Таразда өткен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Ұлы дала ақыны» атты халықаралық...
Алтынгүл Кенжеғарақызы. Бақыт бағасы (Новелла)
Оқу жылы жаңа басталған кез. Жазғы демалыстан кейін абыр-сабыр тіршілікке әлі бой үйрете алмай орнымнан тұрып, терезеден еш алаңсыз күндері өтіп жатқан оқушыларыма қарап, «бұлар тез есейсек дейді, біз өткенді аңсаймыз» деп өзімше пәлсапалай бастап едім, телефоным шыр етті. Мен жеткенше, екі-үш рет безілдеп барып, қоңырау үні өшіп қалды. «Бұл кім болды екен?» деп нөмірге қарасам, ағам хабарласқан екен. Одан бұрында үш рет телефон соғыпты. Таң қалдым. Не жағдай болды екен? Арасында бір жағдай сұрасқаны болмаса, телефон сирек соғатын. Арасында бір жиын-той, ағайын-туыс арасындағы қонақтарда кездесіп тұрамыз. Оның өзінде сирек. Ағамның жұртқа жұғымы жоқ мінезіне жұмыс бабы да дөп келіп, көпшілік арасында жүріп-тұра қоймайтын. Менің де төркін іздеп жүретін «қабілетім» «төмендеу». Кейде телефон соғып, «Тентек қыз, қалайсың?» дейді. «Оу, аға, қарындасыңыз түсіңізге кіріп, тентектік жасады ма? Неғып іздедіңіз?» деймін мен де. Ол бір рақаттанып күліп алады. «Аман жүр. Әйтеуір үйде екенсің. Бұзықтық жасап, басқа жаққа шығып кетті ме деп едім» дейді сосын. Екеуіміз қосыла күлеміз. «Байқаңыз, мен бұзықтық жасасам, ағама барам. Сіз тентек болсаңыз, күйеу балаңыздың үйіне келуге арланып, тентіреп кетпеңіз» деймін. «Қарындасым тұрғанда, не бопты барам» дейді. Ар жағында жеңгемнің «Ойпырмай, осы жағдайы жаман болып жатыр еді ағаңның. Алып кетші онда» деп зілсіз қалжыңдайды. Шал мен кемпірдің қызы болған соң жеңгелерді орнына қойып қоятын «хұқым» бар еді. Еркелеп тұрып, естеріне кім екендіктерін салып жіберемін. Бірақ онсызда қамкөңіл бұл жеңгемді «Ақ жеңешем» деп еркелетемін. «Жеңгеңнің шайын ішіп кетсеңші» деп шақырса, балаларымды ертіп бара қоймаймын. Ол «Неге алып келмейсің?» деп ренжіп жатады. «Басқа жақтан келе жатыр едім» деп әйтеуір бір сылтау табамын. Оның өз себебі бар.
***
Аға-жеңгем шаңырақ көтерген кезде тұлымшағы желкілдеп жүрген біздер бүгінде өз алдымызға үй болып, бала-шағалы болдық. Ал ағамның үйінен «іңгәлеген» бала дауысы шықпады. Бала кезімде мән бермейтінмін. Олармен қатар үйленгендердің қалжа тойынан әжелеріміз қуанып қайтып жататын. Сол кезде әжемнің «жолсерігі» болып алған мен осы ағамның шешесінің, біз үшін «Сары апа», талай қалжа тойдан «біздің келінге жұғысты болсын» деп қоржыннан шашу алып, ырымдап жататынын талай көрдім. Бір күні әжеммен бірге қалжадан қайтқан Сары апам қатты күрсініп қалды. Сол кезде менің әжем зілмен «Балаңның бағын қайтарған өзің. Күрсінбе. Балаң тірі. Басы жас. Не болды?» деді. Бұрын соңды абысынына мұндай зілмен сөйлегенін естімеген мен ыңғайсызданып қалдым. Ел алдында сыйы бар Сары апам да жасқаншақтап қалды. «Мен білмейтін бір сыр бар-ау?» деп түйдім. Апам орамалының ұшымен көзін сүртіп, «Солайы солай ғой. Бірақ сол ұлдың өзі үйінде, ойы түзде сияқты» деді. « Ол қалай екен?» деп қоямын. Кім жайлы айтып тұрғандарын ішім сезді. Сол күнгі жол үстіндегі абысындар арасындағы әңгімені естігелі менен кәдімгідей маза кетті. Әжемнен сұрауға батылым жетпейді. Шешеңнен білуге, ол өз жаныңды шығарсын. Ол өзі әңгіме-өсек деген «көкеңе» мүлдем жоқ адам. Сөйтіп жүргенде ағам мен жеңгем ауылға келді. Екеуі жарасымды. Алғаш рет көргенде «Сұлулық деген осындай болады екен-ау?!» деп таңдай қақтық. Құрбыларым мақтаған сайын өзімше ағамның келіншегі сұлу болғанына масаттанып жүретін едім. Жеңгем де соны сезді ме екен, паңдау еді. Кербездігімен келісімі жарасып тұратын. Кіші бауырым «Келіншек алсам, мырза ағамның әйеліндей қыз аламын» дейтін. Бірақ бәріміз асты-үстіне түсетін жеңгемізге ағамыз салқындау-тын. Өз-өзімен жүретін. Сырын кейін білдім. Қойшы, сонымен ағам мен жеңгем келді деп бәріміз амандасып шықтық. Салтымыз бойынша қонақ еттік. Үшінші күн дегенде Сары апам келді. Әжемнің жанына келіп, кібіртіктеп біраз тұрды да :
- Аптай (әжемді солай атайтын) мына балаларды анау ел айтып жүрген көзқарақтыға апарсам ба деп едім – деді.
- Сосын...Не деп апармақшысың? Жүрегін тағы жараламақшысың ба? Сен ойлағанды олар ойламай ма екен? – деп әжем зілді дауыспен.
- Ойлайды ғой. Бірақ бес жыл өтті. Ойланып болатын уақыт болды ғой. Өзім қолға алмасам -, деп еді. Әжем орнынан ұшып тұрып:
- Оны әуелде ойлау керек еді. Ұнатқан адамына үйленемін деп тұрған баланың бетін қағып, несіне кергідің? Ескі жараны еске алып...Алдыңа келгенде тыңдап па едің? Қарсы шығып... Таңдауды сол кезде жасаған Жаратқан. Енді не керек? Алма мазасын баланың. Онсызда көрмеймісің. Ешкімге жұғыспайды. Не туыс ортасында, не құрбы-құрдас ортасында басын көтеріп отыра алмайды. Сенің кінәң. Ол бала болып, саған қарсы шықпаған кезде, сен неге ана болып, балаңның жүрек қалауын тыңдамадың. Тиіспе. Асырап ала ма, басқа жасай ма? Өздері біледі. Тыныш отыр – деді.
«Менің айтарым осы» дегенін бетін әрі бұрғанынан түсіндім. Амалсыз осы әңгіменің куәсі болдым. Естіген құлақта жазық жоқ. Сары апам негізі етженді еді. Бойы да бар. Менің әжем орта бойлы, жұқалау келген адам. Бірақ жарқ еткен жанары өткір еді. Өрттеп жіберетін. Сол шүйкедей кемпірдің алдында мына дәу апамның күбіжіктеп тұрғанын көру деген қиын екен. Соңғы айтқаны есін жиғызды ма екен. Сары апамның «О, не дегеніңіз, аптай? Асырап алғаны несі?» деген дауысы діріл араласып, ышқына шықты. Ал әжем жүзін бері бұрмастан:
- Басқа амалы жоқ... Он төрт құрсақ көтерген мен бірдеңе білсем, енемнен естігенім жаңылдырмаса (атамның шешесі бүкіл елдің әйелін босандырған. «Қолы жеңіл» адам болған) бұл келін енді туғысы келсе де, туа алмайды. Жаратқанның бір берері болмаса... Бар. Осыны естігің келді ме? Мен сені түсінем. Бірақ болмасқа әуре болма. Шүкір де. Өзің тәубеңе кел – деді.
Соңғы сөзді естігенде селк еттім. Сары апамның күнәсі бар ма деп. Атам мен әжем екеуі де бес уақыт намазын қаза қылып көрмеген жандар. Екеуінің ауызынан «шүкір» деген сөзді көп естейміз. Ал осы «тәубе» дегенге келгенде, есіме атамның осы сөздің мағынасын «бұл күнә жасап, соны мойындау, сол үшін кешірім сұрау. Сөз мағынасын білмесең, айтпаңдар» деп түсіндіргені есіме түсті. Мен әжемнің қаталдығына таңқалып тұрмын. Сары апам жанымнан өтіп бара жатып «көз тиді-ау, құлыныма» деді. Кімді аярымды білмедім. Көз алдыма аппақ жеңгем, талай қыздың арманы болған көрікті ағам, баласына ойлаған шарасыз Сары апам бәрі тізіліп тұра қалды.
- Сен неғып тұрсың?- деген әжемнің дауысына селк еттім. Біткен жерім осы шығар деп қоям. «Мен, мен» дей беріп едім. «Жап есікті, бері кел» деді. Онсызда есік жанында тұрған едім. Сарт еткіздім. Өзіме жаңағы ашуының ұшы тие ме деп қорқып қоямын. Жоқ әжемнің жүзінде ашудың ізі қалмапты. Әдетте ашуланса, кем дегенде екі күнге дейін бәріміз аяқ ұшымен жүріп, тілден айырылып, демалысымыз ауырлап кететін. Мұның мәнісі не екен деп қоямын. «Қайтсын, байғұс. Бала деген қиын ғой. Баласының бағын өзі айнадай сындырып алып, енді жинай алмай жүр. Қанша тырысса да, бүтінделмейді ғой. Сынған айнаны жинау мүмкін емес. Жүрегі қан жылап кетті ғой. Өзін-өзі алдап қайтеді? Менен естісін. Бөтені емеспін. 45 жыл қатар келе жатырмыз. Абысын емес, апалы-сіңлілі болып кеттік. Елдің сыпсың сөзі құлағына жеткенше, менен шындығын естіп кетсін» деді де ауыр күрсінді. Сұраудың реті енді келгенін сездім де:
- Әжетай, не жағдай болып еді? Сары апамды неге кінәлайсыз?
- Шеше деген сол ғой. Балам жақсы болсын дейді. «Балама не жақсы, не жаманын өзім білемін» деп ойлайды. Сары апаң сол үш ұлдың ішінде ғана емес, жеті баласының ортасында осы Мырза ағаңды ерекше жақсы көріп, «Ақ патшам» деп өсірді. Ақылына көркі сай болып өсті. Оны өзге түгіл өзінің енесінен қызғанатын. Кәрі әжең иіскеп кетсе, бетін жуғызып жүретін. Баласын мұндай жақсы көруде болады екен деп күңкілдеп қоятынбыз. Бәрі сол оқуын бітіретін жылы басталды. Оқуын бітірген соң бірден үйленемін депті. Басында қуанып, қоржын тігесіңдер деп мазамызды алып, есімізді шығарған. Көктем шыға ағаң ауылға келіп кетті. Содан Сары апаң нілдей бұзылды. «Ұл келіп кетті. Не хабар айтты екен деп» абысын-ажын сұрай берген соң, өзім бардым. Сол күні Сары апаңа ренжіп қайттым. Ағаңның әдеттегідей атаңа келіп сәлем бермей кеткені тегін емес-ау деп ойлап едім.
- Сонда не болған? Той болды ғой – деп мен де тықақтап.
- Той болды. Әкесіне берген уәдесін орындады. Бірақ түскен келін ағаңның өзі үйленбекші болған қалыңдығы емес еді.
Мен түк түсінбей, әжемнің жүзіне қарадым. Әжем сол күнгі қайынысының үйіндегі жағдай есіне түсті ме екен. Үнсіз, іргедегі кілем суретін жаңа көрген адамдай қабырғаға тесірей қарап қалды. Тым жайсыз жағдай болған сияқты ғой деп топшыладым.
- Ағаңның үйленемін деген хабарын ағайын-туыс, ауыл-аймақ түгел естіген. Апаң өзі айтқан соң қоржын тігу, киітке жағалы киім жинап, бәріміз шуылдасып жүрдік қой. Ағаң келген күні қалыңдығы жайлы айтқан. Құда түсетін жерді сұраған соң айтады ғой енді. Сөйтсе, ол бұрынырақта осы ел маңында тұрған адамдар екен. Біз танимыз. Жақсы жерден шыққан. Тегі осал емес. Бірақ Сары апаңның жалғыз бауыры сол қыздың атасының қолынан мерт болған. Содан кейін олар басқа жаққа көшіп кеткен. Оны қайтесің? Ұзақ әңгіме.
