Кофе ішіп қайтайықшы көктемде...Астар дейтін асқан ақыл жоқ менде,Мен секілді бұл қалада көп пенде.Н...
КЕЛБЕТ (Әңгіме)
Келбет жеті айлық болып туды. Қасықтай ғана баланың бет-аузы тоқсандағы кемпірдің бетіндей мыж-мыж еді. Оның бәрі ұмытылды. Десе де ол өз қатарына қарағанда тым нәзік және әлжуаздау болды. Тез шаршайтын. Ел қыдыра шықса қырық қадамнан соң «Апа арқалаға» салады. Алтыға келгенше екі аяғын салақтатып, атасы мен әжесі кезек арқалап жеткізді. Бауырларына басқан алғашқы немерелері болған соң, оның бар қылығы балдан да тәтті еді. Көтеріп келе жатып: - Қартайғанда мені өстіп арқалайсың ба? – деп сұрап қояды әжесі.
- Апа қызық екенсіз, қарасайшы, ана кемпірлер өз аяқтарымен жүріп бара жатыр ғой, сіз де сөйтіп жүресіз!...
- Айтқаның келсін, алтыным! Өз аяғымен жүргенге не жетсін!..
Екі жас шамасы болуы керек. Тілі енді шығып келе жатса да қағаз-қаламға үйірлігі ерте оянды. Бір дәптерді көзді ашып-жұмғанша орындап тастайды. Бір жолы атасы түзге шығып бара жатып, әруақыт шамы жанып тұратын ас үйге мойнын бұрды. Ортада тұрған дөңгелек стөл басында Келбет: – Дөмәләк, дөмәләк... – деп жалғыз өзі отырғанын көргенде шалқасынан түсе жаздады. Ақырын ғана барып, қасына тізе бүкті. Шаруасына берілгені соншалықты ештеңеге мән берер емес. Төрт-бес дәптерді түгесіп, тұсына дестелеп жинап қойыпты. Соңғы бетке жеткенде атасына іс тындырған адамдай бір қарады да сылқ етіп, стөл ернеуіне құлай салды. Атасы сағатқа қараса түнгі екі жарым екен...
Бесінші сыныптың алғашқы тоқсанында Келбет математика сабағынан ақсайтынын атасы мен әжесіне жасырмай айтты.
- Мамандығың экономист қой, үйрет балаңа. – деп әжесі тапсырманы тіктеп қойды.
- Балам екеумізге ол проблема емес! –деп, білек сыбана кірісті. Бірақ Келбеттің қиналған тапсырмасын қанша аударып қараса да ештеңе ұқпады. Баяғыда өздері оқыған есеп сабағына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мый палау! Атасынан дәмеленген баланың көзіне жас келді. Ол ертең есебін шығарып баруы тиіс қайткен күнде де...
- Балам, екеуміз төменгі сыныптан бастап, қайта оқымасақ болмайтын сияқты. Бүгінше осымен доғарайық. – деп атасы түн жарымына таяғанда бекер қиналысты аяқтағысы келді. Екі көзі боталап әрең отырған Келбет бұны естігенде «әндетіп» қоя берді. Бұларды тосып елегізіген әжесі:
- Кітаптары сақтаулы тұр, сөреде. Қазір алып келейін. Ертең сабаққа не бетімен барады. Бала ұйықтасын, сен таң атқанша өл-тіріл шығар! - деді.
Әбден таң атқанда атасы есепті шығарып, бір-бірін оята бастаған әже мен немереге:
- Бәрі дайын, тек көшіру ғана қалды. – деді де өзі жатын бөлмесіне жөнелді. Кешкісін аталы-балалы болып, бірінші сыныптан бастап, қайта ежіктеп оқуға кірісті. Бір аптаның ішінде екеуі де есеп-қисапты шемішкеше шағатын болды. Бір жолы тағы бір есептің шешуі шықпай қиян-кескі жасады. Атасы екеуі талай арпалысты. Қалай төңкерсе де бір ғана дұрыс жол шыға берді. Соны есеп соңына бекітіп, Келбет мектепке кетті. Сөйтсе мұғалімнің өзі де түнімен ит жығыс болып, еш нәтиже шығара алмапты. Ақыры бұны - кітап құрастырушылардың қатесі деп тапты.
