"Ұрып-соғып, далаға тастап кетті": Қазақстандық қария өз ұлдарынан қорлық көргенін айтып, көмек сұрады
Фото: видеодан скриншот
Жетісу облысы Ақсу ауданында екі ауыл тұрғыны өз әкесін ұрып-соқты және қорлады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға Ақсу ауданындағы ауылдардың бірінде тіркелген. 62 жастағы жергілікті тұрғын әлеуметтік желі арқылы қазақстандықтардан көмек сұрады. Ер адамның айтуынша, ол ұзақ уақыт бойы есейген екі ұлының тарапынан қорлық көріп келеді. Олар әкесінен ақша талап етіп, ұрып-соғады екен.
“Менің төрт ұлым бар. Соның екеуі өз отбасымен бірге мен тұратын ауылда тұрады. Дәл солар менен үнемі көмек, көбіне ақша талап етеді. Қазір заман қиын, менде ақша қайдан болсын? Қолымнан келгенше өсірдім, оқыттым, екеуі де есейген, өз алдына бөлек азаматтар. Қыстың басында кезекті жанжалдан кейін ұлдарым мені ауылдың шетіне апарып, ұрып-соғып, жыртылған киіммен, аяғымда тек үй шәркейімен тастап кетті. Әупірімдеп үйге жеткен соң бір айға жуық ауырып жаттым”, – дейді қария.
Мәліметке сәйкес, ол 2013 жылы отбасымен бірге Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған. Қазір ауылдағы шағын шеберханада етікші болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, ұлдары ұрып-соғумен қатар, жұмыс орнында да әдейі тәртіпсіздік жасап, терезелерді сындырып, құралдарын, ақшасын, телефоны мен құжаттарын тартып алады.