Қазақтың генофонды осыдан 500 жыл бұрын қандай өзгеріске түсті? Бұл – ғалымдар үшін зерттелмег...
Бурхан Халдунда болған әңгіме немесе Шыңғыс хан жерленген «Тәңір обасы»
Соңғы жылдары әлем оқырмандарының Шыңғыс ханға деген қызығушылықтары арта түсті. Оның өлімі, жерленген орыны, туған жері туралы көп айтыла бастады. Басқаларды айтпағанда, өзіміздің кейбір зерттеушілер Шыңғыс ханды қазақ етуге жанын салуда.
Базбіреулер: «Моңғолияда Бурхан-халдун, Түрген деп аталатын жер-су жоқ. Ондай атау Қазақстанның Нарынқол ауданында», – деп сәуегейлік танытуда.
Бұл жалған ақпараттар қазақ оқырмандарын біршама адастырып жүр. Осы біржақты қателікті түзетіп, тарихи шындықты қалыптастыру мақсатында төмендегі мақаланы ұсынып отырмыз.
***
Моңғолияда экспедицияларда болғанымда Бурхан-Халдун тауының етегіне дейін екі-үш рет барып қайтқаным болмаса, таудың басына дейін шығып көрмеген едім. Өткен жылдың 1 қыркүйегінде сол таудың басына дейін шығып, Шыңғыс ханның мүрдесі жерленген деп жүрген тау үстіндегі тақтадағы «Тәңір обасы» деп аталатын кешенді көруге бел байладым.
Біздің топтың құрамында Баян-Өлгейде «Пеш Мұрат» деген лақап атпен аты шыққан белгілі бизнесмен Мұрат Дәкейұлы, Бауыржан Баярұлы, Жан-Тегін Қаржаубайұлы (археолог) және Д. Нарангэрэл, Бат-очир деген азаматтар болды.
Бурхан-Халдунға баратын екі жол бар. Бірі – Кентай аймағы арқылы баратын 500 шақырымдық жол. Екіншісі, Мөнгөн-Морьт (Күміс күлік) сұмын арқылы баратын 250 шақырымдық төте жол. Біз төте жолды таңдадық. Багануур көмір шахтасынан өтіп, солтүстікті бетке алып, Мөнгөн-Морьт сұмынын басып, Үш-бүркі (байырғы түрік Моюн-чор ұстынында Үш-Бүркү деп жазылған) деп аталған шағын үш өзеннен өттік. Бұл шағын үш өзен Керулен дариясының бастауындағы сала өзендері. Одан соң «Тәңір босағасы» деп аталатын биік тауды асып, Онон дариясының бастау басының бірі – Түрген өзенінен өттік. Өзен Бурхан-Халдун тауының оңтүстік бетінен бас алады екен. Түрген өзенінен 20 шақырым жүріп, Бурхан-Халдун тауының етегіне тірелдік.
Күн қызарып батып барады. Жан-жақтағы таулардан құстардың сайраған дауысы естіледі. Мұнартқан тауларды қара орман бүркеп алған. Ит тұмсығы өтпейтін орман. Бурхан –Халдун тауы Шыңғыс ханның дәл өзіндей түксиіп төбемізден қарайды. Дәл осы кезде таяу жердегі ағаш бұтағы сыбдыр ете түсті. Көз тоқтатып қарасақ бірнеше тиын бірін-бірі қуып, дәу ағаштың бұтақтарының үстінде ойнап жүр екен. Тиындар бізге тесіле қарайды. Бейкүнә, мөлт-мөлт еткен жанары сезімді дір еткізеді. Тазалық, мөлдірлік, пәктік дегенді қолмен ұстап, көзбен көріп, жүрекпен сезінесіз. Табиғат-ана қандай ғажап еді!
Біз шатырларымызды тұрғызып, ұйқыға кеттік. Таңертең ертелеп тұрып, жалғыз аяқ жым жолмен тауды бетке алдық. Таудың етегіне ұзын сырғауыл ағаштардың басын біріктіріп, қос іспетті, биіктігі 5-6 метрге жуық ағаштан оба тұрғызыпты. Сырғауыл ағаштан жасалған обаға ақтық ретінде жүздеген аспан түстес қадақ (шарып) ілінген. Бурхан-Халдун тауына тәу ете келген әрбір пенде мінәжат етіп, осы ағаш обаға қадақтарын іліп, күннің айналым бағытымен 9 мәрте айналып, іштей дұға оқып, тілек тілейді екен. Бурхан-Халдунды қасиетті тау санайтын моңғолдар сиынуын социализм заманында да бір сәт тоқтатпаған.
Таудың қорғаушысы эколог-милиция Баярсайханның айтуынша, бұл тауға жат ұлттың адамдары, әйелдер шығуға тыйым салынған. Қазақтарды моңғол текті халық деп есептейтіндіктен бізге қарсылық білдірмеді.
Таудың етегінен басына дейін 6 шақырым. Таудың жолы күдір. Көкке шаншыла тік орналасқан. Тау төрт тақтадан тұрады. Орта оба бірінші тақтада. Одан соң екінші, үшінші, төртінші тақталары бар. Екінші тақтадан соң орман болмайды. Таудың өргі жағы жалаңаштанып кетеді. Орманда қарағай, самырсын, қайың, ұшқат, тал, жасыл шырша аралас өсіпті. Жалғыз аяқ жым жолдан шығып кетсеңіз ағаш арасынан аяқ алып жүру мүмкін емес. Самырсын ағашына самыр шекілдеуік деп аталатын дәнді дақыл өседі. Тиындар соның дәнімен қоректенеді. Оның сыртында сиыр бүлдірген, қой бүлдірген, қызыл қарақат, қара қарақат, шие мөлдіреп, жерге төгіліп жатыр.
