Дмитрий Менделеевтің анасы: «Батамды бердім, Митенка...»

ТАНЫМ
2529

ДМИТРИЙ МЕНДЕЛЕЕВ – атақты орыс ғалымы, энциклопедист
Анасы 
– МАРИЯ ДМИТРИЕВНА КОРНИЛЬЕВА

"Мәдениет порталы" Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану докторы, профессор Арыстанбек Мұхамедиұлының жақында тұсауы кесілген «Кемеңгер тұлғалардың ұлы аналары» кітабынан жарияланымдар топтамасын  ұсынады. Кітап аналарға арналған... және адамзат тарихында әлемдік оқиғалар мен миллиондаған адамдардың тағдырына әсер еткен ұлы, көрнекті данышпандарды тәрбиелеген аналардың ерекше өмірлік тарихына негізделген. Бұған дейін Мұхаммед Әлидің анасы: «Құдай мені бұл баланың анасы болу үшін таңдады» деген жазбаны ұсынған болатынбыз.

Кітап беттеріндегі мемуарларда өз балаларының таланттарын ашып, тұлға ретінде қалыптасуына ерекше үлесін қосқан даңқты аналар, атап айтқанда олимпиадашы Песейдордың анасы, ФЕРЕНИКА; Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың анасы ӘЛЖАН НАЗАРБАЕВА; орыстың ғалым-энциклопедисті Дмитрий Менделеевтің анасы МАРИЯ ДМИТРИЕВНА КОРНИЛЬЕВА; Сингапур Республикасының Бірінші Премьер-министрі Ли Куан Юдың анасы ЧУА ДЖИМ НЕО; американдық өнертапқыш Томас Эдисонның анасы НЭНСИ ЭЛИОТ; Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің анасы МАРИЯ ИВАНОВНА ПУТИНА; футбол королі Пеленің анасы СЕЛЕСТА АРАНТИС, Түркия Республикасының бірінші президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің анасы ЗҮБЕЙДЕ ХАНЫМ; белгілі ғалым-нейрохирург Бен Карсонның анасы СОНЯ КАРСОН; Бесінші Республиканың бірінші президенті Шарль де Голльдің анасы ЖАННА ДЕ ГОЛЛЬ; физикадан Нобель сыйлығының лауреаты Альберт Энштейннің анасы ПАУЛИНА ЭЙНШТЕЙН; Америка Құрама Штаттарының бірінші президенті Джордж Вашингтонның анасы МЭРИ ВАШИНГТОН; әлемге белгілі суретші Пабло Пикассоның анасы МАРИИ ПИКАССО ЛОПЕС; Франция императоры Наполеон Бонапарттың анасы МАРИЯ ЛЕТИЦИЯ РАМОЛИНО, дүние жүзі тарихындағы тұңғыш ғарышкер Юрий Гагариннің анасы АННА МАТВЕЕВА, саясаткер Махатма Гандидің анасы ПУТЛИБАЙ ГАНДИ; бокс аңызы Мұхаммед Әлидің анасы Одесса Грэди Клэй, Нобель сыйлығының лауреаты Нельсон Манделаның анасы НОНГАПИ НОСЕКЕНИ туралы сыр шертілген.


187 жыл бұрын 27 қаңтарда (8 ақпан)  ғалым-энциклопедист, педагог, білікті химик, кемеңгерлігі биографшылар үшін жұмбақ, нағыз дарын иесі – ДМИТРИЙ МЕНДЕЛЕЕВ дүниеге келді.

«Батамды бердім, Митенка. Менің қартайғандағы жалғыз үмітім өзің болдың. Қош бол, сені өзгелерден артық сүйетін анаңды есіңе алып тұрғайсың»... Осы сөздермен Мария Дмитриевна Корнилиева ақтық демі таусылғанша өзінің кенже ұлы, айтулы орыс ғалымы, профессор Дмитрий Иванович Менделеевке батасын беріп кетті. Ананың артқан киелі сенімі мен махаббатының күші әлемге әйгілі, ұлы ғалымның қалыптасып, танылуына алғаш ықпал еткендердің бірі болатын. ДМИТРИЙ МЕНДЕЛЕЕВ ДМИТРИЙ МЕНДЕЛЕЕВ