- Жоооқ. Оны қайтем... Сонда апам қарсы болған ба?
- Қарсы болған деген түк емес. Өмірі бетіне қарауға қорқып келген Сары апаң қара қайыныма көнбеді. Атаң соңынан ағаңды қалаға іздеп барған. Не жағдай болғанын білмеймін. Бірақ «қолы нағашыңның қанына былғанған жермен құда бола алмаймын. Туыстығымыз жараспас» деп кеткен екен. Өзі де көп сөзге жоқ еді ғой, жарықтық.
- Тойдың соңында баласынан кешірім сұрап еді ғой. Бәріміз таңданып едік.
- Иә. Мен жанында тұрдым. «Сіз бақыттысыз ба, әке? Ал мен жоқ. Енді менен ешқашан бақыттысың ба?» деп сұрамаңыз» деп еді байғұс бала. Қайыным күп-күрең болып кетті. Менің естігенімді білді де, «қайтейін енді?» деп шығып кетті. Той соңында микрофон алып, баласынан кешірім сұрағаны сол ғой. Оны ел түсінбей, қуанғаннан не айтып, не қойғанына жорыды. Көпке дейін өз-өзіне қапаланып жүрді. Ағаң тойдан кейін үкіметтің берген жолдамасымен қалаға кетті. Содан ара-тұра келіп жүрді. Сол жылдың аяғында келіннің жүкті екенін естіп, Сары апаң ауылдың кемпірлерін жинап, құрсақтой жасады. Бірақ көп ұзамай бала шетінеп кетіп, келіннің жаны аман қалды. Басы жас қой, тағы болар дедік. Бірақ болмады. Ағаңмен арасы суып кеткен сияқты. Бала болса, бауыр басып кетер деген ойымыз болған. Жеңгең өзі ұнатқан жанға тұрмысқа шыққанымен, ағаңның жүрегінен орын ала алмады. Енді міне, өзі бағын қайтарған баласының бақыты үшін апаң жанталасып жүр. Қарсылық білдірме. Әкесіне де қарсы қойма деп айттым. Болмады. «Баласыз үй – мазар» деген ғой,- деп әжем терең күрсінді.
Ойымды мазалап жүрген жай жүрегімді осып өткендей болды. Өз тойында «бақытсызбын» деген ағам, бәріміз сұлулығына сұқтанған жеңгем, той соңында «Кешіре алсаң, жаман әкеңді кешір балам. Бес жыл сыртта жүрген кезде бармаған. Сол қалаға неге іздеп бардым екен, сені таппай, көп көшесінің бірінде неге адасып қалмадым екен?» деп жылаған атамның жүзі көз алдыма келді.
- Әже, шынымен көз тиген жоқ па екен? – дедім.
- Ол да бар шығар. Бірақ қыздың көз жасы жібермеген шығар - деді.
«Ол не?» деп өзі қамығып отырған әжемнен қазбалап сұрай алмадым. Ағамның жақсы көрген қызының бейнесін ойша жасап алдым. Сонымен бұл жағдайда ұмыт бола бастады.
***
Студент кезім. Каникулға келіп, өзімнің «міндеттеріме» кірісіп кеткенмін. Үй әктеп, сервант ішіндегі заттарды жиыстырып жүрген кезде қоңыр түсті қалың дәптер тауып алдым. «Кімдікі екен?» деп бетін парақтадым. Арасынан сусып суреттер түсті. Мырза ағам. Студент кезі. Ағам келбетті еді. Менің құрбыларым да ғашық болып жүретін. Мен өзім де ғашық едім. Екіншісі иығына шашы төгілген қыздың суреті. Мен неше рет көз алдыма елестеткен ағамның сүйіктісі. Сыртына «Мәңгілікке сүйіктіңнен ескерткіш» деген маржандай жазу айтып тұрды. «Бұл неге біздің үйде? Қайдан келген?» деп ойлап, дәптердің бетін ашып үлгергенімше шешем кіріп келді. Жасырып үлгермедім. «Қолымнан тартып алса, оқи алмай қаламын ғой» деп қоямын. Не болса да, өзін сұрақтың астына алдым. «Бұл қайдан жүр?Ағамдікі екен» дедім. Шешем қолымнан алды да, «Маған соңғы рет жазда келгенде беріп кеткен. Жыртуға да, өрттеп жіберуге де, өзенге ағызып жіберуге де қолым бармады. Дәтім осы жансыз дүниеге жетпеген кезде, оны жылатып тастап кетуге жетіп еді. Жеңеше, сізде болсыншы» деп беріп кеткен. Мен оқымадым. Бірақ «кейін сұрап қалса» деп, мен де ешқайда тастай алмай сақтап жүрмін» деді. «Мен оқиыншы» дедім. «Екі адамның арасындағы сезімді үшінші адамның болмауы керек. Берейін. Бірақ үшінші біреу естімесін» деді. Менің бір жаман әдетім бар еді. Бір кітаптың қызығына кірсем, шыға алмаймын. Соны білетін шешем «Әкел, жұмысың біткен соң оқисың» деді. Амал жоқ бердім. Бұрынғыдай қиқаңдау жоқ қазір. «Асаулығым» басылған. Өйткені, «Әжеме айтам», «әжем айтқан», «әжем шақырған» деп алдап әжені арқа сүйейтін «дәуір» өткелі бір жылдан асты. Әжемнің өткір жанарын, қатал болса да жылуы бар жүзін жер жасырған. Бұрынғыдай «адвокатым» жоқ болған соң көндім. Жұмысты тез бітіру үшін өзімнен кейінгілерге бытпырттай тидім. Олар да әке-шешесіне барып, менің үстімнен қайта-қайта арыз түсіріп болды. Шешем не айтса да, екі етпеймін. Бір күні берді. Лампаны қосып қойып, таң атқанша оқып шықтым. Ағам мен сүйген қызы екеуінің күнделігі екен. Хаттар да бар. Оқыдым да, «мынау қыз сияқты мен ешкімді сүйе алмаспын» деп түйдім. Баяғы әжем айтқан әңгіме, Сары апамның келгені есіме түсті. Жақсы көріп жүрген жеңгеме ашуландым. «Екі ғашық арасына неге түсті?» деп. Ағаммен іштей төбелестім. «Ынжықсыз» деп. Сен сияқты жігітті сүймеспін деп қоямын. Бүкіл ауыл «Аптай» деп сыйлап, алдынан кесіп өтпеген әжемнің бір сары кемпірге шамасы жетпегеніне, елді уысында ұстаған атамның бір келінді тоқтата алмағанына, «Қара ата» атап кеткен атамның 40 жыл бетіне келмеген әйеліне бір сәтте сөйлей алмай қалғанына бәріне ыза болып, булықтым. «Бір қыздың тағдырын быт-шыт қылған ағам өз қолымен қайта жинай ала ма екен?» деп жыладым. Сол кезде бұл қыз қайда екен? Іздесем бе екен? Ағамды жазғырған шығар. Мүмкін, көз тиген емес, әжем айтпақшы көз жасы тиді ме екен? Барып, ағам үшін кешірім сұрасам ба екен?» деп қиял қысты. Іздеп таба алатыныма сенімді болуым – ол мен оқып жатқан университетте оқыған. Шындап іздесем, табамын ғой. Қиял қысып жатып, ұйықтап кетіппін.
***
Сол жазғы демалыста тапқан олжам – қоңыр дәптер болып, қалаға қайттым. Қалаға келген соң, өзім ойлағандай салып ұрып ағамның «сүйгенін» іздеймін дегенім бекер болды. Күндегі тірлікпен, кітапхана мен жатақхана арасында жүріп күндер өтіп жатты.
Қазан айының соңы болатын. «Республика күнін» атап өтуге дайындық жасап жүрген кез. Бөлмеге шаршап кеш келдік. Енді киім ауыстырып жатыр едім. «Саған ағаң келіп тұр. Астына киініп түссін деді» деп кезекші қыз келді. «Қай ағам?» деп бірінші қабатқа түссем, сол мырза ағам тұр. Құшақтап, маңдайыман сүйіп, «жаман ағаңды іздеп келмейсің?» деп жатыр. «Ағасы жаман болса, қарындасы қайдан жақсы болсын?» деп мен де жеңілмей. «Ренжідім. Ағаңды өзі келіп тұрса да, құттықтау жоқ» демесі бар ма? «Бүгін қандай мереке еді?» дедім. Сосын ағамның туған күні екені есіме түсті. «Жүр. Кеттік. Екеуіміз тойлайық». Бойында бар екен. Мұндай әдеті жоқ еді. «Бара алмаймын» деуге жарқырап тұратын жанарындағы мұңды көрдім де, «киініп шығайын» деп бөлмеме көтерілдім. Қоңыр дәптерді де қолтыққа қыса кеттім.
Сол күні мен ағамның сүйгені жайлы өз ауызынан естідім. Дәл қоңыр дәптерде жазылғандай. Өзен жағасында отырып, егіліп тұрып, өз кінәсін мойындап, «мен не өзім сүйгенді, не өзімді сүйгенді бақытты ете алмаған бейбақпын» деп солқылдап жылады. Мен бәрін білсем де, алғаш рет естіген адамдай үнсіз тыңдадым. Бірге егіліп жыладым. Ішіне сыймады ма екен, әлде түйсігімен мені бұл сырынан хабарым барын сезді ме екен? Әйтеуір, ешкімге айта алмаған, аяқталмай қалған сезімі жайлы айтты. Сол кезде ағама қарап, оның сүйгеніне деген сезімі тымық теңіз үстінде кенеттен дауыл тұрып, дауылмен арпалысып келіп, жағаға енді аман жетіп, аман қалғанына сене алмай, демігіп, енді ғана тынысы кеңігендей болып тұрған кемедей көрінді. Ішінде қанша жыл сыңсып жатқан сезімі солқылдай жылап, шығып жатты. Маған уақыт бір сәтке тоқтап қалғандай көрінді. Күздің ызғарын да сезбедім.
- Аға, неге одан кейін іздеп кешірім сұрамадыңыз.
- Ағаң мықты болмай тұр ғой. Менің қолымнан келмегенді ол жасады. «Бақытың үшін бәрін ұмытамын. Сенің бақытты болуың үшін өз бағымды жолыңда қидым. Тілеуіңді тілеймін. Еш уақытта сен жайлы жаман ойламаймын. Бәлкім, кездесерміз. Сол кезде «бақыттымын» десең болды» деп тілдей қағазға жазып кетіпті. Бір бет қағаздың жартысына не жазғанын білмеймін. Өзі жыртып әкетті ме? Мен кеш қалдым. Ол мен үшін бәрінен бас тартып, басқа қалаға кеткен екен. Ізін таба алмай қалдым. Тапсам да, ол сияқты айта алмас едім. Одан кейін жеңгеңді аядым. Қиянат жасайтындай болдым. Оның да жазығы жоқ. Мені сүйетінін сезетін едім. Ұсыныс жасаған күні қандай бақытты болды. Әлі есімде. Сол кезде ойламаған екем. Әттең... Әкем келіп, өмірінде бірінші рет шешеме қарсы шықпағанын көріп, амалсыз көндім. Ішімде ерегес те болды. Шарасыз күйдегі әкемнің қарғысын алғым келмеді. Жеңгеңді бақытты етемін деп ойладым. Бірақ бәрі мен ойлағандай оңай емес екен, ботам.