Біз бірінші тақтадағы орта обаға да жеттік. Оның алаңына жақсылап ұстын орнатып, айналасына адамдар демалатын орындықтар қойыпты. Ескерткіштің артқы жағына қарағай сырғауылдан биіктігі 5-6 метр ағаш оба орнатқан екен. Моңғол дәстүрі бойынша ақтық ретінде ондаған аспан түстес көк шарыптар (қадақ) ілінген. Рашид-ад-дин Құбылай ханның немересі Қамал туралы жазбасында: «…Бурхан-Халдун алқабы көнеден келе жатқан ұлы жұрт, ата-баба кіндік кескен қасиетті жер. Ол жер Қамалдың қорғауына берілген. Осындай қорғайтын орын тоғыз. Төрт ұлы жұрт – жері және бес орын бар. Ол жерлерге ешкім аяқ баспайды. Қорғауға алынған бұл жер – Ұлы орынға (өмірден өткен ұлы бабаларының) бейнесін (мүсінін) жасап орнатып, аңқыма иісті арша тұтатып, тазалап отыратын болған. Қамал (Гамал) сол жерге барық (тәу ететін орын) орнатқан» (Пэрлээ.Х.1963 тал.72). Мұндағы «ұлы жұрт» деп отырғаны Шыңғыс хан, Төле, Мөңке, Күйік, ал қалған бес орын деп отырғаны Арықбөкі және хандардың қатындары болуы мүмкін.
Бұл қасиетті орынға барық (тәу ететін орын) тұрғызу 1294 жылы Құбылай өлгеннен кейін басталғанын Рашид-ад-дин көрсеткен.
«Барық» Тәңірлік діннің тәу ететін орны. Моңғол үстіртінде өмір сүрген байырғы түріктер Ислам дінін қабылдағанға дейін Тәңір дінін ұстанған. Олар Мұхан қаған заманынан (552-572 жж.) бастап хандар мен ұлы адамдарына арнап тәу ететін орын (барық) тұрғызып, сол жерге мінажат ететін салт қалыптасқан. Күлтегін, Білге қаған, Тұй-ұқық, Ышбара тархан ескерткіш ұстындарын тұрғызған кешендер осындай тәу ететін орындар. Бұл орындарда ұлылардың мүрдесі болмайды, олардың мүрдесін адам аяғы жете қоймайтын, қасиетті деп аталатын таулардың үстіне көміп, оның үстіне үлкенді, кішілі обалар тұрғызатын болған. Сондай бір оба Күлтегін, Білге қаған кешендерінің шығыс жағында, 10 шақырым қашықтықта орналасқан. Шівэті Хайрхан тауында Көк түрік дәуірінің дәл осындай ұлыларының мүрдесін жерлеген орындар ондап саналады.
Біздің топ Орта обадан өрлей, ілби басып үшінші тақтаға шықтық. Дәл осы жерге келгенде төмендегі жыныс ормандар пышақпен кескендей аяқталады. Бұдан өрге қарай сылдырама қиыршық тас, құм араласқан тазғыр тау жынысы жалғасады.
Үш пен төртінші тақта арасына талай мәрте тоқтап, демалып жүріп өттік. Төртінші тақтаның үсті теп-тегіс. Дәл осы тақтаның ортасына алып Кешен-оба тұрғызылған. Тұрғын халық бұл кешенді «Тәңір обасы» деп атайды екен.
Төртінші тақтаға шыққан соң, біраз демалып, көкмайса шөптің үстіне шалқалап жата қалдық. Аспан шайдай ашық. Үп еткен жел жоқ. Жанға жайлы алтын күздің маужыраған майда күні. Бір ерекше жағымды иіс аңқиды. Бойды балқытып, жан-жүрегіңді тыныштандырғандай ма, қалай?! Іштей жанға жайлы, ғажайып иіске таңқалып жаттым. Бір кезде Бауыржан:
– Бұл не қылған ғажайып иіс! Сіз сездіңіз бе? – деді.
Жігіттердің барлығы да таң-тамаша болысты. Шөпті сипалап, әр талын ұстап, иіскеп көріп жатырмыз. Бір қарыс шамасында өскен. Қылтанақ әрбір талының діңі қаттылау, әрі тығыз ұйыса өскен. Аңқыма иіс осы шөптен болар деп түйдік. Осындай ғажайып сезімде отырғанымызда қасымызға эколог-милиция Баярсайхан келді. Малдасын құрып, мол пішілген моңғол дэлінің (шапанының) қойынынан әшекейлеп оюлаған сырма қалта шығарды. Аузын қайыра ашып, ішінен алқызыл маржан (коралл) тығыны бар қызыл күрең лағыл шақшасын алып шығып, етігінің қонышына бір-екі мәрте ұрып, сонан соң алқызыл маржан тығынын суырды. Қызыл маржан тығынындағы күміс кіндікті жіңішке қалақшасымен лағыл шақша ішіндегі жұмсақ насыбайын іліп алып, қос танауға қосарлата тартты. Одан соң лағыл шақшаның маржан тығынын шала жауып, маған ұсынды. Бұл сыйластықтың ишарасы. Моңғол салты бойынша қонағына шақшаның тығынын босатып, шала жауып ұсынады. Егер тығынды басбармақпен басып, толық жауып ұсынатын болса «сенен алатын кегім бар» деген ишараны білдіреді. Мен шақшадан насыбай алып иіскеп, моңғол салтымен өзіне қайтардым.
