«Түркі елдерінде мемлекеттік тілді оқыту жүйесі» тақырыбында халықаралық ғылыми-әдістемелік дөңгелек үстел өтті

Фото: MadeniPortal.kz

MADENI TV
101
2026 жылғы 11 ақпанда Халықаралық қазақ тілі академиясы, Мемлекеттік тілді дамыту институты және Халықаралық түріктану орталығы бірлесіп «Түркі елдерінде мемлекеттік тілді оқыту жүйесі» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік дөңгелек үстел ұйымдастырды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
 
Іс-шараның негізгі мақсаты – түркі елдеріндегі орта білім беру жүйесінде мемлекеттік тілдерді оқытудың ерекшеліктерін ғылыми тұрғыда талдау, оқу бағдарламалары мен оқулықтардың қазіргі жағдайын салыстыру және ұлттық білім беру саясатының негізгі бағыттарын сараптау болды.
 
Дөңгелек үстелді Халықаралық қазақ тілі академиясының президенті, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қажыбек Ерден Задаұлы ашып, мемлекеттік тілді оқытудың түркі елдері үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Шара Түркия Республикасы Түрік мәдениеті ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Ахмет Бижан Ержыласұнның құттықтау сөзімен басталды. Ол түркі халықтары арасындағы ғылыми ынтымақтастықтың өзектілігін ерекше атап өтті.
 
Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Қапалбек Бижомарт Сейсенбекұлы бастауыш мектепте функционалдық пәндерді оқыту жүйесі туралы баяндама жасады.
 
Дөңгелек үстелде келесі баяндамалар тыңдалды:
• Түркия Республикасы, Қыршехир Ахи Эвран университеті, Түрік тілі кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Осман Қабадайы – «Орта мектепте қазақ тілі сағаттарын көбейтудің қажеттілігі: Түркиядағы түрік тілі оқыту тәжірибесі негізінде»
• Қазақстан Республикасы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, филология ғылымдарының докторы, профессор Тыныштық Ермекова – «Қазақ тілін оқыту – жүйелі үдеріс»
• Әзірбайжан Республикасы, Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясы Фольклор институтының фольклортанушысы, Баку Еуразия университеті мен Хазар университетінің оқытушысы, қауымдастырылған профессор Айнұр Газанфарқызы – «Orta məktəblərdə Azərbaycan dilinin tədrisində folklorun rolu»
• Қырғыз Республикасы, Республикалық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының Инновациялық технологиялар орталығының аға оқытушысы Рахат Уметбековна Ибраимова – «Кыргыз тилин эне тили катары окутуунун программалары жана окуу-усулдук комплекстери: учурдагы абалы, жетишкендиктер жана көйгөйлөр»
• Өзбекстан Республикасы, Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институты, Өзбек тілі кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к., доцент Шахиста Менлибаевна Буранова – «Мактабларда ўзбек тилини давлат тили сифатида ўқитишдаги муаммолар ва истиқболли ечимлар»
• Сол институттың профессоры, филология ғылымдарының докторы Алима Курьяровна Пирниязова – «Қарақалпақстан Республикасында мәмлекетлик тилди мектепте оқытыў тәжирийбелерінен»
• Қарақалпақстан Республикасы, Педагогикалық шеберлік орталығы, Тілдерді оқыту методикасы кафедрасының доценті Гүлистан Оралбаевна Қанатова – «Өзбекстандағы мектептердің қазақ сыныбында қазақ тілінің оқытылуы»
 
Негізгі баяндамалардан кейін жарыссөз ұйымдастырылып, оған Қырғыз Республикасы «Манас» қырғыз-түрік университетінің түрколог-ғалымы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыралы Қоңқобай; Сингевит жазу жүйесінің авторы, лингвист, мәдениеттанушы, Еуразия ұлттық университетінің докторанты Серік Әбдірешұлы Ерғали; Өзбекстан Ғылым академиясының жетекші ғылыми қызметкері, профессор Бердиер Юсуфов; Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор міндетін атқарушы Раиса Қарсыбаева; Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институтының PhD, доценті Турсынай Абдигазиевна Торткулбаева; сондай-ақ Алматы қаласындағы №148 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі, педагог-шебер Мархаббат Жошыбаева қатысты.
 
Шара барысында Мемлекеттік тілді дамыту институтында жарық көрген «Мемлекеттік тілді оқытудың деңгейлері мен сатылары» атты монография таныстырылды.
 
Дөңгелек үстелге онлайн және оффлайн форматта шамамен 150 адам қатысты. Олардың қатарында білім беру, оқыту әдістемесі және білім саласының жетекші ғалымдары, педагогтер мен практик-мамандар болды. Іс-шара қорытындысы бойынша түркі елдері арасындағы ғылыми-академиялық ынтымақтастықты нығайту, мемлекеттік тілді оқыту саласындағы өзекті мәселелерді талқылау және ортақ шешімдер қабылдау бағытында келісімдер жасалды.
 
Қатысушылар бастауыш мектепте функционалдық пәндерге басымдық беру, пән санын оңтайландыру және кіріктірілген пәндердің құрылымын қайта қарау қажеттігін ұсынды. Сонымен қатар әліппе пәнінен кейін қазақ тілін жүйелі оқыту мәселесі көтеріліп, оқу бағдарламаларындағы олқылықтарды түзету қажеттігі айтылды.
 
Жаңартылған оқу бағдарламаларындағы мақсат қою жүйесі, лексикалық және грамматикалық тақырыптардың берілу реті, оқу мақсаттарының құрылымы ғылыми тұрғыда қайта қаралуы тиіс екені атап өтілді. Тыңдалым мен айтылымды, сондай-ақ оқылым мен жазылымды жүйелі әрі параллель түрде дамыту, мәтін тудыру дағдыларын жайдан күрделіге қарай қалыптастыру қажеттігі көрсетілді.
 
Орта мектептегі қазақ тілі пәнінің мемлекеттік тілді дамытудағы негізгі рөлі ескеріліп, тілдік білімге қойылатын деңгейлік талаптарды нақтылау, сыныптан сыныпқа көшу емтихандары мен қорытынды тестілеудің шектік деңгейін нормативтік тұрғыда бекіту ұсынылды. Сонымен қатар қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытудың сатылық және деңгейлік жүйелері арасындағы байланысты күшейтіп, мектептегі бағалау нәтижелерін ұлттық жүйе (КАЗТЕСТ) арқылы үйлестіру қажеттігі атап өтілді. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Тікелей эфирде қазақстандық қыздарды балағаттаған шетелдік стримерлер 15 тәулікке қамалды. ІІМ ҚК-ні...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстанда  490 мектеп директоры лауазымы бос тұр, деп хабарлайды MadeniPortal.kz оқу-ағарту м...