Осыдан кейін қолтығыма қысқан қоңыр дәптерді ағам көрмесін деп, пальтомның ішене тығып алдым. «Қайтарып берсем бе?» деген ойымнан айнып қалдым. Өзіме ағамның сүйген қызымен бір кездесу жасау керек. Ол үшін алдымен оны табу керек деп мақсат қойдым. Бәлкім, шынымен екеуі кездесіп, іштегі шерлерін шығарса, жолдары ашыла ма деген ой баяғы. Өз ойыммен арапалысып кетіппін. Ағам өзеннің жарына жетіп қалған екен. Жан ұшырып жүгірдім. «Құлап кете ме?» деп шошыдым. «Аға, тоқтаңызшы. Жалынамын» деп екі қадам жерге демім жетпей қалды. Сол екі дем арасында не ойлар келмеді десеңші? Менің дауысым қатты шықты ма, артына жалт бұрылды. «Ботам-ау, шошытып алдым ба?» деп маған қарсы жүрді. Мен жылап жібердім. «Ағаң мынау жардан құлап өледі деп қорықтың ба? Сенің көз алдыңда. Жо-жоқ, жаным. Ағаң қайтадан өле алмайды-ау? Ол баяғыда өлген. Сол күні жаны ауырып, жүрегі езіліп тұрған жанның алдында өлген» деп жылады. Ер адамның жылағанын бірінші рет көргенім. Оның үстіне оқтау жұтқандай қақиып жүретін ағамның мұншалықты халін көріп, не айтарымды білмей, «ағам-ау, қойыңызшы» дей бердім. Ол болса, «Болдым, ботам. Ішім бір босап қалды» деді. «Менің бұл бақытты күніме қандай куә болса, осындай сорлы халіме де куә болған өзен ғой. Үнсіз ғана сылқ етіп күліп, ары қарай ағып кете береді» дегені. «Менің де» деп қалыппын. Ол маған тесіле қарап, «Жаным-ау,саған не көрінді? Бақыттан бас айналатын шағың ғой» демесі бар емес пе? Ішімнен « мен де бойжеттім ғой» деп қоямын. Соны естіп қойғандай «Сендерді әлі бала көреміз. Бой жетіп қалдыңдар ғой. Бірақ солай ойлауға да қызғанамын. Сендер бақытты болыңдар» деп алдыма түсті. «Басқа жаққа бұрылып кетіп жүрсе» деген оймен:
- Аға, жеңешем іздеп қалған шығар. Үйге барайық. Күтіп отыр ғой.
- Күтеді... Күтпегенде ше?.. Ол мен жанында болсам, басқа ештеңе керек емес деп ойлаған. Солай болды,- деп өз-өзімен күңкілдеп кетті. Сосын кенет жалт бұрылып:
- Мен еркек ретінде мынаны айтайын: Сені сүйсін. Жігітті айтам. Сен сүйіп, ол да сүйіп тұрса, тым жарасымды. Ал сен өзіңді сүймеген адамда жақсы көруден қорық. Ол сен үшін ыстықта күйіп, суықта тоңбайды. Есіңде болсын. Мен оны білем, ботам. Ұялтып алдым ба? Әй, қайдам. Бірақ... Кезінде жауын астында қалғанда қолымда қолшатыр болмаған кезде оған жаңбыр тимесін деп иығыммен қалқалайтын едім. Ол костюмімді шешкізбейтін. Қыста қолы тоңбасын деп қолынан ұстап, қалтама салып жүретін едім. Күзде екеуіміз бір костюмді киіп жүретінбіз. Қалай дейсің бе? Ол бір жеңін, мен бір жеңін. Тіпті көрген оқытушыларымыз да ештеңе демейтін. Солай болған... Әттең. Жаңбырдың тамшысынан, қыстың аязынан, күздің ызғарынан қорғап жүрген кезде сол жанды өзім бір күннің ішінде отқа салып кетерімді білдім бе екен? Көз жасы таусылды ма екен? Алдымда жыламады да ғой. Мен соған қуандым. Ессіз екенмін. Кейін жарты бетке ғана жазған сөзі өрттеді ғой, мына ағаңды...
Мен естігендерімнен есімнен таңып, «сүю» дегеннің пәлсапасы осы екен ғой деп қиялдап кетіппін. Өзім қияли адам едім. Енді тіпті..
- Жеңгеңнің шайын ішпейсің бе?-деді. Үйге бірге кірсем, жеңгем ағам жайлы бірдеңе деп қалса, менің «қаншылдығым» ұстап қалып, «деп» қалсам тағы. Аралары онша емес болып тұрған сияқты. Ақыл айтатын жағдай жоқ. «Ерлі-зайыпты арасына есі кеткен кіреді» деп әжем айтып отыратын. Сол ессіз болмайын деп, ағама алғысымды жаудырып, өзім білетін ақылды айтып, таксимен жатақханаға қайттым.
Сол түні көз ілмей шықтым. Ағамның айтқандары есіме түсіп, оның сүйіктісіне деген ынтазарлығым арта түсті. Суретте сүйкімді көрінген. Мені ағам ізінен адасып қалатындай «қайда кетті екен?» деген ой мазалады. Сол күні мен үшін «күн батса, таң атады» деген сөздің шыны жоқтай көрінді. Түн ұзарып кеткендей көрінді. Таң атса болды, бірден іздеуге кірісетін болдым. Екінші күні таң атты ғой. Бірақ мен ойлағандай болмады. Менен тәуір «ізкесуші» шықпады. Тағы да сол тірлік соңында кеттім.
***
Арпалысып айлар өтіп жатты. «Сабақты ине сәтімен» деген ғой. Ағамның «аяқталмаған махаббаты» жайлы, өзім солай ат қойып алғам, жанымдағы құрбым білетін. Сол бір күні сенің ағаңның қызына ұқсайтын қызды көрдім демесі бар ма? Нақтырақ айтқанда суретін жоғары курста оқитын қыздың альбомынан көріпті. Ойпырмай, былай сүйіншілеп айтатын хабарды жай айта салғанына жыным келгені. Бірақ табиғаты сол мұның. Кейде екеуіміздің құрбы екенімізді, бір бөлмеде тұратындығымызды естіген жұрт таңқалады. Неге дейсіз ғой? Ол тым сабырлы, жер қозғалмаса қозғала қоймайтын болса, мен күйіп-пісіп кететін, өкпелемек тұрмақ, өті жарылып кетсе де, сол жерде айтарымды айтып кететін жанмын. Оған бір ашуымды бердім де, кімнің альбомы екенін анықтап алдым. Альбом иесінің мінезі оңай емес, біздің факультетте біраз «атағы» бар қыз екен. Менің де одан кем түспейтін беделім бар. Қойшы амалын тауып, ол қыздың альбомына да қол жеткіздім. Қолымдағы суретпен салыстырып едім. Дәл сол қыз. Тығырыққа тірелген жерім бұл қыз да оны танымайды екен. «Апайымның достары ғой» деді. «Шын керек болса, Зәуре апайдан сұрасаңшы. Мына жерде сол кісі отыр ғой» демесі бар ма? Мен өзіме керек «нысанды» ғана қараған екенмін. Тығырыққа тірелдім дегенім – бұл деген бір «қиын апай». «Менің атым – Қожа» фильміндегі Сабира Майқанова десем бе екен? Былай студенттерге жаны ашып жүреді. Ал енді сабағына қатыссаң, танымай қаласың ғой. Демалысыңды реттеп, рентген кабинетіне кіргендей боласың. Мықтылардың қатарындағы біз түк болмай қаламыз. Бойы қысқа болғанмен, мінезі керемет «ұзын» еді. Бірақ білімі терең, әрі «ақпақұлақтардың» өзіне білімді құйып беретін зор қабілеті үшін бәріміз сыйлайтынбыз. Ал енді сол «мінезі бай апамның алдына не деп барамын. Оның үстіне тілінің «қотыры» бар болатын. «Іздеу салатын бағдарлама ашып алғасың ба?» десе ше? Батылым жетпей жүрдім.
***
Жаздың басы. Сессия тапсыратын уақыт аяқталып қалған кез. Кітапханаға кітап тапсырайын деп шыққанмын. Апай да шығып келеді екен. Бір жатақханада тұрамыз ғой. Амандасып, оны-мұны сұрады. Айтқанымдай, жайшылықта бір дұрыс адам сияқты. Кейде бір кілті ұстап қалады. Бүгін көңіл-күйі жақсы сияқты. Мен өзім елге жарамсақтанып, жұғыса кетпейтін едім. Сол әдетпен апайдың қолындағы кітаптарды «мен алайын» демеппін ғой. «Пакетің ауыр емес пе?» деп сұраған кезде ғана ойладым. Кітаптарды алып жатып, І.Есенберлиннің «Ғашықтар» деген кітабын байқап қалдым. Шынымды айтсам, тарихи кітаптар жазған жазушының мұндай шығармасы барынан хабарым жоқ екен. «Қызықты ма?» деп қойып қалдым. Апай маған қарап:
- Не қызық па?- деді.
- Кітапты айтамын.
- Кітапты қызық болғаны үшін оқымау керек. Бір керегіңді алу үшін, өмірдің тылсымын, тынысын түсіну үшін оқу керек –деді.
- Жо-жоқ – деп тілім байланып. Менің ағамның махаббат «шарабынан» ұрттап алып, соның буына мас болып жүргенімді қайдан білсін.
- Ғашықтық, сезім, махаббат туралы айтылған, жазылған жерде қызықтар емес тағдырлар жазылады.
Осы сәтті пайдаланып, мен де бұйымтайымды айтып қалдым. Ол бір таңданыспен бетіме қарады да:
- Кешке бөлмеге кел. Көрейік.
Қуанып кеттім.
Кешке апай екеуіміз бөлмеде альбом қарадық. Сырты қызыл пүлішпен тысталған, қалың екен. «Менің ең мықты группам болған. Әрі алғашқы түлектерім еді. Солар сыйлаған» деп альбом жайлы айтып өтті. Альбомның әр бетін ашқан сайын әр суреттің тарихын айтып, әрқайсысына тоқталып отыр. Менен тағат кетсе де, шыдадым. Амал жоқ. Суретті өзіммен ала келгенмін. Бірақ оны көрсетпей отырмын. Алдымен анықтап алайын деп. Мен күткен сурет те жоқ. Соңғы бетіне жеткен кезде көз алдымда ағамның суреті жарқ етті. Жанында сол сүйіктісі. «Бұл қайдан жүр?» деп қоямын. Ол біздің факультетте оқымаған. Оқыса, сұрастырып тауып алар едім. Студенттер тілінде айтсам, «физматта» оқыған.
- Біреуді таныдың ба? Керегің бар ма екен?
- Иә, апай. Мына қыз еді. Осыны іздегем,- дедім. Апай көзілдірігін түзетіп, қайтадан суретке үңіліп қарады да:
- Бұл менің жиен сіңілімнің құрбысы. Екеуі педучилищеде бірге оқыған. Кейін бірге физматта оқыды. Маған жиі келетін. Біздің қыздармен жақсы араласқан. Ал мынау жігіті еді. Осы жатақханда студенттер кешінде танысқан. Жігіттің қоңыр дауысы бар еді. Домбыра, гитарада жақсы ойнайтын. Тойдың көркі болатын.
Сол сәтте бала кезімізде ағамның тойларда, қонақтарда ән айтатыны есіме түсті. Қалай үйленді, сол беті қолына домбыра ұстағанын көрмеппін. Бір-екі рет достары қолқалап болмаған соң, мұңға толы ән айтқан. Сазы мұңды еді. Ол кезде оның жанын түсінбеген шағым ғой. Махаббатының әні үзілген күні домбырасының шегі де үзіліп кеткен-ау? Қош. Апай алдымен ағам жайлы айтты. Ол жаныма жағып барады. Сол күні апайдың ауызынан ағам мен сүйіктісінің арасындағы сезім жайында естідім. Ол бір маған «Қыз Жібек» жырын айтқандай әсер алып қайттым. Әңгіме арасында қай жақтан екендігін, қайда екенін сұрадым. Ағамның айтқаны шын екен. Ешкім білмейді екен.
- Оқуын аяқтамай кетіп қалды ғой. Сіңлімнен естідім. Жігіт басқа қызға үйленген екен. Қыздың аяғы ауыр екен. Тастап кете алмаймын депті. Негізі ондай адамға ұқсамайтын. Сезімге берік еді. Басқа себебі бар шығар деп едім. Жігіттердің бәрі сол деді. Өзім де сондай бір баянсыз махаббаты бастан өткерген соң, ештеңе айта алмадым. Ешкімді көрмеймін, ол тұрған қалада бір ауамен тыныстай алмаймын депті. Мен кейініреке сіңліме айтып, ұрысып жүріп, оқуын сырттайға ауыстырып бердім. Сессиясына ғана келіп-кетіп жүрді. Көрші облыстың аудан орталығында жұмыс істеп жүрді. Оқуын бітіргеннен кейін дипломын алып, Алматыға кетті. Қазір сонда тұрады. Көркіне ақылы сай еді. Әрі қарай оқи берген кезде мықты ғалым да шығатын. Бәрінен бас тартты ғой. Бір шеті дұрыс жасаған шығар. Қағаз кеміріп біз отырмыз ғой. Әйел болған соң жаратылысына сай тірлік ету керек. Жар сүйіп, бауырыңа бала басу керек. Жанын ауыртып, мен де сұрамадым. Тұрмысқа шықпады. Бірақ бауырында баласы бар. Сол баласы үшін туғандарынан, әке-шешесінен бас тартқан. Ондайлар кем де кем ғой.