Баярсайхан отырған адамдардың бәріне лағыл шақшасының тығынын босатып, ұсынып шықты.
– Хан-баба сіздерге бүгін иіп тұр ғой, – деді.
– Ол не дегеніңіз? Түсінбедім, – дедім.
– Мен осы таудың қарауылы ретінде мұнда тәу етіп келетін адамдарды ертіп, жылына 10-15 мәрте келемін. Көбінде таудың етегіне немесе Орта обаға дейін еріп келемін де, қалып қоямын. Бүгін күн жақсы болған соң Тәңір обаға дейін келіп, айналып шықтым. Таудың басында күн бүгінгідей үнемі жайлы бола бермейді. Жазда таудың үсті бұлттан, жаңбырдан, желден айықпайды. Ал қыста үнемі қарлы боран соғып тұрады. Бүгін керісінше жайлы боп тұр. Сіздерге таңқалып отырмын, кімсіздер өзі?! – деп барып бір тоқтады.
– Мен тарихшы-ғалыммын. Көшпелілердің көне тарихын зерттеуші маманмын! – дедім.
– Ниетіңіз дұрыс екен. Сондықтан болар күн тым жайлы болуы. Хан-баба сіздерді әруағымен қалап-жөлеп қабылдады. Жолдарыңыз болып, істеріңіз сәтті аяқталады екен, – деп ризашылығын білдірді. Одан соң біраз үнсіз отырды да:
– Тәңір бабаның (Шыңғыс ханның) мүрдесі сақталған осы қасиетті орынға кейбіреулер күдікпен қарайды. Ақпараттық құралдардан кейде Хан-бабаның мүрдесі сақталған кешен бұл емес деген сөз де естіп қаламыз. Осы туралы не білесіз, әңгімелей отырыңыз, – деді.
– Онда ең әуелі мына сұрақтарға жауап беріңізші. Осы Бурхан-Халдун тауын Үш дарияның бастауы деп атайды. Сондықтан мұндағы халықтарды ежелден «Үш өзен моңғолдары» деп атап келеді. Бурхан-Халдуннан бас алған үш дарияның бастау басы болған өзендерді көрсетіп, атап беріңізші, – дедім. Ол шақшасын әдемі дорбасына салып, қойнына тығып алып, әңгімесін бастап кетті.
– Өзіміз отырған Бурхан-Халдунның батыс, шығыс, солтүстік, оңтүстік жағындағы дүңкиіп жатқан мына адыр тауларды жалпылама Кентай жотасы деп атайтынын өзіңіз жақсы білесіз. Анау шоқы таудың арғы солтүстік шығыс жағынан атақты Онон дариясының бір саласы бас алады. Енді бір саласы – – кеше өзіңіз өтіп келген ағыны күшті өзенді Түргэн дейді (Тургэн – жылдам-шапшаң деген мағынада). Ал, мына Бурхан-Халдунның алдыңғы жағынан өтіп бара жатқан өзенді бүгінгі күні Боғда деп атаймыз. Анау, оңтүстік жақтағы адыр таудың баурайынан Хурах өзені басталады. Осы аталмыш Боғда, Түрген, Хурах өзендері Онон дариясына құяды да, шығысқа қарай беталады.
Батыс жағымыздағы мына өзен үлкен Бүркі, оның ар жағында орта және кіші Бүркі өзендері атақты Керулен дариясының бастау басы. Керулен тура оңтүстікке беталып барып, кілт бұрылып, шығысқа қарай ағып, Көлөн көліне құяды. Осы Кентай жотасының батыс бетінен Қара, Боро өзендері басталып, Тул дариясына құяды. Солтүстік жағынан Хиргут, Чіке өзендері моңғол шекарасын асып, Ресей жеріне барған соң Селеңгі дариясына құяды, – деп жіліктей айтып барып бөгелді.
– Кентай жотасынан, соның ішінде Бурхан-Халдун тауынан бас алатын атақты үш үлкен Онон, Керулен, Тул дариясы, оған құятын шағын сала өзендері туралы көрсетіп отырып жақсы таныстырып бердіңіз. Енді мен сізді осы өзендердің орналасуы 1295-1307 жылдар аралығында жазылған түпнұсқада қалай сақталғанынан хабардар етейін, – дедім.
«Моңғолдың құпия шежіресі» (МҚШ), Рашид-ад-диннің «Әлем тарихы», Лувсанданзанның «Алтын тобшасында» Шыңғыс ханды Бурхан-Халдун тауының үстіне жерлегенін айта отырып, үлкенді, кішілі дариялар мен өзендердің атын атап, түсін түстеп көрсеткен. Рашид-ад-динде: «Бурхан-Халдун тауының оң жақ бетіндегі сайдан Келурен (Керулен), шығыс жақ бетінен Онон, шығыс түстігінен Қырқачу (бүгінгі Хурах өзені), оның сәл солтүстік жағынан Чікү, батыс солтүстік жағынан Қалақу (Хилго), батыс оңтүстік жағынан Қара (бүгінде Қара), Бұрачиту, оның дәл батыс оңтүстігінен Тула өзені басталады» (Рашид-ад-дин І, ІІ-том. 234-бет) деп жазып қалдырған. Көріп отырсыз, Рашид-ад-динде жазылған өзендердің атаулары бүгінгі күнге дейін өзгермей жақсы сақталған. Мына Кентай жотасын байырғы түріктер (VІІ-VІІІ.ғғ) «kejre taγ» (кейре тауы) деп атаған. Кентай жотасының Бурхан-Халдун тауынан бас алған бір үлкен дариясын «Кейре үгізі » (Кейре өзені) деп атаған. Ол бүгінгі Керулен өзені. Осы Кентай жотасының батыс оңтүстігінен бас алған үш өзенді «Үш бүркү» деп тас ұстынға жазып қалдырған. Бұл үш шағын өзен бүгінге дейін байырғы атауларын жоғалтпай бізге жетіпті.
