Мерей Қарт. Шытырман шығармашылық ғұмырға ие ақын

ӘДЕБИЕТ
4269

Қазіргі таңда қазақ оқырмандары мен зерттеушілері арасында дәстүршіл және жаңашыл қазақ поэзиясы тақырыптарына байланысты үлкен бір дискуссия жүріп жатқаны белгілі. Жаңашыл қазақ поэзиясы қандай болу керек? Дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығы қай деңгейде? Әрине, бұл сұрақтарда әркімнің өз жауабы бар. "Мәдениет порталы" осы бір дускуссия аясында қазіргі қазақ поэзиясының хәл-ақуалын бағамдау және XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басында дүниеге келген қазақ ақындарының "түсініксіз" һәм "түсінікті" өлеңдерін талдау, талқылау мақсатында «Папирус» айдарын ашып отыр. «Папирус» айдарында әр аптаның дүйсенбісі бір ғана ақынның өлеңдері жарияланып, аптаның қалған күндері сол жарияланған өлеңге жасалған анализдер мен пікірлер оқырман назарына ұсынылатын болады. 

Бұған дейін "Мәдениет порталы" Тілек Ырысбектің "Қайран қытай кеспесі..." және Бекзат Смадиярдың "Бұл кезең - ұмыту кезеңі..." атты өлеңдер топтамасына жазылған талқылар мен талдауларды жариялады. Күні кеше Ұмтыл Зарыққанның "Кафка" топтама өлеңдері "Папирус" айдарында жарық көрген болатын. 

Мерей Қарт, ақын

Уақыттан да алыс, Кеңістіктен де биік өз ақындық қиясында өмірге әкелген тамаша өлеңдерімен дәміл-дәміл жыр сүйер қауымға поэзиялық тарту-таралғы жасайтын жас буыннан ақындар шоғыры сирек. Сол сиректердің ішіндегі сирендей бүр жарып, жусандай бұрқырап тұратын Ұмтыл Зарыққанның «Құса», «Мәтін», «Бөкен жарғақ» және «Кафка» сынды төрт өлеңінің әр жолына ой жіберіп, автордың не айтпақ болғанын парасат-пайымымызға сала отырып, ойға шома оқып шықтық. Аяқ алысы сүйсінтіп, алғашқы айналымда-ақ бауырын жаза бастағандай көрініп, көпшіліктің дәті бара бермейтін көк түркілік сарындарға өзіндік үнін қоса білгенін бірден аңғардық. Ақында көне жырдың жаңаруы да бар, жаңа жырдың көнеруі бар. Екі асыл арнада төрт аяғын тең басып та, кейде шоқырақтап кетенінін де байқадық. Ең негізгісі көп ақындар жалына жабыса алмайтын «Дәстүр мен жаңашылдықтың» өз үйлесімін тапқан жарасымды сипатының қазіргі әдеби процестегі тамсана сөз етер мысалы төрт өлеңнің көркін ашып, өзіне ынтықтыра тарта түседі. 

Оқырманын ойландырмайтын ақын өлең жазбағаны жөн” деген жазылмаған өнери заңдылық бар. Ұмтыл ойландырады да, басыңды қатыратыны да бар. Яғни оқырманға қызық. Әдеби білімі жоқ кей адам, не сандарақ деп түсінбейтін тұстары да жоқ емес. Жалпы, Ұмтыл Зарыққан 2013 жылы Алматыдағы Жазушы баспасынан «Жас толқын» сериясымен шыққан «Бозжусан бүр жарғанда...» жинағымен әдеби ортаға таныс. Осы жеті жылда ақынның «боз жусан исті» жыры қандай деңгейге жетті деген сауалға төрт өлеңінің бойындағы көнеден тамыр тартқан сарын-мотивтер жауап бере алады.