Жоғары сыныпты бітірер көктемде сабақтағы жақсы үлгірімі үшін – атасы, Келбетке ересектер велосипедін әперді. Бір жаздың ішінде ол пісіп-қатып, велоспорт үйірмесіне ынта білдірді. Қойлық ауылындағы бұл спорт түрі - өзіндік дәстүрі қалыптасқан, халықаралық деңгейде танымал болған тұлғалар тәлім алған - іргелі үйірме болатын-ды. Бастапқыда бапкер оның нәзіктеу көрінген талдырмаштығына күмән келтіріп, алғысы келмеді. Бірақ Келбеттің бір алғанынан қайтпайтын көзіндегі өжеттік оты ұнады ма біраз толқып барып, келісімін берді. Ол қателеспепті.
Талғар қаласында велоспорттан жасөсіпірмдер арасындағы республикалық жарыс өтіп жатыр. Қыздар сайысқа шықты. Әу баста тұтаса жөңкілген велосипедшілер бірте-бірте шұбатылып, созыла бастады. Көш алдына Келбет шықты. Ол топтан секунд сайын арындап, ұзай берді. Ғаламат!!! Ол іркес-тіркес құйрық тістескен топтың соңынан қайта қуып жетіп, алдына озып, мәреге бірінші болып жетті. Сол жолғы жарыстың төрт түрлі сынағынан да ол үздік көрсеткішке қол жеткізіп, абсолютті чемпион атанды. Марапаттау кезінде оның кішкентай құшағына төрт бірдей кубок әрең сиған еді!..
Ал іс жүзінде бұл жетістік оған оңай келмеді. Талай тер мен көз жасы төгілді. Үйірмеге алынған сәттен , ол өзін өзгелермен салыстыра қарады. Бой жағынан да күш-қайраттан да ол кемшін тұрды. Жарыс түгілі жаттығу кезінде елдің соңында қалып, шаң қапты. Келбеттің бойын намыс өртеп, жаттығуды жан сала орындады. Бапкерден қосымша тапсырмалар алып, қолы қалт ете қалса велосипедіне отырды. Сөйте-сөйте ол өзінің алдындағы қыздарды қуып жетіп, ортаға, одан суырылып алға шықты. Құрбыларының мінез-құлық, шама-шарықтарын ол бес саусағындай зерттеп білді. Ақыры оған ілесе алатын олардың арасында ешкім жоқ екені белгілі болды. Келбет бапкерге: - Мені ұлдардың тобына қосыңызшы. – деген ұсынысы ешкімді таң қалдырмады. Себебі ол соңғы кезде ұлдардың құйрығын тістеп, кейбірінен оза бастаған-ды.
