ӘңгімеДиуана көрсек қорқатынбыз. Көшеде алқам-салқам киінген біреу үйге жақындағаннан бала біткен тұ...
Ақерке Маратқызы. «ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІН СЫНАУ КЕРЕК. СЫНАЙТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ»
Сын дегеніміз – кемелдікке жетудің бірегей жолы. Кезінде орыстың Пушкин, Лермонтовтары барда Белинский «Бізде әдебиет жоқ» деген болатын. Әдебиет барда – сын бар. Сынның айтылып жатқаны, бұл әдеби үрдістің ілгерілеушілігін байқатады. Смағұл Сәдуақасұлы тегіннен-тегін «Қазақ әдебиетін сынау керек. Сынайтын уақыт жетті. Қазақ әдебиеті ақсаса, сынның көптігінен емес, дұрыс сынның жоқтығынан ақсап отыр... Қазақ әдебиетіне толық сын керек. Сынағаннан әдебиет ақсамайды, қайта сынның жоқтығынан әдебиетті тот басады» деп айтып па еді? Демек, сын екен деп бет жыртысып, айдаладан орағытып келіп, қайдағыны көку немесе жата кетіп қошеметтеп, мақтау емес. Сын деп көркем туындыға шынайы әдеби-танымдық талдау жасай отырып, баға беруді айтамыз. Әдебиет – сынмен көркейеді. Түптеп келгенде әдебиетке де күтім қажет емес пе?
Сын не үшін керек? Сыншының мақсаты қандай? Сынды кімдер, қалай қабылдап жүр? Әңгіменің әлхамын осыдан бастасақ, бірнеше мәселенің шегі мен шеті көрінгелі тұр.
Жалпы, сын дегеніміз не? Сын – нағыз творчество. «Сын күдікке жақын» деп жазады В.Г.Белинский. Сында артық-кем пікірлер айтылуы мүмкін. Мүмкін ғана емес аса қажет деп айтуға болады. Әдеби сында ерсілі-қарсылы, қайшылықты ойлардың айтылуы заңды құбылыс.Сыни-эстетикалық талғам жоқ жерде, көркем өнер де болмайды. Көркем өнердi жасаушы суретшi, жазушы, ақын, мейлі әнші болсын, олардың талғамын қалыптастыратын сын деп білемін. Осы орайда Ж.Сомжүректің «Әдебиет сыны қай елдің әдебиеті екеніне қарамай шығармалардың сынын сындайды, мінін міндейді, бағалайды, асылы мен жасығын айырады, маңызы мен мәнін анықтайды оқырмандардың әдеби талғамын тәрбиелейді, автордың жетістіктері мен кемшіліктерін көрсетіп, жалпы әдеби процесті жіті бақылап отырады» деген пікірі еске түсіп отыр.
Расында сын дегенім осы екен деп беттен алып, төске өрлеп, жоқты бар деп көрсеткен сыни дүниелер де болмады емес, болды. Оны қайта қаузап, көкіп отырудың қажеті жоқ шығар. Бастысы сол бір олқылықтарды ескере жүрсе болғаны, болашақ сыншылар.
Бүгінгі күні сынды қабылдау әдебі төмендегендей көрінеді. Жақсылы-жаманды жазылған сынның ізін суытпастан қарсы мақала жарыққа шығады. Арада дау туындайды. Кейде артық кетіп, жеке басын қаралап жататын мақалаларды көргенде кіші буыннан ұяласың. «Алдыңғы арба қайда бастаса, соңғы арба сонда» жүрмеуші ме еді? Арбамыз соқпаққа келіп тірелмесе болғаны!
Қазақ әдебиеті сынының тарихына көз тастар болсақ, «Қазақтың бас ақыны» деп хәкім Абайды күллі жұртқа танытқан Ахмет Байтұрсынұлы, «Дыбыспен сурет жасауда, сөздің сыртқы түрін әдемілеуде Мағжанға жеткен қазақ ақыны жоқ» деп баға берген Жүсіпбек Аймауытовтар секілді қаламымен қаламгерді танытқан сыншыларымыздың қазіргі күйі қалай? Сыншы Аманхан Әлімұлы: «Шынымды айтсам, бүгіндері сыншылар белгілі бір қаламгерді әдебиетке алып келді дегенді оқыған да, естіген де жоқпын» - деген болатын. Сыншының пікіріне келісе кетпесек те, алып-қосарымыз жоқ. Түптеп келгенде қазақ әдеби сыны өзiнiң уақытына, өзiнiң уақытындағы әдебиетке жауап беруі тиіс емес пе?
Сөзді сынау үшін кәсіби талдай білу керек. Әдеби, кәсіби талдау жоқ жерде сын болуы мүмкін емес. Бүгінде жастар неге сынға көп жоламайды? Әсілі, әдеби сынға келуге қорқақтаса керек. Бір жағы әдеби білімінің жеткіліксіздігі болар, онымен қоса алдыңғы аға буынның өкпе-назы, қатал сынына ұшыраудан қорқады. Аяғы дау-жанжал, ұрыс-керіске ұласып кетуінен сескенетін секілді. Меніңше, қазір ешкім басынан сөз асырғысы келмейтіндей. Әркімдікі өзінше дұрыс. Қара сөзден тас қашаған қазақтан сөз қалып па, сірә!
Бастысы сынды әдеппен айтып, ақылмен қабылдай алса болғаны!
«Қамшы» сілтейді