Құлтөлеу Мұқаш. Бұрмалау осындай «кінәраттан» басталады

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ
3101

Танымал әншілердің белгілі ән мәтіндерін бұзып айтып жүргенін аңдағаныма талай жылдың жүзі болыпты. Әсіресе, әйгілі Шәмші әндерінің сөзін бұрмалушылық құлаққа түрпідей тиіп, көңіл жабырқатады. Әйткенмен, «бұл қателікті сол өнер маңайында жүрген біреу болмаса біреуі байқар, айтар, түзетер» деп үміттенесің. Әліптің артын бағасың. Күтесің. Сөйтіп уақыт жылжып жатады. Ересек тыңдаушы қауыммен бірге өскелең ұрпақ та шатаса береді. Бірақ, әлі күнге сол олқылықтың орны толар түрі жоқ. Кейінде, керісінше, әуен мәнін арттырып, санаға сәуле шашып тұратын сөз сәулетінің бүлінуі көбейе түскендей.

Өзге композиторлардың да кей шығармалары бұрыс айтылып жүргелі талай кезең өтті. Мәселен, әнші қарындасымыз Айгүл Қосанованы қаншалықты жақсы көрсек те, оның кең тараған әнді бастаған беттен-ақ: «Көк жүзінде барады қаздар қайтып» деп сүрінгенін көріп қынжылмасқа лажың қалмай отырасың. Мұндайда, тіпті, осынау тартымды әуенді мұндай орындауда тыңдағың да келмей қалады екен.

«Қаздар қайтқанда» аталатын (әні Теміржан Базарбаевтікі) бұл өлең жолының дұрысы:

Көк жүзінде барады қаздар ҚАЛҚЫП,
Күндер солай өтеді шалқып-шалқып.
Сағыныш қой сарала жапырақтар,
Жақсылықтың жолында жатқан балқып...

Яғни, жылы жаққа бағыт бұрған құстар легі зеңгір көкте «қайтып» бара жатқан жоқ – қалқып барады. Сөз авторы Тұманбай Молдағалиевтың өзге де атақты жырларында айтылатынындай, қараша қаздар мұнда да қанатына оралмайтын тағы бір көктемді ілестіріп алып, өскен жерін қимай барады. Қазақтың маңдайына біткен таңғажайып лирик бұл жерде бірден «қайтып» деп қарабайыр, қатқыл түрде төтесінен тартпай, шалқыған бұла күндердің, балқыған сарала жапырақтардың фонында әуе толқынының ырғағымен ақырын ғана лықси жылжып, қалқи парлаған құстар қанатының сусылы арқылы мезгіл кескінін суреттеп отыр. Жүректі ән баурағанда ойыңызға өмірдің өткіншілігі, қимас, жарқын сәттердің сонша қысқалығы елестеп, көңіліңізді мұң тербейді. Иә, бұл негізінен, уақыт, ғұмыр туралы жыр. Небәрі үш шумақтан тұратын өлеңнің өзінің өн бойын кернеген сиқырлы саз, тылсым әуез бар.

Және өлең жолдарында логикалық үйлесім мен ұйқас деген болмай ма. Демек, анау алғашқы шумақтағы «қалқып – балқып – шалқып» тіркестері бір-бірімен табиғи жымдасып, үздіксіз динамика, тұтас ансамбль құрайтыны өз-өзінен түсінікті шығар.

Ән сөзі сексенінші жылдан ертерек шыққан кітаптарда дұп-дұрыс тұр. Бірақ Хайролла Тілемісов құрастырған жинақта («Қайнар», 1984) «Көк жүзінде барады қаздар қайтып» деп өзгертіліпті. 1990 жылы «Өнер» баспасынан Әзікен Нұрбаевтың құрастыруымен шыққан екі томдық «Халық әндері мен халық композиторларының әндері» жинағында, сол секілді 2005 жылы «Жалын» баспасынан Сұлтан Жекеевтің құрастыруы бойынша жарық көрген «Алқалы топтың ажары» кітабында да дәл өстіп берілген. Бұ кісілердің жаңсақ нұсқаны бір-бірінен ауыстырып ала бергені байқалады. Ендеше, «бақсақ, бақа екен» дегендей, Айгүл осыларға сүйенген болып шығады.

