100 РЕЖИССЕРЛІК ЕРЕЖЕ: КУРОСАВАДАН КУАРОНҒА ДЕЙІН. 1-БӨЛІМ

КИНО
1691

Вим Вендерс: «Фильмнің соңғы монтажының өзі жеке қайта бағаланады. Тек есуастар ғана ең соңғы сөзді қалдыру үшін дегенін істейді. Ал, ақылдылар өзін жасырып, жәй ғана монтаждың жақсы нұсқасын жасайды».

Акира Куросава: «Сахнаны түсіру сәтінде режиссердің көзі кез-келген ұсақ детальдардың өзін бақылап отыруы тиіс. Бірақ, бұл бәріне тесіле қарау деген сөз емес. Мен камера қосылған сәтте әртістерге тіке сирек қараймын, алайда өз назарымды өзге бір нәрселерге жинақтаймын. Осылай ету арқылы қандай да болмасын бір нәрсенің бұрыс кетіп бара жатқанын аңғара қоямын. Қарау дегенің бір нәрсені белгілеу деген сөз емес, қайта, табиғи кейіппен көріністен жоғалмау.  Меніңше, ортағасырлық драматург әрі но театрының теоретигі Дзэамидың «салқын көзқараспен бақылау» дегендегісі осыны нұсқағаны болуы керек».

Ричард Линклейтер: «Әлем тарихында миллион идея бар. Адамдар- тарихты әңгімелейтін хайуандар. Жер бетінде бар нәрсенің барлығы- тарих, кез-келген нәрсенің тарихы бар, біз тарихты қабылдаймыз, тарихқа қызығамыз. Сондықтан да, мен үшін ең қиыны- тарихты баяндаудың тәсілін табу, нағыз тарихты қалай жақсы жеткізуге болатындығын түсіну».

Джон Уотерс: «Комедия 90 минуттан асып кетпеуі тиіс. Көлемі ұзақ әдемі әзіл деген түсінік жоқ».

Терренс Малик: «Мен керек шикізаттан да артық көп нәрсені жазып аламын, кейін жәй ғана монтаж жасаймын. Мен үшін көз алдымда болған өзгерістер, өзің жасай алатын нәрселер, және өзің жасай алмайтын нәрселер маңызды. Мен жәй ғана шығармашылықтың ырқына көнгенді қалаймын».

Фрэнсис Форд Коппола: «Фильм түсірер алдында қашан да тақырыпты бір немесе екі сөзбен тұжырымда. Мен қандай да бір жобамен айналысқанда қандай тақырыптың негізгі болатын біліп келдім, және ол бір ғана сөз еді. «Кіндік әке» («Крёстный отец») үшін бұл сөз- «табыс». «Әңгіме» («Разговор») үшін- «жеке өмір». «Бүгінгінің заманақыры»(«Апокалипсис сегодня»)  үшін- «адамгершілік». Мұның маңыздылығы: сіз режиссер ретінде уақытыңыздың көп бөлігін шешім қабылдауға жұмсайтындығыңызда. Сізден осы уақыттар ішінде: шаш қысқа әлде ұзын болуы керек пе; көйлек пе, шалбар ма; сақалды әлде сақалсыз екендігін сұраумен болады. Бұл сұрақтардың бәріне жауабыңыз бола бермейді. Егер, тақырыбыңыздың қандай екенін білсеңіз, бұл сізге көмектеседі».

«Менің есімде «Әңгіме» кезінде бір үйінді киім әкеліп «Оның детектив секілді болғанын қалайсыз ба? Хэмфри Богарт секілді? Немесе тағы кім еді?» деген кездер қалыпты. Мен білмеймін және оған фильмнің тақырыбы «жеке өмір» екендігін, сондықтан жарық түсу үшін қолдан тігілген пальто керектігін айттым. Сол себепті де тақырыпты білу, сіз сенімді емес кезіңізде шешім қабылдауға көмектеседі».

София Коппола: «Мен өзім жасағым келгенді және өзім көргім келгенді жасауға тырысамын. Көрермендер туралы көп ойлағым келмейді».

Джейн Кэмпион: «Әртістер сондай әлсіз. Олар кемсітуден, жұмыстары лас болып көрінуінен қорқады. Мен оларға сәтсіздікке де жақсы қарым-қатынаста болатындай үй атмосфрасындағы жылы жағдай жасауға тырысамын».

Салли Портер: «Мен әрқашан өз фильмдеріммен бірге саяхаттаймын, өйткені оларды тамашалайтын көрермендер менің ұстаздарым болғанын қалаймын және олардан келесі картинамды түсіру үшін қандай да бір нәрсе үйрене алдым».

