Батырхан Шүкенов - Құсни-Қорлан

ВИДЕО
3509

Жігіттің арманы жоқ Қорланды алған...


Арқа мектебіне тән сал-серілік дәстүрдің сарқыты, соңғы өкілдерінің бірі Естай Беркімбайұлының есімін білмейтін қазақ кемде-кем. Әсіресе, оның махаббат әнұраны саналатын атақты «Құсни-Қорланы» баянсыз сезімді бастан өткерген жандардың сүйіп шырқайтын әніне айналды. Өйткені, тарихымыздағы қосыла алмай қалған ғашықтардың ұзын тізбегінің ішінде Естай мен Қорлан есімдері алғашқылардың қатарында аталады. Бүгінде халқымыздың ән қазынасында елеулі орын алатын бұл әнді орындамаған әнші жоқ десек, артық айтқандық емес:

Бір қыз бар Маралдыда Қорғылайын 

Табиғат берген екен күн мен айын. 

Мұратқа іздеген жан бәрі жеткен 

Дариға, арманым көп не қылайын – деп жырлаған Естайдың өшпес махаббаты біз үшін таусылмас тақырып, ауыз толтыра айтатын әдемі аңыз. Ендеше, қазақтың алақанға салып әлпештеген серісі, әнші перзенті Естай Беркімбайұлының шығармашылығының жүрегі саналатын осы бір «Құсни-Қорлан» әнінің тарихы бүгінгі әңгімемізге арқау болмақ.

Иса деген бір мықты Маралды еліне құдалыққа баратын болады да, ол Ақкөлдің болысы Әбілқасым Шыманұлына хат жазып, ақын Естайды ала келуді тапсырады. Бұл кезде Естайдың жасы жиырманың үстіне шыққан екен. Сері үшін бұл сапар қызықты көрінеді. Жаңа жер, көрмеген ел әншіні қызықтырады да, келісім беріп, Маралдыға бірнеше кісі болып жүріп кетеді.

Ал сол заманда Маралды болысы Ұрық ауылында түбі Қыпшақ – Сұңқар, Сұлтан деген белгілі адамдар болады. Сұңқар – болыс, Сұлтан – би. Екеуінің де ел арасында беделі жоғары, ауқатты кісілердің қатарында болған. Сұлтанның Құсни және Қорлан есімді екі қызы бар екен. 

Естай келіпті дегенді естіген Сұлтан ауылының күллі қыз-бозбаласы жиналып, той-думан ұйымдастырады. Осындай көңілді кештердің біріне Құсни мен Қорлан де келеді. Естай сол жерде ай қабақ, алтын кірпік ару қыздарды көріп, жақын келіп танысады. Екі жас бір-бірін шын ұнатып, қалай болса да, қосылу жолдарын әңгіме етеді. Бұл туралы Сапарғали Бегалин 1939 жылы Естайдың өз аузынан естіген сөзім еді деп былай баяндайды:



«Қорлан мен менің базарым  күн санап қыза түсті. Қорлан болмаған жерде менің домбырамның құлақ күйі өспей, ән де қанаттанбай, берекем болмайтын күйге ұшырадым. Қорлан да тап сондай күйде. Екеуміздің арамыз – қол жетпейтін тас қамал. Өйткені, Қорланды жас кезінде бір бай тоқалдыққа алмақ болып, қалыңмалын үйіп-төгіп төлеп қойыпты. Кешікпей ұзатып алып кетпек. Менде ол қамалды бұзар дәулет жоқ. Не арқа сүйер күш жоқ. Екеуміздің ол жердегі бар жанашырымыз Жәміш деген Қорланның немере жеңгесі ғана. «Ертең жүреміз» деп отырғанда, Жәміш маған бір жігіт жіберіпті. Оны естіп, жетіп барып едім, Жәміш жарқылдай қарсы алды: «Әнші құда, замандасың бір ауыз тілдескісі келеді. Сол үшін шақырттым» деді. Сол арада мен оны алып қашпаққа уағдаластым. Ол келісімін берді. Бірақ, уа дүние-ай, бұл әрекеттеріміз жария болып, екеуміздің жолымыз мәңгіге кесілді...».


Тағдыр Қорланды Естайдың маңдайына жазбаса да, үріп ауызға салғандай аруға деген ғашықтық сыр Естайдың таңдайынан шекер балдай, сиқырлы саздай болып сорғалады. Оның аузынан шыққан әрбір сөз, әрбір әдемі шумақ жастардың аузынан түспей жүретін әнұранға айналды.  

Суреттер:zzl.kz,horde.kz 

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Оқи отырыңыз: Хорлан сұлудың жүзігі кімде?!




author

​Батырхан Шүкенов

ӘНШІ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...