Дмитрий Менделеев «Меншікті салмақтағы сулы ерітінділерді зерттеу» атты өзінің алғашқы ғылыми жұмыстарының бірінде былай деп жазады: «Анам Мария Дмитриевна Менделееваның рухына арнаймын. Сіз өзіңіздің кенжеңізді (он жетінші құрсақ көтеріп, аяқтандырған), маңдай термен өсіріп (әкей қайтыс болғаннан кейін), зауытта жұмыс істеп, табиғатты, ғылымды шынайлықпен..., туған жердің барлық құндылықтарын (байлықтарымен, сыйымен) ..., бәрінен бұрын, оның барша ыстық-суығына төзіп, (оның) келешегін сүюді үйреттіңіз... Сіз еңбек етуді, сол еңбекті өмірдің жалғыз тірегі ретінде көруге баулып, мызғымас ойларыңызды соңына дейін жеткізіп, шынайы сеніммен ғылым жолына бағыттап, өзіңіздің соңғы парызыңызды сезініп, өтеп кеттіңіз. АҚТЫҚ ДЕМ АЛДЫНДАҒЫ ӨСИЕТІҢІЗ: САБЫРЛЫҚПЕН ҚҰДАЙДЫҢ НЕ ҒЫЛЫМНЫҢ АҚИҚАТЫН ІЗДЕУ. Дмитрий Менделеев анасының өсиетін қасиетті деп санайды».

 ДМИТРИЙ МЕНДЕЛЕЕВТІҢ АНАСЫДМИТРИЙ МЕНДЕЛЕЕВТІҢ АНАСЫҒалымның анасы – Мария Дмитриевна Корнилиева (Менделеева) – Тобольск көпестерінің отбасында дүниеге келген. 16 жасында ұстаз, кейін гимназия директоры болған Иван Менделеевке тұрмысқа шықты. Отбасы үлкен болатын: Мария Дмитриевна 17 құрсақ көтеріп, кейін олардың сегізі көз жұмды. Үйдің кенжесі Дмитрий 1834 жылдың қыс мезгілінде дүниеге келген. Дәл сол жылы Мария Дмитриевна отбасының жалғыз тірегі болып қалуға мәжбүр болды. Жолдасының көзі көрмей қалып, жұмыс істеуге жарамсыз болып қалды.

Ал аз ғана зейнетақымен отбасын асырау мүмкін емес еді.

Сол кезде Мария Дмитриевна өте батыл әрекет жасайды.

Соқыр қалған күйеуі мен балаларына бас-көз бола отырып, ол өмірінде алғаш рет жұмысқа орналасады және бірден Тобольскқа қарасты Аремзян ауылындағы  шыны зауыттың басқармасын тізгіндейді. Отбасын асырау үшін берілген кәсіпорын негізінен Менделееваның ағасына тиесілі еді. Мария Дмитриевна талантты басшы болып шықты: бірнеше жыл ішінде зауыттың берекесі артып, гүлдене түседі. Бәріне де үлгеретін: өндірістің басшылығы, зағип күйеуінің күтімі, балалардың тәрбиесі мен оқуы, тіпті жұмысшылардың балаларына арнап мектеп салуға тапсырыс берген еді. Сонымен қатар, күйеуінің сауығуы үшін де күресті: ақша жинап, оны ота жасатуға Мәскеудегі әйгілі көз дәрігері Брассқа жібереді. Иван Павловичтің көзі қалпына келе бастаған кезде алда тағы да бір сынақ күтіп тұрды – туберкулез...

Мария Дмитриевна нәзік әйел бола тұра, көптеген қиындықтарды бастан кешіп, еш налымастан өзінің басты қазынасы – БАЛАЛАРЫНА ДЕГЕН МАХАББАТЫ МЕН ОЛАРДЫҢ БОЛАШАҒЫНА АРТҚАН СЕНІМІН ӨМІР БОЙЫ САҚТАП ӨТТІ... 

Отбасын қосалқы шаруашылық асырайтын: табын, құс қорасы, бау-бақша – мұның бәрін атқаратын ферма еңбеккерлерін үнемі бақылау қажет болды. Мария Дмитриевна жұмыстан кейін әбден шаршаған аяқтарын әрең басса да, кешке үй шаруасына да кірісетін: балалардың жағдайын сұрасып, кішкентайларымен ұйықтар алдында әңгімелесіп, ересектеу балаларымен мектептегі мәселелерді талқылайтын...

Мария Дмитриевнаның арғы атасы кезінде тұтқынға түскен моңғол болғандықтан, шаштары қою қара, келбеті ат жақты болып келетін. Тіпті мектептегі балалар Дмитрийді «жоңғар» деп мазақтаған кездер де болған екен. 

