Гүлмәрия Барманбекова. ШІРКІН-АЙ!

ӘДЕБИЕТ
2920

Кез келген қаламгерге бұйыра бермейтін бұла қасиетке құмарта қызыққаным соншалық, бойымды буғаулаған дүлей сезімге шыдай алмай, жата қалып, есіктен төрге дейін домалағым келді.

Құдай-оу, дәп осылай жазу үшін не істеуге болады?! Не істеуге?

Біреулер айтады, талмай еңбектену керек деп. Үш күн, үш түн тамақ ішпестен, кірпік қақпай отырып тер төксем де, мынандай хикаят жазып шыға алмас едім. Бойыңда Табиғат берген қаламгерлік қуат болмаса, қанша тыраштансаң да, тілінде дәм, ойында нәр жоқ көп жазғыштың бірі болып қалғаның қалған.

Апта бойы компьютерге беттей алмай жүріп, бүгін әзер дегенде өзімді көндірдім. Әжептеуір жазғышсың дегенге сене бастағам ғой. Мынадан кейін өз жазуымнан өзім түңілгендей болдым. Көркем дүние әлеміне кірген екенсің, шатып-бұтпай, дәп осы кісі құсап құнарлы тілмен, шұрайлы оймен мөлдіретіп жазу керек. Болмаса оқырманды босқа шаршатпай жайыңа жүргенің жөн деп, өзімді әбден сілкілегем.

Сол жолы ғана емес, ол кісінің көркем әңгімелерін оқыған сайын өзімді түтіп жеп қоя жаздаймын. Бұл бір жағынан жақсы болды. «Түтілген» сайын түрлене түсетін шығармашылығым шыңдала бастағандай.

Жазу дегенің адамға туа біткен дерт пе деймін. Қанша безіп кетейін десең де, аржағыңнан бір беймәлім күш түрткілеп, ойыңды ойран, сезіміңді айран етіп, мазалап тұрып алады. Қашып құтылам деп әуреленбе. Ақыры шамаңды шаршы шүберекке түйіп, шимайыңды қайта жалғастырасың.

Заман Төлеуовтың «Қызылауыздың қарғысы» хикаятын оқығаннан кейін осындай жағдаятты бастан кештім. Жазушының аталмыш туындысы былтыр «Алтын жебе» байқауында үздік шығармалар қатарына енген екен.

Бұрын қайда жүрген бұл кісі?

Әдебиетке дабырасыз, жарнамасыз еніп, шын талантқа ғана тән мойындату әдісімен келіп жеткен, сыпайы суреткер-қаламгер болар-ау, шамасы.

Иін қандырып жазған «Қызылауыздың қарғысын» жан дүним шымырлай отырып, қызыға оқыдым. Сезімді қозғап, құйылып тұрған сырлы дүние екен.

Тілдің нәрімен, жүректің қанымен өрнектелген көркем әңгіме сананы селт еткізер қуатымен оқырманын баурап алады.

Нәзік суреттеу. Жазу өнерінің әлі ешкімнің тісі бата қоймаған жұмбағын шешуге ұмтылғандай.

Жан дүниемнің жаңғырығы шығарма кейіпкерлерімен үнсіз сырласып кетті. «Екі беті бүлк етпей иттік жасай салатын» жалақ Қапар. «Өздерінің не істеп отырғанын білмейтін, атауы ұзын-сонар, бір бюджеттік мекеменің басшысы», ежелгі қойшы баласы Сағынбек. Оқиға негізінен осы екі жігіттің арасында өрбиді. Әзілкеш Қапардың құрдастық назынан Сағынбек түгіл оқып отырған менің де әбден сілікпем шықты. Бірде ішек-сілем қата күлдім, бірде қаным басыма шауып шақ-шелекей болам. Сөз сиқыры деген осы шығар!

Зәкең сөйлем мүшелерін жан-жаққа шашып шоқырақтамай, тігісін жатқызып жазады екен. Шіркін-ай, тайпалған жорға жүрісінен бір жаңылсашы! Бір сөйлемді бір бетке шұбыртып, көпіре көкезуленіп, мезі ету деген жоқ. Жіпке тізген маржандай ұтқыр қиюласқан әр көріністі сыздықтатып қана сана сүзгісінен өткізіп, келістіре кестелеп, көз алдыңа жайып салады. Кино көріп отырғандай боласың.

Кейіпкер мүсінін біртуар суретшінің қыл қаламынан туғандай етіп сомдаған. Адамның ішкі жан дүниесін аузына салған сөз арқылы әр қырынан жарқырата аша білу үшін жазушыда қандай қасиет болу керек? Бұған бір ғана жауап айта алам. Адам психологиясына ши жүгіртудің шебері болу керек-ау! Жан әлемімен сырласа алатын кемел қаламгерге ғана сөзбен де, оймен де сурет салу қиын болмас.

Заман Төлеуов кейіпкерлерінің бар әрекетін жүректің лүпілімен, қан тамырларының бүлкілімен түйсінесің.

Шегір Қапардың жүрген жері – «мың бір түн». Шық татырмас шығайбай үйінің есігінің алдында қайнап тұрған қазандағы етін сүзіп алып, орнына тезек салып кеткен жерін оқығанда күлкіден ішегім түйілгенін айтпа! Тіпті жастыққа басым тиіп, көзім ілініп бара жатып та осы көрініс есіме түсіп кетіп, бір сылқылдап алам. Оқырман сезіміне бұлайша құрық тастау - жазушы құдіретінің құнын айшықтайтын бірден-бір көрініс.

Шынын айтсам, шығарманың ақырында Қапар көксоққанды жай оғы (шаровая молния) соғып, тәубесіне келтіргені де жақсы болды. Әйтпесе ол әумесер Қызылауыздың мұзды жарығына түсіп мерт болар ма еді. Баяғы аласапыран заманда қызылдардан қашып бел асқан талай байдың қазына толы қоржынымен қоса дәп осы арада мұздан аяғы тайып құлап, опат болғанын үлкендердің аузынан естіп жүретін. Мұзды жарықта қалған қоржынындағы қазынаны олжалау Қапардың бала күннен келе жатқан арманы болды емес пе. Бұл жолы сол арманын жүзеге асыруға бел байлаған ол өзімен бірге елу құлаш арқан ала шыққан.

«Қызылауыздың қарғысын» бір деммен оқып шықтым. Бояуы қанық, әсерлі, тілі жатық, жан дүниемді тұтқындаған бір тылсымның шыңырауына шатылғаным соншалық, піссін деп қойған газдың үстіндегі сүтімді ұмытып кетіппін. Тасып төгіліп, ыдысы қаңсып, исі шыққанда барып байқап, «уйбайүүүй!» деп, басымды ұстап отырып қалдым.

Енді жазушының сиқырына не риза боларымды, не ренжірімді білмей отырмын.

Ол Кісіні жыға танымаймын. Көрген емеспін. Осыдан кезіге қалсам, міндетті түрде екі нәрсені жүзеге асырам. Алдымен ақырын шымшып көрем, жын ба, пері ме деп: Сосын «Қызылауыздың қарғысының» «кесірінен» рәсуә болған сүтімнің ақысын өндіріп алам!

"ҚЫЗЫЛАУЫЗДЫҢ ҚАРҒЫСЫ"  хикаятын мына сілтеме арқылы оқуға болады.

 http://www.madeniportal.kz/article/4353

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Спорт

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жартылай финалына ш...

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...