Жорж Руо. Париждік Пинокотекадағы Сазо Идемицу коллекциясынан. Библиялық пейзаж

Қазіргі жастардағы бір кілтипан тілдік шұрайдың қарабайырлануын постмодерндік қолданыспен жуып-шаюшылық орын алып, бас асаулыққа барып, диалектілік сөздердің вагондары ұзынсонар жеке пойызына иелік етіп, бізде солай деп қасқая қарап отырушылық ғадеті төбе көрсете бастағаны да жасырын емес.  

Сондықтан Ұмтыл Зарыққан стильдік дербестігін де өзімізше назардан шығарғанымыз жоқ. Бір аңғарғанымыз, бұрын дәстүрлі жыр және бармақ өлшемімен жазатын ақын енді билер тақпағымен жазу үрдісіне көшіпті. Әдебиеттануда бұны «прозалық поэзия» немесе «поэзиялық проза» деп атаса, бізше билер тақпағы болғаны орынды. Ұлтымымыздың жылқы мінезінен айырылуын, қоғамдық белсенділіктің ер-азаматтар тарапынан төмендеуін «Құса» өлеңіне арқау еткені көрініп тұр. Жалпы, тілі тұнық, сөз парқын ұғынып, орынды жұмсайтыны Ұмтыл  өзі ақындық сынақ жасап жүрген «поэзиялық проза» аламанында да өз кескін-келбетін жоғалтпапты. 

Жорж Руо. Көпшілікті мазақ ету

Осы өлеңдегі алғашқы екі тармақтағы: Шығыстың алып қорғаны ішінде үйірін аңсап азынаған жылқының дауысын естіп пе ең? деген жолдар ой салғызады. Неге? Енді осыған сәл-пәл түсінік бере кетейік. Көк түркілер тарихында бірінші рет баба түрік жазуымен қағазға басылған тұңғыш туынды Х ғ. қытайлық буддалық мәтінің үстіне қызыл сиямен жазылған 104 жолдық «Ырық бітіг» болып табылады. Осы кітапқа 65 шағын өсиетті өлең кірген. Кітаптың атауы жоқ. Оның бастамасында «бұл кітап жорамал жасауға керемет» деген сөз жазылғандықтан «Алдыңды болжап бал ашатын» кітап деп аударылды. Оның ең үздік басылымын «Болашақты болжау» деген атпен даңқты түркітанушы В.Томсен шығарды. Ол осы жәдігерді бірізге түсіре білді. Қазір осы нұсқа бойынша зерттелініп келеді. Осы түркілер әкелген әдеби-іліми жаңалық қытайдың «Өзгерістер кітабы» («Книга перемен») болжау жасау кітабына қытайлаған түркілер арқылы еніп, ханзулардың рухани-мәдени құндылықтарын байытты. Біздің бұдан шығарайын деп отырған қорытындымыз. 

Ер жүрек батыр соғысуға аттанды. Жорықта аты жарамай қалды. Сол сәтте оған аққу кездесіп, Ер жүрек жігітті арқасына отырғызып, Ұшып, онымен бірге кері жолға түсті. Баласын аман-есен әке, шешесіне жеткізді. Баласының тірілігіне олардың қуанышында шек жоқ. Біліп қойыңыздар халайық: бұл – жақсы»,-деген мағынада айтылады. Осыдан біз белгілі бір қиын-қыстау жағдайдағы тылсым күштің хайуанаттар мен аң-құс бейнесінде кездесетін тотемистік, анимистік мифологиялық түсініктер арқылы аллегориялап берліген. Оны бал аштыртқан әркім өз жағдайына бейімдеп, қабылдайды. Жыр да жұмбақ, құрылысы да жұмбақ, ойы да соны шығармалардың ғұмыры мәңгілік.  Оқиғаны аллегориялап айтып, көркемдік құрлымын жетілдіру де шеберлік. 

