Абылайхан Әшімхан: «Несі бар екен, ей, оның жасырып, жабар?»

ӘДЕБИЕТ
4128
 ***
 
 Бұрын қалай мен байқамай жүргенмін: 
 Мөлдірлігін аспанның, 
 Жұпарлығын гүлдердің,
 Жұмсақтығын тастардың.

 Бәрін, бәрін мен неліктен көрмедім,
 Сонда неге көп желпіндім, еліттім?
 Өлеңіме айналмады ол менің,
 Ал, өмірден нені ұқтым?

 Қиялымда болмасада ауыздық,
 Неге сонда, көп күйредік, өртендік?
 Жоқ екен ғой, қатыгездік, жауыздық,
 Бар екен ғой көркемдік!

 Бар екен ғой, мейірімі Құдайдың,
 Жарық екен, жарық екен көрер күн.
 Мен барлығын кеш түсініп мұңайдым,
 Шумағына сыйдыра алмай өлеңнің.

 Жанарыма жүрген соң ба мұң құйып,
 Менің әлі айтылмапты айтарым.
 Мұның бәрін сенің ботам тұңғиық,
 Жанарыңнан байқадым.

 Жанарыңда бүкіл әлем мөп-мөлдір,
 Бұған сөзсіз жоқ ешкімнің таласы.
 ... Жанарыңда аспан сыйған көк теңбіл,
 Мен бармын ба, қарашы?!.

***

 Қаршадай саған неліктен құладым екен,
 Содан ба қалқам мына күн, мына түн бөтен.
 Қандай үмітті мен енді шырағым етіп,
 Қандай сенімді бойыма тұмарым етем?

 Көңілім осы сен десе тасынып толар,
 Несі бар екен, ей, оның жасырып, жабар?
 Өзіңді ойлауға ерікті санамның мына
 Жұлдыз — ойлары күн батса шашылып қалар.

 Өлеңде осы өмірді қайталайды екен,
 Мен айтпас сырды түбінде айтардай өлең.
 Өңімде сені аздай боп ойлағандығым,
 Түсімде неге атыңды қайталай берем?

 Қонбай жүр көптен басыма құсым білемін,
 Мен енді қалай барлығын түсіндіремін?
 Мен бүгін неге түсімде толған ай көрдім,
 Жорып беретін кімің бар түсімді менің?

 Дәуірдей өлең толғатса ғасырдай өлең,
 Барлығын сенің қоп-қоңыр шашыңдай өрем.
 Мен сені, күнім, білмеген, көрмеген болсам,
 Жазылмас па еді кім білсін осындай өлең?!

***
 
 Бір сезім кенет, кеудеме еніп кеткендей,
 Жүрегім анау, гүлденіп жатқан көк белдей.
 Шынымен мынау ынтық қып алған өзіне,
 Сарыла күткен, сағына күткен көктем бе-ей?!

 Ақпанның ескі көйлегін жыртып түсі аппақ,
 Сал-сері көктем көк белді өбеді құшаққа ап.
 Алтын сәулесі семсер боп күннің құлайды,
 Қопаның қатқан ерітіп мұзын пышақтап.

 Келгенде көктем, жауқазын гүлдер бүр атып,
 Көктегі күннен, құстардан хабар сұратып,
 Даланың жұлып бәйшешектерін берер ме ем,
 Көңілім ауып, анау бір қызды ұнатып.

 Алмасып мезгіл, айлар мен күндер көп өткен,
 Көктемді күттім, сезім іздедім бөлек мен.
 Бұл көктем маған тұрады неге елестеп,
 Махаббатымдай жолығып қалар кенеттен?!

***
 
 Аппақ, адал, ей, кіршіксіз көңіл-ай,
 Құмар болып көрмеген ем, мен бұлай!
 Кездесудің күні болсын енді күн,
 Махаббаттың айы болсын ендігі Ай!

Абылайхан ӘШІМХАН — Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенті. Ерік Асқаров атындағы облыстық ақындар мектебінің тәлімгері.



Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...