Сынып өрлеген сайын сабақ та күрделілене түсті. Сонымен қатар оның бойында қыз балаға тән өзгерістер де пайда болды. Тынбай жаттығулардан кейде қатты шаршап қайтатын-ды. Сынып жетекшісі тарапынан «Оқу үлгерімі төмендеп кетті» деген жағымсыз хабар түсті. Атасы мен әжесі әрі-сәрі күйге қалды. Немерелерінің мінезі де өзгеріп, шамкөңіл болып бара жатқанын да іштей байқап жүрген. Сабағының төмендегені жақсы ырым емес. Нәсілі, велоспортын доғару керек сияқты. Оны қалай реттесе болар еді деген сұрақ туындады. Балаға артық сөз айтуға қорқады. Келбет дем алған кезде немесе сабағына отырғанда аяқтарының ұшымен басып, оның көзіне көрінбеуге тырысты. Ас-суын әзірлеп, бар-жоғын немере аузына тыққыштады. Бұндай әсіре қамқорлық Келбетке тағы ұнамады. Оны кішкентайынан ерекше мәпелеп өсірген өздерін кінәлі санады. Кішкене қаталдау болу керек еді... Қайдағы қаталдық. Өмірі бала көрмегендей асты-үстіне түсіп, шала өліп жатқандары. Бұл қылықтарын көрші-қолаңдары да ерсілеу көріп, білген ақылдарын айтқан-ды. «Өздерің немерелі болып алыңдар, сосын көреміз боғын жемегендеріңді!» деп әжесі жақтырмай қалатын оларды. Орыстардың «Маленький ребенок – маленькие проблемы, большой ребенок – большие проблемы» дегені осы болды ғой деп екі қария жаман састы. Өз балаларын қалай өсіріп-жеткізгендеріне таң қалып, мына шынашақтай немереге мый бере алмағандарына қайран қалысты. Өз балалары тіл алмай, шектен шығып бара жатса - салып қалудан тайынбайтын-ды; ал мынаған қол да батпайды екен. Әжесі бәр пәлені келіннен көрді. «Өзінің шүлдірлеп, шоқына жаздағаны аздай, баланы орысшаға беріп... енді сазайын біз тартып отырмыз! Тәйт дегенді білмейтін доңыздың баласы болды да шықты!». Сонымен ары кеңесіп, бері кеңесіп әке-шешесін шақыртпақ боп келісті.
Көздері бақырайып әкесі мен шешесі келді. Олар Келбетпен қай тілде сөйлесу түгілі қайтіп сөйлесуді де білмеді. Шешесі: «Доча!» деп қасына жақындап еді, «Какая тебе я доча!» деп алакөз бен оны бір атты. Әкесі далбас та қылмады. Бір ауыз сөз айтпастан қалай үндемей келді, солай үндемей кетті. Атасы мен әжесі тағы састы. Айналып үйіріліп, қылығына тамсанып отырғандары кеше ғана секілді еді-ау!.. Енді міне: «Мына бала - қайдан шыққан бала?!» деп өздері қайран.
- Орысша оқығанның зардабы! - деп әжесі күбірлеп қояды, шалына ғана естіртіп.
- Орысша оқығанның бәрі шошқа ма? Мені де оқытты ғой!
- Жетіскенің сол ма, жетпіске жеткенше аузыңда кәлимаң жоқ!
- Коммунист, атеист болдым. Ел сияқты көз қылып жырлағанды жек көрем, Аллам ішімде.
Екеуі байқаусызда сыбыр-күбірден даңғырға көшіп кетіпті. Ту сыртынан еркелеп құшақтаған баласынан селк еткен атасы:
- Біссімілә, бұ кім? – деп жалт қарады. Бұған күлімдеп қарап тұрған немересін көргенде іші жылып, аяқ-асты бір жүктен арылғандай бойына жеңілдік жетті. Келбет атасы мен әжесін қаусыра құшақтап:
- Менің алтын атам мен әжем, сіздерді сондай жақсы көрем! – деп қысып-қысып қояды. Әжесінің көз жасы дайын тұр екен, сорғалата салды. – Көзімнің қарашығы, құсымның төресі, кішкентай ғана елігім! – деп кемсеңдей немересінің бет-аузын шөпілдете бастады.
- Әже, қойшы... кішкентай бала сияқты көресің әлі мені...
- Бала емегенде кімсің, сен түгілі сенің әке-шешең де бізге бала. Айтпақшы оларды бекер ренжіттің.
- Ештеңе етпейді, сауап оларға. Бала тәрбилеудің қандай екенін білсін. Киім-кешек пен керек-жарақты әперіп тұрса бала өзінен-өзі тәрбиелене береді деп ойламасын.
- Кішкентай қалқам, менің! – деп енді атасы еміренді. – Өзім сияқты тік айтатын адал қызым менің! Ананы бұдан былай теппей-ақ қойсаң қайтеді...
- Солай қаласаңыздар, қарсылығым жоқ. – деп Келбет оп-оңай келісе салды. Үлкен кісілердің бұған сеніңкіремей қалғанын аңғарып:
- Өзім де тастағым келіп жүрген. Ұлдарға қарағанда қыздар тобы анағұрлым әлсіз. Жарыстар да сапалы өтпейді. Кейінгі жолы әлсіздігімнен артта қалғам жоқ, «конвертке» салып жүгізбей қойды.
