...так кто ж ты, наконец?Я – часть той силы,что вечно хочет зла и вечно совершает благо.Гете,...
Асқар Наймантаев. Ей, қарт Мазақ, қарт Мазақ!
6608
Белгілі актер, режиссер, сатирик Асқар Наймантаевтың қағытпа қалжыңдарын, әзіл ойларын оқырман назарына ұсынамыз! *** Сандуғашы сайраған, Әкімдерін айдаған, Сақшысы жолды байлаған, Жемқорлары тоймаған, Індет келді дегенде Салют атып ойнаған, Жаназасын қазақтың Яхтасында тойлаған, Компартия дәстүрін Әлі күнге қоймаған, Өлейін деп жатса да Ұрандауды ойлаған, Тамаша ғой айналам! Мода былшыл Ықылым заманда, баяғыдо-о-о-оу ғой сол, ТАС дәуірінде, Ақи мен әйелі Шұқи екеуін Быти өзінің үңгіріне мамонттың қуырдағына ма, соғым басына ма шақырған екен. Басқа үңгірден де көптеген қонақтар болатынын айтыпты. Ақидың әйелі Шұқи қонаққа жиналып жатып, күйеуіне чип-чисто женский сұрақ қойыпты: - Ақи, қандай жапырақты кигенім дұрыс, емендікін бе, қайыңдікін бе? Сонда Ақи: - Қалақайды ки. Хулигандар етегіңе жармаспайды! - деген екен. Мода дейсіңдер бүгін! Уот тәк! (Бұрнағы жылы айтылған былгыл, жаңғыртып қойдым просты) *** Айдөш қойдың етін сатып тұр. Біреу келіп: - Ет қаншадан? - 2-ақ мың теңге, ала ғой! Өзім баққан мал! - Не беріп бағып едің? - Тәтті, дәмдінің бәрін жеді! Бал бердім, қаймақ бердім, ауыздан жырып осыны бақтым. Тіпті Атыраудан қара уылдырық алғызып бердім. Еті деген балдай! Ала ғой!? - Негізі мен салық инспекциясынан едім. Жұрт айлығына әрең күнелтіп жүргенде Сіз бал, қаймақ, уылдырықты қандай табысыңызға алдыңыз? - Оу, шырағым, міне саған он келесі, тегін бердім, ала ғой. Мені шырылдата көрме?! Он келесін тегін арқалап анау кетеді. Тағы біреу келеді. - Ет қаншадан? - 2-ақ мың теңге, өзім баққан мал... - Не беріп бағып едіңіз? - Не болса соны жеді! Өзіміз әрең күн көріп отырғанда бұған не береміз? Қалған құтқанды жеді, Сәләркі ішіп, қағаз жеді... - Мен негізі санэпидемстанциядан едім. - Ойбай шырағым, мә бес келе! Тек, мені шырылдата көрмеші!? Бес келесін арқалап ол кетеді. Тағы біреу келеді. - Ет қаншадан? - 2-ақ мың, өзім баққан мал еді... - Не беріп бақтыңыз? - Өй, білмеймін, ақшасын қолына беріп жіберем, өзі Магнумнан керегін алып, жеп келетін! *** Көк сарайда көсіліп жатқан бір көсемнің миы қайнап, қаны қызып, көзі аларып, асқазаны айғай шығарып, өкпесі өрекпіп, бүйрегі бұлтыңдап, қысқасы ішкі дүниесінде митіңгі басталып кетіпті. Ми былбырап, былқып тұрып: - Негізгі, басты мүше мен болам! Мен бәрін реттеп, жолдап, қолдап отырмасам күндерің қараң! - дейд. - Ибай, кө-кө-көзіңе қарап сөйле, біз болмасақ ақпаратты қалай алар едің? Кімнің жақын, кімнің алыс екенін қалай ажыратар едің? - деп көз бағжаң ете қалыпты. - Мен болмасам оттегін қалай алып, қайтіп өмір сүрер едіңдер? - деп жүрек дүрс ете қапты. - Өу, шіркіндер бәріңді қоректендіріп отырған мен емеспін бе? Мен