Заманында қыз балалардың білім алу мүмкіндігі болмаса да, сібірлік кәсіпкер әкесінің кітапханасында біраз кітаптарды оқып өскен Мария кейін өз балаларын да кітап оқуға деген сүйіпеншілікке үйретті. Менделеевтер отбасындағы барлық балалар ерте жастан әріп танып, сауаттарын ашады. Материалдық жағдайдың төмен болуы, балалардың жиі сырқаттанып қалуы сияқты тағдырдың талай тауқыметіне қарамастан, балаларының бойына сенім мен өмірлік қиындықтарды жеңе білуді және еңбекке деген сүйіспеншілікті сіңдіре білді.

МИТЯ ҮЙДІҢ КЕНЖЕСІ РЕТІНДЕ АНАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕ МАХАББАТЫНА БӨЛЕНДІ.  Анасы баласын төрт жастан бастап сауат ашуға тәрбиеледі. 

Кейінірек Менделеев анасының арқасында өзінің ғылым мен еңбекке деген сүйіспеншілігін қалыптастырғаны туралы жиі айтып жүрді. Мария Дмитриевна оны өзімен бірге зауытқа да апаратын.

Естеліктерінің бірінде: «Анам басшылық еткен шыны зауытында алғаш рет табиғатты, өзге адамдардың өмірі мен өндірістік істі таныдым».   

Кішкентай бала әйнектерді балқыту процесіне таңғалып, цехті ұзаққа аралап кететін. Үйдегілер оны болашақ химияның данышпаны өсіп келе жатыр деп қалжындайтын, алайда анасы ұлының талпыныстарын көңілден тыс қалдырмады. Митяның математика мен физикада қаншалықты талантты екенін байқаған ол еш қиындықтарға қарамастан ұлын ғылым жолында қолдауға бел буады. 

Митя гимназияны тәмәмдаған шақта жесір қалған Мария Дмитриевна ұлының әрі қарай білім алуы туралы ойлай бастайды. Зауытты сатып, балаларымен бірге Сібірден жер аударады. Санкт-Петербургке көшіп келгеннен кейін Дмитрий Бас педагогикалық институтқа қабылданады. Оқуға түсу оңайға соқпады, қабылдау жұмыстары екі жылда бір рет ғана өтетіндіктен, дәл сол 1850 жылы оқу орнына өтініш білдіру мүмкін емес еді. Мария Дмитриевнаның бармаған жері қалмады, ақырында Митяға бастапқы емтихандардан өтуге рұқсат алады. Ана жүрегі баласы сынақ тапсырғаннан кейін ғана тынышталды.

Перзентінің талантын ғылымға қызмет ету жолына бағыттау – оның өмірлік борышына айналды. Басты парызын өтеген мұңлық ана төрт айдан кейін көз жұмады.

Дмитрийдің бала шағы мен бозбала шағыДмитрий анасымен қоштаса алмай қалды. Институт ережелеріне сәйкес, ол үздіксіз оқу орнында қонуы тиіс болғандықтан, сол күні Мариинск емханасынан шығып, кешке оқуға қайтады. Мария Дмитриевна қызы Лизаның қолында көз жұмады. Ақтық демі қалғанша балаларын уайымдап кеткен кейуана оларға жүректі елжіретер соңғы хатын жазып кетеді: «Қош болыңдар, МЕНІҢ СҮЙІКТІ БАЛАЛАРЫМ! Жаратқан Ием маған келіп, мәңгілікке жол көрсетіп жатқандай. Оның өлшеусіз қайырымдылығы мен мейіріміне мың да бір мадақ! Менің бұл жалғандағы соңғы күндерім жақындады, енді жүздеріңді көре алмайтын сияқтымын. Құдайдың шапағаты мен ананың батасы әрқашан жандарыңда болып, Құдай Ана қолдап, періштелер қорғап жүрсін. Өздеріңді барлық жамандықтан сақтап, біріңе бірің қамқоршы болғайсыңдар. Жақсылық жасағандармен жамандық жасаушыларды бірдей жақсы көріп, олардың бәріне де дұға етіңдер. Аналарың жер бетінде сендер үшін өмір сүргенін ұмытпай, соңымнан сөз айтып, қиянат жасамаңдар. Құдайдың маған берген мерзімі таусылып келеді. Оған мың да бір мадақ болсын. Мен үшін дұға етіңдер. Денеден жанның шығуы қиын. Ананың балаларымен қоштасуы одан да қиын екен. Екі дүниеде де өздеріңді шексіз сүйіп өтемін. Сендердің өмірлерің әлі алда. Жалғыз Лизам соңына дейін жанымнан ажырамады. Ол менің өмірімнің соңғы минуттарын қуанышқа толтырғанын ұмытпағайсыңдар. Жетім қалған Митяға көмек керек, оған бауыр ретінде қамқорлық танытуды ұмытпаңдар. Пашаны бір көріп, құшақтағым келеді, бірақ бұйырмаған екен. Жаратқанның шексіз еркіне бағындық».