Үнсіз тыңдап отырғанмын. «Баласы бар» дегенді естігенде селк еттім. Манадан ұйып тыңдап, сондай ғашықтар сезіміне шомылып отырған менің ойымның быт-шыты шықты. Қазір «кімнен?» деп сұрар едім ғой. Ол кезде әлі ондай тақырыпта ой тергеп көрмеген соң «бәрі бітті» деп іздеу жұмысымның нүктесін тез қойып тастадым. Орнымнан сүйретіліп тұрып, сең соққандай күйде болдым. Ағамды сол жерде арашалап алғым келді. «Ол тастап кеткен жоқ. Оның алдында адал» дегім келді. Бірақ дауысым шықпады. «Не үшін іздеп едің?» деп сұраған апайдың сұрағына тіл қатпай бөлмеден шықтым. Енді ағам емес, оның осынша құлай сүйіп, сағынып жылап жүрген сүйіктісі тым сүйкімсіз болып кетті. «Баласы бар» дейді. Ал ағам да «жоқ» деп ышқындым. Ол кезде бой жеттім дегенім болмаса, әлі бала едік қой. Істің байыбына тереңдеп бара қоймайсың. Мен «шын сүйген адам мұндай әрекетке бармайды» деген өзім жасап алған ұстаныммен жүрмін ғой. Өзің елес етіп жасап алған «жүрегіңнің иесіне» ғана ғашық болып, соған ғана табыну керек сияқты көрінетін. Менің бір жылға жалғасқан іздеу жұмысым бір күнде баянсыз хикаямен тоқтады. «Баласы болса, күйеуі де бар шығар». Отбасы бар әйелдің тірлігіне не деп араласу керекпін деп түйдім. Басында ағамды шын сүйгені рас болса, тұрмысқа шықпай, соның жолын күтіп жүргендей көрінетін. Тіпті күйеуі бар болса, не бопты? Жай ғана кездесіп, шер тарқатар. Ағам кешірім сұрар деп ойладым. Ал енді «баласы бар» дегенді естіген кезде менің түйсігім ағамның тумай жатып шетінеп кеткен баласын, ана болу бақытынан айырылған жеңгемнің, «ақ патшам» деп еркелетіп өсірген ұлынан немере сүйе алмаған Сары апамның шарасыз күйін ойлап, олардың өмірі бір бала үшін ойран болып жатса, бұл бауырына бала басқан екен деген ойдың салмағын басып кеткен сияқты. Бұл қазіргі ойым. Солай бұл тақырыпты мүлдем жауып тастадым. Ағамның үйіне де барып жүремін. Сонау күзден кейін мені көрсе, жүзін төмен салады. Мен түк көрмеген, білмеген адам сияқты жүремін. Тап-тұйнақтай жиналған үйдің ішінде бір салқындық лебі соғып тұрады. Жеңгем де сол қалпы. Ағамды баласындай еркелетеді. Қызығып қарап қоясың. Бірақ мен білетін хикаялар есіме түссе, ішім қылп ете қалады.
***
Уақыт деген өзінікін алмай қоймайды ғой. Жылдар жылжып өтіп жатты. Мен де тұрмыс құрдым. Әлі есімде ағам салтанатты неке қию сарайының алдынан күтіп алды. Қолында қып-қызыл раушан гүлдері. Ақ жеңгем әрірек жеңгелеріммен тұр екен. Қастарынан өте берген кезде бәрі сүйіп, «бақытты бол» деп жатыр. Тентектігім ұстап кетіп, «Не барлықтарыңыз жиналып келгенсіздер. Менің күйеуге шыққанымды өз көзімізбен көрейік» деп келдіңіздер ме? Ағаларым қайда, бала-шаға қайда?» деймін ғой. Бәрі ду күлді. «Енеміз» ұзатылып жатқанын көрейік» деп келдік деп бір жеңгем елді күлдірді. «Әйтеуір тұрмысқа шығу керек екеніңді білгенің дұрыс болған» деп тағы біреуі қағытып жатыр. Менің бақыттан бас айналып жүрген кезім ғой. «Не десеңіздерде сіздер осы күні жақсы көрмей жатқан жерге кетіп барамын ғой» деп күлдірдім. Шынымен, «тұрмыстағы қыздың» оқуы деген алты жыл түбіне жетіп оқыған грамматика мен әдебиеттанудан қиын екен. Ол жерде өз ойыңды айтып қаласың ғой. Бұл жақта сенің ойың « маңызды» болмай қалады екен.
Той үстінде ағамның айтқан тілегі ерекше болды. Басқа ешкім түсінбесе де, мен түсіндім. Ағам биге шақырды.
-Сұлу қалыңдықты биге шақырсам бола ма? –деп еді күйеу баласынан рұқсат сұрады.
- Білекке де, белге де ешкімнің қолы тимей кетті ғой. Ағаммен билемей не болды- деп күлдім. Есіне түсіп, ағам тоқтай алмай селкілдеп күлді.
Бала кезде ағаларымызға не түрлі сұрақ қоямыз ғой. Сондай бір кезекті сұхбатта сұрағым ерекше болсын деп, «қандай би ұнайды?» деп сұрағанмын. Ағам көп күттірмей, «Мен деген танго биін жақсы көремін. Білегінен ұстатпайтын қыздардың белінен бір қысып билейсің» демесі бар ма? «Ұятсызсыз» деп тұрып кетіп қалғам. Үлкендер жағы қыран-топан күліп жатыр. Сөйтсем ағам биге мүлдем қырсыз болған екен. Кейін студент кезінде вальс билеп үйреген екен. Сол кез есімізге түсіп, екеуіміз де бір риясыз күлдік дерсің.
Билеп жүріп:
- Сендей жары бар ол бақытты шығар. Сен ше, ботам?- деді.
- Сіз өзіңіз айттыңыз ғой. «Өзіңді сүйген жанды бағала, соған шық» деп...
- Тентек қыз, соны ұмытпағансың ба?
- Енді ше? Күнде естімейтін ақыл ғой.
- Осы сен Апама тартқансың. Жеңешеме мүлдем ұқсамайсың. Женешем – алтын адам.
- Менің жеңгем де алтын. Сіз сияқты жаман ағамды еркелетіп отырған –дедім шымшып.
- Осы сенің тіліңнің «қотыры» осыдан кейін жазылмаса, бұдан кейін ем қонбайды, - деп бір шаттанып күлді-ай.
Сол күні ағам мен жеңгем тойдың көркі болды. Шиырып тұрып вальс биледі. Ағамның биден қабілеті күшті екенін сонда көрдік. Домбыра сұратып, ән салды. «Бір бала» әнін жеңгем екеуі қосылып айтты. Сол күні екеуіне қарап кезінде суреттегі қызды әрі қарай іздемегенім үшін өз-өзіме риза болдым.
Өмірде адамның ойлағаны бола бермейді екен. Біз ойлағанмен, Жаратқанның өз бұйрығы болады емес пе? Тағдыр дегенге мен осы оқиғадан кейін сендім. Баяғы студент кезіміздегі «Гестапа» апайымыздың мерейтойы өтеді екен. Қыздар сыйлық алып, гүл алып, құттықтап шығайық деп хабарласты. Факульттеттің бетке ұстар студенті болдық, апаймен соңғы курста жақсы араласып тұрдық. Әрі апайдың жақын жандары жоқ болатын. Салтанатты жиыннан кейін жақын сыйласқан адамдарды үйіне, дастарқанға шақырды. Құрбым екеуіміз де бардық. Кейде бір қонып қалып жүрген үйіміз болған соң дастархан басында отырмай, өз үйіміздей көріп, ас үй жақта көмектесіп жүрдік. Қонақ аяғы саябырлап, өзіміз қалған сәтте апай жақынырақ таныстырайын деп құрбым екеуіміздің әбден мақтауымызды жеткізіп, таныстырып, өзінің қасында отырған апайларға қарап:
- Бұл менің жиен сіңілім – Алмагүл. Жанында отырған оның құрбысы, менің сіңілімдей болып кеткен жан. Мені сыйлап арнайы Алматыдан келіп отырған – Аяжан,- деп таныстырды. Аяжанның жүзі таныс көрінді.
- Айтпақшы, студент кезіңде сен сұрап едің ғой- деп апай маған қарады. Ескі жараның ауызы ашылып кеткендей жүрегім тыз етті. Мана кірген кезден «Осы адамның жүзі таныс. Кімге ұқсайды» деп есіме түсіре алмап едім.
- Солай ма? Мені де іздейтін адам бар ма? - деді ол жымиып. «Іздеген адамға құмға жасырғандай ізіңізді көрсетпей кеттіңіз» деп тілім қышып қойды. Екеуіміз үстел басында қатар отырдық. Баяғы бала кездегі құмарлығым артып, ұрланып қарап қоямын. Бірақ соңғы жайттар есіме түсіп, ағама «опасыздық» жасаған адамнан тезірек алыстағым келіп, құрбымды «кетейіктің» астына алдым. Дастархан басынан тұрып, ас үйге ыдыстарды әкеліп қойып жатыр едім. Аяжан (аты солай екенін сонда білдім. Хатта, күнделікте де Аяшым деп жазылған) соңымнан еріп келді. Менен не үшін іздедіңіз деп сұрағалы тұрғанын сездім.
- Мен сізді сырттай танимын. Мен Бекболат ағаның қарындасымын, - деп төтесінен дүңк еткіздім. Ол төбесінен біреу суық су құя салғандай болды-ау деймін. Мен солай сезіндім. Сұлқ етіп, орындыққа отыра кетті. Мен оны қаға-маға қолыма киімімді алып, сыртқа атып шықтым. Далада Арқаның сары аязы бетті қарып тұр. Ал жаңағы менің айтқаным оның тұла бойын қарып өткендей болар. Не болғанын түсінбеген құрбым «Апаймен қоштаспай кеткенің не деп?» деп өз-өзімен сөйлескендей болып.
- Ол сол сол ,- дедім тұтығып.
- Кім? Кім сол?
- Түу, күйдіргі ... Жаңағы Аяжан – менің ағамның сүйген қызы.
Істің байыбына енді жеткен ол:
- Сонда қалай? Қанша жыл іздеп едің? Енді өзі алдыңнан шыға келгені ме? Мұндайда болады екен, - деп таңданысын жасыра алмады.
***
Аяжанның қалаға қайтып оралуын неге жорырымды білмедім. Көшеде ағаммен кездесіп қалатын сияқты болып тұрады. Енді өзі қамкөңіл жеңгемді аяй бастадым. Өз отбасың болған соң басқаша ойлайды екенсің. Біз негізі ескі стериотиппен өскен балалармыз ғой. «Ұят болады», «болады, болмайды» деп. Өз-өзімнен мазам кетті. Әңгіме арасында Зәуре апай «қашан қайтасың?» деп сұрағанда, «Біраз боламын. Қашанғы қашамын. Қаланы, жүрген жерлерімді сағындым» деп еді. Ертістің жағасына барып, ағаммен кездесіп қалатындай болып елестей береді. Баяғы ағамның жар басындағы кейпі көз алдыма келіп, тұра қалады.
Ақыры ол ағаммен емес, менімен кездесті. Өзі мені жұмыс басыма іздеп келді. Қалай дерің бар ма? Сабағымды өткізіп, үйге жиналып жатқанмын. Кезекші мұғалім хабарласты.
- Апай, сізге келіп тұр. Ата-ана ма? Білмеймін.
Оқушылардың анасының бірі болар деген оймен бірінші қабатқа түстім.
-Кім шақырған?
- Мен едім. Сәлеметсіз бе?! - деген дауысқа бұрылсам, ағамның сүйіктісі тұр. Атын нақты білмеген соң өзім солай атап жүретін едім. Не істерімді білмей қалдым. Жүрегім өрекпіп кетті. «Құрсын. Одан да бір ата-ананың келгені жақсы еді» деп қоямын.