болмасам дауно құритын едіңдер! - деп асқазан арс ете қалыпты. Қойшы, бүйрек, бауыр, өкпе де, тіпті төмен жақтағы өкше де өздерінің Бас мүше болуға лайық екенін айтып қалыпты. Манадан бері осыны үнсіз тыңдап, өмірі тырқ етсе де мыңқ етпейтін атың өшкір артқы тесік пырт ете қалыпты. Пырт еткеннің артынан көсем болса да көргенсіз иіс шығады. Сонда да оны кім көзге ілсін, сөткесіне ары кетсе он минөт жұмыс істейтін кер жалқауды ешқайсысы місе тұтпайды ғой. Бұлардың бәрі көсемнің көсілуіне, кейде тіпті есіруіне, сұлу көрсе тесілуіне тынбай еңбектенетін пақыр емес пе! Ешкім пырт еткеніне қырт етпеген соң артқы тесік бір апта экспорт шығармай жатып алыпты әлгі жерде. Ішкі дүние мүңкіп кетіпті! Құдай көрсетпесін бауыр ашып, асқазан қыжылдап, қан қоймалжың тартып, сұмдық болыпты! Келесі аптада керісінше, тік ішектің тығыны босап, келгеннің бәрін сыртқа ыңқытыпты. Ауыздан кіргені сол артқы жақтан ытып шығады. Ішкі дүние нәр татпай, әлсіреп, діңкесі құрып, артқы бәленің Бас мүше екенін амалсыз мойындапты. Боқтың иісін сезбей Бас мүше болу оңай емес-ау! Әй бірақ, артына бір қарамай басқарып отырғандар көп қой. Менікі былшыл ғой. Уот тәк! «Ысқырық» Үй-й-й, ысқыратын едік қой! «Іщщщууу!, Іщщ – щу,іщщу-іщу- щу-щу!» Кешкісін ауылдың көшесіне шықсаң – симфония! Әр жігіттің өз ысқырығы бар, әр қыздың еститін өз ысқырығы бар. «Іщщууу- іщу-іщу!». Әр «достықтың» өз ысқырық-поролі бар. «Сұңқар» - «Вщит,вщит» десе, «Аққу» - «Щи-щу-щу –ииит»-дейді. «Достық» деген ауылдағы жігіттердің бөлінетін жеке-жеке топтары. Әрқайсының өз тәртібі, жеке «уставы» бар. Кішігірім «мафия». Кинода отыратын орындары бөлек, жүретін қыздары бөлек, ауылға жаңа бір қыз келсе оған келісіп баратын уақыттары бөлек. Бөлек ысқырығы бар. Шағын ғана ауылда «достықтың» бірнешеуі болатын. «Космос» (« Көңіл оты сөнсе де, махаббат оты сөнбейді» -деген сөздің бас әріптері. Біразын ұмытып қалыппын), «КосДос», «Қарлығаш»... бірақ ұсақ-түйек осы «достықтардың» негізгі арғы «аталары» «Сұңқар» мен «Аққу»! Содан тараған «бес ата». Біздің кезімізде солай еді. Қазір он бес ата болған шығар. Кейбір аптарихаты бар жігіттердің жеке ысқырығы болатын. «Қырманға кел қалқатай» - дегенді естісең, демек Тымпыш көшеде деген сөз. «Мен келдім, шықпайсың ба?» - деген де ысқырық бар. Ол Әшірәудікі. Жалпы көшедегілерге ескертпе ысқырық бар. Ол «Қыз Жібектегі» Бекежанның кернейлеткен әуені. «Сатыбай» көшеде!» - деген үрейлі пороль болатын. Сатыбай – ауылдың участковойы. Сатыкең көшеден өтсе ит үрмей, әтеш шақырмай қалатын. Сиырлар да күйісін тоқтата қалушы еді. Қызы бар үйдің есігінің алдында он минут ысқырған соң, сол үйдегі кемпірдің галөші төбеңе «тоқ» ете қалатын. Күндіз ине сабақтай алмайтын кемпірлер, түнде тәпішкесін төбеңе тошно қадайтын! Ары қарай қарғыс кетеді: «Ой, жер томпайтқыр! Жеті түнде