(Зейнет жасының табалдырығындағы ой - 2) Расы сол, рас сөз деп сеніңіз, рас екеніне күмән...
Әлия Бөпежанова: Мақталып жүрген шығармаларға кәсіби талдаулар қажет
– Әлия апай, 2023 жылды аяқтадық, осы жылы әдебиетте, театрда қандай жаңалық болды, сіз үшін бұл жылдың басты жаңалығы неде?
– Жылдың жаңалығынан гөрі жалпы руханиятымыздағы жақсы үдерістер мен тенденциялар туралы айтсам деймін. Республика Парламентінде Мәдениет туралы заңның үлкен кемшіліктері талқыланды. Ұлттық өнеріміздің мәртебесін Заңмен айқындау, өнер түрлерін қаржыландыруда келеңсіздіктерге жол бермеу, сондай-ақ қаламгерлер қауымының шығармашылық құқын қорғау жолындағы, т.б. мәселелер қолға алынды. Бұған, бір есептен, жаңа Парламент құрамына азаматтық қоғамнан сайланған депутаттардың енуі себеп және жалпы алғанда қоғамға әділдік, әділеттілік үшін күрестің нәтижесіз қалмайтынына сенім тудырады.
«...Зайырлы, жетілген және зияткерлік қоғамды қалыптастыру» мемлекеттік саясаттың маңызды құрамдасы болып отыр. Сондықтан да елімізде әдебиетке, театрға, жалпы мәдениетке ерекше көңіл бөліне бастады. Осының жақсы бір көрінісі –әдебиет және өнер саласындағы «Айбоз», «Ұмай» ұлттық сыйлықтары «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларға» табысталды. Жас жазушыларға Президенттік арнайы гранттық байқаудың маңызы үлкен. Бұларға қоса қоғамдық қорлар байқауларының сыйлықтары, стипендиялары бар. Осының бәрі шығармашылыққа деген ынтаныңоянып, жақсы бәсекелестіктің жандануынажасампаз, жақсы мүмкіндік (бұл тұста айта өтеріміз - «Айбоз», сондай-ақ қоғамдық «Меценат», т.б.сыйлықтар шарттары жетілдіруді қажеттейді). Бірнеше облыстық әкімдік тарапынан қаламгерлерге арнаулы стипендиялар беріліп келеді, бұл ретте Алматы қаласының әкімдігін ерекше атау керек. Қазақстан Жазушылар одағының облыстық бөлімшелерімен белсенді жұмысы да жер-жердегі рухани атмосфераның жақсара түсуіне ықпал етіп отыр. Республикамызда жүйелі түрде өтетін театр фестивальдарының саны артып, Халықаралық фестивальдарда заманауи кәсіби қазақ театры мен киносының үні айқын естіледі.
Басты жаңалық және үлкен қуаныштардың бірі – осыдан бірер жыл бұрын көтерілген - Шығармашылық одақтарға Мемлекеттің стратегиялық серіктесі мәртебесін беру мәселесі шешімін тапқан сияқты.
– Негізі қазір кітап аз шықпайды, романдар да жазылып жатыр, қандай шығарманы, қандай авторды немесе қойылымдарды атар едіңіз, бұлардың басты қандай ерекшеліктерін айта аласыз? Қандай да бір автордың немесе шығарманың жетпейтін, жетіспейтін тұстарын байқадыңыз ба, соңғы уақытта осы кемшін тұстарын айту да азайып бара жатқан сияқты…
– Республикада баспалар да, жарық көретін кітаптар, демек, жаңа көркем шығармалар да жеткілікті. Әрине, бүкіл әдеби процесті қадағалап отыру қиын. Дегенмен де екінші, үшінші сауалдарға ортақ жауап ретінде өзім оқыған прозалық көркем шығармалардан байқаған біртенденцияға тоқталсам (пікірлерім субъективті болуы да мүмкін):
Бүгінде, орта, әсіресе, жас буында жанрлық, дұрысы көркемдік ізденістер мол. Айырмашылығы – жастар прозасында күрделілікке ұмтылатын автофикшн басым, мүмкін жас ерекшеліктеріне орай бейсана түрде бой ұрады. Ал, орта буынның заманауи ізденістерге барған, бүгінде танымал бірталай өкілінде трансформацияланған нон-фикшн, публицистика мен беллетристиканың қосындысы белең алып тұр. Мұның өзі оқырманның көкжиегін кеңейтіп, жаңа сезімдер беруі мүмкін-ақ. Алайда, өкінішке қарай, әдебиетте бүгінде ремесленниктер қатары артып бара жатқандай. Бір оқығанға тартымды, ағын судай зымырайтын сюжеттер, тез-тез шешілетін тартыстар, сондықтан да құнары аз кейіпкерлер... Автордың шығармасын ойына келген жерден, мүмкін таусылған, шаршаған тұсынан аяқтай салуы, сонымен қатар айтпағына тұздық - деректі мәліметтермен «есеп беруі», яғни автофикшн мен нон-фикшн элементтерін қиюластырып, балдақ-сүйеніш жасауы...