Сол секілді әнші Медеу Арынбаев пен кейбір басқа да өнерпаздар бертінге дейін Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ бантик» әнін:

Білмеймін ер жетіп қалдың ба,
Шашыңда ақ бантик жоқ бүгін, – деп шырқап келді. Бұл енді өрескел қателік еді. Өйткені, сөз мағынасын ұғатын әр қазаққа мәлім – қыз бала ержетпейді, БОЙЖЕТЕДІ. Бірақ Х.Тілемісов жинағында түпнұсқа «ер жетіп» деп «жөнделген». (Ауыл кеші көңілді. Алматы: – Қайнар, 1988, 254-бет).

Осы «Ақ бантиктің» қайырмасын әнші Асқар Жүнісбеков:

Нұрлы бейнең қандай жарқын,
Арманысың қандай жанның, – деп әуелетеді. «Меломен» тобының жігіттері де тура осылай орындап келді.

Сонау 1968 жылы жазылған өлеңнің түпнұсқасында «қандай» емес – «нұрлы бейнең ТАҢДАЙ жарқын» делінген. (Шаханов М. – Шәмші табиғатының шыңы мен шатқалы: Ш.Қалдаяқов туралы эсселер. – Алматы: – 2010, 63-ші бет).

Рас, кезіндегі меломендік мөлдірген төрт жігіт «Ақ бантикті» тамылжыта орындады. Музыкалық әрленуі де тартымды. Дыбыс та сонша таза. Тіпті, бұлар ән қайырмасының бір тұсында «аһ-һ–аһ-аһ...» деп әсерлі бояу қосып, әсем әуенді одан сайын құлпырта түседі. Бірақ бәрібір бұлар қанша әдемілегенмен мәтін түпнұсқасы бұзылғаннан кейін анау «қандай – қандай» ұғымдарын «қайшыластыру» арқылы ән табиғатына селкеу түсіріп, талғампаз тыңдаушыларына кері әсер туғызып тұрғандарын аңдамайды.

Шәмшінің Мұхтар өлеңіне жазылған және бір әйгілі «Өмір-өзен» әнін Алтынай Жорабаева салып келе жатқалы да бірталай өтіпті. Әншінің туындыны кәсіби жоғары деңгейде орындайтындығына дау жоқ. Дегенмен, Алтынай осындағы:

Қарсы жүріп үйренсек те қар мен ЖАҢБЫРҒА,
Бірақ қарсы тұра алмадық асау тағдырға, – деген алғашқы жолдың соңындағы сөзді «жаңбырда» деп өзгертіп, сөз мағынасын бұзады. Сол сияқты:

Алуан гүлдер шуақ шашты бүгін БАҚШАҢДА,
Қызғанбаймын басқа ошақтың отын жақсаң да, – дегенде де сөзді бірінші жақпен «бақшамда» деп қолданады. Үшінші шумақтағы:

Жалғыз аққу таудан асып ҚАЙТЫП барады,
Сағынышын әнге қосып айтып барады, – жолындағы «қайтыпты» «қалқып» деп жеткізеді.

Алтынай да, әрине, түпнұсқа мәтін бұрмаланған жинақтардың біріне жүгінген болуы мүмкін. Дегенмен, «қалқып – айтып» деген сөздердің онша ұйқаспайтыны анадайдан-ақ көрініп тұр ғой. Поэзияда нәзік дыбыс иірімдері шебер зергердің қолынан шыққан жақұт жүзіктей жарқырап, әр қыры үйлесе жымдасып, жарық шашып тұрмақшы. Ал әнші аузынан шығатын «қалқып» бұл жерде өз орнын таппайды.