- Сәлеметсіз бе?! –дедім
Өзім неше жыл іздеген адам өзімді іздеп келіп тұр. Неге іздегенін ішім сезетін сияқты. Мен де әйел затымын ғой. Бұрынғы жас кезім болса, ойым басқаша сайрар ма еді? Қазір бала-шағалы болып, ой тоқтатып, біраз дүниені түсініп қалған шағым.
- Мен көп уақытыңызды алмаймын. Біраз ғана уақыт бөлсеңіз.
Уақытым жетерліктей болса да:
-Иә. Сабағым бар еді -, деп дүңк еттім. Өзіме солай естілді.
- Неден бастарымды білмеймін? Аяғым алып келді. Ағаң жайлы сұрайын деп едім. Жағдайы қалай?
- Жақсы. Қазір басшылық қызмет атқарады.
Оны неге айтқанымды білмеймін.
- Ол солай болуы керек еді. Қабілеті жақсы еді. Білімді еді. Әкесі қалай? Қуатты ма?
Атамды неге сұрады екен. Көптен танитын адам сияқты сұрады. Бірақ қанша жыл ағаммен таныс болған. Содан білетін шығар деп шештім.
- Атам ағам үйленгеннен кейін 5-6 жылдан кейін қайтыс болған. Апам бар. Әлі тың, қуатты.
Атамның қайтқанын естіген кезде жүзі бозарып кеткен сияқты болды. Алақанын жайып, күбір етті де, бетін сипады.
- Иманы пейіште шалқысын. Көп жүрмеген екен.
Менің көзім жасаурап кетті. Оның да есіне әлдене түскендей ауыр күрсінді.
- Мені сырттай танитын болсаң, ағаң екеуіміз жайлы да білетін шығарсың. Мен ағаң «тентек қыз» деп еркелетіп айтатын қарындасы өзің боларсың деп топшылап отырмын. Әр жазғы демалысқа кетер алдында саған деп кітап сатып әкететін. Барған жерден де кітап арқалап әкелетін. Содан білемін.
Мұнысы енді шындық. Мектепте, мұғалімде жоқ кітаптар менде болатын. Алғаш рет Мағжан Жұмабаевтың мұқабасы сұр тыспен тысталған жинағын осы ағам әкеліп берген. Оны әлі күнге дейін сақтап жүрмін. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен беретін кербез апайымның өзі жалынып сұраған. Ол уақытта ауылда кітап оқымайтын адам кемде-кем еді. Бір-бірімізден сұрап жүріп оқитынбыз. Мен кітап беруге сараңдау едім. Кей кезде ғана беретінмін. Кейде беті жыртылып келеді. Кейде кітабым «қолды» болып кетеді. Әрі үйде де кітап жетеді. Қайран ағатайым?! Кітап сөресінің жартысы сен сыйлаған кітаптар екен ғой. Есіме осы түсіп, ішім жылып қалды.
- Көбіне бірге сатып алатын едік. Махаббат жайлы кітаптар қарасам, «Қоя ғой. Ол әлі кішкентай дейтін». Мен сонда да болмай, Ә.Нұршайықовтың «Махаббат,қызық мол жылдарын» алғызып едім. Екеуіміз кезектесіп, бірнеше рет оқып едік. Сонда «Ана біздің қияли қыз енді бір Ерболды жасап алып, соның жолына қарап қалмаса болды» дегені есімде. Ақыры өзі Ерболдай бола алмады. Мен оның Меңтай, -деп дауысы дірілдеп шықты.
Ағам адам жанын түсінетін психолог та болған екен-ау? Мен шынымен сондай едім. Әсершіл едім.
- Анау күні өзіңіздің «Мен Бекболаттың қарындасымын» деп айтқан кезіңде-ақ маған деген ренішің бар екенін сездім. Менің бетімнен шапалақпен салып жібергендей болдың. Содан өткен есіме оралып, мазам кетті.
- Кешіріңіз. Мен айтуын айттым да, артынан өкініп қалдым. «Сен» деп атай беріңіз. Жасым кіші ғой.
- Жо-жоқ. Бәрі дұрыс. Сенікі дұрыс. Риза болдым. Ағаңды жақтағаның ғой. Ол менен гөрі бақыттырақ. Сен сияқты қорғаштайтын қарындасы бар.
Мен енді сәл отырсам, бәрін, ағамның оны іздегенін, сағынып жылағанын, әлі де сүйетінін ақтарып айтып қоятындай, алдымда отырған жанды жақсы көріп кететіндей болып көріндім. «Не деп тұрып кетсем?» деп ойлай бергенім сол еді. Қоңырау дауысы естілді. Мұндай қуанбаспын. Ұшып тұрдым.
-Уақытыңды алмайын, айналайын. Бақытты бол. Бақыттың бағасын біл. Мен ағаңның тек тілекшісімін. Маған кінә қойма. Өткен жолы көзіңнен маған деген ренішің барын оқыдым. Ағаң саған бір сырын айтты ма екен? Неге іздеді? Әлде ол мені іздеді ме екен деп пенделігім оянды. Соның жауабын естімесем де, өзіңмен жүздесіп кетсем деп едім. Рақмет ,- деп орнынан ол да көтерілді. Менің көкейімде сұрақтар сайрап тұрды. Бірақ тілім байланып қалғандай ештеңе сұрай алмадым. Есік алдына дейін шығарып салдым.
-Апай, менің сізге кінә қоя алмаймын. Оған еш хақым жоқ сияқты. Ия, өкпелеген кезім болды. Ағам үшін. Бірақ уақыт өте келе ұмытылды. Уақыт бәріне емші ғой.
- Адам өміріндегі ең қымбат дүниесі – уақыт. Ол қайтып келмейді, өткен күндер де оралмайды. Сол үшін әр нәрсенің құнын, бағасын біл.
Сөйлеуге шама жоқ. Басымды изедім.
- Жолың түсіп, Алматыға келіп жатсаң, қадірлі қонағым бол.
Бұл маған «ағаңа осыны жеткіз» дегендей болып естілді. Тағы басымды изедім. Мен мектеп ауласынан шығарып салып, соңынан ұзап кеткенше қарап тұрдым. Маған солай көрінді ме екен? Екі иығы селкілдеп, жылап бара жатқандай көрінді. Менің де кеудемді бір нәрсе жаншып өткендей болды.
Бұл кездесу жайлы ешкімге тыс жармадым. Апайдың айтқан әр сөзін ой елегімнен өткіздім. Мен білмейтін бір тағы сыр бар сияқты көрінді. Ағамды көрген сайын қылмыс жасаған адамдай жүрдім. Айтайын десем, өзі онсыз да тұншығып жатқан сезімі бұрқ етсе деп қорқамын. Одан қорқыныштысы «А, солай ма? Не керек екен, оған?» дегенін естіп қалам ба деп. Қанша дегенмен көп уақыт өтті ғой. Мүмкін сезімі суып кеткен шығар. Әйел заты болған соң ағамның селсоқ қана «солай ма екен?» деп айтқанын есту қиын соғатын сияқты көрінді.
***
Уақыт зу етіп өтуде. Күйбің тірлік соңында тырмысып біз жүрміз. Таң атса, күн қашан батады деп. Сол атқан таң мен батқан күннің арасында өз өміріміздің өтіп жатқанын сезбейміз-ау, шіркіндер? Сол күн мен түннің арасында талай тағдырдың талқаны таусылып, талай бақыттың бағасы артып жататынын да білмейміз-ау? Жаратылысымыз қызық жандармыз ғой. Мен де соның бірі.
Атам марқұм «Адам пешенесіне жазғаннан асып кете алмайды» деп отыратын. Сол рас сияқты. Сонымен қатар адамның өмірінде еріксіз, тек Алланың қалауымен болатың жайттар болатынына мен сендім. Оған осы соңғы оқиға себепші болды.
Өткен жылдың күзінде Алматыға жол түсті. Республикалық ауқымда өткен байқауға мен де қатыстым. Байқаудың екінші күні болатын. Шаршап тұрсам да, Алматыны бір аралап шыққым келді. Келмегелі біраз уақыт болып қалған. Тауға қарап, тамсанып тұр едім. Телефоным шыр етті. Байқауға бірге қатысып жатқан қыз екен. «Апай, жобасы сізді іздеген сияқты. Бір апай іздеп жүр. Қиылып сұраған соң, телефон нөмеріңізді рұқсат алмай беріп қойдым. Соны айтайын деп едім» деді. «Кім болды екен?» деп ойладым. Алматыда бірге оқыған сыныптастарымның хабары бар. Келген күні-ақ пойыздан түсіп жатсам, перронда емес, вагон алдында күтіп алды. «Басқа біреу қағып кетсе» деп вагон есігін күзетіп тұрмын» деп күліп жатыр. Ертең білерміз деп түйдім.
Байқаудың қорытынды күні. «Сүттің бетіне шыққан қаймағындай» болып, ең мықтылар жиналған байқауға қатысудың өзі керемет. Дегенмен, сайыс болған жерде жеңіс те болу керек. Бәріміз қобалжулымыз. Мен өзіме сенімдімін. «Бұйырғаны болар. Уайымға салынып не болды?» деп өз-өзімді жұбатып қоямын. Залға өтуге қоңырау соғылды да, ішке кірдік. Сол сәтте ту сыртымнан қадала қараған жанарды сездім. Артыма бұрылып қарауға итермелеп келе жатқандар мұрша бермеді. Түйсігім алдамаған екен. «Көз де, сөз де тимейтіндей» орын алдым. Жұмысыма жоғары баға берді. Маған сол да жететін еді. Бірақ соңғы кезде білім деңгейің де осы бір жапырақ қағазбен өлшенетін болып кетті емес пе? Амал жоқтығынан көнесің. Мәжіліс залынан шығып келе жатқанмын. Атымды атап шақырған бейтаныс дауысқа кілт тоқтадым. Бұрылған кезде қарсы алдымда ағамның сүйіктісі тұрды. Іздеген адам осы адам болды-ау. Қолында кезінде ағам тойымда сыйлағандай қып-қызыл раушангүлі. «Талғамдары да бірдей болғаны ғой» деп ойлап та үлгердім. Жүзінде қуаныш. «Ағасының қарындасы осындай болу керек. Жарайсың. Құттықтаймын!» деп гүлін ұсынды. Мен де өткен жолғыдай емес, көптен көрмеген жақынымды көргендей жалпылдап жатырмын.
- Қайтар жолыңа дейін уақыт бар екен. Бүгін менің қонағым боласың. Ешқандай қарсылықты қабылдай алмаймын.
Мен де қарсыласпадым. Екеуіміз табиғат аясындағы дәмханаға келдік. Адам да көп емес екен.
- Менің бұл жерде екенімді қайдан білдіңіз, -деп сұрақты төтесінен қойдым.
- Менің әріптесім де қатысып жатқан. Соған қолдау көрсетіп келгенмін.Соны күтіп отырған кезде фойеде өзіңді көрдім. Қателесіп тұрмын ба деп ойладым. Сен тұрып кеткен кезде жаныңда бірге отырған қыздардан сұрадым. Қателеспеген екем. Ол күні үнсіз кеттім. Кеше қайта айналып келіп едім. Сенің шипажайда орналаспағаныңды білдім. Бүгін салтанатты марапаттау өтетінін бағдарламадан көрдім. Не болса да, бүгін айырылып қалмайын деп таңнан сол жерге бардым.
Сонша кездесуге ынтыққанына әрі жүзіндегі қобалжудан екінші рет іздеп келуі тегін емес екенін ішім сезді. Жүрегім өрекпіп, қаттырақ соғып кетті.
- Айналайын, бүгін сен менің тыңдаушым бол. Ештеңе сұрама. Мен сөйлейін. Қанша жыл жүрегімнің түкпірінде сақтап, жан баласына айта алмаған сырымды ақтарайын. Сөйтіп, бір жеңілдейін. Жүрегімнің жүгі жеңілдеп қалсын. Жарасына ем жоқ. Орны қотырланып та кетпей тұр ғой, құрғыр. Сен ағаң екеуіміз жайлы білесің. Ол жайды айтып уақыт алмайын. Неге ағамды сүйіп тұрып, өз сүйгені үшін күреспеді, неге бақыты үшін таласпады деп өзіңе талай сұрақ қойған шығарсың. Ендеше тыңда.
