Голливудтық компания Қазақстанда фильм түсіреді, – деп хабарлайды Мәдениет порталы «...
«Тюльпан» фильмі қалай түсірілді?
Немесе біздің ауылдан Канн кинофестиваліне дейін…
Бұл 2004 жылдың көктемі болатын. Елдің шетінде, желдің өтінде қоңыр ғана тіршілік кешіп жатқан менің ауылыма бір күні бір топ киногерлер асай-мүсейлерін арқалап сау ете қалды. Салған жерден бұлар кім болды екен деп аңдысын аңдысақ – Сергей Дворцеовой есімді кинорежессер екен. Қазақстан, Ресей, Германия және Швейцариямен біріккен жоба «Тюльпан» фильмін түсіруге, барлық жерді аралап келіп, біздің ауылға тоқтапты. Мұндай да ғажап жаңалық болады екен! Созақ ауданының ең шалғай ауылдарының бірі, құм ішіндегі Жуантөбеге кей кезде тіпті әншілер соқпай өтіп, 20 жылда бір көшпелі цирктің келетін ескерсек, киногерлердің келуі тіптен құлақ естіп, көз көрмеген тосын жаңалық болды. Оның үстіне киноға еңбектен сабақ беретін Келбет апайдың үш баласы бірдей таңдалыпты деген хабар үй-үйді аралап кетті. Ағайынды Береке, Маxаббат, Нұржігіт Тұрғанбаевтар несін айтасың айды аспанға бірақ шығарып, киноға түсетін болыпты деп ел дүрлікті.
- Оееебооой Келбеттің маңдайының бағы бес елі екен, киноға бір емес үш баласы түсіп, жабағы жүнін бір сілкитін болды байғұс. Бәрі құрсын, ақшаға көміліп шекесі шылқитын болды-десіп жұрт тамсанып кетті.
Ауыл клубынан үнді киносын ғана көріп өскен үлкендер мен теледидардан сол кезде түріктің Юсуф Мероғұлысына ауыздарының суы құрып жүрген Жуантөбенің жастарына кино түсірудің барысы сұмдық қызық жаңалық болды. Ауыл әйелдері киноға қатысты реквизиттерін, көрпе-жастықтарын, ыдыс-аяқтарын, өз үйлерінен тасып әуре болса, ауылдың қойшылары отар-отар қойларын, мініс аттарын, бота-тайлақтарын, трактор, мәтәсикілдерін, түп-түгел режиссердің алдына салып берді де: "Ал түсір, не істейді екенсің, көрейік"- дегендей мұқым ауыл жаңағы киноның түсірілімін тамашалауға көшті.
Кино жазық далада, ауыл іргесінен аулақтау, қыстақта бір жыл емес, бақандай төрт жыл бойы түсірілді.
Кейде түсірілімнен қолдары босап, мектепке келген Берекені, оқушылар жабыла қызықтаймыз.
-Береке киноға түскен қандай екен?-деп жамырай сұраймыз.
-Күшті екен! -деп жымыңдайды ол.
-Ал, өскенде кім боласың?- деп тағы сұраймыз.
Береке ойланбастан:
-Актер болам!-деп шаттана жауап береді.
Кішкентай қарындасы Махаббаты көрсеке те сол сұрақты қоямыз.
-Мен кинода ән айтам, болды. Сосын, інім Нәкөшпен қозылармен ойнаймыз"- дейді ұяң ғана. Содан не керек бір күні киноға, ауылдағы кәдуілгі түйеші Жаппас ағай бастықтың рөлін сомдап түсіпті деген хабар келді. Келесі күні шаруа Есентай ағай да кинода бой көрсетіпті деген жаңалық ауылды шарлап кетті. Ал кеп күл! Әсіресе ошақ басындағы қатын-қалаштың ауыздары жаялықтай болды. «Құдай-аааай бір, Есентай мен Жаппасты кино неғылсын, рәпаттарын ұшырып, шылғи өтірік енді осы жері. Киноға да өңді адамдар керек шығар»- деп сыпсыңдасты қатындар. Аз күнде біздің ауылдың адамдарынан бастап, қойларына дейін актер болып жатыр деген қауесет Созақ ауданын түгел шарпыды.
Шет шықсақ «ауылдарыңда кино түсіріп жатыр екен ғой сол рас па?»-деген сөзден құлағымыз сарси бастады. Әйтеуір, түсіріп жатыр... Бірақ, не түсіріп жатқанын түсіне алмай далмыз. Байқастасақ еш қызығы жоқ, реңі қашқан сұрқай өмірді түсіріп жатқан секілді. Көргендердің айтысына қарағанда режиссері бар, операторы бар Бетпақ даланың дүлей боранын, сағаттап емес, апталап, тіпті кейде айлап күтіп отырады-мыс. Күн сәл бұзылып, құйын көтерілсе болды, зілдей камераларын арқалап, құйынның артынан қуалайды кетеді екен. Несін айтасың кино түсіру деген де бір ит тірлік екен десті жұрт. Одан да түйе баққан мың есе артық десті. Сол ит тірліктің иелері кейде ауылға келіп, Зәрипа апайдың дүкенінен азық-түлік алып жатқанын көріп алғашында аңырая қалатынбыз, кейіннен оғанда көзіміз үйрене бастады.