Шәмші Қалдаяқовтың Мұзафар Әлімбаевтың сөзіне жазылған «Ақсұңқарым» да Алтынайдың орындауындағы әндердің бірі. Әнші мұндағы да:
Есімде гүл терген кез КӨКТЕМЕДЕ,
Есті қыз ер жігітті шет көре ме,– деген жолдардағы алғашқы ұйқас сыңарын «көктем еді» деп алады. Сондай-ақ:

Жаным-ау, мен қалайша жатсынамын,
Жан-жүрек бір өзіңе ТАПСЫРАРЫМ, – шумағының соңын «тапсырамын» дейді. Қайырмадағы:

Аяла гүлімді,
ҰМЫТПАН үніңді,
Бір жырла жырыңды, ақсұңқарым! – жолдарының ортаңғы сөзін «ұмытпа» деп қолданған. Ақын бұ тұста қыздың сүйген жігітіне арнап: «Ниет-тілегіміз бірге болсын. Менің өзіңе деген қалтқысыз сезімімді мәпеле. Мен де сенің даусыңды, лебізіңді жүрек түкпірінде сақтаймын» дейтін ниетін жеткізіп отыр. Әйтпесе, өз үніңді өзің ұмытпай есіңде ұста деп кім айтады.

Рас, бұл ретте автор мәтіннің аздап ауырлау болуы ықтимал. Әйтсе де, талай жылдардан айтылып, халық көкейіне әбден сіңген ән сөзін үлкен сахналардан көрініп жүрген нағыз әнші қалайда игеруге тиісті емес пе.

1963 жылы көрнекті ақын Шәміл Мұхамеджановтың редакторлығымен «Қазақтың мемлекеттік Көркем әдебиет» баспасынан жарық көрген «Қазақ әндеріндегі» «Ақсұңқарым» (225-б.) мен 1986 жылы «Қайнар» баспасынан Хайдолла Тілемісовтің құрастыруы арқылы шыққан жинақтағы «Ақсұңқарымның» (322-б.) арасында да біраз өзгешеліктер бар. Мәселен, кейінгісінде «аяла гүліңді, ұмытпа үніңді» делінеді және өлең қайырмасындағы жолдар екі тұста алмастырылып жіберілген.

Бірақ мұндай олқылықтар биік дәрежелі әнші жауапкершілігін азайтпаса керек. Өзін сыйлайтын, өзінің шын бағасын білетін маман халыққа ұсынатын әнінің әуезі мен мәтініне үстірт қарамай, оны сонау шыңырау тереңнен, мөлдір тұма тұнығынан, түпнұсқасынан іздеп тауып, танысуы міндет емес пе. Бұл, бір жағынан, әншілердің продюсерлеріне де сын секілді. (Осы орайда айта кетсек артық етпес, мәселен, анау 1984 жылы жарық көрген ән топтамасының ішкі бетінде «Ауыл кеші көңілді. Ауыл көркемөнерпаздарына арналған әндер жинағы» деп анық жазылған. Сонда біздің республикалық деңгейдегі жоғары санатты әншілер неліктен тек сол жинақтарға жүгіне береді екен деп таңданатынымыз жасырын емес).

Шәмшекеңнің Мұхтар Шаханов сөзіне жазылған «Кешікпей келем деп ең» (1966 жыл) әнінің екінші шумағы:

ҚАЙТЕЙІН кінәлап бұған сені,
Сағатың алдаған шығар сені, – деп басталады. Түпкі нұсқасы осылай. Жетпісінші жылдан бері қарайғы ес білген тыңдаушылардың құлағы да осыған үйренген. Бірақ бертінде бұл әнді шырқай бастаған Мәдина Сәдуақасова мен Әйгерім Қалаубаева сонау алғашқы жолды ылғи «қайтемін кінәлап бұған сені» деп орындайды.
Ал бұған да «кінәлі» әлгіндей 1984, 1988, 2005 жылдары құрастырылған жинақтар секілді. Әлбетте, бір қарағанда, осы аса оғаш көрінбесе де, жыр кестесінің бояуы сүреңсіз тартады. Және түсінетін кісіге «қайтемін» мен «қайтейіннің» арасында үлкен айырмашылық бар ғой.