Ұмтыл Зарыққан, ақын

Ұмтыл - ұмыт болған поэтикалық үрдісті  өздік стильдік дербестігімен жаңа қырынан  әдеби ортаға ұсынып отырған жайы бар. Өлеңнің финалдық шумағындағы: "Үрей мен өксікке толы шатқалдан қиянға шаншылған дауыс, – обалың кімге?!" деген жолдар әдеби-мәдени концепцияны бүгінгі заманға лайықтаған ақын қаламының құдіреті. Біз жоғарыда сөз еткен жинағындағы «ҮШ АНЫҚ» өлеңінде Қасымға, Мұқағалиға және Кеңшілікке жыр арнаса, енді ақын әлем әдебиеті алыптарында өз өлеңін арнаудың жолына түсіпті. «Кафка» өлеңі соған мысал бола алады. Аталған өлең: 

«мен және менің асқақ отаным 

бәріміз қоңызбыз біртұтас пішінде. 

Қысқа қанаттарымыз алып аспанды қармап 

тұншығамыз сонша 

өз қабырғамызбен қалаған 

қуыс «Қамалдың» ішінде», деп басталып,

«Кафка – 

өртенген теңізге құлаған күн 

күн ішіндегі жойқын жарылыс жарылыс 

ішіндегі біз

біз және біздің бейбақ отанымыз 

бәріміз қоңызбыз біртұтас пішінде

және сондай асқақ кейіпте 

тіршілікті қайтадан бастасақ дейміз 

жым-жылас орманның түбінде..» деп аяқталады. Ақын өз ұлтының саяси және рухани дәрменсіздігін, отыз жылда жетекші ел емес, жетектегі елге айналғанына күйінеді. Өміріміздегі барша ащы шындықты «қоңыз мінез ұлт» пен «бодандық қамалындағы жұрт» түсінгі арқылы береді.

Жорж Руо. Мысырға қашу

Осылайша қазақ ақыны Кафкамен бой теңестіріп ой жарыстырады. Мәтін өлеңіне шығармашылық адамының өнердегі сәтсіз қадамы арқау болады. Әрі өз мәтін әлемін таба алмаған тұлғаның қасіретті тағдыры тұспалданып беріледі. Енді осы ойымыз дәлелді болуы үшін мысал келтірейік. Кенет оның алдына қайдан жыртып алғаны белгісіз кім шимайлап тастағаны түсініксіз күңгірт мәтінге толы парақтар келіп қонды. Мұжылған парақтың ескірген бетінен өмірдің исі де өлімнің табы да мәңгіліктің ізі де шалынар емес деген жолдардан ақынның күшеншік жыр жазатын өз тұстарын іліп өтер сын жебесінің көлеңкесі бар. 

Жалпы, әдебиетке өзі туған Асқақ Алтайын көкке көтерумен перзенттік борышын өтеуге келген Ұмтыл Зарыққан өзіндік пейзаждық лирикалық нәзіктікті қара сөздік ділмәрлікпен алмастыра бастапты. Оған куә «“Бөкен жарғақ ”» өлеңі. 

«Уақыттан да алыс 

Кеңістіктен де биік 

отырамын ылғи 

бір қияның астында 

үстіме бөкен жарғағын киіп. 

Сұлап жатамын сосын 

өзім жонған сырлы жебеден 

жон-арқам жібіп 

маңдайым иіп» деген жолдар ұлттық өнер ғана ұлт зиялысын адасудан сақтайды деген үкім айтып тұрғандай көрініп кетеді. 

Жорж Руо. Күннің батуы

Ұлттық ақындық әм шығармашылық жадыда ұмыт болған ділді тірілтіп оған қазақ поэзиясында екінші өмір сыйлай білген ақынды біз осылайша өзімізше түсіндік. Шағын мақала бойына өзіміз аңдаған ақындық айшықтың бәрін тізбектеп шығу арттықтық. Тек керекті де, қажетті деп тапқан сәтті шығармашылық ізденістік айшықтарына ғана жеке-жеке тоқталып өтумен шектелдік. Ұмтыл - ұлы шығармаларға ұмтыла берсін, оқырманды зарықтырмайтын заман қаламгеріне айналсын, сәттілік және мазмұнды ғұмыр тілейміз! 

Мерей Қарт,

ақын

author

Мерей Қартов

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...