Бұл фильм өте ұзақ түсірілді... Арадан екі-үш жыл өткенде, бір күні Тюльпан деген қыздың рөліне кейіпкерді ауылдан іздеп жатыр деген жаңалық келді.
Әуелгіде ауылдағы Қожан деген шалдың , көзі танадай, бұрымы білектей, қара торы Ботакөз деген келініне режиссер Тюльпанның рөлін ұсынса, келіншектің қызғаншақ күйеуі, көзі алайып, қатынын қамшымен сабап, режиссерларыңды үйінен ит қосып қуып шығыпты. «Ииии сорлы, қазанында майы жоқ, не қатықталған шайы жоқ, сөйтіп отырып қатқан қара қайыстай жаман қатынын қызғанады бишара»-деп балтыры бесіктей ақсары жеңгеміз ошақ басында отырып, күйіп-піссін.
-Әй сол режиссерларыңда сау адам емес, бір жүрген жарымес-ау! Дені сау адам сондай қатынды киноға түсуге шақыра ма, аузында бір тіс жоқ, бетінде қыртысы көп, қап-қара шойындай бір жапырақ біреу. Оданда әппақ сазандай ғып мені неге түсірмейді әдірағағыр, Түлпан емес Күлпән боп ойнап берер ем ғой айтса. Не үшін бетімізге күніге айран жағып жүр дейсің, сол режиссердің көзіне түсіп қаламыз ба деп жүрміз дә?-деп ошақ басындағы сыралғы құрбыларының ішек-сілесін қатыра күлдірді.
Атын естігенімізбен түрін көрмеген Тюльпаны құрғыр ұзақ уақыт бойы таптырмай күйдірді. Ауыл адамдары «әй, қисық Мұқаштың жалбыршаш қызы Күлжан бар емес па ай, сол Түлпәнға ұқсайды ай, соны неге түсірмейді»-десе, «иии, жоқ, Түлпәнға Қайраттың қара сирақ қатыны Күлжамал ұқсайды»- деп, сол аралықта ауыл тұрғындары әр қайссы өз қиялындағы Түлпәндарын жасап үлгерді. Тюльпанды іздеген режиссеры бар, актерлары бар бір топ адам бір күні мектепке келді. Естері шыққан мектеп мұғалімдері комиссия келгендегідей далбаңдап кетіпті. «Ойбай, 8-9 класта оқитын шашы ұзын қыздар түгел мұғалімдер бөлмесіне жиналсын деп жатыр, Тюльпанның рөліне қыз таңдайды екен, Нурия, Жәудір жүріңдер» - деген мұғалімнің сөзін естігенде, дәп қазір киноға алып кететіндей сыныптың белсендісі Нурия маған қарап ыржың ете қалды. Менде жәрбиіп жетісіп қалдым.( Сол кездегі сыныптағы шашы ұзын қыздармыз ғой) Ол хабарды естіген сәтте, жуықта ғана қап-қара шашын әр-әр жерінен сап-сары етіп бояп, білектей бұрымын тоқал ешкінің құйыршығындай шолтитып кесіп тастаған Қарлығаштың өңі құп-қу болып кетті. Әйтпесе біздің класта Қарлығаштан өткен Тюльпан жоқ-ты. Бойы сырықтай, көзі баданадай, жеті атасынан бері қарай қап-қара шойындай. Өзі бір жүрген тілі ащы - қырт. Содан не керек, мұғалімдер бөлмесіне жиналған бас-аяғы 5-6 қызды фотограф біраз суретке түсірген болды. Ешқайсымыз өтпедік. Ұзын сөздің қысқасы – Тюльпан бола алмадық. Сөздерін тыңдасақ, әсілі, Тюльпан болып қайта туылу керек сияқты. Тіпті бір ағай бізді көріп: Мына қыздар расымен 9 класта оқи ма, 7-кластың қыздары сияқты кішкентай ғой - деп маған бақырая қарайды. Онысына іштей намыстанып, аузым дорбадай болып, мен тұрмын. Қарлығаш болса, мұғалімдер бөлмесінің есігін қайта-қайта ашып, жылтың-жылтың етіп көзге түсіп бағады, оған «жап есікті!»-деп мұғалімдер ақырады. Оны байқаған біздің кластың ұлдары: «Қарлығаш, әуре болма, бәрібір сені киноға түсірмейді, шашыңды духовкаға күйдір деген кім бар саған»-деп әжуалап күледі.
Табанынан таусылған Сергей Дворцевой ақыры бір күні, Жуантөбеге іргелес Степной кентінен бір қара торы оқушы қызды тауыпты, сол қызды киноға түсіреді екен деген жаңалықты естігенде, Жуантөбенің аққұба өңді қыз-қырқындарының іші «қып» ете қалды. «Қап әттеген-ай!» - десті. Ғұмырларында тұңғыш рет, аққұба емес, қап-қара қыз болып туылмағандарына өкініп кетті. Соңғы уақытта кино түсіріп жатыр деген сөз, бізге жаңалық болмай қалды. Бір күні кино түсіру аяқталып қалыпты, енді соңғы жұмыс Береке мен Махаббаттың дауысын жазып жатыр екен деген хабар келді. Ел-жұрт оғанда: Құдаааай, күніге естіп жүрген жағалық ғой тәйірі,- дегендей аса елең қылған жоқ.
