иесі Алаша хан туралы шежіре, аңыздар ХVІІІ-ХХ ғғ. Арасында қазақ даласында болған орыс тілді зерттеушілер еңбектерінен де мол көрініс береді. Мәселен, ХVІІІ ғасырда Петербург ҒА-ның мүшесі Г.Ф.Миллер Алаша хан есімінің 1489-1508 жылдардағы дипломатиялық жазбаларда жиі ұшырасатынын айтса, [25,163-250], ХІХ ғасырда зерттеуші Н.И.Красовский үш жүзді Алашаның үш әйелінен (Болған ана, Талмас Ана, Белең Ана) тарайтыны туралы жазған.
Осы аталған аналардың бейіттері күні бүгінге дейін Орталық Қазақстандағы Сарысу, Кеңгір өзендерінің бойында сақталып қалған. Олар – Болған ана, Талмас ана, Белең ана мазарлары деп аталынады. Бұл деректер Алаша ханның аталған өңірде мекендегенін растай түседі. Алаша хан мазары салынған өңір – оғыздар мен қыпшақтардың ежелгі мекендері. VІІІ ғасырда құлаған түркі қағанатынан соң да Орталық Қазақстанның ұлан-ғайыр даласын түркі тайпасы мекендеп қала берген [26,62]. Алаша хан этнонимінің халықтық этимологиясы Г.Н.Потанин, Ш.Уәлиханов, Ә.Диваев, А.Левшин, А.Янушкевич еңбектерінде ұшырасады [27,50-51]. Онда дүниеге келген баланың алапес (бетінде ала дағы бар) болуына байланысты Алаша аталғаны туралы айтылады [28,179-180]. Этноним ала түбіріне «ша» жұрнағы жалғану барысында жасалған, мағынасы «денесі мен бет пішіні ала адам» дегенді білдіреді. Монғол үстемдігітзаманында Европа корольдары мен Рим папасы түрлі саяси мақсатпен монғолдарға бірнеше рет Қазақстан территориясы арқылы елшіліктер жіберген.
Мәселен, 1245 жылы ІV Иннокентий папа итальяндық Плано Карпиниді, 1253 жылы Франция королі ІХ Людовик Вильям Рубрукты монғолия хандығына аттандырған [13,44-45]. Алайда олардың еңбектерінде Орталық Қазақстанға тән топонимдер ұшыраспады. Академик Ә.Марғұлан ХІV-ХV ғасырлардағы итальяндардың Индия мен Қытайға сауда жасау мақсатында жасалған карталарына (1375 ж. Каталон картасы; 1367 ж. Ағайынды Пицигани; 1459 ж. Фрамаур) талдау жасау барысында осы карталарда қазіргі Нұра өзені бойында Ақсикент қаласы болғандығын жазады [7,9-11]. Аталған өңірдің кейбір көне атаулары ХV-ХVІІІ ғғ. Арасындағы парсы, түркі шығармаларын талдауға арналған еңбектерде де ұшырасады. Оны қазақ тарихшылары аударып, баспадан шығарған [29,36]. Осы материалдар жинағындағы Мұхаммед Қайдардың «Тарих-и Рашиди» еңбегінде Көкшетеңіз (Балқаш көлінің көне атауы) бен Иртыш (Ертіс) гидронимдері берілсе, Хафиз Тыныштың «шараф-намей шахи» еңбегінде Орталық Қазақстан жеріне тән Сарық-Су (Сарысу), Улуғ-Таг (Ұлытау), Уч-Кунгур (үшқоңыр), Иланчук (Жыланшық өзені), Кендірлік (өзен), Қырық Қарақлар (Қырыққарақшы), Қызыл-Қақ (Қызылқақ), Ақкөл топонимдері мен Болған ана, Талмас ата, Белең ана және т.б. некронимдері ұшырасты [30,243-281;540-543].
Осы орайда ономаст ғалым Е.Керімбаевтың төмендегі пікірі түркі ономастикасына қатысты аз ұшырасатын тарихи материалдарға басқаша көзбен қарау қажеттігін айғақтайтындай. «Мы вправе утверждать, что то или иное собственное имя, «попавшее» в какой –нибудь историческии письменный (датированный) памятник, могло существовать многие столетия и даже тысачелетия до момента его письменной фиксации. Это утверждение в полной мере относится к истории собственных имен тюркских народов, не имевших письменных традиций ранней фиксации ономастического материала» [31,49-50]. Келтірілген тарихи деректер Орталық Қазақстан аймағының көне дәуірлерден түркілік, одан беріде қазақ ұлысының, арғын тайпасының (бес мейрам) атамекені болғандығын тарихи этникалық тұрғыдан дәлелдейді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Маргулан А.Х. Бегазыдандыбайская культура Центрального Казахстана, Алма-ата, 1979. – 337 с.
