Президент ғылым мен технологияға бет бұрудың маңызын айтты

Фото: Ақорда

MADENI TV
123

Мемлекет басшысы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми қоғамдастық өкілдерімен кездесіп, елімізде кәсіби, ғылыми және инженерлік-техникалық кадрларды сапалы даярлаудың маңыздылығына тоқталды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Кездесу барысында елдің ғылыми-технологиялық дамуы мен білім беру жүйесінің өзекті мәселелері талқыланды.

Президент қоғамда гуманитарлық мамандық иелерінің көптігі және ғылым мен технологияға бет бұру қажеттігі туралы айтты:

«Өздеріңізге мәлім, осы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияладым. Яғни Қазақстанды ғылыми-технологиялық тұрғыдан дамытып, техника мен өндірістік процестерді арттыру үшін шара қабылдауымыз керек. Менің ойымша, бізде заңгерлер, филологтар мен дипломаттар, яғни, гуманитарлық сала мамандары өте көп. Ұлттың менталитетін өзгертуіміз керек. Ал ол қалай өзгереді? Ол үшін ғылым мен технологияға мойын бұруымыз қажет. Бұл біздің қолымыздан келмей ме? Қазақстанда тура мағынасында сана революциясын жасауымыз керек деп ойлаймын», - дейді Тоқаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы университеттердің қоғамдағы рөлі мен білімнің маңыздылығы туралы пікір білдірді:

«Олар білімді, парасатты, елдің келешегі үшін жауапкершілік арқалай алатын азаматтардың жаңа буынын тәрбиелеп шығаруда айрықша рөл атқарады. Мемлекеттің зияткер қауымы университет қабырғасында қалыптасады. Білім беру саласын әлеуметтік қызмет ретінде қабылдау дұрыс емес. Қазіргі құбылмалы әлемде білім маңызды өндірістік күшке айналды. Жастарымыздың ғылымға, инновациялық кәсіпкерлікке, озық цифрлық дағдыларды меңгеруге қызығушылық танытатыны қуантады. Мемлекеттің міндеті – жастарды сапалы біліммен қамтамасыз ету, олардың заманауи ғылыми базада жұмыс істеуіне, дүние жүзімен академиялық байланыс орнатуына жағдай жасау. Көп ұзамай Жасанды интеллект университеті ашылады. Мұны маңызды уақиғалардың бірі деп айтуға болады. Оқу орны алғашқы студенттері мен магистранттарын биыл қабылдауды жоспарлап отыр. Іргелі ғылымсыз жасанды интеллектіні дамыту мүмкін емес екенін түсінген жөн. Алгоритмдер мен күрделі инженерлік өнімдер, ең алдымен, дамыған ғылыми және университеттік ортада пайда болады. Сол себепті осы бағытқа айрықша көңіл бөлеміз», – деді президент.

Жалпы, Президент өз сөзінде Қазақстанның болашағы ғылым мен технологияның дамуымен тығыз байланысты екенін атап өтіп, білім беру жүйесін жаңғырту мен сапалы кадр даярлау басты басымдықтардың бірі болып қала беретінін жеткізді. 

Шоу-бизнес

Астанада отбасылық блогерлер Жанабыловтардың сот отырысы жүріп жатыр. Блогердің анасы аталған жағдай...

MADENI TV

Қазақстанда ғылым саласына бөлінетін қаржы соңғы жылдары айтарлықтай артқанымен, оның тиімділігі қоғ...