Тағы:

Күлімдеген қара көздер сүзіле,
Жаутаңдатты-ау, жаутаңдатты-ау ІЗІНЕ, – деп бітетін Шәмші Қалдаяқов ән жазған Ізтай Мәмбетовтің «Қара көз» өлеңінің екінші шумағындағы соңғы сөз 1984 жылғы «Ауыл кеші көңілді» жинағында «өзіне» деп өзгертілгенін байқаймыз. Ал 1985, 1986 жылғы осы жинақта қайтадан «ізіне» деп жөнделеді. Сонау 1963 жылы шыққан «Қазақ әндері» топтамасында, сондай-ақ ақынның 1983 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген өлеңдері мен дастандары жинағында да «ізіне» деп тұр. Осындай кереғарлықтан шығар, әншілер мұны да екі нұсқада орындайды.

Баяғы балғын жастау шақта Қайрат Байбосыновтың орындауындағы Мәдидің «Үшқарасы» мен «Ауыл кеші көңілді» жинағындағы «Үшқараның» өзгешелігін аңдап таңданғаным есімде. Сонда: «Е-е-е, Қайрат әнші ән сөзінің дұрыс түрін өзіне алып ап, елге бұрмаланған, нашарлау нұсқасын ұсына салған-ау» деп ойлап едім. Сөйтсек, мәселе басқада екен...

2005 жылы «Жалын» баспасынан «Алқалы топтың ажары» аталатын ән жинағын құрастырып шығарған Сұлтан Жекеев: «Әндердің өзі, әндердің жинағы – үлкен мәдениетіміздің үлкен бір бөлімі. Хайдолла Тілемісов ағамыз өткелі бері әндер жинағын шығару ісі едәуір жетімсіреп қалды. Біз сол олқылықты сәл де болса толтырсақ деп талап қылдық» депті. Дұрыс-ақ қой. Бірақ бұл бауырымыздың кітабында да сонау жоғарыда айтылған «көк жүзінде барады қаздар қайтып», «нұрлы бейнең қандай жарқын», «қайтемін кінәлап бұған сені» секілді тіркестер со бетімен жүр. Әйтеуір, Сұлтан «білмеймін, бойжетіп қалдың ба» деген жолды қалпына келтіріпті. Сол сияқты 2011 жылы «Көшпенділер» баспасынан жарық көрген «Қазақ әндерінен» де (құрастырушы Б.Жүсіпова) аталған қателіктерді ұшыратамыз.

Әндер жинағын даярлап шығару үлкен еңбек. Бірақ құрастырушылар тып-тыныш тұрған нәрсені теріс «редакциялауға» неге құмарланады екен деп те ошарыласың...

Кейде салғырттыққа мән-жайды жақсы біле тұра жол беретін сәттер де кездесетіндей. Айталық, Халық артисі Ескендір Хасанғалиев ағамыз Оспанәлі Иманәлиевтің сөзіне жазылған өзінің «Анаға сәлем» әнін орындағанда бірде «көргенше анамды», бірде «көргенше анашым» дейді. Дұрысы:

Көргенше АЛАҢМЫН,
Аңсаймын, толғанам.
Қабыл ал балаңның,
Сәлемін жолдаған...

Әрине, композитор мұның солай екенін білмей отырған жоқ. Тек кейде анау «анамды көргенше мазаланамын» дегендей нұсқасы түсініктірек болар деп пайымдайтын тәрізді. Бірақ әуелгі әп-әдемі өлең құрылысы көпе-көрнеу бұзылып тұр ғой.

Осы іспетті Шәмшінің кең танымал «Бақыт құшағында» әнінің:

Көзіңнен бір ұшқын ұшты ма БІЛМЕДІМ,

Әйтеуір, нұр құштым, әйтеуір, гүлдедім, – сөзіндегі алғашқы жолды «көзіңнен бір ұшқын ұшты ма білмеймін» деп айтатын әншілер бар. (Мысалы, әнші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Талғат Күзембаев). «Бақыт құшағынданың»:

Сен биле еркімді,
ӘЛДИЛЕ жанымды, – деген қайырмасын кей өнерпаздар «әлдилеші жанымды» деп салып жүр. (Құдайберген Бекішев және Медеу Арынбаев). Біздіңше, бұл да аса орынды шешім емес.

