Абай облысында ер адам полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы арыз бергеннен кейін жұбайын өлтір...
Жолтай Әлмашұлы. ТАРИХ ЖӘНЕ ТҰЛҒА!
(Н. НАЗАРБАЕВТЫҢ «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын оқығанда)
Екі өзекті бөлімге бөлінген осы тарихи мақаланы оқи отырып, кең қиялға ерік бердік. Себеп? Себебі – мұнда қалың қазақ елін көп уақыттан бері ойландырып-толғандырған бірқатар өте маңызды мәселелер қозғалыпты. Әрбір тараудың өзін жеке-дара бөліп алып, кеңейте сөз саптауға, әрине, болады. Біз бұл ретте өз жүрегімізге өте жақын бір-екі мәселе айналасында сөз айта кеткенді жөн санадық. Елбасының бұл жолғы мақаласы шынайы тарих пен оған деген таза ниет, мөлдір көзқарасты шегелеп айтуды мақсат еткен. Тарих демекші, әр халықтың өткені мен кеткенін салмақтап-саралағанда алдымен тілге ілінері – тарихи тұлғалары! Тарихты тарихи тұлғадан, ал тарихи тұлғаны тарихтан бөліп қарау әсте мүмкін емес – бұл бұлжымас қағида! Осы орайда біздің санамызды сілкіп өткені – мақалада ұлы даланың төл перзенттері, әйгілі ойшыл-ғұламалар Әбунасыр Әл-Фараби мен абыз Ахмет Иассауи есімдерінің бір емес, екі рет ерекше аталып өткендігі.
Мақалада былай делінген: «...Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбунасыр Әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Яссауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан». Осы есімдер ұлы дала елі үшін қазіргі кезде мейлінше қымбат та қастерлі әрі үлгі-өнеге бола алары өзінен-өзі белгілі. Екі ұлы ойшылдың өмір жолы ғана емес, артында қалған мол рухани мұралары да біз үшін баға жетпес байлық! Әрине, олар жайлы осы күнге дейін ешқандай ізгі шара атқарылмады, еңбектері зерттелмеді, есімдері елеусіз қалып қойды десек, ол ақиқат болмас. Бар! Біткен істер де, атқарылған шаруалар да бар! Бірақ, толыққанды, барынша жеріне жеткізілген еңбек десек, ол да артықтау болары сөзсіз. Біздің бұлай сөйлеуімізге себеп те жоқ емес. Айталық, осы күнге дейін Әбунасыр туралы сапалық деңгейі жоғары сахналық қойылым қойылды ма? Қойылған болса, ол неге республика драма театрларының репертуарларынан көрінбейді? Ахмет Иассауи бейнесі театр мен кино тілінде өз деңгейінде сөйледі ме? Жауап айту қиын. Мүдіре береміз. Өз тарапымыздан қосарымыз: осы жолдар авторының Әбунасыр жайлы "Шамда сөнген шырақ" деген тарихи драмасы (ол Мәдениет министрлігі жариялаған «Тәуелсіздік толғауы» атты жабық бәйгеде жүлде алған) жазылды; арада үш-төрт жыл өтсе де, театр қоржынында сақтаулы, сахнаға жол тартқан жоқ;
Ахмет Иассауидың қилы өмір-тарихы жайынан да пьеса және кинороман жазылған, олар да шаң басып жатыр... Мұны еске түсіру себебіміз – өзімізді-өзіміз насихаттау емес, қаламгерлер тарапынан шығармашылық ізденіс-қозғалыс бар екенін білдіру және Елбасымыздың өз мақаласында ерекше тоқтала айтқан руханияттың аса көрнекті тұлғаларының ендігі жерде жарқырап көрінер кезі келгендігіне баса назар аудара кету болған-ды!
Сөз жоқ, ұлы дала елі үшін мейлінше қымбат Күлтегін, Бейбарыс, Әз-Тәуке, Абылай, Кенесары, Абай есімдері де өз кезегінде айтылуы және кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде мадақталуы тағы да керек! Бірақ, біз өзіміз біраз жылдан бері зерттеп-зерделеп, танымдық еңбектер жазып, тікелей атсалысып келе жатқан тұлғаларды бөліп атадық. Қысқасы, елбасы Н. Назарбаевтың осы маңызды мақаласы алдағы сан-салалы жұмыстарымызға бағыт-бағдар бола алары ақиқаттың ақиқаты!
Жолтай Әлмашұлы