Сол көктем ерекше еді. Ерте шықты. Ағаң институтын бітіретін жыл. Оны институтта қалдыратын болды. Аспирантураға жібереміз деп шешіпті. Мен қуандым. Мен педучилищеден кейін түскен соң одан бір курс төмен оқыдым. Әлі бір жыл уақытым бар еді. Бір күні ол келді де, «Мен ауылға үйге барып қайтамын. Үйленетінімді айтамын» деді. «Кімге?» дедім әзілдеп. «Бір қыз бар». «Ол қандай бақытсыз қыз еді?» дедім. «Маған берген бағаң ба?» деді. Сол сөзді айтқаным үшін талай рет өзімді жазғырдым. Айтылған сөз – атылған оқ. «Жоға да, жаным менің!» деп сүйіп, шашынан иіскедім. «Жарайды бір ашуымды бердім» деген еді. Сосын «екеуіміз үйленейікші» деді. Қалжыңдап отыр екен десем, рас екен. Ағаң негізі адамға жақсылық жасаса жар салмайтын, ренжісе оны да байқатпайтын. Сосын сыйлықты да жасай алмайтын. Керемет сыйлықтың өзін күнде беріп жүрген алам сияқты қолыңа ұстата салатын. «Неге романтик емессің?» дейтінмін. Жымиып күлетін. Болды. Сол әдетімен қалтасынан жүзік салатын қорапшаны алып шықты. Менен ашуымды өтінді. Қобдиша ішіндегі неке жүзігі екен. «Бұл екеуіміздің неке жүзігіміз. Мен ауылға барамын. Тойға дайындалыңдар деп алдында айтқан едім. Ал сенің әкең көнбесе, өзім алдына барамын» деді. Мен абдырап тұрып қалдым. «Иә, оқуыңды бітірмей, күйеу туралы ойлаушы болма» деп барған сайын құлаққа құятын шешем тулайтыны сөзсіз. Бірақ шешем Бекболат жайлы білетін. Оның менің туған күнімде салатын жеделхаттарын өзі почтадан алып келіп, ұқыптап жинап жүретін. Бірақ әкемнің ашуы қатты. Содан ол да қорқатыны бесенеден белгілі. Не болса да, Бегімнің бетін қайтармайын деп келістім. Солай өмірімдегі ең бақытты күндерім жалғаса берді.
***
Ағаң ауылға барып келді. Институттың ғылыми кеңесі «бірден жұмысқа шығасың» депті. Үйленетінін естіген соң, жатақханадан кеңдеу жеке бөлме берген екен. Екеуіміз соны жөндедік. Әйнегін жуып, сырлап... Тамаша күндер өтіп жатты. Бірақ ауылдан келгеннен бері бір түрлі болып жүрді. Диплом қорғау да оңай жұмыс емес. Шаршап жүрген болар деп жорыдым. Кейде ішіп жүретінін байқадым. Ештеңе демедім. Бұрын ондай әдетін көрмеген болатынмын. Жігіттермен бірге отырыста болған шығар деймін. Сол кезде не болғанын бір рет те сұрамаппын. Сонша сүйгдім бе екен? Ол не істесе де, жөн көретін едім. Бір рет болсын сұрағаным да, мұндай жағдайға тап келмес пе едім? Тағдырдан ешкім озыр кете алмайды екен. Менің гүл жарып, бақыттың жұпар иісін жұтқан өмірімнің көктемі сол жылғы көктем болды.
Оқу жылы аяқталып қалған кез. Ағаң екеуіміздің бөлмесін жинастырып, ағаңды күтіп отырған едім. Есік қағылды. Ойнап тұрған ағаң шығар деп, әдейі отырмын. Қайта-қайта тарсылдатқан соң басқа біреу екенін білдім. Есік алдында қарт адам тұрды. Бірден таныдым. Ағаңның әкесі. Ұялып қалдым. Артында тұрған жас балаға сен бара бер деді. «Төрге шығыңыз» деп, кешірім сұрап, шығуға ыңғайландым.
- Қалқам, кідірсең бола ма?
Ол кісі де мені таныған болу керек. Жанына шақырды.
- Қызым, сенің кім екеніңді топшылап отырмын. Ұялма. Мен Бекболаттың әкесімін. Таныған боларсың (Мен басымды изедім). Әке-шешең бай-қуатты ма? -деп бір сұрады.
Үлкендер көрген жерде амандық сұрасады ғой. Сол әдеті болар деп ойладым. Жерге тесіле қарап отырды да, бір кезде жұлып алғандай:
- Атаң Бекен емес пе?
- Иә.
- Көзі тірі ме?
- Жоқ. Қайтыс болған.
- Сол жіңішке аурудан кетті ме?
- Иә. Танитын ба едіңіз?
- Иә. Ат тұяғы баспайын деген жерін үш басады деуші еді. Рас екен-ау? Танимын. Бір елдің адамдарымыз ғой. Олар бұрынырақта елден көшіп кеткен. Сол кеткеннен оралмады ғой.
- Иә. Әкемнің жанынан, елден топырақ бұйырмады деп отыратын.
- Жарықтық. Өле-өлгенше ренжіп кеткен екен ғой.
Мен таңданысымды жасыра алмадым. Атамды танитын болып шықты ғой.
- Қалқам, мен осында сүйегімді сүйретіп баламды іздеп келдім. Қалаң құрғырға келгім келмейді. Осы жолы амалсыз келдім. Баламды көрмей тұрып, өзіңді алдымнан жолықтырған Жаратқанның бір себі шығар. Әңгіме былай, қалқам. Балам үйленемін деп хабар айтқалы бәріміз қуанып жүрміз. Ол менің сүт кенжем. Көзім тірісінде үй болғанын көру маған да қуаныш. Жүре тұрам десе де, ештеңе демес едім. Өз билігін өзіне бергем. Бірақ сөзі жарасқан өзіңнің еліңді, құда түсетін жерімізді білгелі маза кетті. Үйдің берекесі кетті. Өзіңе ашып ештеңе айтпаған сияқты. Маған да айту оңай болмай тұр, қызым. Тоқ етерін айтсам, екеуің үйлене алмасыңдар - деді дауысы дірілдеп.
Мен орнымнан қалай ұшып тұрғанымды білмедім. «Неге?» деп сұрауға көмейімде тығылып қалған өксік кедергі болғандай.
- Отыра ғой, қалқам. Бұл қарғыс болып тиген дүние болмаса, мен де көнбес едім. Сен білмейтін сыр бар. Атаңның ескі ауруы қайдан пайда болғанын білетін бе едің? (Басымды изедім) Білсең сол. Ертеректе атаң Бекболаттың туған нағашысын аңдаусызда атып өлтіріп, сол үшін темір торда ұзақ жыл отырды. Сол кезде не түрлі қарғыс айтылды. Жар дегендегі жалғыз ұлынан айырылып, бір әулеттің ұрпағы үзілді. Сенің әжең тоғыз баламен жарынан тірідей айырылып зарлап қалды. Ол уақытта үкіметтің заңы қатал еді ғой. Ел арасында беделі бар дегендер сөз салып көрсе де, көндіре алмады. Сот шешімінен кейін әжеңнің төркіні келіп, бала-шағасымен көшіріп әкетті. Келін болып түскен, өсіп-өнген жерінен кету оңай деймісің? Кетіп бара жатып айтқан зары әлі құлағымда тұр. Осылай қалқам. Бұл жара бітеліп кеткен екен десем, қателескен екенмін. Атаңның атын естіген кезде бәйбіше шалқасынан түсті. Баламның бағын қайтармайын деп едім. Болмайды екен. Қарғыс алған, қарғыс айтқан екі елдің төс қағысып, туыс бола алмайтынын түнеугүні атаңның немерелес жамағайының амандығымызды алмай кеткенінен байқадым. Ол былай тұрсын. Не қылар дейсің? Бірақ екеуің жарасып кете алмайсыңдар ма деп қорқамын. Шешесі де ақ сүтімді көкке сауамын деп отыр. Амалым қалмаған соң, баламды іздеп келдім. Не шешім қабылдағанын өз ауызынан естейін дегенім ғой.
Мен есімнен айырылып қалдым. Атам жайлы шет жағасын естіп едім. Нақты не жағдай болғанын ешқашан ешкім тіс жарып айтқан емес. Сол жақтан туберкулез болып келді де, ақыры кеселді дерт жеңіп тынышталған. Әжемнің жадырап сөйлегенін көрген емеспін. Бір қабағы ашылмай жүретін. Себебін енді біліп отырмын. Атаң «не дейсің?» дегендей маған тесіле қарап отырды. Бір уыс болып, алдымда баласының бақыты үшін алдымда кінәлі адамдай отырған қарт көз алдымда биіктей берді. Былай қарасаң, мен кіммін? Көп қыздың бірі едім. Алдыма келмей-ақ, баласын үйлендіре салса да, маған үйленбейсің деп жатса да жасар амалым бар ма еді?
Бөлме ішінде меңіреу тыныштық орнады. Үнсіздікті ата бұзды. Бір жөткірініп алды да:
- Қалқам, мен айтарымды айттым. Қыз баланың жолы ауыр ғой. Өзім де қыз өсірдім. Үйден ұзап шықса, алаңдап отыртын едім. Сен де солар сияқты қызымсың. Менің еш қарсылығым жоқ. Баламның бақытының құны осындай болады деп ойламағам. Қырық жылда қарсы келмеген бәйбішемнің жарасының ауызы ашылып кетті. Бауырынан айырылып қалды. Оның күйігіне шыдамай кеткен әке-шешесінің қазасы еңсесін езіп жіберген. Тек осы балаларымызбен ғана тіктеліп еді. Сол үшін ештеңе дей алмадым.
Атаның менен жауап күтіп отырғанын түсіндім де, бар күшімді жинап:
- Ата, мен сізді түсіндім. Нені айта алмай отырғаныңызды білем. Балаңыз маған ештеңе айтпаса, оңайлықпен бас тартпайтынын айтқан сияқты. Маған оңай емес. Бұл жайдан хабарым болмаған. Мен сіздің өтінішіңіз үшін ғана емес. Анасына баласының қарсы шықпағанын қаламағаным үшін, Бекболаттың осы екі ортада отқа түсіп, күймеуі үшін одан бас тартамын. Бұл менің бақытымының бағасы болсын. Ол сертке берік. Мен бас тартпасам, ол да көнбейтінін білемін. Уайымдамаңыз. Ол сіз екеуіміздің арамыздағы бұл әңгімені білмейтін болады. Осы жерде қалады, - дедім.
Ата орнынан тұрып:
- Басқа амалым жоқ... Мен амандығыңды тілеп, бес уақыт намазымда дұғама қосып отырамын, қызым. Баламның маңдайына сыймаған жан екенсің.
Мен үнсіз шығып кеттім. Көшеге шығып, бетім ауған жаққа кеттім. Есімді жисам, Ертістің жағасында тұрмын. Ағаң екеуіміз жиі келетін жер. Аяқтарым өзі алып келген екен. Айқайлап жыладым. Не болса да, атаға берген уәде тұру керек екенімді сездім. «Мен ғана емес. Қаншама қыз сүйгеніне қосыла алмаған» деп өз-өзімді жұбаттым.
Ағаң жоқта бөлмедегі заттарды алып, Зәуре апайдың бөлмесіне қойдым. Жылы ұямдай болған сол бөлменің терезесінен ағаңның келе жатқанын көріп, бірінше рет келе жатқанына қуану орнына, қорықтым. Жазған хатымды үстел үстіне қойдым. Сосын қайтадан «Бақытың үшін бәрін кештім. Сенің бақытты болуың үшін өз бағымды жолыңда қидым. Тілеуіңді тілеймін. Еш уақытта сен жайлы жаман ойламаймын. Бәлкім, кезедесерміз. Сол кезде «Бақыттымын» десең болды» деген жерді қалдырдым да, қалғанын жыртып алдым. Бөлмеден қаша жөнелдім.Өз бақытымнан қашып бара жатқандай болдым.
Мен ол кетіп бара жатқан кезде терезеден көз ұшымнан көрінбей кеткенше, көзім талғанша қарап тұратын едім. Сол әдетімді білетін ол теріс бұрылып қарамастан қолын бұлғап бара жататын. Осы күнге дейін сол күндер елесімен өмір сүріп келемін.