- О не пәлесі тағы? – деп қосанжарлай сұрады.
- Командадағы мықты спортшыны төрт жақтап ортаға қысып, қамап алу тәсілі. Айта берсең не түрлі сұмдықтар бар!
- Құрып қана қалсын, бүйткен спортың! – деп әжесі шәрт-шәлекей болды, – Егер ертерек білсем ғой, әдіремқалғырға барғызбас едім! Сол екен-ау жарыстан қайтқанда көк-ала қойдай болып келетінің, үйбүю жарығым-ай, ешкімнен жемеген таяғыңды спорттан жепсің ғой! Болды енді аулақ жүрсін, о немелер!
Келбет соңғы кездері өзін аяқ-асты алай-түлей іліп әкететін бір құйын сезім жетегінде кетіп қалып жүргенін іштей аңғарады. Оның оң қылық емес екенін де түсінеді. Бірақ бұған бой бермейтін әлдебір сырт күш ырқынан тыс үйіре жөнеледі. Әзірде ата-әжесіне барып еркелей асылған себебі де сол ерсіліктеріне кешірім өтінген түрі. Өткен жолғы әке мен шешеге де көрсеткен доңайбаты соның әсері болар. Өйтпесе, ала алмай жүрген қандай өші бар. Олардың бар жазығы бұны не ішем, не кием деген уайымға жолықтырмай, сырттай болса да еміреніп жүргені... Мүмкін олар да төл басы бүлдіршініне қолдары жетпей өзара сағынатын шығар. Келбет оны да іштей сезеді, қаншама ата мен әже бауырында өсіп жатқанымен әке-шеше туыстығы өзгеше аңсатады. Іштей оларды сағынып, анасының бауырына тұмсығын тығып, өзінің сүт емген төс иісін аңсап кететіні бар...
Осы әңгімеден кейін бір жеті өткен соң, ата мен әжені мектепке шақыртты. Мектеп директоры осы ауылдың түлегі, қазақы тәрбиеде өскен, тілі майда жігіт еді.
- Сіздерді шақырған себебіміз: Келбет балаларыңыз ауыл ғана емес аудан тіпті облыс атын шығарып жүрген мықты спортшы. Мына бапкер ағасының айтуына қарағанда жүз жылда бір туатын ерекше бала. Сондықтан баланың келешегін шектемей, жаттығуларын жалғастырса деген тілек - айтпағымыз...
Әже орнынан қозғалақтай бастап еді, атасы оның тізесінен басып тынышталдырды. Сосын өзі тамағын қырнап алып:
- Уәждерің орынды... Бірақ баламыздың келешегі тек осы аяғының күшінде ғана емес, басында да бар деп ойлаймын. Соңғы кезге дейін сабақ үлгерімі озық келе жатып, жарыстары мен жаттығулары үстемеленген сайын оқуға деген зейіні құлдырап кетті. Ол жайлы сынып жетекшісі де хабарлап, өзіміз де куә болып жүрміз. Және бір айтапағым мынау: өзім де кезінде жаман спортшы болған жоқпын. Бірақ жаттығудың да өз жөні болуы керек қой. Балаларды күннің аптап ыстығы, қақаған аязы, жауын-шашынына да қарамай қуалап жүргеніне қарап қайран қаламын. Осылардың денсаулықтарын бақылап, баға беріп жүрген біреу бар ма, өзі? Әлде жарыста орын алу үшін ғана сабылтып, ақ тер, көк тер қылып жүрсіңдер ме?
- Жұдырықтай баланың бетінде не қан, не сөл қалмады! Боп-боз болып, көлеңкеде өскен жапырақтай азып кетті. Тамаққа да тәбеті жоқ. Зорықтырып өлтірмекшісіңдер ме?
- Апай, мүлдем олай емес. Сіз артық кетіп қалдыңыз! – деп бапкер сөзге араласты.
