Әділхан Ержановтың «Хозяева» фильмі хақында

Жаңалықтар
2809
Кинода режиссердың еркіндігі, ішкі тәуелсіздігі маңызды. «Хозяевада» осы еркіндік бірден көзге ұрады. Тіпті мұнда режиссер күресінге тасталған бала тағдырларғада ара түспейді, қиянатшыл, аяр қоғамның ақиқатын көрерменімен бірге «тамашалайды». Өз туындысына өзі алыстан қарайды. Фильмді әртүрлі көзқарастар ортасына тастай сап сырттай сүйіну мен күйіну деген осы шығар.

«Хозяеваны» «ә» дегеннен түсіну қиын. Мұнда анасы өмірден қайтқан соң ауру қарындасына қамқор болуға келген екі ағайындының, септесіп өмір сүрмекке бел буған үш қорғансыздар күні суреттеледі, олар кездесетін қиянат, жергілікті биліктің, заң органдары өкілдерінің әділетсіздігі әдемі беріледі.

Кейде біз «тіл жетпегенге ой жетіпті, сөзді сурет дәл бейнелепті» деп карикатураға сүйінеміз. Режиссер Әділхан Ержановтың «Хозяева» фильмінен сол көңіл күйді көресіз.

Немесе бұл жерде режиссермен қатар отырып алып «бұл не масқара? Бұл – біз емес, біздің қоғам басқа, фильмнің несі көркем?!» дей беруге де болады. Бірақ екі күннің шаруасын екі айға создырып, күнді аптаға, аптаны айға ұзатып, құзырлы орындардың есігін тоздырып жүріп өзі тозып кеткен өзіңің талай таныс та бейтаныс жақыныңды көргенде біздің қоғамдағы хаустың қалай АРТ-қа айналғанын түсінгендей боласың.

«Хозяеваны» көруге кеткен екі сағатқа әуелде ішім ашыды. Өйткені бұл фильм менің түсінігімдегі киноның басталу, өрбу, даму, шарықтау, ой қорыту тәртібін бұзды. Осындай трагедиялы тақырыптардың комедия стилінде сөйлеуі киноны жалған мораль мен жалаң пафостан құтқарыпты.

Шарасыз қоғам не істейді? Өз қасіретіне өзі күлуді үйренеді. Бұл ессіз күлкінің «черная комедия», яғни трагедия синониміне айналуы қалыптан шыққысы келмейтін кейбір адамға жақпағанымен, көп көрерменге өтімді. Себебі, кинодан да әркім өзін, өзінің ортасын, жақынын, бауырын, баласын іздейді және тауып та алады. Кейіпкермен тағдырлас болу біреуміз үшін намыс, енді біреуміз үшін өгей ортада тұншыққан өз үніміз. Айналадағы абсурдты бізге басқаша қалай жеткізуге болар еді? «Тасты жапалаққа ұрсаң да жапалақ өледі, жапалақты тасқа ұрсаң да жапалақ өледі». Осы тұрғыда режиссер миссиясы орындалыпты. Көрерменнің жанын түршіктіретін жаңа бір дүние ұсыныпты.

Белгілі кинорежиссер Ким Ки Дуктың Қазақстандағы «Еуразия» кинофестиваліндегі журналистермен кездесуінде: «Ертеректе «Қолтырауын», «Арал», «Мекенжайы белгісіз» фильмдерім шыққанда менен «сіздің моральдық наным-сеніміңіз бар ма?» деп сұрағандар болды, өз моральдық өлшемім болса да «жоқ» деп жауап бердім. Өйткені мен корей қоғамының көлеңкелі де жағымсыз жақтарын көрсетуден қорықпаймын. Басыма келген идеяны киноға айналдырамын. Менде арнайы бір догмаға сүйенген технология немесе ерекше бір индустрия жоқ, бұл менің жүрегім. Менің ішкі көруім. Мақсатым жүректегіні жүрекке жеткізу ғана. Менің моралім осы» дегені бар-ды. Жүрекке жол табудағы ізденістер әр суреткердің өз еншісіндегі, өз меншігіндегі шаруа, десек те өнер тазалықты, тәуелсіздікті, биіктікті аңсайды. Бұл тұрғыда Әділхан Ержановтың «Хозяевасы» маған айналаның диагнозын тап басқандай тамыршыдай көрінді.

Шолпан Рақымқызы

Жаңалықтар

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне арызданған жергілікті тұрғын үйдің жанында ойнап жүрген кішкентай...

Жаңалықтар

Бүгін Ташкентте өтіп жатқан спорттық гимнастикадан Азия чемпионатында бірнеше жаттығу бойынша финалд...