Тіл – ұлтты танудың қайнар көзі, ұлттық дүниетанымның коды. Алайда, қазақ тілінің мемлекеттік...
Қуанәлі Алмасбекұлы. Шаңырақ ұғымы және оның жасалу жолдары
Киіз үй сахара мәдениетінің, сәулет өнерінің биік шыңы, көшпелілердің бас-панасы. Несіпбек Айтұлы қазақша сөйлеткен, Қытай ақыны Бо-Цзюй-и:
Киізіне жүні кеткен мың қойдың,
Шаңырағы қайыңынан күнгейдің.
Әрі берік, әрі ыңғайлы, әрі әсем,
Дей алмаймын ағашына мін қойдым, – деп қазақтың киіз үйін тамсана жырлаған екен. Біз бұл өлең жолдарынан ақтылы қойдың жүнінен жасалған қазақ киіз үйінің ерекше көз тартатынын аңғарамыз.
Ал осы киіз үйдің ең жоғарғы бөлігі, пішіні күмбез тәрізді, уықтардың басын біріктіріп тұратын, үйге күн сәулесін түсіріп, жарық сыйлап әрі үйдің ортасына жағылған оттың түтінін сыртқа шығарып тұратын киіз үйдің негізгі сүйектерінің бірі, қазақ үшін ерекше қасиетті шаңырақ туралы не білеміз? Ол қалай жасалады? Ендігі әңгіме осы туралы болмақ.
Бүгінгі жас ұрпақ шаңырақтың астындағы салт-дәстүрмен, мәдениетпен етене жақын бола отырып, заманауи құрылыс техникасында меңгеруі керек деп түсінем.
Қазақ халқы шаңырақ деген сөзге көптеген ұғымдарды сидырған. Ертеде қазақтар бір ауылдың, әулеттің, рудың жан санын шаңырақ арқылы анықтаған. Бұл жерде бір отбасындағы барлық жанның саны бір шаңырақ астында болған. Өзімізге белгілі «Шаңырақ салығы» деген салық түріде болған. Ал қазақ атаның мұрагері ретінде, үйдің орнын кенже ұлына бастырып, ол отырған үйді «Қара шаңырақ», «Үлкен үй» деп ерекше құрметпен қараған. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Райымбек, Райымбек» дастанында:
Қара таудың басынан көш келеді,
Қара жорға шайқалып көшке ереді.
Қара күнді жамылып қара қазақ,
Қара түнді басынан кешкен еді.
Қара қайғы көрсетпей ешьеңені,
Қара жауы қанатын кескен еді.
Шылғау болып қыздардың кестелері,
Талай қара шаңырақ өшкен еді, – деп күңірене жырлайды.
«Талай қара шаңырақ өшкен еді» деген өлең жолдарынан біз, «қан кешу, қасап замаындағы» жоңғар шапқыншыларынан талай ауылдың, талай адамдардың жер құшқанын білеміз. Шаңырақтың ерекше қасиетке және мағынаға ие екенін бүгінгі күні Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінен де көруге болады.
ҚР еңбек сіңірген суретшісі, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері Уәлиханов Шот-Аман Ыдырысұлы мен сәулетші Мәлібеков Жандарбек Елтаңбамызға киіз үйдің Шаңырағын бейнелеген. Онда Шаңырақ: Әлемнің тұтастығын, ошақтың амандығын, білдіреді, бүкіл қазақ елі үшін тіршіліктің, шексіз өмірдің нышаны, – делінген. Бұл сипаттама жоғарыдғы Мұқағали Мақатаевтің өлең жоларымен сәйкес келіп тұр.
Негізінен шаңырақ шаң және қарақ деген түбір сөздерден біріккен туынды сөз. Түрік сөздері бойынша шаң түбірі «Таң шапағын» ал «Қарақ» түбірі «Көз, қарашық» деген ұғымды білдіреді. Сөзімізді академиік Әбдуәли Қайдардың сөзімен дәлелдесек, зертеуші ғалым: «шаңырақ сөзінің түбірі «Шаң» сөзі деп, сөзбе-сөз мағынасы «Жарыққа қарау» деген ұғым береді. Осы арқылы таңертең түңілік ашылғанда үй ішіндегілер Шаңырақ арқылы ең бірінші жарық дүниенің нұры шашылған күн сәулесін көруіне байланысты, «таңды көру немесе таң шапағына қарау» мағынасындағы екі сөздің бірігуінен шаңрақ сөзі жасалады», – дейді.