- Артық кетпегендеші, кетем... егер әңгіме менің балама қатысты болса, өзіңнің де осымен түйдей жасты қызың бар ғой соны неге қуаламайсың?!
Бапкер екі беті қызарып, тағы бірдеңе демек болып еді, оны директор қолымен ымдап тежеді. Келбеттің әжесі атқа бір мінсе оңайшылықпен түсе қоймасын ол сезді. Сонымен бұл ырду-дырду тағы жарты сағатқа созылып, нәтижесінде бала сабағын түзесін, сосын көре жатармыз деген ымыраға тоқталды.
Велоспорттан сырттаған соң ынталы оқушы ретінде Келбетті пән мұғалімдері икемдей бастады. Орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін көрші тәтей Келбетті тіл мамандығына үгіттесе, сынып жетекшісі химияны дәріптеді. Ол екі пәннің де жарыстарына қатысып, жас зерттеуші ретінде Шағын ғылым академиясы фестивальдері жүлдегері атанды. Білім мұхитына бойлағаны соншалықты, ол әр ісінен ләззат алды. Және бір жаңа сезімге куә болды. Ол – әрдайым өзін алдыға жетелеп отыратын жаңа бір күшті сезді. Велоспорттағы көшбасшылық ниеті қайта оянып, ұшан теңіз білім айдыны күннен-күнге еліте түсті. Әрине, ол топ алдында болу үшін күнделікті оқу мен тоқудың аса маңызды екенін жақсы білді. Осындай еңбекқорлыққа тәрбиелеп, өршелене білім алуға төселдірген спорт екенін де біледі. Көңілінің бір түпкірінде спортқа деген сүйіспеншілігі әлі өше қоймаған-ды. Бірге жаттыққан ұл-қыздарды көрген сайын, айдарынан жел есіп, жүйткіп жүретін кездерін аңсап кетеді. Олар да Келбеттің қайта оралуын тосып жүргендерін айтады. Бапкер де ұшыраса кетсе, бір нәрсе дәм еткендей сұраулы жүзбен шолып өтеді. Ең түсінгені: білім жолы спорттан да ауыр екен, бір минут уақытын бекер өткізуге болмайтын жаауапкершілікті талап ететін. Дамылсыз қалай беретін кірпіш - күні ертең өзін биікке көтеретін зәулім басқышқа айналар...
Атасы мен әжесі Келбеттің білім алуына бар жағдай жасады. Үй жұмысы, басқа да кәкір-шүкір күйкіліктерге оны жолатпады. «Қыз бала қонақ» деген халық қағидасына орай оның орны төр болды. Егер ұл болса екі қолға бір күрек табылар. Ал қыз бала жасымай жарқырап жүруі үшін заманына сай білім алып, ертең ешкім бетіне шіркеу етпестей тәрбие де алуы тиіс. Құр сөзден гөрі ата мен әженің күнделікті іс-қаракеті Келбет үшін тәрбие көзіне айналды. Олардың еңбекқор да адал, ауыл адамдарына тән аңқаулау мінез-құлықтары арасынан - Келбеттің бойына шыныдай тазалық шым-шымдап сіңді.
Күні кеше ғана «Апа, арқала!» деп жүретін кішкентай әлжуаз қыз - сол талдырмаштығы өзгермесе де шыныққан шымыр, өжет мінезі еңбекқорлықпен суғарылған өзге бір қыз балаға айналған-ды.
- Кітапқа сонша тесіле бермесеңші, жарығым-ау, көзіңнен не қалады... Бір сәт бой жазып, құрбыларыңмен ойнап-күлсең етті.
- Әже, секеңдеп жүретін бос уақытым жоқ... Маған ол қызық емес.
- И-и, қарғам-ай, қайтейін енді... Бір нәрсеге бет бұрсаң түбін түсіргенше құлайтыныңа қорқам! «Аса қайрат жанға қас» дегендей денсаулығыңа алаңдаймын да...