бәле шақырып жүрген қай тісің сыңғыр екен ә?!», "Үй, жерге кіргір!» «О, түйнек! Қу шешек! Мүттәйім! Жүгермек!». Алды-артыңа қарамай зытасың! Зытып бара жатып «Ущщщиииит, ущит,ущщщит!» - деп ысқырып бара жатасың! Ертесі сол үйдің қызының көзі қызарып,ісіңкіреп жүреді. Қыздарды «вешірге» шақыру дүниенің азабы еді! «Ысқырмай келіңдер! Ысқырсаң үйден шығармайды! Келгендеріңді амалын тауып сездірсеңдер, өзіміз шығамыз» - деген ультиматум қойылады. Көнесің. Көнбесе шараң жоқ, қызы жоқ «вешір» - тұзы жоқ «нан жәркөп» (Нарынқолдың ғана мәзірінде бар тамақ)! Қыздың есігінің алдында төрт-бес «данышпан» келгенімізді қалай білдіру керегін ойластырып, «Барбарос» жоспарын құрып тұрамыз. Ақыры бір данышпан:»О, таптым! Қораларың бөтен қой кірген жоқ па?» - деп кіріп барайық дейді. Табылған ақыл! Біреу зу деп үйге кіріп кетеді. Жарықтық қыздың әкелері аңқау еді ғой. «Ассалау»- деп кіріп барғаныңда: «Уағалайкөм, төрге шық, шай іш»- дейді. «Жоқ, аға рахмет. Қораларыңызға бөтен қой кірген жоқ па?» - деп, өзің негізгі барған «бөтен қойға» қарап қоясың. Ол қызарақтап тұрады. Қыздың әкесі далбалақтап қолына шам, сіріңке алып қораға кетеді. Сен бірге шығып, қараңғыда қой санайсың. Ақыры: «Кешіріңіз, жоқ екен. Басқа қорадан қарайын. Қайда жүр екен ей, әкең...» - деп шығып, көшенің бұрышында тұрасың. Бір кезде «бөтен қой» өзі портішкеден бе, бір жерден сыланып шыға келеді. «Вешірге» тартасың! Келесі «вешірге» енді «бөтен қой» өтпейді. Басқа сылтау керек. Дал болып тұрғаныңда тағы бір тапқышбек «Таптым!» - деп аспанға секіреді. «Танымайтын біреуміз кірейік те, «Адыраңбайдың үйі қайсы?» - деп сұрайық. «Керемет! Ал, кім кіреді?» «Өй, маған болмайды. Мен өткенде «бөтен қой» сұрағамын!» «Сен кір, сен кірмен» ақыры арамыздағы қорқақтау біреуді жібереміз. «Ассалау» - деп кіреді. Сол баяғы ақкөңіл әке төрге шақырады. «Жо, рахмет, Адыраңбайдың үйі қайсы екен?...» - деп міңгірлейді. ... Аң-таң қыздың әкесі: «Оу, балам, өз үйіңді неге іздеп жүрсің?» - дейді!!! Ақымақ! Сасқалақтап, көшеде келіскен сценариді қайталап, өз үйін сұрап... басқа ой келмеген ғой басына. Бекежанның әуені көшені жаңғыртып жібереді. «Сатыбай көшеде!» Артынша «Есің бар да елің тап!» - деген ақылды ысқырық естіледі. Көше жым-жырт тына қалады. Тек Сатыбайдың «Сарыала қаз» деп аталған сары «газигінің» «ыыыңң, қырқ,қырық» - деп үшінші скорысқа түскен дыбысы бүкіл ауылға естіліп тұрады. Ей, қарт Мазақ, қарт Мазақ! Ей, қарт Мазақ-ау, қарт Мазақ, Атыңның басын тарт, Мазақ! Менің немді сұрайсың: Бұхар барсаң – сартты көр, Сартты көрсең еліңде Сақалын сатқан қартты көр? Құлжа барсаң – қытайдың Алдында жатқан мөрді көр, Мөрді көрсең қазаққа Қазулы тұрған көрді көр. Кеден барсаң буылып, Сатылып жатқан теңді көр. Теңді көрсең – байлығын Қимаған сыртқа елді көр. Ерте тұрып, ерінбей, Қызарып