Осы жұрт Ер Оспанды біле ме екен?

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ
5132

 

Тəуелсіздіктің 25 жылдығын тойлауды бастап та кеткен жатқан жайымыз бар. Ал осы тəуелсіздік үшін күресіп, жанын берген батырларымызды қаншалықты ұлықтап жүрміз?! Қазақ Елінде атын ілеуде біреуі білетін Оспан батырды шетел жақсы білетін болып шықты. 

Халқы үшін қанын төгіп, əйгілі «Қазақ үшін əзəзілмен де келісімге келуге дайынмын!» деп ұрандаған қазақ батырын қазақтан басқаның бəрі керек қылатындай… Мысалы: қазақты қорғап, Қытайда көтеріліс жасағанда, «Чикаго Дейли Ньюс» журналының журналисті Доак Барнетт келіп Оспаннан сұхбат алыпты. Ал 1956 жылы ағылшын Эндрю Форбес батыр жайлы «Қазақтың негізі» атты кітап жазса, американдық тарихшы Линда Бенсон » Қазақтың алтын аңызы-Оспан батыр» атты еңбек жазған. 1999 жылы Дейвид Уанның батыр жайлы еңбегі Гонконгте жарық көрді. Əлем тарихшылары қазақ батырын стратег ретінде қарап, зерттеп келе жатыр. Ал біз ше? Қазақты қазақ көтермесе, зерттемесе кім зерттемек?!    Әрине, батырымызды мүлде ұмыттық десек те қателік болар. Әр тарихшы өз бетінше зерттеп, дерек-дәйектерін келтіріп жатқан жайы бар. Алайда мемлекет тарапынан Оспан батыр ерлігін, өмірін зерттеуге ден қойылғанда ғана бұл жұмыстар жемісті болмақ. Оспан батыр өмірін зерттеген Бекен Қайратұлы 2008 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне жазған «Даланың соңғы нояны» атты мақаласында батырдың бастаған майданы жайлы былай делінген: “…1940 жылы көтеріліс тізгінін қолына алған Оспан батыр 1944 жылдың қысында қол астындағы елін бастап Моңғолияға ауып барды. Әрине, екіжақты келісімнің нәтижесінде. Кеңес Одағының басшысы Сталиннің нұсқауымен Оспан батырға Моңғол елінің басшысы Чойбалсан барып жолықты. Бұл кездесуді ұйымдастыру кезінде КГБ генералы Ланпанг, әскери кеңесшілер Греднев, Пахомов, Кеңес Одағының елшісі Иванов болды.. ..Келесі 1945 жылы Оспан батыр Алтай аймағын азат етті. Бұл іске Моңғолия жағы әскер беріп көмектесті. Қазақстан тарапынан да адамдар барды. 

Дәл осыдан кейін Оспан батыр мен Кеңес Одағы және Моңғол елі арасында араздық басталады. Себебі, Сталин мен Чойбалсан Шыңжандағы қарсыластарын Оспан арқылы “жуасытып” алғаннан кейін оларға енді көтерілісшілер көсемін (Оспанды) тізгіндеу қажет болды. Алтай аймағы азат етілген соң аймақтық билік орындарына Оспанның келісімінсіз Қазақстан адамдарын әкеліп отырғызды.. Бес жыл ұйқы көрмей қан кешіп жүріп жеткен жеңісі бөгденің игілігіне айналып кеткенін аңғарған Оспан батыр әскерін бастап тауға шығып кетті. Осылайша 1946 жылдан бастап Ұлы Отан соғысында шыңдалған, кеңестік арнаулы құрылымдардан жасақталған, бірақ Шығыс Түркістан әскерлерінің формасын киген әскерлермен, Моңғолияның қарулы күштерімен, коммунистік қытай сарбаздарымен қатар соғысты. Сөйтіп, жаңа бір жойқын майдан ашылды. Бірақ Оспан да қарап қалған жоқ. Бұрынғы жауы қытайлық Гоминдан күштерімен одақтасуға ұмтылды. Маоға қарсы тұрған Чан-Кай-Шиді қолдады. Әрі коммунистердің күшейіп кетуіне мүдделі емес елдер АҚШ пен Ұлыбритания елшіліктерімен байланыста болды” деп жазады. Бұдан біз Ер Оспанның жан-жақты азамат болғанын көріп тұрмыз. Ақыры 1951 жылы «Аспан асты елінде» ат ойнатқан арысымыз Қытай әскерінің қолына түсіп, Үрімші қаласында атылады. Қазақтың қайсар ұлы жайлы таңды-таңға жалғайтын ерлік жырларын, ұлағатты, мазмұнды әңгімелер мен хикаялар, тағылымға толы тарихи деректерді айтуға болады. Алайда бұл бір адамның аузынан емес, күллі елдің көкірегінен орын алу үшін ел болып осы бағытта жұмыс атқарылса нұр үстіне нұр болар еді.

Біз мектеп тарихында Оспан батыр жайлы бір жол дерек оқыған емеспіз. Есесіне Тайваньда қазақ батырын ерліктің белгісі ретінде тарих кітаптарына жазыпты. Голливудта «Оскар» аларлық кино түсуруге лайық тұлғаның, қазақ тарихына бір жол дерек болып кірмеуі ұят екен. Тəуелсіздіктің бір мақсаты тарихты түгендеу екенін ұмытпайық ағайын. 

Асхат Қасенғали

arhar.kz

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...