Ішке кіріп келе жатқан аяқ дыбысы естілді. Келбеттің сыныптас қызы екен. Екеуі егіз қозыдай жарасып мектепке бірге барып, бірге қайтады. Тек осы Айнұрмен ғана тіл табысты ол. Айнұр кішіпейіл, мінезі жұмсақтау көрінеді. Бірақ тым қарабайыр емес. Себебі, ол Келбетке келген сайын бірге сабақ оқысып отырып, өзінің есеп-қисабын да шығарып ала кететін-ді. Осындай пысықтығы арқасында алдыңғы қатарлы оқушы санатында жүр. Және бір жағымды қасиеті оның бойында әйел бала затына тән табиғи қылықтылық бар-тын. Барымен базар болып жүріп кете беретін Келбеттің ұл сияқты кей қылықтарын түзетуге орайлы жұп болды, ол. Киіну мен тарану тәрізді аса кірпияздықты талап ететін дәстүрді осы Айнұрдан үйренді.
Келбеттің жеке бөлмесіне кейде екеуі, ұзақ уақыт тығылып отыратынды шығарды. Мына екі қыз не піш-піштеп отыр екен дегендей әжелері есік көзінен әрегідік тың тыңдап қояды.
- Білесің бе, мен кішкентай күнімде ертегі тыңдағанды қатты ұнататынмын – деп Келбет балалық шағын еске алады.
- Саған ертегіні кім айтады?
- Атам мен әжем.
Балалардың орынсыз ештеңе айтып отырмағанына көзі жетіп, әжесі өз шаруасына ойысады. «Әлі бала...» деп басын шайқайды. Сосын өзі де еске алады, кеше ғана көрген түстей өтіп кеткен сол бір тәтті күндерді. Жатарға таяғанда Келбеттің ұйқысы мүлдем ашылып: - Апа, ертегі айт! – деп қиғылық салады. Әжесі: «Баяғыда бай бопты...» деп бастай бергеннен-ақ: «Ол емес, бай боптыны айтқансың, басқасын!..» деп дау шығарады. Сонымен әже ертегісі сарқылып, атаға салмақ түсті. Атасы өзі бала кезінде керемет ертекшіл болатын-ды. Ауыл үй арасындағы қызы бар, ұлы бар бес-алты бала жиналып алып, жарыса ертегі айтушы еді. Сосын атасының әкесі де ертегінің майын тамызатын. Уақыт өте сол ертегілер де сана түкіпірінде шаң басып, ұмытылған екен. Келбеттің атасы ойына түсірмек болып қанша ынталанғанмен мардымды ештеңе келе қоймады. Бар болғаны «Құйыршық» қана.
-Баяғыда кемпір мен шал болыпты. Олардың балалары болмапты. Бір күні кемпір сиырының сүтін қазанға пісіріп, қазандағы қаспаққа қарап, «Егер біздің баламыз болғанда, осы қаспақты қырып жер еді», деп мұңайыпты. Айтып, ауыз жиғанша «Апа, апа, мен бармын ғой, мені керегеден алып жерге түсірші. Қарным ашты, қаспақ қырып жеймін», деген кіп-кішкентай баланың дауысы шығады. Кемпір дауыс шыққан жаққа қараса, керегеде ілулі тұрған құйыршық, кемпірдің көз алдында үлкендігі құйыршықтай ғана балаға айналады...
Келбеттің көзі жайнап, ертегіні еліте тыңдап, ұйқы әншейін қалады. Атасы алғашқы арынмен біраз күн қинала-қинала әр түрлі ертегіні қиыстырып жүрді. Ақыры ол да тәмам болды. Ертегі айтпаса көзі ілінбейтін немереден кешке қарай қорқатынды шығарды. Ауылдық кітапхана барып ертегі кітаптар алып оқуға тура келді. Хайуанаттар жайлы, батырлар, жалмауыз кемпір, жезтырнақ дейсің бе не бір аңыз мен қиял-ғажайып әңгімелердің ортасына өзі түсіп кетті. Күндіз өзі оқып алады да кешкісін айтуды бастайды. Шеңгелге жарасын қанатып алып, өшін алу үшін елді бір-біріне шағыстырған қотырторғай туралы айтып келе жатып, аяғындағы: «...бай жылқышыны ұрды; жылқышы қасқырды ұрып алды; қасқыр ешкіні жеді; ешкі шеңгелдің сылдырмағын жеді. Сөйтіп, қотыр торғай өшін алды.» дегенге жеткенде Келбет сенімсіздік танытты.
