Бүгін күннің жаңбырлы екеніне қарамастан өте жұқа киініп келгеніңіз, менің сізге бөтендігім болса да...
Қойшыбек МҮБАРАК. Қара қобыз
Әсілінде біз бұл жердің тұрғылықты тұрғыны емеспіз. Көрші ауданнан көшіп келгенбіз. Сырттан кірген кірме болған соң ба, бұл жақтың адамдарымен аралас-құраласымыз әліге саябыр. Осыдан екі жылдың алдында үйірден бөлініп қалған шабдар биені іздеп кеткен әкей араға оншақты күн салып келді де, ел-жұрттың ешбіріне айтпай, бір-ақ түнде осында мал-жанымызбен көшіп келгенбіз. Айтпақшы, сол жолы әкей жиырма жылдың алдында кісі өлтіріп сотталып кеткен ағасы Манас көкемді ертіп келген-ді. Әкейдің ойына не түскенін қайдам, онысын бізге, тіпті шешемізге де айтпады. Өзі де тым қатал адам, екі сөйлемейді. Сөйлетпейді. Мектепте бір кісідей-ақ озат оқушы едім. Мұнда келген соң мені мектепке жібермей, қойдың соңына салып қойған. Шешей де анда-санда көзінің жасын сығымдап алатын. Бар әңгімеден тыс қалатын тек Манас көке ғана. Көп сөйлемейтін бұйығы адам. Әуелде мен қорқып сырттап жүретін едім, кейін келе бауыр басып қалдым. Ол кісінің тіпті, үйде бар жоғы білінбейді. Ірі қара малға сол кісі қарайтын.
Шалдың тосын мінезін түсіне алмай екі ағам біраз уақыт күңкілдеп жүрген еді. Бір жылдай уақыт өтер-өтпестен ол екеуін де үйден айдап шықты. “Қанаттыға қақтырмадым, тұмсықтыға шоқтырмадым. Жеткіздім, жетілдірдім… енді менен аулақ” деген. Шешем зар еңіреп жылағанымен, ағаларымның көңілі онша босамаса керек-ті. Қайта, еркіндікке бір жола кеткендеріне ырза.
– Ау шал! Менің үлкен ағам әкейді солай атайтын. –Ұлдың керегі жоқ болса, ана Бектайды да бізбен бірге жібер. Оқуын жалғастырсын.
Шал тарс айырылған. Қолынан тастамай бірге алып жүретін сарала қамшысымен ағамды жондатып тартып кеп жіберсін. Бектас ағам баж етіп барып жалманнан түскен.
– Бектайға жуымаңдар, түге! Кетіңдер көзіме көрінбей! Арттарынан ере шыққан шешемді шалдың зәрлі көзі бір алайып қана үйге қайта тыққан.
– Жәкем, қой, балалардың мазасын алма. Манас көкем әкейді Жәкем дейтін. –Бұларға да ертеңгі өмір керек. Әлі жас, қолыңнан шығармай қалай байлап-матап ұстамақсың?! Еркіне жібер. Мына Бектай да оқуына кетсін.
– Шатымай жайыңа отыр! Әкей тағы тарс айырылған. Бұрындары екеуі былайша сөйлеспейтін. Тіпті, екеу ара мал-жанның қал-күйі болмаса басқаша әңгіме болмайтын да еді.
– Жетер!.. Манас көкенің дауысы үйді теңселтіп жібергендей болды.
– Араласпа менің шаруама… – деген әкейге. Барлығы өз кінәң… соның ашуын балаларыңнан аласың ба?… Жетесіз.
– Соның азабын аз тарттым ба?!. Әкейдің дауысы дірілдеп шықты. Ұрланып ақырын қарап едім, көзінен тарамдалып аққан жас сақалынан тамшылап тұр екен.
– Мені жетісіп жүр дейсің бе?… Жиырма жылғы түрменің тозағының өзі жанымды жеп біткен.
– Өзіңнің тапқан кеселің…
– Менімен ғана кетер еді, сен араласпағанда…
– Өкініп отырсың ба? Әлде сол сайтаныңды сағынып жүрсің бе? Әкейдің дауысы саңқ-саңқ ете қалған. Манас көке үйден атып шыға жөнелген.
– Ағаке-ау, қайда барасыз?… Кетпеңіз, – деп етегіне жабысып жылаған шешемді де тыңдамай, айқасқасына мініп тау жаққа қарай шаба жөнелген. Содан екі-үш күннен кейін барып әкей өзі ертіп келген.