Композитор Әсет Бейсеуовтің ақын Әнуарбек Дүйсенбиевтің мәтініне жазылған «Сырласу» әніндегі:

Бүгінгі күн тамаша, бүгін нұрлы БАР МАҢ,
Бүгін міне қосылды арман менен арман, – шумағындағы асты сызылған сөзді «бүгін нұрлы аспан» деп өзгертіп жүрген әншілер кездеседі. Мұны да тапқырлық деу қиын.

Осы ретте кей өнерпаздардың өз ыңғайларына қарай орындап жүрген тағы бір дүние еске түсіп отыр. Бұл – Мұхтар Шахановтың «Гүлдәурен» әніндегі «самолет» сөзіне қатысты әңгіме.

Бізді алыс сапарларға
Шақырады САМОЛЕТТЕР...Бұл ұғымның кейін «ұшақ» деп аударылуына байланысты ма екен, әлде мектеп бітіріп, арман қуған жастардың бүгінгі қиындап кеткен заманда тұс-тұсқа ұшақпен самғауына жұрт сенбейді деп ойлай ма, «Бізді алыс сапарларға шақырады самал ескен» деп әндетушілер шықты. (Мәселен, «Ерке» тобы). Ал «Қасиет» баспасынан жарық көрген «Ән-Қазына» альманағының 5-6 нөмірінде (2011 жыл), тіпті, бұл жолдар «Бізді алыс сапарларға шақырады дала күткен» болып жүр.

Дегенмен, мұндай ахуалды түсінуге де болатын шығар. Біз, мысалы, баяғыда басқа қалалар былай тұрсын, туған мекеніміз Ақшатау мен аудан орталығы Ақсу-Аюлының арасында ерсілі-қарсылы самолетпен жүйткіп жүруші едік. Қазір ондай күндер, әрине, көзден бұл-бұл ұшқан. Әйткенмен, кім білсін, жағдай түзеліп, ғайыптың күшімен ұшаққа қайта мінетін сәттер тағы оралып қалар деген үмітіміз жоқ емес. Сондай шақтар жеткенде мына «самал ескен» мен «дала күткенді» шұғыл алып тастап, «самолетімізге» қайта жармасамыз ба, қайтер екенбіз?!.

Сол секілді осы әннің бір шумағын «Сездіруге батпадым да бала махаббатымды, терезенің жақтауына ойып жаздым атымды» деп шырқатып жүргендер бар. Дұрысы:

Сездіруге батпадым БА
бала махаббатымды, –
Терезенің жақтауына
ойып жаздым АТЫҢДЫ, – болса керек-ті...

Әңгімеміздің «әп, піссімілләсінде» Шәмші әндерінің бұрмалануы тілге оралып еді. Осынау атақты «Қазақ вальсі королінің» «Әнім сен едің» әні де, неге екенін, қазір кейбір әншілердің орындауда біраз өзгеріске түсіріліпті. Мәселен:

Құрбым, жан құрбым, бала кезімнен
Бақыт көріп ем қара көзіңнен.
Кеттің ұмытып, мүлдем ұмытып,
Жібін үздің ғой нәзік үміттің.

Тұрып қасыңда көрдім көктемді,
Сонау күндерден бүгін жоқ белгі.
Шамын басқаның жақтың аяулым,
Сендей бақытты қайдан табармын, – деп тербетеді.

Ал түпнұсқада алғашқы шумақтың үшінші және төртінші жолы: «кеттің ұмытып, МӘҢГІ ҰМЫТТЫҢ, жібін үздің ғой нәзік үміттің» деп жазылған. Одан соң үшінші шумақтағы үшінші жол да «шамын басқаның» емес – «ШАМЫН БАСҚА ҮЙДІҢ» делінеді. Және орындаушылар әндегі екі жерде өлең жолдарын ауыстырып айтады. Мысалы, «Тұрып қасыңда көрдім көктемді, сонау күндерден бүгін жоқ белгі» деген сөздер Тұмағаң өлеңінің үшінші шумағының үшінші, төртінші қатарында: «ӨТКЕН КҮНДЕРДЕН БҮГІН ЖОҚ БЕЛГІ, ТҰРЫП ҚАСЫҢДА КӨРДІМ КӨКТЕМДІ» деп түзілген. Сол секілді көпшілік әншілердің «әнім сен едің кешке салатын» деуі де жаңсақ, дұрысы «КЕШТЕ салатын» болу керек.

