Сейіт Кенжеахметұлының қалжыңдары

ӘДЕБИЕТ
7465

Дүниеге кедей болсаң

Әкем Сейіт дүние-мүлік жинамайтын, кітап жинаған адам болатын. Біздің үйге келген бір әріптесі:
— Секе, дүниеге кедей екенсің ғой, — депті.
— Дүниеге кедей болсаң, өнерге бай боласың – деп жауап берген болатын.

Әкем өзі жинақтаған, бір ізге салып зерттеп, көпшілікке шын ықыласымен ұсынған халқымыздың салт-дәстүрінде қалжыңның түрлерін берген. Соның ішінде құрдастар қалжыңының үлгісін көрсетіп кеткендей…

Құрдастар қалжыңдары

Белгілі жазушылар Қойшығара Салғараұлы, Сейіт Кенжеахметұлы, Қоғабай Сәрсекеев және журналист Сабыржан Шүкіровтер бір ауданда және бір жылы туған құрдастар екен. Олардың кезінде бір-біріне айтып жүрген жарасты әзілдері жұрт аузында жиі айтылады.

Кім озады?

Бірде Қойшығара аға, Қоғабай ағай, әкем Сейіт оқырмандар арасында болып, топ ішінен біреуі:
— Осы үшеуіңнің қайсысың озық жүресіңдер? – деп сұрапты. Қоғабай мен Қойшығара бір-біріне қарайды. Сол сәтте әкем Сейіт орнынан тұрып:
— Кітапты сапалы әрі тарихи тақырыптар жазуда Қойшығара озық келеді. Өзі сияқты жуан-жуан етіп шығаруда Қоғабай озады. Ал, өзім сияқты жіп-жіңішке әрі жиі-жиі шығаруда мен озамын. Егер үшеуміз күресе кетсек Қойшығара жығады. Жарыса кетсек мен озамын. Төбелесе кетсек Қоғабай жеңеді, — деген екен.

Ел мен жер өзгерсе

Жанында бір топ серіктері бар Қоғабай мен Сейіт ел аралап келе жатады. Туған аулына келген Қоғабай жолда тоқтай қалып:
— Жер де тозып өзгерген екен-ау. Мына жер біздің жас кезімізде жайқалған шабындық еді, енді қоғажай басып кетіпті, — депті. Сонда Сейіт:
— Жер өзгерсе шөбі қоғажай болады, ел өзгерсе жазушысы Қоғабай болады, — деген екен.

Мәтел

Отырған жерде Қойшығара ағаның кітап қарап отыратын, Қоғабайдың қыз-келіншектерге көз салып отыратын, Сабыржанның шәйді көп ішетін әдеттері бар екен. Соны байқаған әкем Сейіт:
Қойшығараға кітап көрсетпе,
Қоғабайға қыз көрсетпе,
Сабыржанға шәй көрсетпе, — деген мәтел шығарыпты.

Қойшы мен Қоға

Бір жылы Қоғабай, Қойшығара, Сейіт үшеуі Торғайға барыпты. Үшеуінің қабат келгеніне таңданған біреу, Сейіттен:
— Неғып жүрсіңдер? – деп сұрапты. Сонда сатирик:
— Қойшыға қоға аралатып жүрмін, — депті.

500 жыл қуу

С. Шүкірұлының алғашқы жинағы оның елу жасында шыққан екен. Соны ұстап отырып Сабыржан:
— Енді Сейітті қуып жетуім керек, — десе керек.
Сонда сатирик:
— Менің он кітабым шықты. Сен елу жылда бір кітап шығарасың. Сонда мені әлі 500 жыл қууың керек қой, — деген екен.

Төбеге отыру

Арқалықта жаңа үй беріліп одан Сейітке жоғары, Сабыржанға бір қабат төменнен пәтер тиіпті.
— Екеуіңіз неге бір қабаттан алмағансыңдар? – деп сұрапты Жұмағали аға.
— Мен Сабыржанның төбесінде отыруым керек қой, — депті әкем Сейіт.

Өлі Сталиннен…

Біздің үйдің төрінде бұрын И.Сталиннің суреті ілініп тұратын. Кейін біз ол суреттің орнына әкем Сейіттің өз суретін іліп қойдық. Мұны байқаған жолдастары «мына жердегі Сталиннің суреті қайда?» дегенде Сабыржан Шүкірұлы:
— Оны сұрап қайтесің, өлі Сталиннен тірі Сейіт артық қой, — деген екен.

Мен де жүрмін ғой…

Күйеу баласы Асылханды әкем пысықтығы, әділдігі, шыншылдығы үшін жақсы көріп жақын тартатын. Сол күйеу баласы жүк машинасын сатып алғанда, әкеме «Көріңіз, бата беріңіз» — деп үйінің алдында тұрған машинасына ертіп апарады. Машинаны айналып қарап жүрген қайын атасы Сейітке күйеу баласы Асылхан:
— Папа, машина бірақ 1993 жылғы, — дегенде, әкем:
— Оқасы жоқ, мен де жүрмін ғой 1939 жылғы, — деп бәрімізді күлдіргені бар.

Материалды ұсынған

Зәмзәгүл КЕНЖЕАХМЕТОВА

author

Сейіт Кенжеахметұлы

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...