Бүгінгі моңғолдар «Үш-бүркі» өзенін алдыңғы, орта, кіші Бүркі деп атайтынын жоғарыда сіз айтып кеттіңіз.
Бурхан-Халдунның шығыс жақ бетінен бастау алған Онон өзені әне, жайқалып ағып барады. Жаңағы сіз сөз еткен Хурах өзені Рашид-ад-динде «qyrγaγ» деген сөз. Мағынасы «қайырма». Кентай жотасының оңтүстік қайырмасынан бастау алатындықтан солай аталған болар. Ал Чіке өзені көне шекті тайпасының атымен аталыпты. Жер-су атауы таза тұнған тарих қой. Мың жыл бұрынғы оқиғаны еске салып, сайрап тұрғанын байқайсыз ба? Батыс оңтүстік жағынан басталған Қара өзені Рашид-ад-динде «Қара», VIII ғасырда жазылып сақталған байырғы түрік мәтінде Қара (Теркин III.19) деп жазылған. Біздің жыл санауымыздың (б.ж.с) VIII ғасырындағы атау бүгінге дейін ұмытылмай сақталды екен?
Ол сәл кідіріп ойға батып кетті. Мен осы сәтті пайдаланып:
– Сонау VIII ғасырда осы жерде өмір сүрген түріктердің біразы осында қалған. Солар жердің атын сақтап, бүгінгі мына сіздерге жеткізген. Кейін олар моңғолданып, сіздерге сіңісіп кеткен. Сол дәуірдегі адамдардың ұрпақтары әлі де сіздердің орталарыңызда жүруі ықтимал, – дедім. Жаңағы сіздің «Боро» деп атаған Бурхан-Халдунның батыс оңтүстігіндегі мына сайдан басталған өзеніңізді Рашид-ад-динде «Бұрачиту» деп атаған. Бүгінгі күні оның атауы көп өзгеріске түспей сақталыпты. Қара, Боро екеуі екі сайдан басталып, Тул дариясына құяды екен.
Жаңағы сөз еткен мына Бороның (Бурачиту) батыс жағындағы өзіңіз көрсеткен анау қарағайлы сайдан басталған Тул дариясының басы VIII ғасырда жазылған Күлтегін, Білге, Ел-етміш Білге, Теркін ескерткіштерінің мәтінінде «toγaly (тоғалы)» (Тұй.25;Терк.17.) деп жазып қалдырылған. Мағынасы «доғалану». Осы Тул дариясы Моңғол үстіртінің солтүстік шығысы, Кентай жотасының Бурхан-Халдун тауынан басталып, Ұланбатыр қаласын басып өтіп, одан оңтүстік батысқа қарай көлбей Керейдің Оң-ханның (Тұғрул) ордасын жанай өтіп барып Орхон, Селенгі өзендеріне қосылып, Байқалға құяды. Көріп отырғанымыздай солтүстік Моңғолиядан орталық Моңғолияға дейін барып, одаң соң қайта солтүстікке бұрылып, Байқалға барып тыныстаған. Содан «Доғалы» дария аталған.
– Сізді ренжітіп алсам кешіріңіз! Соңғы кезде біздің моңғолдың ақпарат құралдарында қазақтар Шыңғыс ханды қазақ етіп жатыр деген қауесет тарап кетті. Бұл қалай?
– Қазақстанның кейбір газеттерінде, интернет сайттарында ондай пікірлер қаптап жүр. «Оны кім айтады?» дейсіз ғой. Дилетанттар, сенсация жасаушылар. Олар ғылыми сараптама жасамай-ақ, тисе терекке, тимесе бұтаққа деп ойына не келсе соны жаза береді. Бала кезімде біздің ауылда Жекей деген ақсақал болған. Шешен, шежіре, ел естімеген, ойламаған дүниелерді ойдан шығарып жүретін судыр адам еді. Сол кісі: «Иосиф Виссаранович Сталин деп жүргеніміз қазақ екен ғой. Жүсіп Бессарыұлы Болат деген кісі екен. Орыстар оның атын аударып алып, орыс жасап жіберіпті» дегені әлі есімде.