Содан бері екі жыл өтті. Кәдімгі қара табан қойшы болдым жатылдым. Таңсәріден қотанды ақ серке бастап өреді. Ақтөс екеуміз артын қаумалап, ауылдың іргесінде тұрған тауға қарай беттейміз. Ақсерке де менің дауысымды әбден танып алған. Бір айқаймен-ақ кері қайтарып аламын. Тіптен болмаса көмекке Ақтөс барады. Оның барқ-барқ етіп абалаған дауысынан қоралы қой кері ығыса үркеді. Ұзын сонар сайды өрлеп барып тар шатқа енгенге дейінгі жердің әрбір тасына дейін қанықпын. Тек шатқа кіргеннен кейінгі ішінің кеңдігі алты қанат үйдей үңгірдің аузындағы шәкене тепсеңге ақ серке де баспайды. Ақтөс те маңайына бармай, алыстан абалап үріп, айналып өтеді. Анда-санда қызық көріп мен барып қайтамын. Кейде қатты жаңбыр жауып кеткенде барып паналаймын. Қанша айтақтасам да Ақтөс маңайламайды. Бірде сіберлеген ақ жауыннан бойтасалап үңгірде отырып ұйықтап қалыппын. Ояна кетсем, түн ортасы ауып қалған екен. Орнымнан атып тұрып, сыртқа жүгірдім. Қойым не болды екен деп алаңдадым. Жоқ, күнде жатып жүрген көңіне қой өз-ақ барады ғой. “Қойдан айырылып қайда жүрсің” деп әкей кәрленер деп қорықтым. Қолынан бір түспейтін сарала дырау қамшысы есіме түскенде, арқам шым ете қалғандай болды. Шаттан шығып, сайды бойлай үйге қарай зауладым. Айдың аппақ сәулесі айналаны күндізгідей жарқыратып тұр. Сайдың ортан беліне жете алдымнан Манас көкем шықты.
– Бектай-ау, қарғам, түн ортасы ауғанша қайда жүрсің?… Шешең зар жылап отыр. Мен де малдан енді келген бетім. Манас көкемнің дауысы реніштен көрі мүсіркеуі басым шықты.
– Көке, мана жаңбырдан бойтасалап ана шаттағы үңгірге барғам, сонда ұйықтап қалыппын.
– Не дейді… сол үңгірге сен де барып жүрсің бе?! Манас көкем зірк ете қалды.
– Әншейін, жаңбырға малшынып қалған соң… Ары қарай міңгірлеп ешнәрсе айта алмадым.
– Екінші ол жаққа аяғыңды аттап басушы болма!
– Неге, көке?
– Сен сұрама…
– Айтсаңызшы…
– Әкең білсе сирағыңды шағады… Манас көке бар пейілімен айтып тұр. Менің екі тізем қалтырап кетті.
– Әкеме айта көрмеңіз, көке…
– Сен ол жаққа бармаймын десең…
– Олда-былда, ол жаққа екінші аяқ баспаймын, көке…
Менің бағыма қарай әкей үйде болмай шықты. Жоқ қарап кетіпті. Шешейдің екі көзі төрт болып күтіп отыр екен. Мені көре сала бас салып дауыстап жылап жіберді.
– Ағаке-ау, осы баланың не жазығы бар еді?…
– Е, қалқам, біздің қолымыздан не келер дейсің… Манас көкем ауыр күрсінді де, ары қарай ешнәрсе айтпады.
Шешей де шамалыдан кейін көз жасын тыйып, алдыма ас қойды. Ас-суанымды іштім де, даяр тұрған төсекке барып, көрпені тас бүркеніп жатып қалдым. Көзім ілінер емес. Шешей мен Манас көкем екеуі әлденелерді айтып отыр.
– Ағаке, әлгі айтпайды әлі… Біз осы жаққа неге көшіп келдік?
– Е, оны сұрап не қыласың?
– Бұл баяғыда сіз тұрған ауыл емес пе?
– Иә, сол қарғыс атқан ауыл осы.
– Енді неге келдік?
– Баяғы сол кесапат.
– Жазасын өтеп келдіңіз ғой.
– Ол тек өкіметтің ғана жазасы… ол өзі жазалағысы келеді.
– Кім? Жанас сол түні үйге келе сала қатты ауырып жатып қалған… содан сандырақтап екеуін де ана сайтан қатын мен баласын бірдей өз қолыммен өлтірдім деп сандырақтаған еді… Артынша сізді ұстап кетті. Қанша рет сұрадым, ешнәрсе айтпай қойды…
– Иә, оның көзін құртқан… енді соның әпкесі тауып алып бізге шарт қойып отыр.
– Не деп?
– Жәкемнің жанын қалайды… Манас көкемнің осы сөзін естігенде тұла бойым дір ете қалды. Шешей уһлеп жылай бастады. –Жаныңды сақтағың келсе, кенже ұлыңды менің қызыма қос деп отыр.
– Соры қалың қарғам-ай… Шешей енді қыстыға өз үніне өзі тұншығып егіліп отыр.
– Ертең ерте сендер кетіңдер…
Шешей үнсіз.
– Көне жараны тырнап не қыламыз, қарағым?! Манас көке тағы күрсінді.