Екінші бір тенденция – әдебиет пен өнерде бейізгілікке дес беру. Ізгілік пен зұлымдық текетіресі әлімсақтан бар. Ал, оның көркем шығармада, сахна мен экранда өмірлік көшірмесін берудің несі өнер? Жастардың зұлымдықты өздері де байқамай фетиш деңгейіне көтеруі, содан бір тіпті эстетикалық ләззат алатындай ахуалдары шошытады... Испан ойшылы Ортега-и-Гассеттің шамамен осыдан бір ғасыр бұрын Еуропа әдебиетіне байланысты айтқан «дегумандану» бізде енді жүріп жатқан сияқты...
– Сіз үшін бұл жылы жаңа кітап, жаңа автор, жаңа режиссер болды ма?
– Ұлттық сыйлық алған туындыларды айтпағанда негізінен бұрыннан танысесімдердің жаңа шығармаларын сүйсіне оқыдым, спектакльдерін көрдім. Олардың бірерін ғана атасам: Ы.Ожайдың «Еркін ойлау немесе көне қағидаларды қирату» жинағы, А. Ықсанның «Британ мысығы» заманауи көркем әңгімесі, Ж. Қорғасбектің «Асқар Сүлейменовке оралу», Д.Амантайдың «Абыздар мен аңыздар» заманауи эсселері, Ж.Шамұратова мен А.Ахметтің сайттардағы интеллектуалды, сондай-ақ Т.Медетбек, М.Ақдәулет пен Ж.Шаштайұлының «Жас алашта» жарияланған терең де ауқымды сұхбаттары, тізе берсем көлем жетпес.
Ерекше атап өткім келетін материал - белгілі сыншы Бағашар Тұрсынбайұлының «Көп мақталған «Күлпетті» оқығанда...» атты сын мақаласы («Жас Алаш», 21.12.2023). Кәсіби сынның жөні бөлек, кәсіби сыншы пікірінің бәсі қашанда жоғары - дуылдата мақталып жүрген тағы біраз шығармаларға да алдағы уақытта осындай кәсіби талдаулар жасалуы қажет-ақ.
Ал, өзім үшін биылғы жаңа автор – А.Аймағамбет, жаңа шығарма - оның Республикалық «Кемел-қаламгер»байқауының бас жүлдесін алған «Бұрылысқа жарты қадам қалғанда...» криминалдықроманы. Тақырыбы, жазылу сипаты, психологиялық иірімдері қазақ әдебиеті үшін соны. Автор жантүршігерлік қылмыстардың қалай ашылғанынан гөрі әрбірінің қалай жасалғанын отражениемен (жалдамалы жазушы шығармаларында) соншалықты ыждағатпен, егжей-тегжейлі баяндайды. Сөз жоқ, талантты, ізденгіш жастың, бұл, біздіңше, мейлінше абай болатын тұсы.
Режиссурадағы жаңа есім – Әлібек Өмірбекұлы, спектаклі – М.Әуезов Ұлттық театрындағы «Құйын».
Жақсылық Қазымұратұлы