Бірақ, адамның тағдыры деген бір жұмбақ дүние бар екен. Кейде сол жұмбақ тағдырдың барлық шешуі – айтып келмейтін ажал ма дейсің. Сол ажалға өрімдей жастың көзін қайтып ғана қия аласың? Көз алдымызда жайнап өсіп қалған бауырымыз «өскенде кім боласың?»- деген сұрағымызға «актер болам!»-деп шаттана жауап беретін біздің жас жұлдызымыз, Берекемізді мезгілсіз келген ажал ортамыздан тым ерте алып кетті. Енді ғана жетіншіні бітірген жеткіншек жазғы демалыс күндердің бірінде ауыл іргесіндегі Шу өзініне достарымен шомылуға барып, суға кетіп қайтыс болады. Осы бір орны толмас ауыр қаза, Жуантөбе тұрғындарының қабырғасын қайыстырып кетті. Біз солай болашағынан үлкен үміт күткен Берекемізден қапыда айырылып, мұқым ауыл зарладық та қалдық. Арадан жылдар сырғып өте берді. Бір күні «Тюльпан» фильмі үлкен экранға шығыпты, мұхиттың арғы жағындағы елдерде «Тюльпан» фильмі марапатқа ие болып жатыр екен деген жаңалықты газет-журналдардан, радио-теледидарлардан жиі айтыла бастады. Кейінірек, фильмді көрген ауыл үлкендері көңілі көншімей жүрді... «Сүйтіпте адам кино түсіре ма?! Бізді жабайы етіп көрсетіпті ғой!»-деп өкпелесе, баяғы ошақ басындағы әйелдер: «ойабааай кинода жәрбиіп-жәрбиіп Жаппас пен Есентай жүр ғой»-деп кеңк-кеңк күліп, беттерін шымшыды. Баяғы ақсары жеңгеміз «Кәне Түлпән, Түлпән дегендерің, кинода Түлпәннің бетінде көрсетпеді ғой. Мен сияқты сұлу болмаған соң, көрсетпеген дә, ессізғағыр сол көзде мені түсіру керек еді сол Түлпанға»-деп түлен түрткендей тулапты.
Ал біз аяулы бауырымыз, бірімізге дос, бірімізге сыныптас болған Берекеміздің дидарын кинодан көргенде көзімізге еріксіз жас алып, көкірегіміз қайғыдан қарсы айырылып жылап жүрдік. Өзі төрт жыл бойы түскен киносының жарыққа шығуын сонша күтіп, оны көре алмай кеткеніне өзегіміз өртенді.«Тюльпан» фильмі көп сыналды. Бірақ Жуантөбеліктер үшін «Тюльпан» фильмі – ең үздік фильм болып мәңгі қалды. Онда біздің бала кезіміз, бота-тайлағымыз, аяулы досымыз, дүлей табиғатымыз бар. Бұл фильм бізге ыстық себебі, онда – Жуантөбеліктердің жаны, ой-қиялы, түйсігі, арманы-мұраты бар. Бүгінде алты құрлықты аузына қаратып, «Канн» кинофестивалінен «Ең үздік әйел бейнесі» жүлдесін алған Самал Еслямованың ең алғаш кинодағы тұсауын кескен осы «Тюльпан» фильмі болатын. Шын қуандық, рас, жанарымызға жас келді. Бұл қазақ кино өнері тарихындағы бұрын-соңды болмаған ең ауқымды марапат еді. Сергей Дворцевойдың қазақтың жанын кино тілінде сөйлетудегі өзгеше қырын енді түсініп жатқандаймыз. Иә, жабайылау түсірлген, иә, кесе-табағымен тезегі араласып кеткен, бүртүрлі ерсі, біртүрлі қораш. Қойшылар олай өмір сүрмейді дейтін де шығармыз. Бірақ бұл боямасыз шындық. Табиғат қаталдығымен адам жанының тереңдігін сұлу кадрлармен әспеттеу Дворцевойдың қолынан келмейді емес, келеді. Бірақ сол сұлулықты жасандылықсыз «тірі» жеткізу Дворцевойдың кинодағы бұлжымас заңдылығы іспетті. Барша сұлулық, бәлкім жабайылау сұлулықты көрсету арқылы Дворцевой қазақ киносына тың жаңалық әкелген режиссер екені анық. Бүгінде «Айка» туындысы үшін сонау Франциядан жүлдемен оралған Сергей Дворцевой мен Самал Еслямованың бір кездері еленбеген еңбектері енді жанғандай. Бұл даңқтың бастауы – сонау Бетпақ даласынан, біздің аяулы ауылымыз – Жуантөбеден басталғанына бүгінде шын қуанып, мақтанамыз!
Жәудір Нартайқызы