Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты жүйелі мақаласында аса кө...
ӨНЕР ОРДАЛАРЫ ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫН ҰЛЫҚТАУҒА ДАЙЫН
Бүгін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында Елбасының жақында ғана жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын талқылау үшін арнайы үш өнер жоғары оқу орындарының басшылары –аталмыш Академияның ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, ҚР халық әртісі, профессор Айман Мұсақожаева, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаев және өнер саласының зиялы қауым өкілдері бас қосты. Алқалы жиында Елбасының мақаласында жазылған ұлтымыздың рухани мұрасы мен мәдениетін жаңаша заман талабына сай өркендей түсуіне жол ашатын ауқымды жобаны іске асыру төңірегінде мағыналы ойлар айтылды.
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров:
– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» тарихи мақаласының негізінде нақты қандай жұмыстар атқаруға болатынын болашақ жоспарларымызды айқындап талқылау мақсатында өзара Ынтымақтастық Меморандумына қол қойғалы отырмыз. Еліміздің ұлан байтақ жері мол қазынаға толы әрі бастау бұлағы десек асыра айтқандық емес. Ал енді ғана жазылған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында келтірілген деректер мен дәйектер, құндылықтар мен мәдени мұралар ұлтымыздың әлем өркениетіндегі орынын айшықтауға бағытталған ауқымды қадам болды деп ойлаймыз. Мақалада түркі әлемінің генезисі туралы кеңінен қозғалған. Қазақстан Президентінің бастамасымен қайта дүниеге келген «Мәңгілік ел» мұратының да негізгі өзегі – Ұлы дала елін түркі халықтарының ата жұрты ретінде қабылдауға негіздеу, тамыры терең ұлттық мәдениеттің сақталуын және дамуын қамтамасыз ету. Елбасының бастамасымен Қазақстанда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан Халықаралық түркі әлемі зерттеулері – түркі әлемінің әдебиеті мен мәдениетінің дамуына, дәуірлер жалғастығына алтын арқау болып келді. Бұған түлектері әлемдік және ұлттық мәдениет пен өнердің алтын қорын құрайтын шығармашылық зиялы қауымын дайындайтын, өзін мойындатқан – қара шаңырақ, Қазақстан Республикасы мен Орталық Азиядағы іргелі жоғары оқу орындарының бірі Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы үлкен үлес қосып келеді.
Біз Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұжымы Елбасы көрсетіп берген сара жолмен төл мәдениетімізді әлемнің барлық құрлықтарына таныстыру ісіне белсене араласатынымызды мәлімдейміз. Өнер саласы бойынша алдыңғы қатарлы ұлттық білім беру жүйесін дамыта отырып, әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті мамандар шығару ісін бұдан әрі күшейте беретініміз сөзсіз, – деп өз сөзін қорытындылады.
Елордадан келген Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, ҚР халық әртісі, профессор Айман Мұсақожаева Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай өзінің жүрекжарды пікірін білдірді:
– Бүгін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына өзімнің әріптестеріммен бірге Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» тарихи мақаласына қолдау білдіруге келгеніме қуаныштымын. Барлық қазақстандықтар, елім деген ұрпақ ұлттық идеяның өмірімізде пайда болғанын қалаған болатынбыз. Осы тұрғыда Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары әрбір қазақстандықтардың жүрегінен орын алды. Осы арқылы бүкіл санамызды ұлттық мәдениетіміз бен тарихымызға бағыттадық. Сонау замандардағы Ұлы дала төсінде пайда болған бабалардан келе жатқан ұлттық мұраларымызға, мәдениетімізді терең тануға, жаңа қырынан ұлықтауға және түркі бірлігін бұрынғыдан да күшейтуге жаңа серпін, жаңа жігер берді. Сондықтан «Ұлы даланың жеті қыры» қазақ елі ұрпақтарының рухани санасына әсер ететін маңызды тарихи құжат болып қалатыны сөзсіз. Жасампаз идеямен астасып жатқан мәні бар мақала әсіресе, өнер қауымының шабытына қанат бітіреді деп ойлаймын. Осы жылдар ішінде елімізде мәдениеттің қай саласы болмасын дамып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаев:
– Бүгін бабалардан аманат болып қалған қазақтың киелі өнерін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа жеткізіп отырған өнердің қара шаңырағына келіп отырмыз. Өздеріңізге мәлім, осыдан бір жарым жыл бұрын жариялаған «Рухани жаңғыру» мақаласы қазақ қоғамының руханияты мен мәдениетінің көкжиегін ашқан мақала болды. Ал, бүгінгі жарияланып отырған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ұлттық мұраларымызды терең тануға серпін беретін үлкен тарихи мәнге ие өсиет. Елбасының алдыңғы мақаласында керемет айтқан сөзі бар: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Әсіресе, Ұлы Даланың ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің қайнар бұлағы». Рухани жаңғырудың негізі – еліміздің өнері мен мәдениетінің қайнар көзі ұлттық күйлері мен ән-жырларымыз күн сайын санамызда жаңғырып тұруы тиіс. Жүргенов атындағы академиямен және Қазақ ұлттық өнер университетімен бірлесе отырып, Елбасы мақаласының парасатты қағидаттарының негізінде талай-талай шығарамашылық жұмыстарды бірлесе отырып жандандырамыз деген ойдамын.
Асқар Алтайұлы