Дулат Бабатайұлының баласына айтқаны (аудио)

ӘДЕБИЕТ
1912


Жапанға біткен жантақты
Жаһан кезген нар жейді.
Тәтті менен дәмдіні
Қолында бұлы бар жейді.
Қорқақтықтың белгісі –
Арықты да жар дейді. 


Кертартпаның белгісі –
Кең дүние тар дейді.
Қолында жоқтар тайлақты
Солқылдақ өркеш нар дейді.

Балам, маған кейіме,
Әкем айтпай кетті деп.
Сырын білмей бой салма,
Атасы оның текті деп.
Тұрлаусыздан сөз ұқпа,
Ауызы оның епті деп.
Нашардан шыққан жақсының
Сөзін жерге тастама,
Атасы нашар өтті деп.

Орманшы ағаш кесе алмас,
Ақ балтаны қайрамай.
Жорыққа батыр аттанбас,
Жау жарағын сайламай.
Егінші егін сала алмас,
Қос өгізді айдамай.
Көңілмен құрғақ бос жүрсең,
Алақандай жер жүзі
Аспан болар айнадай.
Істемей қолмен іс болмас,
Құр сөзде күш болмас,
Таңдайға дәмі татымас
Ауызға салып шайнамай.
Ер қолынан іс келмес
Сұңқардайын түйілмей,
Буынып белін түйінбей,
Зердесі жігер қайнамай.
Жабыққанды дерт білмес,
Басқан қайғы серпілмес,
Шамшырақтай жайнамай.

Ер деп атақ алмайсың,
Алмас семсер асынбай,
Кезенген жауды қашырмай,
Асудан ары асырмай.
Бара алмассың, байланып,
Көңілге алған жеріңе,
Болат найза қайрамай.
Шыға алмассың ұмтылып
Шығам деген өріңе,
Садақ сыртты, күпшек сан
Тобышақ атты жайламай…

Балам, саған айтқаным:
Даңғойланбай, шаруа жи.
Қолда барың қанағат,
Қолда жоққа құмартып,
Әуреленбе, ләпсің тый.
Әкеңнің айтқан сөзін
Құтысына көңіліңнің,
Төгіп алма, дәлдеп құй!
Менің айтқан бұл сөзім
Өміріңе пайдалы,
Басыңда болса егер ми.


author

Дулат Бабатайұлы

ЖЫРАУ

Спорт

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жартылай финалына ш...

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...