атқан таңды көр, Таңды көрсең – қазақтың Көзінен аққан қанды көр. Көртоғай барсаң – шыңырау, Тереңде жатқан құзды көр, Құзды көрсең – еліне Жете алмай жатқан қызды көр. Алматы барсаң тиын көр, Тиын көрсең байлықты Желге ұшырған құйын көр. Алғашында Қарт Мазақ Қу сөзбенен жай тарттың, Жалған сөзбен оқ аттың, Уәдені қардай бораттың, Сол уәдені жоғалттың, Қане шыққан мүйізің? Бір белеске келгенде, Бетпердеңді киініп, Күрсініп, жалған күйініп, Бола қалдың “перішре” Қане шыққан мүйізің? Белеске енді шыққанда, Ақ балтырың түрініп, Оймақтай аузың бүріліп, Қарт бурадай қамданып, Қас батырдай шамданып, Достарың шындық сөз айтса, Шыныңменен арланып, Ауызды бақтың бір кезек, Қане шыққан мүйізің? Тағы бір төбе асқанда, «Қоңыраулы найза қолға алдың, Қоңыр салқын төске алдың», Жақыныңа шүйілдің, Жазықсызға түйілдің. Көксерек атты борбайлап, Дәстүрді бұздың айғайлап, Қане шыққан мүйізің?! Келесі қырға келгенде, Көк көз елдің шетіне – Жел жағына қаласың, Ық жағына панасың. Кәпірден қиқу төгілсе, Елге таман үңілсе, Тіліңді тістеп қаласың, Қане шыққан мүйізің?! Асуға үлкен келгенде, Топқа бардың бой түзеп, Дауға бардың тіл безеп, Билік алдың мың кезек, Қане шыққан мүйізің?! Шыңға кезек келгенде, Сақал-мұртың қуарып, Бойға біткен тамырдың Бәрі бірдей суалып, Жағымпазға жұбанып, Мақтағанға қуанып, Еріңе бермей бір кезек, Талдырып аштан, құр өзек, Ағайынды санайсың, Жерде жатқан қу тезек. Қане шыққан мүйізің? Даланың бәрін саудалап Сарт болды ма бұ қазақ? Сыртқа төгіп байлығын Мәрт болды ма бұ қазақ?! Көрінгенге қол жайған Шорт болды ма бұ қазақ? Қане берген жауабың?
Мені бүгін шығарды... Ақыры шығарды мені. А-а? Түрмеден?! Е, жоға! ... Аузың абыройлы әңгімеден алыстап кеткен екен! Түрмесі несі?!.. Жындыханадан шығарды! Немене? “Жазылып шықтың ба?”... Әй, сауатсызым-ай, не дейін саған, жындыханадан жазылып, ем қонып шықпайды адам! Ол жерден өздеріндей болғандарды ғана шығарады! Сөзімнің тысына қарап тыржимай, астарынан жиіркенбей, ашып қара. Бірдеме ұқсаң дымың ішіңде болсын, өзің ұқ та өзгеге ұқтыруға тырыспа. Өзге ұға қоймайды, ұға қойғаны “ұқтым”- демейді. Жетті ме миыңа? “Өз-де-рі си-яқ-ты бол-ған-да шы-ға-ра-ды!?” Міне, мен енді өздерің сияқты болдым. “Өзіміз сияқты ойлау қабілеті жетілді. Қоғамға еш зияны жоқ” – деген бір бет қағазым бар қолымда. Қазір бір мінезім сен сияқты, “алсам, жесем!”- деп жұтынып тұрам. Бір қылығым... охо, мына Сіз сияқты, өтірік безермей-ақ қойыңыз, дәл Сізді айтып отырмын, иә, иә, түсіндіңіз ғой өзіңіз екенін, “Елім, Жерім!”