ҚАЗЫҒҰРТ, ТОПАН СУ ЖӘНЕ ЖЕБІРЕЙ "ТӘУРАТЫ" Мен Құдайдың барлығына күмәнданбаймын, Құд...
Тұрыс Бекжан. Қарттарыңды сыйлай біл
"Қарттарыңды сыйлай біл, күндердің күні болғанда кімдердің белі бүгілмес" (Бұxар жырау)
Жаз жайлауға шығып, арқасы кеңіп, қойлы ауылын тойлы ауылға айналдыра білген қазақтың ұрпағымыз ғой, арнайы қонаққа шақырылып, оның соңы Шалкөде жайлауындағы үлкен тойға – малшылар слетіне ұласты. Осымен екінші рет өткізіліп жатқан «Жетісу жүйріктерінің» бұл тойында бәйге, құмай жарыс, қыз қуу, түйе балуан сайысы Шалкөденің ғажап табиғатына шырай қосты. Тойға жиналған көпшілік өзіне керектіні іздейді мұндайда. Жасыратын несі бар, әкімқараның көзіне түсіп қалуға ұмтылатындар да баршылық, атқамінердің жағдайын жасағансып соларды жағалайтындар да болады, тек ойын-тойдың айналасынан шықпай, әнші менен күйшінің төңірегінен табылатындар да жетеді. Хан түсетін қазақ үйге емес, қарашаға да есігі ашық киіз үйге тақау жүріп, бұ жолы да көнекөз қарияларды жағалайтын ескі әдетіме бастым. Жүзіне жылылық ұялағанымен, сұсы басым, мейіріммен қоса жанарынан сес байқалар қаршығадай қарияға жақындап кеп қос қолымды ұсынып амандасып, жағдай сұрадым. Бағзы заманнан қазақтың сәлемдесуі «мал-жан аман ба»-дан басталмаушы ма еді өзі!? «Сәлем бергенің өзгеше екен», – деп қария да жылы шырай танытып, разылығын білдірді. Қазақы әдеппен жөн сұрасқан соң біраз әңгіме айтты.
– Жасым тоқсаннан асты
Мен 63 жыл мал бақтым, балам. Төрт түліктің тілін түгел білем десем де болады. Малдың қадірін біліп, қасиетін бағалаған xалықпыз ғой, елдің ырысы да, байлықтың кіндігі де – қазақтың осы төрт түлігінде. Кеңес кезінде батыр атағынан басқа орден-медальдің бәрін алдым. Қоймен бірге ой баққан адаммын, қарағым.
Өзің білесің, іргеміз Қытайға тиіп тұр... Қой соңында салпақтаған қойшы дегенің болмаса, мынау ұлан-байтақ жерімді қорғап қарауылдап жүрген шекарашы болдым, шырағым, осындағы ел түгелімен сақшы халық...
Елді қорғау – елге де, ерге де міндет.
Жүрек тұсым шым ете қалды. Шекараны ойлаған біреу бар ма осы күні!? Қос-қостан дипломы бардың алған білімі көкірегі қазынаға толы шүйкедей қара шалдың өмірден түйгеніне тати ма? ...
«Жайлауда небір тойлар өтті ғой, бірақ мынау ғажап табиғатты, Жер-ананы бүлдірмей артын жиыстырып тазалап кетсе жақсы болар еді» деген атаның сөзіне кеуде тұсым тағы да шым ете қалды. Осындай қазына-кеуде қарттың тағылымы тариxтың тастарына ғана емес, жаһандануға бет алған жастардың жадына да таңбаланып қалуы керек! Атаның қасындағы ұзақ жыл отасқан кемпірі екен. Әңгімесін ұйып тыңдағаным әсер етті білем: «Бес жасында бесігіме үкісін таққан екен бұл атаң,
«Тоқты менен ешкінің қаны бірдей, жақсы менен жаманның жаны бірдей» деген, содан бері біргеміз», – деп күлдірді.
– Осындай күнді көрсеткен Құдайдан айналдым, Жаратқанға мың алғыс! Елден-жұрттан айналайын, бәріне рақмет! – деп жатыр.
Алғысты тек бірлі-жарым адамға ғана арнап айтқанды естіп құлағымызды әбден үйретіппіз-ау... Апамның аузымен айтылып, көпке бағышталған бір ауыз «рақметтің» ерекшелігі де – сонда, өзгеше әсер еткенінде. Қазақтың қасиеті әлі де болса ауылда сақталған, оның қадірін арттырып, құнын бағалатар да осындай – кешегінің арты, бүгінгінің қарты... Игі істі бастайтын да, оның ары қарай жалғастырып әкететін де – аудан, ауыл әкімдері, әкімдіктегілер. Бүгінде ауыл мен ауданың, қала берді облыс пен қаланың «Құрметті азаматы» атанып жүрген жастар көп. Түптеп келгенде, мұндай құрметке бесіктен белі шықпағандар емес, мені әңгімесімен баураған осындай қариялар лайық, әбден лайық! Өйткені Ақселеу ағам айтып кеткендей, адамның қартайған сайын құрметтеле түсуін қамтамасыз ете алатын қоғам – шын бақытты қоғам. Ал көнекөз қарттардың көбі кетіп, азы қалды... Әкімқаралар осыны ескерсе, осыны естен шығармасақ екен..
Ретін келтіріп сол ата мен апаға, тілегі таусылмайтын ауылдың қарапайым еңбек ардагерлеріне мен де әнімді айтып беріп алғысқа бөленіп, батасын алдым. Арқа-жарқа отырып, бірімізге-біріміз шынайы көңіл сыйладық солай.
Дастарқаннан тұрғанда сыртта бәйге басталған болатын. Конақтарға көлеңке түсетіндей етіп жасалған арнайы орынға жайғасқанда бір-ақ байқадым, төменгі жақта әлгі ата мен апа маңдайын қолымен күннен көлегейлеп қарапайым елмен бірге ат жарысын көріп отыр екен.
Алақаным еріксіз сол жақ кеуде тұсыма «жылжыды». Айналамдағылардың бірлі-жарымының 4-5 жас үлкендігі болмаса, дені менен кішілер. Кісіні жасына қарай төрге оздырып, жағына қарай сөйлететін текті қазақтың баласы едік қой, мансаптың алдына бас ұрып, лауазымға қызмет етіп, шежіре-шалдарға емес, қарны шалбарынан асқан шендіге құрақ ұшуды қай кезде сіңіріп алғанбыз? Олай отырып бәйгені соңына дейін қарауға дәтім шыдамады. Қарапайымдылығын сақтап қалған 90-нан асқан қарттың алдында өзімді кінәлідей сезінгенім де рас.
Ақиқатты айқындап жарияалар,
Бара жатыр азайып қариялар.
Дауыл тұрса бүлк етіп толқымайтын,
Бара жатыр сарқылып дариялар.
( Мұқағали.)
...Бір кезде әженің кимешегін киіп, кемпір болып көкпар тартқан Шалкөдем ғой бұл менің! Көз алдымнан жастық шағым қол бұлғап өтті.