Ал Қазақстанның маман тарихшыларының бірде біреуі ондай желөкпелікке бармайды, жазбайды. Шыңғыс ханның шежіресін қаузасаңыз сонау Бөрте-чинодан бері таза моңғол. Ол ту баста меңгү тайпасының басын қосып, ел етуді армандады. Арманына 1196 жетті. 1196-1206 жыл аралығында Шыңғыс хан керей, найман, шүршіт, кидан, ұйғұрларды қол астына қаратып алғаннан кейін елін «Мәңгі ел (соңында моңғол болып өзгерді)» деп атап, бұл бүкіл киіз туырлықтылардың (көшпелілердің) империясы деп жариялады. Көріп отырсыз, тек қана бүгінгі моңғол атанған халықтардың ғана емес түркі, моңғол, мәнжү түнгүс, шығыс Түркістандағы Арслан ұйғырлардың ортақ империясы деп жариялап отыр. Біз Шыңғыс ханның дәл осы жарлығын ұстап, «Мәңгі ел» (моңғол) империясы түркілерге де тән деп бағалауымыз керек. Өйткені бұл империяның мемлекеттік құрылымы (ел, төр (власть), қаған, хан, бұйрұқ, тұрғақ (түнгі күзет), кешіктін ( хан орданың тұрақты армиясы), ондық жүйесі, шерік, күрень, ұлы жаса, сойырқыл, татвар (салық) т.т.с.с) Көк түріктерден жалғасқан. Көк түріктердің мемлекет құрған дайын үлгісін сол қалпымен қайталап, дамытып қолданған. Шыңғыс ханның хатшысы Чыңғай Чінсан деген керей адам еді. Ал, Шыңғыс ханның тегіне келетін болсақ, оның арғы тегі қият. Хунну (Ғұн) империясы құлағаннан кейін қияттар екіге айрылды. Бір бөлігі түрік қият атанса (бізде Қорқыт-Ата т.т.), енді бір бөлігі моңғол қият атанды. Шыңғыс хан осы моңғол қияттардың кейінгі ұрпақтарының бірі – боржығын ( «бөрі-тегін» деген мағына береді) тайпасының әулетінен. Қазақ (түркі) пен моңғолдың арғы тегі осындай кіндіктес. Мұны әлемнің барлық түрколог ғалымдары дәлелдеген. Сондықтан болар бүгінгі қазақ, моңғол тіл қорындағы түбір сөздің 40%, жалғаулықтың 60% бірдей деген тұжырымды атақты алтайтанушы түрколог ағамыз Б. Базылхан дәлелдеп берген еді.
1224 жыл Жошы-Қыпшақ империясы құрылғаннан кейінгі және 1455-1846 жыл аралығындағы қазақ хандары мен төрелері (чиновник) Шыңғыс ұрпағынан. Бауырлас, қандас осы екі ұлт Шыңғыс хан менікі, сенікі деп таласпай бірін-бірі ішке тартып жүрсе, тарихи тағылымымызға да, мәдени мұрамызға да, рухани байлығымызға да олжа салар еді.
Ол менің әңгімеме разы болғаны сонша:
– Осы Бурхан–Халдун тауының, мына «Тәңір обасының» астында Хан бабаның мүрдесі сақталғаны туралы қандай тарихи ақпараттар бар? – деп желпіне сұрақ қойды.
– Сіз «Моңғолдың құпия шежіресін» жақсы оқыған боларсыз, сондағы оқиғалар есіңізде ме? – деп сұрадым.
– Құпия шежірені жатқа білем десем өтірік айтқан болармын. Бірақ ондағы айтылған бүкіл оқиға түгелімен есімде, – деді.
– Шыңғыс ханның ұлы бабасы-Бөрте-Чоно, оның ханумы Құба-Марал (Моңғолша Гуа-Марал- С.Қ) теңіздер мен көлдерді кешіп өтіп, таудан тау асып, осы жерге келіп, Батачи атты торсық шекелі ұлды болғаннан бастап біз отырған осы Кентай жотасы моңғолдардың тұрғылықты мекеніне айналғаны есіңізде болар. Батачи (Баташы-баталы) кейін хан болды. Сондықтан да мұндағы моңғолдар «Үш өзен моңғолдары» деп аталды. Шыңғыс хан Кентай жотасының шығыс етегінде туып, мына Бурхан-Халдун маңында жастық шағы өткенін «Құпия шежіре» мен Рашид-ад-дин жазып қалдырған. Бұл тау Шыңғыстың ұлы бабасынан бермен қарай қыстау, күзеуі болғаны көне жәдігерлерде сақталған. Сондықтан оның о дүниелік болғандағы мәңгілік мекені осы Бурхан-Халдун. Ол туралы ең көне дерек Рашид-ад-диннің басшылығымен жазылған «Jami at Тabariкh» (Әлем тарихы) атты көне түпнұсқада: «624-жылы рамадан айында (1227-жылдың тамыз, қыркүйек айы) доңыз жылының күз айының ортасында он бесі күні пәни дүниеден өтіп, хан тағын, Қағанат ұлысын алтын ұрпақтарына тастап кетті», – (Рашид-ад-дин М.1952, т.І. кн.ІІ-237-бет.) деп жазса, Қытайдың орта ғасырдағы деректерінде: «Әлемді жаулаушы ұлы адам 1277 жылы 25-тамыз күні 66 жасында Лео Пань Шань тауының маңындағы Цин Шуй Сяний Си Цзянь қаласында ауыр науқастан қайтыс болды», – деп жазып қалдырған.
Жоғарыдағы Рашид-ад-диннің «Әлем тарихы» еңбегіне «Бұл сырқаттан айыға алмай көз жұматынын білген Шыңғыс хан нояндарына жарлық етіп: «Менің өлгенімді ешкім білмейтін болсын. Жылап-сықтап, бақырушы болмаңдар. Жау не болғанын білмесін. Таңғуттар қала бекінісінен белгіленген күні шыққан кезде барлығын жойыңдар!» деді.