- деп ах ұрғанда бүкіл жұрт жұтына тыңдап, Елбасының алдына барғанда өзімнің жағдайымды жайластырып шыға берем. Біраз жұрт Сізден аумай қалғанымды айтып, таңдай қағып жүр. Енді бір мінезім осы анооооу отырған саған ұқсайды. Иә, күлім көзім, сені айтып отырмын. Бұрын ешкімнің ала жібін аттамайтынмын. Қазір ала жіп түгіл алты метр дарбазаңды аттап өтем. Ақ сақал, көк сақалыңа қарамай арс ете қалам! “Үлкенге құрмет, кішіге ізет” – дегеніңе тфу!!! Тағы бір құдай атқыр қылығым әнеу біреу сұмпайы сияқты, о тоуба! Осы жылы сөйлеп, жанын жібітіп, құлағына құймақ құйып, миына майшелпек пісіріп, айтқаныма көндіріп, соңымнан ердіріп, билікке қарсы шауып, ол қылығыма қолдаушы тауып, “оппозиция деген Біз боламыз!”-деп, билікке мұз, халыққа дәмді тұз боламыз деп, өз руымды жаныма жиып, өзгені “жансыз”, “сатқын”, “арсыз”- деген күйе жағып, алты бақан алауыз қылып, елді атыстырып, шатыстырып қоюдан алдыма жан салмай бара жатырмын! Содан кейін тағы бір мінезім осы мына сен сияқты! Иә, сарттың сыпырғысы сияқты сидам-сидам, селдір сақал, әп берекелді, өзіңді айтқанымды сезе қойдың,ә?! Тура осы өзіңді сойып маған қаптап қойғандай, аумай қалам ғой тегі! Аузымда алла, санамда сайтан, алақанымда албасты отырғандай тіпті, уағыз айтып, уыздай ұйытып отырып-ақ қазақты қазаққа байқатпай айдап салатын болдым, бір жеріме қарамай! Дәстүр-салтыңды, ықылым заманнан келе жатқан қалпыңды маскүнемнің асқазанындай айнытып, лоқсытып жіберетін талант пайда болды! Ал енді “өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай” соғатыным осы отырған өздеріңнен кем емес енді! Кейде оныма өзім сеніп қалатын болып жүрмін. Уәде бергенде үкімет сияқты кірпік қақпайтын әдет таптым. Селт етпеймін, бетім бүлк етпейді. “Сазбет” – дегенді көрмеген болсаңдар маған қараңдар! Бітті, таныс болдық. Келесі бір мінезім аноу еке,.. жо-жоқ үше,.. мәсссаған, кәдімгідей бар екенсіңдер ғой!? Тура солар сияқты болдым! Көсемдерді мақтағанда енді әлем әдебиетінде бар көрікті сөздің бәрі менің тілімнің ұшына үйіріле қалады ғой! Ойбой, ол кезде мені тыңдаған адам көркем сөздің көсемін көргендей күй кешеді! Кейбір өнер мен әдебиет жағалаған марқасқаны жүрелегенде жер иіскейтін жеріне мамық төсеп, “Сұрапыл! Сұмдық! Сендей адам бір ғасырда бірақ рет туады! Әй, қайдам, уәпше тумаған да болар!” – деп, таңдай қағып, талып қалам ғой әлгі жерде. Соныма сеніп өзін кәдімгідей көшбастаушы көсем, ақыл айтар абыз санап, сол образдан шыға алмай, қисадан қиып, дастаннан түйіп, жыраулардан жиып, әдебиеттен үйіп алған жаттанды кесек сөйлеммен сөз бастап, қалжыңнан безіп, көпірменің малтасын езіп кетеді. Үкеметке өтірік қағаз жиып, елге жалған есеп беріп, заңға сүйенетін жағын баттита жазып, байқатпай ұрлауды да, “Бұл мәселе оңай шешіле қоймас, міне жері қисынсыз, әне бір жері сөккетеу” – деген сылтаумен қара халықтың сұранысын сағызша созып, үздіктіріп барып үміт силап, алақанды майлауды да меңгеріп алдым! Қысқасы, мен кешегі Әйдөш емеспін! Мені көрсеңдер танымай қаласыңдар енді! Себебі, тура өздеріңнен аумай қалдым! Материал Асқар Наймантаевтың фейсбук парақшасынан алынды