Ақын Салтанат Қайырбектің 7 өлеңі

ӘДЕБИЕТ
3667

Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап келеді. Бұған дейін елге белгілі бір топ ақын өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз!
Бүгін қазақ поэзиясының жас буын өкілі, сезімтал ақыны - Салтанат Қайырбектің 7 өлеңін ұсынамыз! Мархабат!


Ақын Салтанат ҚайырбекАқын Салтанат Қайырбек✾✾✾

Маған деген сезім емес,
Маған деген от та емес.
Нәр алмайтын көзімнен еш,
Жүрегіме беттемес.

Сұқтанады, үйретеді.
Шықпасын деп шектен еш.
Мені неге күйретеді,
Жұрт айтатын көп кеңес.

✾✾✾

Жауын-шашынды,
күркірегенді,
жарқылды,
сандуғаштардың сайраған әнін,
саңқылды.
күбір де күбір әңгімелерді 
әр түрлі,
қарбалыстарды, қарқылды

тыңдағым келмейді.

Көңілімдегі,
көңілімдегі бол көктем.
Тамшының үнін естуді үйрет, мөлт еткен.
Жүрегім құсап,
жүрегім құсап селт еткен-
Құстың қанатын сезуді үйрет желп еткен.

✾✾✾

Жылт етіп жадымда қалады ау,
Бұл әуен мен үшін даралау.
Дауысқа,
мейірім қылады кім жырға?
Осынша төзуге бола ма шынжырға?
Ұша алмау- өзіңді аралау.
Мүмкін бе аспанға қарамау?
Еріксіз күлімдеу, 
Төзімді тілімдеу -
Оңай ма, білінбеу?

Ойыңмен оңаша күн кешу,
Орманда қалып қойғасын -
Жұлдызбен тілдесу.

Саршұнақ аяздар - мұздыкі
Сардала атырап - күздікі.
Сарғалдақ әуендер аяулы -
Біздікі... 
Біздікі...

Жүрек

✾✾✾

Толғанысы тереңдеу, назы бардың.
Ойларымды қағазға жазып алдым.
Тамыры бар, гүлі жоқ адамдарды -
Жұдырықтай жүректен қазып алдым.

Болмашыға көңілім суысын ба?
Тілегімде досым да, туысым да.
Поэзия жасайды бөлек әлем -
Жүректің уысында.

✾✾✾

2017 - жылғы плейлист 

Тыңдағанда әсерлі де ұнамды.
Тауып алдым ерекшелеу бір әнді.

...Жол-жөнекей қалтаңдағын сақтауға,
Индрайвермен жанармайды ақтауға.

Болады деп Астана тас жолында,
Естіп алып байқап көрдім оны да.

Бара салып латте алдым.
Білем, тек,
Жарытпаймын үнемдеп.

Екі ғашық жолаушыны мінгізіп,
Әңгімені естіп келем бір қызық.

Студент я түлегі екен "Шабыттың",
Иығымнан мен көз тастай қалыппын.

Жарқын жандар ыңылдайды, билейді.
Той әндерін, көрініп тұр, сүймейді.

Менің әлгі сүйікті әнім басталды.
Ән туралы ой ортаға тасталды.

Автор, әнші жайында сөз, ән естіп.
Келе жаттым.
(айтып берсем, әбестік...)

...Жол жүрерде таптаурынға таңырқап,
Шыққан едім жапа шегіп, жабырқап.

Көңіл тозып, қалам, дәптер, үй, хақым.
Елестеттім биіктіктің сипатын.

Үлгермедім құдайдан дым сұрап та,
Қарашы, әне, дауа берді бірақ та:

Тұйықпын мен, таныспаушы ем, шақ қалып.
Автор жайлы айтты екеуі ақтарып.

"Бекер келдік, негізі бұл қалаға,
Студияда болар едік бағана..."

-деді. Ал мен ақын едім былай да,
Екі әнші актер болды құдайға!

Өнер, автор жайлы айтты жарысып,
Келе жаттым жүрегіммен дәрі ішіп.

Жұрт жыққанда тылсымға кеп құлайды.
Содан бері аңғалдығым ұнайды.

✾✾✾

Көзімнің жасы ақталар.
Көңіл де бір күн уанар.
Есімім де әлі мақталар,
Қуанатындар қуанар.

Сезімталдарға мұң - қару.
Жылауда зейін ашылу.
Іске қосылып шыңдалу -
Басынған сайын басылу. 

Ұшу да керек, құлау да.
Өмірді дұрыс сүруге.
Жасықтық жетер жылауға,
Парасат керек күлуге.

✾✾✾

Боркемік
Беймаза болжамдар.
Көрікті ойымды кім жалғар?
Әсемпаз адамға алмалы қаланың 
кәдімгі көшесі - гүлзарлар.

Сүйсіну өнерге тән шығар?
Көңілдің гүліне зар шығар.
Әйтпесе,
Қамалған ақынға зәулімдер 
- төрт бұрыш,
Алматы көшесі - шаршылар.
author

Салтанат Қайырбек

АҚЫН

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...