Стивен Спилберг: «Мен жаңа фильм түсіруді бастамастан бұрын, төрт фильмді көріп аламын: олар «Жеті самурай»(«Семь самураев») , «Арабиялық Лоуренс»(«Лоуренс Аравийский»), «Осынау ғажайып өмір»(«Эта замечательная жизнь») және «Іздеушілер»(«Искатели»).

Орсон Уэллс: «Ортакөлемді кадрды үзбей түсіру қабілеті- бұл, жасамыс режиссер мен балалардың арасындағы айырмашылық. Кез-келген адам жұп пышақ пен екідюйімді обьектив арқылы кино жасай алады».

Спайк Ли: «Музыка мен үшін- операторлық жұмыс, ойын, монтаж, постпродакшн, костюмдер секілді құрал. Музыка саған тарихты баяндауға көмектеседі».

Фрэнк Капра: «Кинорежиссурада ереже жоқ. Тек күнәлар ғана бар. Және ең басты күнә- топастық».

Кэтрин Бигелоу: «Мінез және қызбалық ылғи да тек сабырлы, қарапайым үйлесімге түсу ғана үшін керек емес».

Жан-Люк Годар: «Фильмде оның басы, ортасы, аяқталуы болуы керек, бірақ дәл осы ретпен болуы шарт емес».

Клэр Дени: «Мен алдымен локацияны іздеймін. Тұрғын үйлер, теміржол бағыттары, кафе, арықтар — мен фильмнің географиясын анықтаймын».

Такеши Китано: «Мен күш пен зорлықты көрерменге нағыз ауруды сезіндіру үшін әдейі түсіремін. Мен ешқашан видеоойынға ұқсайтын зорлықты түсірген емеспін, түсірмеймін де».

Линн Рэмзи: «Басқа адамдар үшін бір нәрсені өзгертуге тырыспа. Продюсеріңе немесе өзге де адамдарға өз көзқарасыңа ықпал етуіне жол берме. Егер оған және өзіңізге сенімді болсаңыз, бәрі де болады. «Фицкарральдо» стилінде көп саяхаттауыңызға тура келеді, есесіне ақыр аяғында өзіңізге тиесілі кеменің артқы жағын алып қаласыз. Өзіңіздің нұрлы жаныңызды. Ал, егер оны бөлшектеп сатар болсаңыз, ешкімге, ештеңеге айналасыз әрі өз қабылдауыңыздың ең соңғы түйірінен айырыласыз».

Андреа Арнольд: «Егер сіздердің қаһармандарыңыз шынында тірі болса, онда өздеріне не керегін өздері айтады».

Мэри Харрон: «Режиссураға апарар тек бір ғана бағыт бар деп ойламаймын. Тек сіз оған қандай амалдар арқылы болса да, тәжірибе жинақтау үшін кез-келген жұмысты өзіңізге алуға шешім қабылдауыңыз керек. Мен көп дүниені тегін жасадым. Маған алғашқы фильмім үшін соқыр тиын төлеген жоқ, есесіне ол менің өмірімді өзгертті».

Альфред Хичкок: «Жауыз кейіпкердің бейнесі қаншалықты сәтті шықса, картина да соншалықты сәтті болмақ».

Мартин Скорсезе: «Мен ылғи алаңға я болмаса локацияға жалғыз қалу үшін және ұжым мен сахна туралы ойлану үшін ертерек барып аламын. Белгілі бір мәнде сен өзіңді осылайша қорғайсың- осының арқасында өзіңе таңғалуға мүмкіндік қалдырасың, тіпті алаңда да. Өйткені, қашан да сен байқамаған бір деталь аяқ астынан пайда бола кетеді. Меніңше, бұл аса маңызды. Жақсы болып көрінетін фильмдер көп, алайда оларда бір жетіспеушілік бар: оларда таңғалу әсері жоқ, оларда бәрі сценарий бойынша жасалған».

Джон Кассаветис: «Түсірілім тобын өзіңнің табысыңа жету үшін мәжбүрлеу қиынға соғады. Бірақ, олар сенің өзіңді жетілдіруге емес, расында жұмысқа қызығушылығықта екендігіңді аңғарғанда, өздері сен үшін жұмыс жасауға кіріседі. Әртістермен де солай. Олар камераның алдында қосалқы рөлде болғысы келмейді... Мен әртістердің осының барлығы өздерінің жеке ісі екенін түсіну үшін қолдан келгенді жасауға тырысамын.

Егер сен фильмге түсіп жатып, алдыңнан шапалақтың дыбысы шықса, бәрі қазір сен таңғажайып бір нәрсе жасайтындай күтіп, айнала қоршап тұрса...мұның бәрі конкурсқа айналып кетеді. Мен мұның барлығы болмайтын, ешкім бақылап тұрмайтын, ешкім баға бермейтін, адамдар жұмыс жасай алатын атмосфера қалыптастыруға тырысамын. 