Бақытымның бағасы – ағаңның басқа қызға үйленуімен аяқталмады. Құны қымбат екен. Есімнен айырылып жүріп сезбеппін. Жүкті екенмін. Не жыларымды, не қуанарымды білмедім. Ол кезде ағаңның тойы өткен. Ортақ таныстар бар. Естеймін ғой. Үйленген қызын да танимын. Қазір айту оңай. Ол кезде қиын еді. Жүктілігімді білген кезде бірінші шешеме айттым. Ол менен бас тартты. Менің анам перзентінен бас тартса, мен өз перзентімнен бас тарта алмадым. Ағаңа титтей де кінә артпадым. Бәріне өзімді кінәладым. Шешемнен ақша сұрап алдым да, сол ақшамен керек киімімді алып, автобекетке бардым. Көрші облыстан бір-ақ шықтым. Аудан орталығындағы мектепке мұғалім болып орналастым. Еден жуушы Нина апайдың үйінде тұрдым. Заты орыс демесең, керемет жан. Мені қызындай көрді. Үлкендер «көрер жарығы» бар екен деп жатады ғой. Сол рас сөз. Менің өмір сүруіме түскен жарық сәуле – балам болды. Ол туған күні жарысқазан асылмады, «ат ұстар туды» деп ешкім сүйінші сұрамады. Әкесі келіп, терезе түбінде тұрмады. Бірақ анасына қуат берді. «Саған мүлдем ұқсамайды» дейтін Нина апай. Мен оған қуанамын. Әкесіне тартқаны ұнайтын. Өскен сайын қылығына дейін ұқсап келеді. Менің артымнан ешкім іздеп келмеді. Мен де ешкіммен араласпадым. Кісікиік болып кеттім. Алла разы болсын. Зәуре апай соңымнан қалмай жүріп, институтты аяқтатты. Оны өзің де білесің. Мен ашылып ештеңе айтпаған соң, ол да сұрамайтын. «Бауырыңда балаң бар. Қандай бақыттысың?!» дейтін. Қалаға қайтып оралмадым. Ағаңмен жүрген көшелер, екеуіміз бірге отырған орындық, бәрі өткенді еске салып тұратын. Соның бәрі ауыр тиетін. Ағаңды танитындардың бәрімен ат құйрығын кестім. Әркім әр түрлі айтып жүрді. Мен ағаңа «мені шын сүйсе, неге бер рет іздемеді ?» деп қатты налыдым. «Оңай көне салғаны ғой» деп ренжідім. Ал сені сұрап, іздеді деген кезде бір адамға болсын мен жайлы айта алған ғой деп қуанып қалдым. Ал мен ол жайлы біреуге айтпақ түгілі атын ернімнен ежіктеп қана шығаратынмын.
Өткен жолы кездескен кезде сені көздеріңнен маған деген бір ренішті оқыдым. «Ағам жақсы» деп тұрсаң да, жүрегім соның бақытты емес екенін сезді. Сенің ештеңе айтпасыңды да ұқтым. Содан кейін жақсы араласқан досын іздеп таптым. Мен біледі деп ойлады ғой деймін. Әңгіме арасында «Қандай алтын жігіт еді? Қыздар түгіл жігіт біз қызығатын едік. Досқа адал еді ғой. Неге сондай адамдарды бір жерінен кем етіп қояды екен?» демесі бар ма? «Ол не сөзің?» дедім. «Қанша жыл өтті. Бірақ кішкентайлары жоқ. Басқа біреу болса, тастап та кетер ме еді? Бекең бір ауыз сөз айтпай, өзі ғана жүрегінде көтеріп отыр ғой» деді. Бір кем дүние десеңші?! Мен үстімнен біреу суық су құйып жібергендей болдым. Сол досынан білгенім: Тойдан кейін институттағы жұмыстан бас тартып, жолдама алып заводқа жұмысқа орналасыпты. Баяғы екеуіміздің бөлмемізді деканатқа барып, достарына алып беріпті. Кейін естіп жатырмын. Шешеме барған екен. Ол да жарытып ештеңе айтпаған. Не айтсын? Қызымды балаңмен қаңғыртып жібердім десін бе? Сен де іздеген екенсің. Тағдыр осы. Әркім өзінше топшылап жүре береді. Әркім өзін ақтап алады. Мен балам үшін бәрінен бас тарттым. Әке-шеше, туғандардан, өз өмірімнен де. Сол үшін ғана өмір сүріп келемін. Оның не жазығы бар? Өскен сайын әкесін сұрайды. Мен ешқашан әкесі туралы жаман сөз айтқан емеспін. «Сондай жақсы болса, сіз неге жалғызсыз?» деп сұрады. «Мен жалғыз емеспін. Сен барсың. Сен маған әкеңнің аманатысың. Мен әкеңнің бақытты болуы үшін өзімнің бағымнан бас тартқанмын. Тек соның бағасын әкең білсе деймін» дедім. Басқа не айтамын? Жаным-ау, мен сырты бүтін, іші түтін адаммын. Өткенде бір тойда «Келіннің басына орамал салыңыз, келініміз сіздей болсын» деді. Жан жарамды тырнап кеткендей болды. «Адамнан жасырғанды Алладан жасыра алмаспыз. Ниетіңізге рақмет. Жолын берсін дейтіндей басқа жандар бар шығар. Мен басыма ақ орамал салып, оң аяқпен босаға аттамадым. Ақ желек тағып, қалыңдық болмадым. Ерімнің жүрек жағында қатар тұра алмадым. Қолым талып, жылда бесік тербетпедім. Жалғыз баламның бетіне қарап қалдым. Сондықтан ниетіңізге риза болайын. Әуре қылмаңыз» дедім.
Баянсыз сезіміммен жап-жас қыздың басына қонған бағын шошытып алмайын деп қорықтым. Сол сөздерді айтып жатқан кезде жүрегім қыңсылап жылап жатты. Шындығы сол еді. Осыншама бақытсызбын деп жүрсем, шын бақытсыз Бегім екен. Сол менің мазамды алды. Содан бері тынышым кетті, ботам. Кеше сені көрген кезде бұл Тәңірдің маған берген бір белгісі шығар деп ойладым. Бүгін міне, өзіңе сырымды да, шынымды да айтып отырмын.
Менің сол кездегі күйімді айтып жеткізу мүмкін емес еді. Есімді жиып бар айтқаным:
- Атам «Егер саған Тәңір бір тауқыметті берсе, оны өзінен басқа ешкім жеңілдете алмайды. Жақсылығын беремін десе де, Жаратқанның жасар бір жақсылығы бар» деп айтатын еді. Осы сізге дәл айтылған екен. Жақсылығы болар.
Ол мені шығарып салды. Перронда тұрған кезде:
- Апай, мен сертке берік едім. Бірақ сіз менен сырымды ешкімге ашпа деп уәде алмадыңыз. Мен де сізге уәде бергенім жоқ. Сондықтан сырыңызды желге сыбырлап айтсам, ренжімеңіз, -дедім. Ол көзі жасаурап қала берді.
***
Елге келген соң ағам құттықтап келер деп күттім. Келмеді. Ақыры шыдамай өзім бардым. Үйде жоқ екен. Жеңгем жалғыз. Ағам туралы сұрап едім. Жеңгемнің іші толып қалған екен. Босатып жатыр. Шыдамай кеттім.
- Байқаңыз. Осы күнге зар болып қалмаңыз. Бұрын алып кетейін деген кезде керек деп бермедіңіз. Енді алып кетуге үйде бала саны көбейді. Үйімнің шаршылаңы да тарлық етеді. Енді амалдап бірге тұрасыз,- дедім.
- Әй, тентегім-ай! Сенің тіліңнің «қотырына» күйеу бала да ем таппады, ә? - деп күлді.
Ағам кеш келді. Шаршап тұр екен. Менің жаман әдетім бар. Ойыма алған нәрсені сол кезде айтып, жасамасам, кейін оны қолыма «өл» десең де алмаймын. Бүгін ойға алғанымды іске асырмасам, кейін мүмкіндік болмайтынын білдім. Сосын ағама мені «киноға шақырыңыз» дедім. «Мен ше?» деген жеңгеме таза атасы бірлер ғана барады» дедім.
***
Ағамды баяғыда туған күнін атап өткен жерге алып келдім. Одан бері жағалауда өзгерген. Менің де ойым өзгерген. Көп созбай әңгімені төтесінен бастап кеттім.
-Аға, мен сіздің Аяшыңызды көрдім.
-Қайдан?
Дауысында таңданыс, жүзінде бір толқу бар.
- Бір емес, екі рет көрдім. Сізге ештеңе айтқым келмеді. Үйде айта алмадым. Жеңгемнің жанын ауыртқым келмеді. «Маңдайыма жазғаны осы» деп салпыетек бір әйел сияқты өз-өзіңізден қашпай, бақытыңыздан бұғып бас сауғаламай бір ойыңызға өзгеріс жасасаңызшы. Сіз еркекпін деп жүрсіз ғой. Нағыз еркек ол сияқты. Мынау өр мінезді өмірде ер мінезі бар. Сіз ше? Өз-өзіңізге, ойлап жүрген ойыңызға қарсы шыға алмайсыз, не бір рет жолым болмады деп тағдырыңызды өзгерте алмайсыз? Адам баласы өзінің бақыты үшін күресіп көру керек. Әйтпегенде қолындағысына «тағдырым осы» деп қанағаттанып қала береді.
Менен мұндай қатты сөз естеймін деп ойламаған ағам тосылып қалды.
- Енді не өзгерер дейсің?- деді. Ыза болып кеттім. Қолына баяғыда шешемнен алған қоңыр дәптерді хаттары мен суретпен бірге ала келгенмін. Соны сөмкемнен шығардым да:
- Бұл сізге тиесілі дүние. Не істесеңіз де өзіңіз біліңіз. Елеспен өмір сүргенше, өзімен кездесіп көрсеңізші. Телефон номері мен жұмыс орыны осының ішінде жазылған. Алматыда тұрады. Өзіңіз біліңіз. Іздемесеңіз де мейлі. Сіз бақытыңыздың бағасы қаншаға түскенін білмей өтесіз,- деп қолына дәптерді ұстаттым. Әйтеуір бір жағына шықтым ғой деп:
- Аға, мынаны айтыңызшы. Тағы да сұрайын. Не үшін бір іздемедіңіз? Неге сонша сүйсеңіз бір рет болсын есіңізге алып, тым болмаса қайда екен, қандай жағдайда екен деп ойламадыңыз? Әлде сіз шын сүймедіңіз бе?
- Іздедім де, ойладым да. Әлі де ойлаймын. Басында ренжідім. Бетіме қарап тұрып, шынын айтпағаны үшін. Менің сезімімді, өзіне деген адалдығымды біле тұра басын қиындықтан ала қашты деп ренжідім. Өз ауызымен айта алмай, тілдей қағаз жазып кетіп қалғаны үшін ренжідім. Іздедім... Сосын түсіндім. Таңдауы осы болған екен деп мен де әкеммен келісіп, уәде бердім. Сезімім үшін отбасының шырқын бұзбайын, бата бұзған адам болмайын дедім. Әкемнің қаусаған сүйегін сүйретіп келген кезде бетінен алған қайырымы жоқ бала болмайын дедім. Уәде бердім. Тойдан кейін шығарып салып тұрып, «Бір қыздың өміріне опасыздық жасағандай болдым. Біреуінің көз жасына қалған мен болсам, сен енді екінші бір қыздың көзіне жас алдырма. Бұл да біреудің әлпештеп өсірген баласы. Жылатпа. Өткеніңе бұрылып қарайлама. Әкеңді кейін перзентің болған кезде түсінерсің» деді.
Мен үнемі оның елесімен сөйлесіп жүретін едім. Ұмыта алмадым. Іздеуге шамам жетпеді. Көрсем, бәрін тастап кетіп қалатындай болып тұратынмын. Жеңгеңнің де жазығы жоқ еді. Мені шын сүйді. Ол Аяшым екеуіміздің бақытымызды ұрлап алғандай болып тұратын. Бірақ егер ол да өз бақыты үшін күресіп тырысты. Оның «енді сүйгеніңді тауып аларсың. Соған кетерсің» деп айта алмағанын жанарынан оқитынмын. Аядым. Менің түнімен соны ойлап жататынымды сезіп жүрді ме екен? Бақытты етуге тырысып бақтым. Ол да бақыты үшін күресіп келеді. Алланың маған сол үшін жіберген жазасы, әкем айтқандай «қыздың көз жасы жібермеді» деп ойладым. Осы жағдайдан кейін өзімді күштеп бәрін ұмытуға тырыстым. Біраз жылдардан соң ұзынқұлақтан баласы бар екенін естідім. Тұрмысқа шыққанына не қуанарымды, не өкінерімді білмедім. Баласы бар екенін білген соң өткенді еске түсірмейін дедім де, бәрін қойдым. Кейде түсімде көремін. Мұңайып жүреді. Бәлкім, өмірде керісінше бақытты шығар,-деді. Бәрін білсем де, ештеңе айтпадым.