«…Нояндар оның жарлығы бойынша таңғуттар қала бекінісіне шығып келгенше болған оқиғаны жауып, сыбыс білдірмей құпия ұстады. Олар шығып келгенде барлығын жойды. Сөйтіп, оның мүрдесін алып қайтқан. Кез болған жан-жануардың бәрін қырып, Ордосқа жетті. Барлық хан ұлдары-ханзадалар, бірге жүрген нояндар жылап-сықтап жоқтады» (Рашид-ад-дин М.1952, Т.І кн.ІІ .с.234).
Шыңғыс ханның мүрдесі аялдаған осы жерді моңғолдар «Қасиетті жер» деп танып, «Эзэн хороо» (Ежен қара-хан ие орны) тәу ететін орынға айналдырған. 1227 жылдан бастап бүгінге дейін бұл жерге моңғол текті халықтар тәу етіп келді. Кейінгі кезде Қытай өкіметі бұл жерге үлкен орда тұрғызып, әлем туристерін тартатын орынға айналдырып тастаған.
Ордостағы осы жерге бірнеше күн аялдағаннан кейін Шыңғыс ханның тұрғылықты мекені Кентай жотасына жол тартқан. Ордостан Кентай жотасына дейін 1200 шақырымнан астам. Күндіз-түні ат арбамен тоқтамай жүргенде бір жарым ай немесе екі ай жүрген болуы мүмкін. Осы уақыт бойы мүрдені қалай сақтап апарды деген сұрақ туады.
Кентай жотасындағы Бурхан-Халдун тауының маңындағы Хүрлэх атты өзен бойындағы Шыңғыс ханның кіші ордасына жеткеннен кейін Ұлы Қағанның мүрдесін қайда жерлеу туралы сөз болады. Ол туралы Рашид-ад-динде: «Күндердің бір күні Шыңғыс хан Бурхан-Халдун тауында аң аулап жүріп, бір қасиетті ағашқа (жекен ағаш – көп салалы, ерекше бітімді ағаш), көзі түседі. Ағаштың бітімі ханға ерекше көрінді. Ол сонда біраз демалып отырады. Ханның көңілі толқып: «Мына жер мені соңғы рет құшағына алатын жер екен, естеріңе сақтаңдар» депті.
Осы хабарды естіген жоқтау айтып отырған адамдар үнемі қайталай беріпті. Хан ұрпақтары және әмірлер оның (Шыңғыстың) жарлығы бойынша сонда жерлепті» (Рашид-ад-дин. М.1952. І.І кк-ІІ с. 234).
Ағылшын дипломаты Н.У.Кәмпэлл 1902 жылы ескі танысы фон Гротпен бірге Қытайдың Мәнжү Чин патшалығының Моңғолиядағы губернаторы тәу ететін ритуалдық орынды көреді. Онда қарағай стол орнатып, жіп тартып әртүрлі түсті матадан жасалған ту, ақтық байлаған. Керамика ыдыстар, тамақ қалдығы және қытай иероглифі таңбаланған мыс шырағдан болған. Шырағдандағы жазу «Чин-Лунның 12-жылы (1748 ж.)» деп жазылған екен. Ал, қорғанның (tumulus) ұзындығы 228,6 м, ені 188,8 м екенін өлшеп анықтаған. (Кэмпэлл 1903-513 бет). Бурхан-Халдундағы осы тас обаны К.У.Кэмпэлл Шыңғыс ханның жерленген орны деген тұжырым жасаған. (Кэмпэлл К.У. 1903-514 бет)
К.У.Кэмпэллдің жолжазбасындағы ақпараттан бұл жерге тек қана моңғолдар ғана емес, Қытай патшалығының Моңғолиядағы тұрақты губернаторларына дейін келіп тәу ететініне куә боп отырмыз.
Боғда ханның «Әлемде жан-жануар пайда болып, билік орнауы» атты жазбасында: «Тәңір текті ұлы Шыңғыс хан 22 жыл хан тағында отырып, өмірден өткен. Оның асыл алтын мүрдесі Кентай хан тауына қойылған. Бүгінге дейін бұл қасиетті тауға ұлы Боғдалар да шығуға рұқсат етілмеген деген ақпарат сақталған», – деп жазылған. Әрине Боғда ханның қолында көне тарихи ақпараттар болғандықтан осылайша жазып қалдырған болар.
1921 жылы Тарихи жазбалар ғылыми зерттеу институтының директоры О.Жамьян, Моңғолияның сол кездегі аса беделді Л.Дэндэв, Бат-Очир сияқты тарихшылар құрамында болған, «Шыңғыс ханның туған жылы мен жерленген орнын анықтау мемлекеттік комиссиясы» құрылып, жұмыс жасаған. Осы комиссияның 1926 жылғы алдын ала жасаған болжамдары бойынша Шыңғыс ханның мүрдесі Бурхан-Халдун тауына жерленген деген қорытындыға келген.
Орта ғасырда өмір сүрген Орталық және Орта Азия көшпелі хандықтарының тарихын зерттеген әлемге әйгілі ғалымдар В.Бартольд (1966), Д.Оссон (1956), Б.Я.Владимирцев, қытай тарихшылары Р.Сайшаал (1991), Ринчин (1987), моңғол тарихшылары Амар (1940) , Х.Пэрлээ (1963), Ш.Нацагдорж (1991) ,С.Бадамхатан (1997) З. Батсайхан (2008) сияқты ғалымдар Шыңғыс хан мүрдесі Кентай жотасының Бурхан-Халдун тауына жерленген деген тұжырым жасаған.
