Адонис. Өмір мен өлімнің ойынына

ӘДЕБИЕТ
3366

Күні кеше "Мәдениет порталы" араб тіліндегі 20-дан астам кітаптың авторы, "Жаңа поэзия" қозғалысының беделді өкілдерінің бірі, "Әдебиет" аталымында Нобель сыйлығына басты үміткерлер қатарында есімі жиі аталатын, тоқсан жасты тақымдаған ақын Адонистің (шын есімі - Али Ахмад Саид Эсбер) Әль-Маариге және Әбу Тәммамға жазған өлеңдерін қазақ тілінде жариялаған болатын. Ал бүгін Адонистің 1988-2014 жылдар аралығында жазған "İhtifâen bi’l-Eşyâ’ el-Vâdiha el-Gâmide" (Белгілі белгісіз нәрселердің рухына) кітабынан "Өмір мен өлімнің ойынына" атты келесі бір жырын оқырман назарына ұсынамыз. Мархаббат!

Өмір мен Өлімнің ойынына

***
өлім сенің ізіңді қуып келеді
із салып берердей көрінсе де саған:

***
балалар өмірмен ойнайды,
бабалар арқасын сүйейді оған.

***
тіл – көп сөйлегеннен кейін тот басып кетеді,
көз – аз елестеткені үшін.

***
әжімдер – беттегі адырлар
жүректегі терең шұңқырлар және.

***
тән – жартысы есік
жартысы есікке иілген көлеңке.

***
жалғыз қанатты
көбелек кәлласы секілді

***
келбет - тәннің нұры
сол бір нұр сөнгенде,
түгі де қалмайды тәннің.

***
Иә, сонда аспан да оқиды сені,
оқиды үздіксіз
алдымен, алайда, жер сені жазуы керек.

***
анары бар сынды сені үздіксіз оқитын аспанның осы,
әйтпесе неліктен сәт сайын
көз алмай қарайды адамның бәрі?

***
сол үшін бе екен, адамның көзінен аспанға сызылған сызықтар кейде
ешбір жерге апармаған
һәм апармайтын
белгісіз бір жолға айналады да кетеді.

***
кітапқа ұқсайды - мекенсіз, медетсіз қалқыған адам 
өмірін үнемі,
өлімін бір сәтте оқыған кітап.

***
ал өлімге қатысты һәм қатыссыз ақиқатты ойлаудың өзі - жаныңды өртейтін алау,
лап беріп жанса да ұзамай сөнеді бірақ
сабанның жалыны сынды.

***
уай, қандай шаһар десеңші алаудың күл төстеп, билеген орны
балдақ секілді көрінеді күннің шапағы мұнда.

***
содан соң сол шаһарда тұратын үйдің бақшасына көктем келеді, 
көтеріп келген жүгін ақтарып
ағаштарға, шөптерге
жаңбыр астында сыйлығын үлестіре бастайды:
неліктен дәл бұлай шатасып калады ақын?!

Әсілі көктем кеп жапырақтарын оған береді 
ал ол болса сияға береді көктемнің жапырақтарын.

***
біздің бар болғанымыздың өзі бір жоқтық,
сол жоқтыққа ұмтылумен өтеді кіл өміріміз:
көктемнің жапырақтары қайда?

***
уай, құмдар-ай, жапырақтаршы қойшы, құттықтайыншы сені
тек сен ғана толтыра аласың
су мен сағымды бір құтыға.

***
күн бізді күйдіріп барады қазір:
ештеңеге күмән келтірмейтін қылып,
әр құшақтағаны сайын қоштаса береді бізбен.

***
сол кезде ойлайсың кенет: кейде ең сұлу майшамдар
жырақты көру үшін емес,
көлеңкені көру үшін жаққандарымыз деп.

***
қасыңдағы жүкті әйел
ештеңе болмағандай өз тәнімен сөйлесіп отыра береді.

***
көзіңнің алдындағы реңктер - табиғат әліпбиі.

***
қара түс - табиғаттың есінен таңып қалуы
ғаламның қолдарында.

***
сол сәтте ақ түсте пәтуәнің жоқ екенін,
қызылда қалаудың оты жанып жатқанын көресің:
тек қара түс қана өз-өзін арнайды саған.

***
реңктер арасында
қара түс қана ақиқат
ғайыпты ең көп көрсеткен де осы қара түс.

***
тұрлаусыз хор сынды бар реңктер
қараның дирижерлығында

***
барлық реңктер кей-кейде жалаңаш, ал кейде киіммен көрінетін болады саған,
қара реңктен басқасы
тек қара ғана лыпамен де лыпасыз да көрінеді бір сәтте.

***
ақ – көйлегін шешеді мекеннің
ал қара аққа мүмкіндік беретін емес.
***
ақыл - тәрк етілген дияр
ақымақтық болса көш.

***
барлық заттар реңктердің артына өз-өздерін жасырып әлек
ештеңе толықтай жалаңаш көрінбейді
ақымақтықтың қолы ұстамайынша оны.

***
ақымақтық - жас бала
ақылдың бақшасында ойнайды
ең сұлу ойынын

***
қиялдың өткені жоқ.

***
қиял деген тылсым бір жоралғы сынды
тек қана шындықтың үйінде жасайтын.

***
неде болса үздіксіз жазатын қиял,
оқитын - шындық.

***
солайша ақыл қасымызда айналып жүреді
із салып барады -жүрек.

***
ал енді қайда барғың келсе бара ғой, қалай бағыт алғың келсе солай қарай жүре ғой, досым,
ең жырақ жерлер жүрегіңнің түбінде екенін ұмытпа бірақ

***
тек қара тастың ғана өмірі сарқылмас мұнда-
себебі өлі өмір сүреді бұл тас.

Аударған Файзулла Төлтай

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...