Кино дамуындағы барлық жетістікті пайдалану аса қиын және мұнда әртістер «жалаңаштануы» мүмкін екендігін күтуге болады. Мен қонақасы үстінде душ қабылдай алмайтындығыңызды меңзеп отырмын. Сіз киноны өз өміріңізден білгеніңізді айту үшін түсіресіз. Бірақ, содан кейін, сахнаны, жарықты, барлық керектіні дайындап болғанша сегіз сағат күткеніңнен кейін, түсірілім басталарда: «Енді өз өмірім туралы айтқым келмейді! Мен неге саған өз өмірім туралы айтуым керек?» деп ойлай бастайсың. 

Алаңда әртістерге кедергі болатын көпеген нәрселер бар. Мәселен екі адамның арасында мынадай сәтті алайық: жігіт өз әйелін психиатриялық клиникаға жөнелту үстінде. Түсірілім алдында біреу сенің шашыңмен әуре болады, ерніңді бояйды, саған жарық түсіреді, отырғызып, орныңды анықтайды, кенет, камера жақындап, біреу: «Эй, ол маған жақсы көрініп тұрған жоқ!» деп айқай салады. Мұндай сәтте қалай әртістерді ұжымдастыруға болмақ? Сондықтан да біз әртістер келгенше, барлығын дайындап қоямыз. Біз тыныш әрі шамасы, нәтижелі де жұмыс жасаймыз».

Зои Кассаветис: «Қасарысып жұмыс істеңіз. Бұл бизнес әзіл емес. Нені қалайтыныңызға, өз көзқарасыңызды өзгенікіне ауыстырып алмағаныңызға көз жеткізіңіз».

Лина Данэм: «Сіздің тарихыңызды біреу айтуын күтпеңіз. Ол сіз үшін ештеңеге тұрмаса да, мұны өзіңіз істеңіз».

 Джафар Панахи: «Сіз фильмге тек бір ғана көзқараспен қарамауыңыз керек».

Дэвид Кроненберг: «Сіз киноны түсіргенше, оны сатуды бастап кетесіз».

Аббас Киаростами: «Өзім кешпеген, өзім сезінбегенді түсірмеймін, көрсетпеймін».

Ида Лупино: «Былай істе» деместен бұрын, мен әркімді процесстің бір бөлшегіне айналдыруға тырысамын. Кейде оператордың алдында шын өмірдегіден де аз білетінімді айтып мүләйімсимін. Дәл осы өзара ынтымақтастыққа жетуге маған қол ұшын созады».

Мел Брукс: «Отыр... Жәй ғана орындықты көрген әр кезіңде отыр. Тіпті кейде жұмыс үстінде аяғыңнан тік 20 сағат тұрғаныңды білмей қаласың. Сен өз ойлағаныңнан да көп шаршадың».

Альфонсо Куарон: «Фильмді аяқтағаннан соң, қайталап көріп шықпаймын. Жарық жинақылығы мен дыбыс беруді тексерген соң, мен ешқашан өз фильмдерімді қайталап көрген емеспін. Жұмыс тәжірибесі маған бергеннің бәрін киноға кіргізуге және алға қарай жылжи беруге тырысамын».

Билли Уайлдер: «Режиссер полицей де, акушер де, психоаналитик те, жәдігөй де, бейшара да болуы тиіс».

Жан Кокто: «Жұмысың туралы айтылған алғашқы сынға құрметпен құлақ ас. Сыншыға ең басты ұнамағанды нақтылап ал да, соны дамытуға тырыс. Өйткені, дәл сол бөлігі- сенікі, ол сақтауға әбден лайық».

Джон Хьюз: «Менің кейіпкерлерімнің көбі сексуалды емес, романтикалы адамдар. Бұл менің фильмдерімнің елеулі ерекшелігі секілді. Меніңше, жас адамдарды ең жақсы суреттеу- тек физикалық секске құмар қылып емес, арақатынасты, өзара байланысты қалайтын, қарама-қарсы жыныс иесін түсінуді қалайтындай суреттеу».

Пак Чхан-хук: «Менің мінсіз процессім не нәрсеге ұқсайтындығын сұрасаңыз, мен оның ұзақ препродакшн, ұзақ продакшн, ұзақ постпродакшн екендігін айтамын».

Брюс Лабрюс: «Меніңше, әрқашан ең бастысы-эстетика. Баяндағалы отқан тарихыңа дұрыс формат таңдай білу- маңызды».