Археолог З.Батсайхан, тарихшы Ж.Бор жапонның геологиялық барлау жұмысына пайдаланып жүрген жерастындағы рудалар мен минералдарды анықтайтын технологиясының геофизикалық құралы арқылы Тәңір обасының 108 нүктесіне магниттік және радиометрлік зерттеулер жүргізген. Нәтижесінде 20-30 м тереңдікте адам мүрдесі көмілген табыт бар екенін анықтаған. Бұл зерттеудің нәтижесі осыдан тоғыз жыл бұрын жарияланды. Осыған байланысты Моңғолияның сол кездегі президенті Х.Энхбаяр Бурхан-Халдундағы Шыңғыс хан мүрдесі көмілген Тәңір обасын қазуға болмайды деген жарлық қабылдады.
«Эрдэнан-эрх» деген моңғолдың тарихи шежіресіне зерттеу жүргізген Ш.Шмидт деген еуропалық зерттеуші «Шыңғыс ханның мүрдесі толығымен Моңғолияға жетпеген. Оның денесінің бір кішкентай бөлшегін әкеп жерлеген» деген тұжырым жасаған (Рачневский. 2006. с.99-100). Осы сияқты әңгіме көп.
Орталық және Орта Азияда өмір сүрген ежелгі сақтар (скифтер), кидандықтар мумия жасап келген. Көшпелілер мумиялау әдісін тым оңай жасаған. Қытайдың «Бес патшалық тарихы» атты еңбекте «Қиданның Дэгуан ханы Луаньчэн қаласында қайтыс болған соң оның мүрдесін Кидандардың аталарын жерлеген Муешань тауына жеткізу керек болды. Сонда олар Дэгуанның ішкі ағзасын алып тастап, орнын тұзбен толтырып, мумия жасап ұлы қорымға жеткізгені туралы жазып қалдырған ( Таскин 1984. С,205,508). Кидандар моңғол текті халық. Осы әдісті моңғолдар да жақсы меңгерген болуы бек мүмкін. Дәл осылайша Шыңғыс ханның мүрдесін Ордосқа жеткізген соң ішкі ағзасын алып, сол жерге көмген. Ішкі ағза көмілген жерге сарай орнатып, бүгінгі туризм орталығы болған «Эзэн хороо (Хан ие орны)» тұрғызылған болуы мүмкін. Өйтпеген жағдайда жай бір бос жерге Шыңғыс ханның аңырын (мүсінін) орнатып, оның мүсініне сиынбас еді. Тәу етпес еді.
Шыңғыс хан іспетті ұлы адамның мүрдесін, ол жатқан қасиетті орынды тым құпия ұстаған. Оның жауы да, досы да көп болды. Әруақтың мүрдесін қорлатпау үшін аса құпия ұстап, жалған ақпараттар таратқан. Соның біреуін ғана айтайын. 1232 жылы Моңғол жеріне саяхат жасаған Қытайдың Сүн патшалығының елшісі Пэн Да-я деген адамның «Қара татарлар туралы жолжазба» атты еңбегі бізге жеткен. Сонда: «моңғолдарда адам жерлеген мола үйген топырақ жоқ. Олар мүрде көмілген жерді топырақпен жауып», үстінен жылқы табынын өткізіп, табиғи жер сияқты етіп тастайды» деп жазған. Осы әңгіме кейін Шыңғыс ханды жерлеген жердің үстінен жылқы табынын жүргізіп, белгісіз етіп тастаған деген ақпарат таралған.
Шыңғыс ханды жерлеген жерді қандай құпия ұстағанын «Көк судыр (Көк шежіре)» атты тарихи еңбектегі ақпаратта жақсы жазып қалдырған. Онда «Ханның алтын құндағының сыртын күміс қаппен қаптап, оны темір табытқа орнатып, дәл осындай төрт табыт дайындаған … үшінші табытты хан Алтай тауының артына, Хан тауының төбесіне, жартасты ағашты таудың үстіне мың жылдық ор қазып, соған жерлеген. Бетін топырақпен жауып, тегістеп, оның үстіне тас үйіп белгі қойылды. Төртінші белгі Бурхан-Халдунның қойнауына, Онон дариясы жағына, тағы да мыңжылдық орда жасап, жерлеп оның бетін тегістеп, үстіне тастан үй тұрғызып (оба), әруаққа зиярат ететін орын жасаған» (Көк судыр 2005.-378 бет) деген ақпарат қалдырған.
Міне, осылайша, Моңғолияның төрт алып жотасының тауларына төрт бірдей табыт жасап көміп, тас оба орнатып, із жасырған. Сол дәуірде.
Эколог-қарауыл Баярсайхан таңғалып, біраз ойланып отырып қалды. Содан соң:
– Шыңғыс ханнан бұрын таудың үстіне ұлыларды жерлеу дәстүрі болғаны туралы дерек бар ма? – деді.
– Өте мол. Ерте орта ғасырдағы көк түріктердің ұлыларының мүрдесі таудың үстіне жерленген. Күлтегін, Білге қағанның мүрдесі Күлтегін кешенінің алдыңғы жағындағы Шивэті тауына, Ел-етміш Білге Тұрайын қаған Шібеті – Қызыл (Шивээт Улаан) тауына жерленгені анықталып отыр.
