Жайық! Сен жылап ағып барасың ба?...

ӘДЕБИЕТ
1715

 2 ақпан күні Астанадағы №54 мектеп-лицейде Рахымжан ағаның кездесуі өтеді деп хабарланды. Ағамызға еріп, Бауыржан Қарағызұлы екеуміз бардық. Мектеп ұжымы да, оқушылар да жақсы дайындалған екен. «Бас» пьесасынан үзінділер көрсетіп, шығармаларынан үзінділер оқып, сұрақтар қойылды. Рахаң ерекше тебіреніспен сөйлеп көңілді отырды. Ол кісі жалпы көптің алдына шыққанда тұлпардай арындап , шабытпен сөйледі ғой. Сол жиында отырғанда жанында отырған маған : «Ақ Жайық» журналының №3 нөміріне сенің «Ерік Құрманғалиев» кітабыңнан бердім, қарарсың» деді. «Апырай, сіз мені шығармайтын едіңіз ғой?! Неғып мен есіңізге түсе қалдым» дедім. Өткенде «Ақ Жайық» газетіне жақсы мақала жазған екенсің, Ерік туралы айтыпсың. Содан Маржанның Ерік Құрманғалиев туралы жазбасы қайда деп сұратып, таптырып алдым, қысқартпастан тұтасынан бердім.Мен де қарап отырмай: Журналға шыққан қызық емес, егер қаламақысы болмаса дедім. Мен ешкімге қаламақы бермеймін, бірақ саған берейін деді. Кейін шай үстінде отырғанда Рахымжан аға бірде көңілденіп,бірде өмірден өткен кісілерді еске алып әңгімелеп отырды. Ақселеу ағайды айтты, соңғы күндерінде келіпті, бір көмек сұрады сол арада шешіп бердім, ол кісіні соңғы көруім екен ,бірде Рымғали Нұрғалиев келді, ол кісі де шаруамен келіпті, ағам ғой ол кісінің көңілін жерге қалдырмай, тапсырмасын орындадым, соңғы көруім екен, көп ұзамай Рекең де кетіп қалды деді. Мұнан соң мектептегі Ақселеу музейін көрдік, фотоға түстік.Шыққан соң Бауыржанға: сен кете бер, біз Маржанды баратын жеріне жеткізіп тастаймыз деді.Қытайға жол жүріп барам, одан соң Алматыға , жазушылардың пленумына қатысам, Атырауда премьерамыз бар деді. Мен үйдің алдына келгенде ,ол кісі де машинадан түсті. Аға, отыра беріңіз , күн салқындау , жеңіл жүрсіз дедім. Ол қолымды алып, бетімнен сүйіп қоштасты. Машинананың терезесінен сау бол деп қол бұлғағым келмей тұр деді. Ішімнен ағам үлкейген екен-ау деп ойладым. Күні кеше ғана Ғабит аға «Ақ Жайық» журналының 50 данасын әкеліп берді. Рахымжан аға келді ме, қалай жағдайы дедім. Қазір Атырауда деді. Рахымжан ағаның өмірден өткені туралы хабарды естігенде, біразға дейін өзіме келе алмадым. Өлім деген қандай жаман сөз еді. Рахымжан ағаның шығармалары да өзі сияқты мінезді. Көп дүние тындырып кетті. Каспийдің арсы-гүрсі толқындарындай өмір кешті. 

2015 жылы Астанада кездестіріп қалып ,кітабымның тұсаукесеріне шақырдым. «Бара алмаспын, шетелге жол жүріп барам» деді. «Жақсы аға, жолыңыз болсын, сіз келсеңіз де қуанам, келмесеңіз де қуанам» дедім . «Қарындасым-ай, қатты айттың-ау, жарайды планымды қарайын» деді. Содан кітабымның тұсаукесеріне келіп ағыл-тегіл сөйлегені де бар еді. Сол кезде «Ерік Құрманғалиев» кітабымды журналына шығарам деп алып кеткен еді. Жазда Астанада Атырау күндері өтті. Рахымжан ағаның марқайып жүргені сол кездері боп еді.Тамаша ұйымдастырылған қойылымдар, концерттер, көрмелер , кездесулердің бәрінде көтеріңкі көңіл күймен қуанып жүрді.Рас ол күні бәрімізде қуанышты едік. Бір концерттен соң , осы өзіміз отырып бір шай ішейікші деп ұсыныс қылды. Бәріміз жиналатын жерге біреудің шұғыл жұмысы, біреудің елге қайтатыны есіне түсіп, Ғабит аға екеуміз Рахымжан ағамыздың әсерлі әңгімесін тыңдап отырдық.Өткен кеткенді,ағалар мен апамызды, жеңістері мен жеңілістерін, мұң-сырын , болашақ жоспарлары туралы ақтарыла айтып отырды. Осы жолы Рахымжан ағаны тереңірек түсінгендей болдым. Бәрі мұңды, бәрі шерлі әдеби қауым . Жүрекке күш түсіретін сөздің де салмағы ауыр. Рахымжан ағамыз өмірден өткенмен, оның екінші өмірі басталды. Ғажайып шығармалары, асыл сөздері халқымен бірге жасай береді.. 

Жайық! Сен жылап ағып барасың ба?

 Өкініш бар көзіңнің қарасында. 

Рахымжаннан айрылдық деген кезде, 

Құлазыдым аспан жердің арасында. 

Қош бол ,аға, Жайыққа енді бір келмейсің , 

Қызыл қырлар қырқасынан гүл термейсің. 

Мінбелерде ақпа-төкпе шабытпенен,

 Көсіліп бір, шешіліп сөйлемейсің. 

Өзегіңнен ақтарылып түскен жалын,

 Сол жалын боп төңіректе жүргендейсің... 



Маржан  ЕРШУ,

ақын-аудармашы, 

филология ғылымдарының кандидаты.




author

Рахымжан Отарбаев

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...