Элис Ву: «Сенде көп идея және оны дамытуға қол ұшын созатын адамдарды жалға алу құштарлығы болуы тиіс».

Уэс Андерсон: «Егер кімде-кім менен түсіріп жатқан фильмімнің тақырыбы туралы сұраса мен жауап бере алмаймын. Әдетте кейін оның тақырыбы туралы кейбіреулер айтып жатады. Мен қандай да бір тақырыпты әрі қарай дамытудан қашуға тырысамын. Меніңше, бұл процесстің аздап абстрактілі болғаны дұрыс. Бірақ, сонда да ақыр аяғы адамдардың: «Мен мұнан осыған дейін жасағандарыңның біразын көрдім. Бұл фильм алдыңғылармен етене байланысты» деуімен бітеді... Мен құдды бір не туралы түсіретінімді өзім таңдаған секілді. Ол өзі мені таңдады».

Ридли Скотт:«Шындығында, көрермен шайқасқа аз қызығады. Оларға адамдық арақатынастар қызық. Егер сіз тарихи фильм түсіріп, ондағы адамдар арасындағы қатынасты естен шығарып алсаңыз- сізде мәселе туындайды».

Амма Асанте: «Өз тарихыма жасағым келетіні-әрбір қаһарманның орнына өзімді қойғым келуі».

Пенни Маршалл: «Көзқарастарыңа қарама-қайшы соқпаса, ойыңа келгенді істе».

Карл Теодор Дрейер: «Егер өз шеберлігіңді әр күн сайын ерінбей-жалықпай қырнап, жонып отырсаңыз, өзіңіздің кәсібіңізді билеуге болады».

Кшиштоф Кесьлевский: «Мен камераны қайда қою туралы ойланбаймын. Бұл маған табиғи түрде келеді. Мен сараптамаймын, елестетпеймін. Егер ішіңде тура бағытты анықтайтын компасың болмаса ешқашан жол таппайсың. Оны беретін киномектеп те, білім де көмектеспейді».

Вернер Херцог: «Көрерменнің пікірі киелі. Режиссер- оларға әртүрлі тағамдар ұсынатын аспаз, егер көрермен өзінше қабылдайтын болса, режиссердің дегенін істетер құқы жоқ».

Джордж Ромеро: «Бұйырып жұмыс жасатпа, бірлесіп жаса. Әр цехтің ұжымдастырушысының идея беретін мүмкіндігі бар. Оларды тыңдап, құрметпен құлақ ас. Олар да фильмнің авторлары».

Роман Полански: «Зорлықты- шын мәнінде қалай, солай көрсетуге тиіссің. Егер сен оны өмірдегідей көрсетпесең, оның адамгершілікке жат әрі зиянды болмақ».

Федерико Феллини: «Киім- адам мінез-құлқының бір бөлшегі. Мен әр кейіпкерді костюмімен суреттеймін. Менің эмоционалды әсерімді білдіретін суреттерді стилистке ұсынамын. Меніңше, кербездік жеке кейіпкер мен оның киінгенінің арасындағы байланыстан пайда болады.  Айтпақшы, костюм- түс секілді, оның символдық байланыс екенін ұмытпаңыз. Түстер бізге әр нәрсенің, әрбір нысанның, әр бояудың, әр детальдың тілі бар екендігін үйретеді. Сондықтан, кейіпкер образын нақты көрсету үшін киім қажет, ол кейіпкерге өз тарихын баяндауға көмектеседі».

Андрей Тарковский: «Бір-біріне ұқсас адамдардың толықтай кездеспейтіні секілді, әртістердің сахнадағы орны да қайталанбауы тиіс. Әртістердің сахнадағы орны бір қалыптан шықпай, сіресіп қалғанда тұжырым (қаншалықты табиғи болса да), кейіпкерлер, оқиғалар, психология, бәрі-бәрі тізбекке тізілгендей жасандылыққа ауысады».

Робер Брессон: «Егер дыбыс орнын басар болса, суретті не бейнені қалыс қалдыр. Құлақ ішке ұмтылады, көз- сыртқа».

Джон Синглтон: «Сенің кішкентай фильміңе бәрінің түкіргені бар. Ол үшін сен өзің қобалжуың керек... Осыны істе- түсір мұны. Сосын, берілме»

⇒жалғасы...


 Орыс тілінен тәржімалаған: Еділбек ДҮЙСЕН

author

Еділбек Дүйсен

АҚЫН

Без категории

Шымкентте №44 жалпы орта мектептің басшысы мен оның орынбасарына және бухгалтерге сот үкімі шықты, д...

Жаңалықтар

Жетісу облысы Жаркент қаласында тәрбиешілер балаларды қылқындырып, тұншықтырып, ұрып-соққан әрекетте...