Осындайда ойға оралады, кезінде қайсыбір әндердің шығу тарихы туралы ақынның өзі кеңінен жазған да еді. Солардың бірінде Тұмекең: «...Құрманғазы көшесі мен бұрынғы Коммунист даңғылы көшесіндегі біздің үйге келдік. Шәмші әнін пианинода ойнай бастады. Ән бойды билеп алып барады. Әсем сазды, мұңды ән. Сәулесі мол дүние.

– Шәке, бұл ән не жайлы деп? – деп сұрадым Шәкеңнен.

– Осы күні де, бұрын да бір-бірін сүйіп тұрып қосыла алмағандар аз емес қой. Бұл бір мұңлық жігіттің басқа жігітке күйеуге шығып кеткен сүйген қызына айтқан өкініш жыры болуы керек шамасы, – деді.

Мен қағаз-қаламымды сайлап алдым да, әннің сөзін өзіме тән тездікпен жазып шықтым. Кәдімгі он буынды өлең. Шәкең мен жазған қағазға қарап, әлгі әнді пианиноға қосылып орындай бастады. Біраздан соң Шәкеңе мен қосылып айттым әлгі әнді. Енді біраздан соң Күлтай қосылды бізге. Сөйтіп арманына жете алмай өкініш күйін кешкен жігіттің ішкі зарын сыртқа шығардық.

Әнім сен едің кеште салатын,
Содан жас жаным бақыт табатын.
Шамын басқа үйдің жақтың, аяулым,Сендей бақытты қайдан табармын?! – деп шырқадық біз. Әлі күнге дейін осы әнді де қазақ жастары қосылып айтады, қосылып шырқайды.
– Мына «Шамын басқа үйдің жақтың, аяулым» деген сөзде керемет жатыр, Тұманбай, – деп Шәкем қолымды қысты» дейді. (Молдағалиев Т. Таңдамалы туындыларының көп томдығы. Алматы: – Қазығұрт, 2002. Т. 13. 448-449 б.б.).

***

Бүйтіп, ән мәтініндегі қателіктерді тізгенде, рахаттанып іше бастаған күрең шәйіңнің бетіне шашылып түскен қоқымды тергендей әбігер күйін кешеді екенсің. Әннің сырт келбеті, бір қарағанда, жарқырап көрінгенімен, ішінің алба-жұлба болуы қабаржытпай қоймайды. Сондықтан, құрастырушылар да, кәсіби әншілер де бертінгі уақытта жарық көрген қателігі көп кітаптардан гөрі 1963 жылы «Қазақтың мемлекеттік Көркем әдебиет» баспасынан немесе 1968 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан үш томдық «Қазақ әндері» жинақтарын негізге ала отырса құп болар еді. Және елді шатастыруға құрастырушының да, әншінің де құқы жоқ қой. Бұл, тіпті, онсыз да мұңы басым халықты қорлау болып саналады. Қазір ауыз әдебиетінің заманы емес, сөз мәтіні тасқа басылған кітабы, интернеті бар дәуірде, әм ақындардың көзі тірі кезінде жұлмалауға түсіп жататын болса, қазақ әні енді бір елу жылдан кейін не күйге түспекші деп те толғанасың. Ендеше бұл ұсақ-түйек нәрсе емес. Келеңсіздіктің бәрі осындай «елеусіз» жәйттерден басталмақшы.

Құлтөлеу МҰҚАШ,
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері.

«Халық сөзі» газеті. 08.09.2013

author

Құлтөлеу Мұқаш

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...