Киіз үйдің негізгі сүйегі саналатын шаңырақтың да өзіндік жасалатын барыстары бар. Қазақта «Орман аралаған үйші болады, ел аралаған сыншы болады» деген мақал текке айтылмаған. Әдетте киіз үйдің сүйегін жасайтын шеберді үйші деп атайды. Ал осы үйшілер киіз үйдің сүйегіне лайықтап, түзулігін, мықтылығын, ұзын-қысқалығын, жуан-жіңішкелігін көздерімен көріп жүріп кесіп алады.
Көп жағдайда үйшілер жарамды деген ағаштарды, мамыр, маусым, шілде айларында кесіп алып, сыртқы қара қабығын аршып көлеңкеде кептіреді. Көлеңкеде кептіру себебі ағаш жарылып немесе сызат түспеу үшін болса керек. Құрғап қаңсымауы үшін суық су бүркіп отыратын болған. Ал кейбір үйшілердің сиырдың жас тезегімен сылап тастайтын кездері де кездесіп жатады. Көп жағдайда кереге, уықтардың көлеңкеде кептірілу мезгілі 40-50 күн болса, ал шаңырақ ағашының кептірілу мезгілі 60-70 күн айналасында. Ендігі жерде кептірілген ағашты пайдаланатын керегіне қарай юге, бұрауға тура келеді.
Ол үшін кепкен ағаш сынып кетпеу керек екенін басты көзде ұсталады. Ағашты қалай исе, солай икемге келуі үшін морға салып балқытады. Ал мор дегеніміз Ұзыннан қазылған шұңқырға қойдың қиын салып тұтады да үсітне дымқыл көң төгіп бықсытып жаққан ыстық қорда. Кейде қоламта деп атайды. Осы мордағы қи лапылдап жанып кетпес үшін үстіңгі қабатына жылқының жас тезегін ұнтақтап салып, оттың лапылдап жанып кетпеуінің алдын алады. Морда ағаш әбден балқығаннан кейін тезге салып түзейді.
Тез туралы зертеуші Жәрдем Кейкин «Қазақтың атаулары мен байламдары» деген кітабында: жерге мықтап орнатылған үш аяқты, ортасы кертіліп ойылған ауыр, қатты, жуан арқалық, бақауыз ағаш. Қазақтың «Тез басында қисық ағаш жатпайды» мәтелінің түп төркіні осы процестен шықса керек, – деп анықтама береді. Морда жақсы балқып, тезде дұрыс иілмеген ағаш, уақыт өте келе өзінің табихи болмысына тартып, үйдің әдемілігіне нұқсан келтіреді.
Сондықтан да үйшілер киіз үйдің сүйегін жасарда морлау мен тезге салуға ерекше мән береді. Көп жағдайда шаңырақты қайың ағашынан жасайды. Өйткені қайың ағашы әрі мықты, әрі көрер көзге өте сындарлы көрінеді де бұтақсыз келеді.
Үйшілер ең алдымен шаңырақтың Тоғынын жасайды. Тоғын деп шаңырақтың дөңгелек шеңберін айтады. Екі немесе төрт ағашты иіп қосып, бір шеңбер жасайды. Тоғын жасалып болған соң түңілікті көтеріп тұратын, балауса тал ағашынан Күлдіреуіш қояды. Күлдіреуіштің саны әр түрлы, 3-6-9-ға дейін болады. Шаңырақтың үлкен-кішілігіне қарай күлдіреуіш саны артып немесе кеміп отырады. Ал осы күлдіреуіштер жиырылып немесе ыдрап кетпеу үшін Кепілдік ағаш орнатады. Үйдің ішінен қарағанда шаңырақ әдемі көрінуі үшін кертіп түрлі өрнектер салады.
Ең соңында шаңырақтың сырт жақ кенересінен ішіне қарай жоғары шапшыта көз орнатады. Бұл көздерге уықтың қаламы (ұшы) сұғылады. Көз дөңгелек немесе төрт қырлы болып ойылады. Тоғынын жасалып, күлдіреуіші қойылып, кепілдігі орнатылып, көзі ойылған соң шаңырақты, көрер көздің жауын алу үшін бояйды. Көп жағдайда қазақтар үйдің әрбір материялын қызылмен бояған.
Осылайша қазақтың киіз үйінің шаңырағы дайын болады.
Мәдениет порталы