Куанганов Ш.Т. Арий – гунн сквозь века и пространство: свидетельства, топонимы, астана, Фолиант, 2001. – 252 с.
Лун-ли.Е. Цидан го чжи/перевод В.С.Таскина/, Москва, 1979. – 350 с.
Мишель Х. Чингис хан, Ростов-на-Дону, Феникс, 1977. – 313 с.
Қашқари М. Девону луғатит турк. Ташкент, 1960, Т.1, - 499 б.
Ал Идриси. Сурат ал-Ард, Багдад, 1951. – 151 с.
Маргулан А.Х. Остатки оседлых поселений в Центральном Казахстане // В кн. Археологические памятники Казахстана, Алма-ата, 1978. – 7-16 с.
Рашид-ад-Дин. Сборник летописей, М.: Л, 1952, Т.1, Изд. АН СССР. – 315 с.
Әбілғазы. Түрік шежіресі /Аударған: Б.Әбілқасымов, Алматы, Ана тілі, 1991. – 208 б.
Кумеков Б.Е. Государство кимаков ІХ-ХІ вв. По арабским источникам. Алма-ата, 1972. – 156 с.
Смаилов Ж.Е. Памятники археологии Западной Сары-Арки (Средневековые городища и поселаения), Балхаш, 1997. – 63 с.
Бартольд В.В. Извлечения из сочинения Гардизи Зайн ал-ахбар, Т.8. Москва, 1973. – 723 с.
Сербина К.Н. Книга большому Чертежу. М.; Л, 1950 – 229 с.
Қорқыт ата кітабы. / Аударған Б.Ысқақов, Алматы, Жазушы, 1994. – 160 б.
Короглы Х. Огузский георический эпос, Москва, Наука, 1976. -239 с.
Марғұлан Ә. Ежелгі жыр, аңыздар / Құраст. Р.Бердібаев, Алматы, Жазушы, 1985. – 368 б.
Радлов В.В. Алтын сандық, Алматы, ана тілі, 1993. – 254 б.
Бөкейханов А. Шығармалар, Алматы, Қазақстан, 1994. 384 б.
Омари Ж.Бұқар жырау: он екі тарих, Қарағанды, 1994. – 317 б.
Утемиш-хаджи, Чингиз-наме, Алма-ата, 1994. – 296 с.
Кудайберды-улы Ш.Родословная тюрков, киргизов, казахов и ханских династий, Алма-Ата, Жазушы, 1990. – 118 с.
Ахмедов Б.А. Государство кочевых узбеков, Москва, 1965. – 195 с.
Киргизская степная газета, Омск, 1897, №13. 14-18 с.
Мұсабаев Ғ. Кегенская надпись // В кн. Эпиграфика казахстана, Алма-Ата, 1971. – 24-28 с.
Миллер Г.Ф. Описание Сибирского царства, СПВ., 1750. – 120 с.
Кзыласов Л.Р. Памятники поздных кочевников Центрального Казахстана // Изв. АН КазССР Серия археология, 1951, №108. 60-69 с.
Артықбаев Ж.О. Жакин М.С. Шет өңірінің тарихы, Қарағанды, ҚарМУ баспасы. 1998. – 275 б.
Янушкевич А. Күнделіктер мен хаттар немесе қазақ даласына жасалған саяхат туралы жазбалар, / Орыс тілінен ауд.: М.Сәрсекеев, Алматы, 1979. – 138 б.
Султаньяев О. Элементы этимологического анализа в сочинениях Ч.Ч. Валиханова // Проблемы этимологии тюркских языков, Алма-Ата, 1990. – 360-367 с.
Материалы по истории казахских ханстов ХV-ХVІІІ веков, Алма-ата, Наука, 1969. – 651 с.
Керімбаев Е.А. казахская ономастика в этнокультурном, номинативом и функциональном аспектах, Алматы, 1995. – 246 с.
Асылбек Жартыбаев
Филология ғылымдарының докторы, профессор