***
Ағам содан бері хабарсыз кеткен. Хабарластым, не іздеп бардым деп айтпады. Арасында жеңгеммен сөйлесіп, барлау жасап қоямын. Жаман ойым баяғы ағаң командировкаға кеткен деп айта ма деп. Ондай да жаңалық естімедім. Мына ағам шынымен «ынжық» екен. Әкесі Қара атам, шешесі абысындар арасында «пагонсыз Генерал» атанған Сары апам еді. Бұл кімге тартқан деп қоям.
Бірақ біреудің шаңырағы ну орман сияқты. Не болып жатқанын білмейсің? Арасында телефон арқылы сөйлесіп тұрған соң жақында көрген сияқты едім. Ағамды көрмегеніме аттай алты ай өтіп кеткен екен. Жаз шыға бәріміз ауылға барып, аталар аруағына құран оқытып, ас бердік. Ол жолы көпшілік арасында сөйлесе алмадық. Одан кейін көрмедім. Айттым ғой. Өз-өзімен оңаша жүргенді ұнатады. Ал енді мынасы несі екен? Бірнеше рет телефон соғыпты. Қайта телефон соғып едім, тұтқаны көтермеді. Бір кезде хабарлама келді. «Қолың тисе, қазір келе аласың ба? Шұғыл. Келші». Бұнысы несі тағы? Шошынып қалдым. Қалжыңы емес шығар. Сабақтарымды ауыстырып, такси шақырттым. Жол да ұзап кеткендей болды. Не ойларымды да білмей, ойым сан-саққа кетті. Не жағдай болса да, менің қолымның араласқан шаруасынан шықты-ау? Болмаса, мені неғып шақырды? Іштей дайындалып келемін. Сценарий қалай жүрерін бір құдай білсін.
Жеттім-ау. Есік ашық екен. Тып-тыныш. Шынымен, ағам қалжыңдаған болды ма деп есікті ашып, ішке өтіп едім. Шошып кеттім. «Аңырақай шайқасы» жүріп өткен сияқты. Гүлдер жерде шашылған, құмыралар сынған. Терезенің пердесі жерде. Қағаздар шашылып жатыр. Шашын жайып жіберіп жеңгем отыр. Кіргенімді білсе де, басын көтермеді. Ағам жоқ. Ілгері өтерімді, я тұра берерімді білмей тұрмын. Бір пәленің болғаны белгілі. Оған еш күмән жоқ.
- Міне, қорғаушың келді. Ал бәрің мені жазғырыңдар. Тағы кімді шақырдың? Айтыңдар. Айтып қалыңдар.
Затымыз бір ғой. Жеңгемді аяп кеттім. Мейлі қазір ұрып жіберсе де, көне беремін. Жанына бардым.
-Ақ жеңешем, бар ашуыңызды менен алыңызшы.
Итеріп жібере ме деп едім. Құшақтай алды. Солқылдап жылады. Мен қосыла жылап тұрмын. Бәрін айтып жылады. Атам мен Сары апам еркелетіп жақсы көрсе де, ағамның жақсы көре алмағандығын, бәрі сұлулығына сұқтанса да, содан ағамының бір өң көрмегенін, ерлі-зайыптылар арасындағыдай жылулық көрмегенін, тіпті бала сүюдің жолында іздемегенін айтып жылады. Жоқтау естіп тұрғандай күйде болдым. Шынымен бұл жанында жары болса да, бақыттың дәмін сезе алмаған әйелдің жоқтауы еді. Бұл керістің басталуына себепші болғанымды жорамалдадым. Бірақ нақты не болғанын біле алмай далмын. Ұзақ жылағаны көзінің ісіп кеткенінен байқалды. Ағам балконда болған екен. Оның да өңі оңып тұрған жоқ.
- Мына ағаң менен кетемін дейді. Кетемін... Сол қызға кетемін дейді. Мен не деуім керек? Айтшы. Сен не істер едің? Мен жылдар бойы тыныш ұйықтай алмадым. Осыны бір күні естейтінімді білдім. Бірақ дәл сол қызға кетер деп ойламадым. Бала сүйе алмайтынымды білген соң да айттым. Басыңа ерік берейін деп. Әлі жассыңдар деп апам жібермеді. Әлі уақыт бар деп өзі кетпеді. Енді келіп, кетем дейді. Мен кімге керек екенмін?
- О не дегеніңіз? Ақ жеңешем, бізге керексіз. Сіз біздің жақсы көріп өскен апамыздайсыз. Бәріміздің ерке апамызсыз. Қай кезде болмасын әулеттің енді ақыл айтар келінісіз. Бір ашуға беріліп, бәрін жоққа шығармаңыз.
Ағам бөлменің ортасында тұр.Түріне қарасаң, не нені айтарын білмейді, не айтарын айтып болды.
- Бәріне көнер едім. Балам бар дегені жаныма батты. Мен қанша жыл иығына шығып баласы ойнамады. Ел сияқты бір баланы ертіп жүре алмады деп өзімді жазғырдым. Талай таңда жастығым су болып ояндым. Мен бәріне көнген екен деп жүрсем, бұл бәрін біліп жүрген бе?
Шыдамай алмадым.
- Жеңеше, бір-біріңізден кетіссеңіздер де, жарасып қалсаңыздар да? Қатты сөз айтыспаңыздаршы. Мен айтайын. Бұған мен кінәлімін.
Бәрін баяндап басынан айтып бердім.
- Тағдыр деген бар. Маңдайдың жазуы деген бар. Ағамның маңдайына не болса да, сол қыздың аты жазылған шығар. Сіз бақыттың дәмін таттыңыз. Біз сізге қарап, бақытты әйел бейнесін көретін едік. Сіз ақ көйлек кидіңіз, келін болып, басыңызғы орамал салдыңыз. Сіздің айтқаныңыз да дұрыс. Бірақ сол кездері өзіңіз бақытты болған соң оның жайын, жанын түсінбедіңіз. Адам баласы сондай. Өз басына түспей ештеңе сезбейді. Сіз бүгін жылап отырсыз. Ал ол сол кезден бастап жылап келеді. Қан жылап келеді. Оның жанарындағы мұңды бәрі көретін. Аяйтын. Ал сізден ондай уайым сезілмейтін. Өйткені, ағам ешқашан сіздің жаныңызға кірбің, жүзіңізге көлеңке түсірмеген. Мен сол үшін ағамды сыйлаймын. Ал ол қыз өз қолымен сізге бақытын сыйлап кеткен. Сіз соны бағалай алдыңыз ба? Оның бақытының бағасы тым қымбатқа түсті. Жаратқанның жарылқағаны сол шығар. Сүйгеніне жүрегін суытқан кезде бауырын баласы жылытты. Ешкім кінәлі емес. Бұл тағдыр. Ешкім қашып құтыла алмайтын тағдыр.
Манағыдай емес. Жеңгем біраз басылды. Аяп тұрмын. Қолдан келері осы ғана болды. Ағам жанына барып, қолынан ұстап:
- Мен сенен біраз болсын бақытты болайыншы деп сұрап тұрмын. Иә. Сені сүймей үйлендім. Оның аяқ астынан жоқ болып кетуіне қанша ойлансам да, жауап таба алмадым. Әкеме уәде берген соң, оның жанын ауыртайын деп саған үйленетінімді айттым. «Неге?» деп те сұрамады. Жыламады. Мен сол кезде әкемнің онымен кездескенін тіпті сезбедім. Сен менің сүйген қызым бар екенін естісең де, білсең де бар-жоғы бір айдың ішінде тұрмысқа шығуға келістің. Мені ұнататыныңды сезетін едім. Бірақ мен өз сүйіктім бар кезде ешкімге бұрылып қарамдым. Мен сол кезде саған егер сүйіктім іздеп тапсам, сол күні рұқсат беретініңді ескерткем. Сен келіскенсің. Бірақ баламыз шетінеп кеткеннен кейін мен сенің жаныңды жаралағым келмеді. Кейін бала сүйе алмайтынымызды естіген соң қанша жүрегім сыздап ауырса да, сенің жаныңды жараламау үшін, қамкөңіл жаныңа қаяу түсірмес үшін оған деген сезім жолын жаптым. Сенің өзіңе қол жұмсамақ болғаныңды көріп, тым болмаса бір әйелді бақытты етейінші деп ойладым. Мына қарындасым «ынжықсыз» деді, досым «сатқынсың» деді. Мен соны да естімегендей болдым. Ол үшін жасай алмаған дүниені саған жасасам деп ойладым. Қанағатшыл болайын дедім. Қай жерде обал жасадым деп сан рет өзіме сұрақ қойдым. Мен сенің шын жүрегіңмен рұқсат бергеніңді қалаймын. Ешкімнің обалына қалғым келмейді. «Жақсылықтар – Алладан, ал кездескен жамандықтар өзіңнен» деуші еді. Баламның болғаны да Алланың жақсылығы шығар. Сол баламның әкесі бола тұра, некесіз екенін ертең бетіне баспаса деп тілеймін. Тізем отырғызып ойната алмасам да, қолынан ұстап жанында жүргім келеді. Сенің алдындағы міндетімді толық орындаймын. Жалғыз қалдырмаймын. Жасырынбақ ойнағым келмейді. Сенің жаныңда жатып, оны ойлап, екеуімізді де алдағым келмейді. Ақылыңмен мені еркек еткенің рас болса, осы жолы сол ақылды жарым мені түсінер деймін.
«Не істесем екен, саған?» деп жеңгем солқылдап жылап, ағамның иығына басын салды. Мен жылап тұрмын.
- «Уәде – құдай сөзі» деген. Босқа уәде беріп керек емес екен-ау? Осы күн бір күні туарын білдім ғой. Мені осы күнге дейін жылатпағаның үшін, ауыр сөз айтпағаның үшін ризамын. Жыласам, өзім жыладым. Кейде осы басқа біреуден бала сүйсе екен. Сол кезде ештеңе демес едім деп ойлағам. Сол тілегімді қабыл алған шығар. Бес уақыт намазында оның «бақытты болуын» тілеген атамның тілегі қабыл болған болар. Мен асылық жасамайын. Бердім рұқсатымды. Осы жылдарым үшін ризамын. Тым болмаса, балаң бақытты болсын. Оның жазығы жоқ. Тек бақытыңды бағалай біл. Кейін өкініп жүрмейін,-деп жылады.
Жеңгем шынымен ақылды әйел екен. Өзімді құрбандыққа шалды. Мен мұндай ерлікке бара алмас едім.
Екеуі бір-бірінің көз жасын сүртіп жатты. Ақырын шығып кеттім.
***
Далада үп еткен жел жоқ. Тып-тыныш. Демін ішіне алғандай. Кетіп қала алмай, есік алдында отырмын. Жаңағы жайды ой елегінен өткізіп отырмын. Ағам жеңгемнің алдында адал жар болуға тырысқан екен. Ұят-ай, осындай ағама «ынжық» деп. Елдің қанша қаңқу сөзін естіп жүрсе де, кейбіреулер сияқты қол көтеріп, бала тумадың деп шашынан жұлмай, не ащы суға үйір болмағанын айтсаңшы. Бәрін ішіне сақтаған екен ғой. Әке мен шеше алдындағы перзенттік борышын өтеймін, қарсы шықпаймын деп жастық шағының көп күнін іштей күйзелумен өткізген. Осының бәрін сыртқа сездірмеген. Асылында, біз өзімізді жұртпен салыстыруға құмартып тұрамыз. Сөйтсек, ол біз ойлағандай емес екен.
Үйге жеткенше көп нәрсені ой елегінен өткіздім. Үш адамның тағдыры тағы кімдердің басында бар екен? Бақытының құнын – уәдемен межелеп сүйіктісі кетсе, әке-шешесінің қарғысын алмайын деп баласы қалды, ал осы жерде «бақытты» деген жеңгемнің тағдыры ең аянышты сияқты. Бірақ ағам «жалғыз қалдырмаймын» деді ғой. Ол сертке берік адам. Бақыттың бағасы тым қымбат екен. Мен соны білдім. Сіз де біле жүріңіз.