Мария Дмитриевнаны Волков зиратында жерлейді. 56 жылдан кейін Дмитрий Иванович Менделеевке де осы зираттан топырақ бұйырады. Ақтық сапарға жақын туыстары ғана шығарып салды. Ағасы Василий қатты сырқаттанып, анасының жерлеуіне қатыса алмайды (келесі жылы қайтыс болды). Оның үстіне Василий ата-тегінен мұраға берілген «Құдай Ана белгісі» иконасы үшін әпкесімен жанжалдасып қалған. Себебі отбасылық дәстүрлерге сай, икона үйдің үлкеніне тапсырылуы керек болса да, Мария Дмитриевна оны сүт кенжесі Митенькаға батасы ретінде өсиетпен қалдырған.

Соңғы демі таусылар алдында кейуана әлсіз қолдарымен икона шетіне: «Батамды бердім, Митенка. Менің қартайғандағы жалғыз үмітім өзің болдың. Қош бол, сені өзгелерден артық сүйетін анаңды есіңе алып тұрғайсың. МАРИЯ МЕНДЕЛЕЕВА», деп жазып кеткен екен.

Митя небәрі 16 жасында анасынан айырылып қалды. Қайғылы жағдай жас жігітке қатты әсер етсе керек: денсаулығы нашарлап, оқуын жалғастыра алмады. Дәрігерлердің бірі тіпті: «Бұл енді сауығып кете қоймас» деген. Оны естіген Дмитрий сол күні төсегінен тұрып, жазба жүргізуге кіріседі. Менделеев өзінің «аяулы анасының» (Марияны Дмитриевна осылай атайтын) аманатына қиянат жасамай, оның жарқын болашағына артқан үміті мен сенімін ақтағысы келді. Анасының бейнесі ол үшін өмір бойы қасиетті болып қала берді. Атақты химик өз естеліктерінде әрдайым Мария Дмитриевнаның сүйіспеншілігінің арқасында ғана ғалым болып шыққанын айтып өтеді. Кейін бірқатар еңбектерінде анасының есімін ризашылықпен айтып отырады. Әрдайым, тіпті қартайған шағында да, оны бала кезіндегідей «анашым» деп еске алады...

Данышпан орыс ғалымы, профессор, Ғылым академиясының мүшесі – Дмитрий Иванович Менделеевтің ғылыми жетістіктері бар әлемге танымал.

Оның ең үлкен еңбегі 1869 жылы Химиялық элементтердің периодтық заңын ашуы болды (Менделеев кестесі). Осы заң негізінде Д.И. Менделеев өзіне дейін ашылған элементтердің атомдық салмағы сынды қасиеттерін түзеп, бірқатар жаңа элементтерді (галиум, скандий, германий) зерттейді.

Ғалым «Химияның негіздері» атты классикалық еңбегі (1869-1871) мен «Органикалық химия» атты алғашқы орысша төл оқулығын жарыққа шығарады (1861). Осы еңбектері үшін Санкт-Петербург Ғылым академиясының Демидов атындағы сыйлығына ие болды. 1887 жылы ерітінділердің химиялық «гидратациясы» теориясын құрып, идеал газ үшін күйдің жалпы теңдеуін шығарып (Менделеев-Клапейрон заңы), критикалық температураның бар екендігін дәлелдейді.

 Д.И. Менделеев – химия, физика, метрология, аэронавтика, экономика, халық ағартушылығы мен халық саны туралы және т.б. 500-ден астам ғылыми еңбектердің авторы.

Иә, Дмитрий Иванович Менделеевтің әлемдік ғылымға қосқан үлесі зор екені рас. Анасы МАРИЯ ДМИТРИЕВНА КОРНИЛИЕВАНЫҢ ТӘРБИЕСІ МЕН ӨСИЕТІНІҢ АРҚАСЫНДА ҒАЛЫМ БОЛДЫ. АНАСЫ ӘРДАЙЫМ ОНЫҢ БАҒЫТТАУШЫ ЖҰЛДЫЗЫНА АЙНАЛДЫ.

author

Арыстанбек Мұхамедиұлы

ҒАЛЫМ

Жаңалықтар

2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша елорда аумағында 4100-ден астам интернет-алаяқтық дерегі т...

Спорт

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев Euro-football.ru сайтына берген с...