- Қасқыр ешкіні жеп қойса, ешкі шеңгелдің сылдырмағын қайтып жейді, ата?
- Балам, бұл ертегі ғой. Өтірік қосып жібереді аздап...
- Маған өтірік ертегі керек жоқ, шын ертегі айтшы!..
Амалы таусылған атасы кітапты қолына алып, ұнайды-ау деген біреуін оқи бастайды:
- Бұрынғы өткен заманда бір жесір кемпір болыпты. Бұл кемпірдің перзент дегенде жалғыз баласы болыпты, мал дегенде он шақты ешкісі болыпты. Бала ешкілерін бағып жүреді. Бір күндерде ешкілерін далада жайып жүріп, бір топ киікті көреді, оның ішінде бір алтын мүйізді киік жүреді. Бала бұл киіктерді күнде көріп жүріп, бір күндері шешесіне келіп:
- Далада бір топ киік көрдім, ішінде алтын мүйізді бір шұбар киік бар. Осы шұбар киікті ұстап алып, ханға тарту қылсам, хан маған сыйлық берер ме еді? - дейді. Шешесі:
- Ұстай алсаң, алып бар, хан сыйлық берер, - дейді... – Атасы көзі бір жабылып, бір ашылып ұйқы құшағына еніп бара жатқан немересіне қуана қарап, дауысын бәсеңдетеді. Тоқтай қалса анау көзін қайта ашып алады. Бірін-бірі аңди ақыры немере талықсып барып ұйқыға бөленгенде атасы да «үһ» деп демін алады...
Бөлмелерінің есігін тарс жауып алып, екі құрбы енді сыр шертуге көшті.
- Келбет, Жоламанға қалай қарайсың? – деп Айнұр екі беті албырай қысыла сұрады.
- Қалай қараушы едім? Екі көзіммен қараймын.
- Ол мені ұнататын сияқты...
- Басқа ермек таппадыңдар ма?
- Иә, саған сабақтан өзге ештеңе керек емес.
Келбеттің көз алдына тығыршықтай қара ұлдың түрі елестеді. Ол аудандық футбол құрама командасының шабуылшысы еді. Әр жолғы жарыстарда ұшырасып қалып жүретін-ді. Жуырда ғана ауданаралық футбол біріншілігі осы ауылда өткен-ді. Оның есімі Ержан екенін Келбет сонда ғана білді. Ойын алаңында өзін еркін ұстағанымен ол ұяң бала болып шықты. Жанкүйер топ болып тұрған қыздардың тұсына қайта-қайта жалтақтап, төмен қарағыштай әрең келді де: - Сәлем, Келбет! Менің атым Ержан...– деді. Қолын ұсынғанның орнына артына тықты
- Жарыстарда көрінбей кеткен соң, ауырып қалды ма деп... Мен тұрақты жанкүйерің едім..
- Сәлем, Ержан! Бәрі дұрыс, сабақ қиындап кетті... Жанкүйер болғаныңа рахмет! Біз де саған жанкүйер болуға келдік. Рас қой қыздар? - Бір-біріне асылып, көрнекті ұлға ентелей қарасып тұрған қыздар Келбетті қоштап ду-ду етті.
Сол күннен бастап Ержанды Келбетке таңып, «Жігітің қалай?» деп қыздар оны ара-тұра қағытып қоятын-ды. Келбеттің көз алдына сол көрініс оралды. Бірақ қасындағы құрбысы сияқты ұнату, ұнатпау дегендей ой көкейіне келмепті. Сол бала ұшыраса кетсе төңірек жарқырап, жылып сала бергендей бір әсерді аңғаратын. Әлденеге ол - бұл сезімді ұят сезінді. Және оны біреуге айтып, мойындауды да міндет санамады...
Заман Төлеуов