Өгедей ханды Алтайдың Мұзтауына (Рашид-ад-дин.том.ІІ.) Сорхағтын қатынның мүрдесі Сэлэнгі дариясының бойындағы Бүрі-биігіне (Рашид-ад-дин.І ІІ с.228) Өгедейдің ұлы Қайду ханды қазақ жеріндегі Іле өзені мен Шудың аралығындағы Сұңқарлы тауына (Рашид-ад-дин.І ІІ.с.12), жерлеген.
Қытайдың Тан патшасын орнатушы Гоа Цзу, оның ұлы Тай Цзун, қатын хан Уцзе-Тянь, киданның Абозцзи, Шулюйпин хандарының мүрделері тауға жерленген. Шыңғыс ханның ұлдары Мөңке, Төле, Өгедейдің ұлы Күйіктердің мүрдесі Кентай жотасының Бурхан-Халдун маңындағы иық тауларға жерленгенін жоғарыда айттық, – деп әңгімемді аяқтадым.
***
Біз аздап демалғаннан кейін алып кешеннің оңтүстік жағынан бастап, көшпелілерге тән салт бойынша күннің бағытымен қозғалдық. Кешеннің сыртын айналдыра тастан қоршау тұрғызған.
Қоршаудың сыртындағы тақтада ондаған шұңқырлар бар екен. Осы шұңқырлардың ернеуінен сәл төмен түскен ойықта тас кесектері сақталыпты. Тас кесектерін алып қарағанымызда тас дәуірінің қыналарына тап болдық. Осыдан кейін біз Кешен-обаның үстіне үйген тастарды қарастыра бастадық. Міне, қызық! Жаңағы тақта үстіндегі шұңқырдағы қыналы тастар Кешен үстінен табылды.
Иә, Кешен-обаны тұрғызушылар таудың үстіндегі тақтадағы бос тастарды да пайдаланғаны осылайша анықталды.
Кешенді айналып жүріп отырып, солтүстік шығыс жағына бардық. Маңайына страграфиялық бақылау жүргіздік.
Төменде тау тұмсығының тастары қирап, бұзылғандығы көзге түсті. Жүгіре басып сонда бардық. Тұмсықтағы тастардың табиғи жаратылысы бұзылған. Арнайы қопарып, тас кесектерін дайындаған.
Алып кешенді көрген кезде осыншама мол тастарды қайдан әкелген екен деп іштей таңқалысып едік. Міне, соның жауабы осы жерден табылғандай болды.
Кешен обаны орнатушылар Бурхан-Халдун тауының солтүстік шығыс жағындағы таудың тұмсығынан тас дайындап, ұзындығы 290 м, ені 180 м, биіктігі 22 м тас оба тұрғызған деген қорытындыға келдік.
Осы екі үлкен деректің өзі «Тәңір обасы» аталған алып Кешен адамдардың қолымен тұрғызылған қасиетті орын екенін дәлелдейді.
Тау қопарып, тас оба тұрғызу ол дәуірде моңғолдарға ауырлық етпеген сияқты. Шыңғыс хан қайтыс болғаннан кейін әулеттің кенжесі Төле (Тулуй) 1227-1229 жылдар аралығында Моңғол империясының Қаған (император) тағына отырып, жаңа Қаған сайланғанға дейін билік тізгінін ұстаған. Оның өз қарамағында 101 000 адам болған. Ал Орда қарамағында 129 000 тұрғақ, кешіктен әскері болған. (Груссе Р. 2004-51 бет). Бұлар аз күш емес. Бір емес, бірнеше тауды қопарып тастайтын күш.
***
Біз асықпай шайланып алып, аттанған кезде Бурхан-Халдун тауының басына қара бұлт үйіріліп, жел күшейіп, жаңбыр жауа бастады. Артымызда қасиетті Бурхан-Халдун тауы қалып барады. Алдымызда «Тәңір босаға» атанған бел жатты.
Ұланбатырға келген соң Тарих-археология ғылыми зерттеу институтына бардық. Бұған дейін үш-төрт жыл бойы моңғол жерінде Хунну (Ғұн) молаларына археологиялық қазба жасаған шетелдік ғалымдардың ғылыми есебін қанша сұрасақ та бермей келген-тін.
Бурхан-Халдуннан келген соң тағы бір мәрте сөз тартып көріп едік, институт директоры бірден рұқсат, жұмыс жасауымызға қолайлы кабинет тауып берді. Оның сыртында Сүхбатыр аймағының жерінен жаңадан табылған көк Түрік мәтінімен жұмыс жасауымызға рұқсат етті.
Осылайша біздің жазғы экспедициямыз аяқталды.
Табиғаттағы тылсым күштердің құпиясына кім бойлапты. Мүмкін, Бурхан-Халдун тауындағы «Тәңір обасы» астында жатқан ұлы адамның аруағы бізді қолдаған болар.
Иә, солай! Қалтамызда достықтың белгісі болған «анда ағашы», бабалар мұрасына деген ұлы махаббат бізді алға жетелеп барады. Бурхан-Халдунды артқа тастап, алыстап барамыз. Шыңғыс ханның көз жұмар алдындағы мына бір өсиеті ғасырлар тереңінен күңірене еміс-еміс естіледі:
Қайран жаным қажыса, қажысын,
Қайырымды Төрім (билік)
уыстан кетпесін,
Тұмса жүрек шалдықса, шалдықсын,
Тұтас ұлысым шашылып кетпесін!
Қаржаубай Сартқожаұлы,
түрколог, профессор.