– …
– Жәкем екеумізді қалдыр да Бектайды алып қайтып кет.
– Сіздер ше?…
– Өз қателігіміздің азабын өзіміз тартайық.
– Жоқ бола қоймас, сіздерді қалай тастап кетеміз?!
– Бірге кетіп қалсақ қайтеді?
– Онда барлығымызды қоймайды.
– Басқа амалы жоқ па, ағаке?
– Ең дұрысы, таң ата Бектай екеуің кетіңдер…
– Әлгі…
Таңға дейін көз іле алмадым. Манас көкеммен шешейдің әңгімелерінің түп-төркінін толық түсінбесем де, бір сұмдықтың болып жатқанын жаным сезіп жатыр. Тек күн шығардың алдында көзім ілініп кетіпті. Мен оянғанда күн арқан бойы көтеріліп кеткен екен. Орнымнан асығыс тұрып малға кетпек болып ем, шешей:
– Асықпа, құлыным… Малды көкең өргізіп кетті – деді.
Мен ары ешнәрсе қаузамадым. Шешейдің ісінің берекеті кетіп, дастарқанды әзер даярлады. Шай ішіліп біткен соң енді кетелік деп айтатын шығар деп ойладым. Түс ауғанша үйде тапжылмай жаттым.
Түс ауа:
– Мен Манас көкеме барам, – деп шығып бара жатыр ем шешей:
– Тек ерте орал, – деді де, теріс айналып кетті. Жаулығының ұшымен көзін сүртіп тұрғанын сездім. Одан ары ешнәрсе айтпай сыртқа шықтым. Шарбақта Бектас ағамның көкбестісі байлаулы тұр екен. Бектас ағам кеткелі ол менің меншігіме өткен. Соған тоқым салдым да, сайға қарай шоқырақтата жөнелдім. Анадайдан мені көріп қалған ба, алдымнан Манас көкем шықты.
– Ау, жазғандар сендер кетпедіңдер ме?
– Қайда?
– Шешең ешнәрсе айтпады ма?
– Жоқ, көке, шешем ешнәрсе айтпады… Мен кеше сіздердің әңгімелеріңізді естігенмін… Мен кетпеймін… Өзімде жоқ батылдықпен Манас көкеме тіке қарап тұрып осыны айттым.
– Иттің ғана баласы… Манас көкем атының басын кері бұрды. Артынан құйрық тістесіп еріп келемін.
– Өкінесің ертең… кет!
– Көке, кетпеймін….
– Әкең де өстіген.
– Көке…
– Иә, не болды?
– Маған барлығын айтып берші, не болған еді?..
– Айтып берсем кетесің бе?!..
– Айтыңыз…
– Кетемін десең, осы қарғыс атқан ауылдан қарамды батырам десең айтамын… Манас көкемнің шоқша сақалының селкілдеп кеткенін арт жағында келе жатып-ақ сезіп келемін.
– Жарайды, кетемін, айтыңыз.
– Бектай, сен әкеңнің атақты қобызшы екенін білесің бе?
– Иә, елден естігем, тартқанын көрмедім.
– Ана қара сандығында не бар екенін білесің бе?
– Қазынасы шығар алпыс жыл жиған…
– Жоқ, онда қара қобыз… менің қобызым.
– Иә, сізді де мықты күйші болған деп естігем.
– Әкең қобызды менен үйренген.
– Әкеме қобызыңызды неге бердіңіз?
– Мен берген жоқпын, тартып алған.
– Қалай?
– Ұзақ әңгіме…
– Айтыңыз.
– Сол қобыз бізге арғы аталарымыздан қалған екен. Алдымен мен үйрендім. Үйренгенде оны біреуден емес, аяқ астынан бір түнде қолыма алдым да күңірентіп тарта жөнелдім.
– Қалай?
– Біздің әкеміз оны қолына алып көрмеген жан. Төрде ілулі тұратын. Тек аталарың тартушы еді… Осы маған қонбай-ақ қойды деп отыратын. Ауылдағы бірен-саран қобыз тартатындар келіп көріп үнін шығара алмай қойған. Содан бірде бір айғыр үйір жоғалып кетті… Соны індетіп жүріп осы жерден таптым. Ол кезде мынадай самсаған қалың ауыл жоқ. Бірлі жарым ғана жылқышылар отар қоспен мекендейтін. Кешегі сен ұйықтап қалған үңгірдің аузында ұйлығысып тұр екен. Барлығының құйрығын күзеп тастапты. Айт соғып шаршап келгем. Жантайып біраз дем алып алайын да, содан соң айдап қайтармын деп астымдағы атымды тұсадым да, үңгірге кіріп ертоқымымды жастанып жатып қалғам. Бір уақытта күңірене боздаған бір дауыстан оянып кетіп, орнымнан атып тұрдым. Тура бас жағымда қап-қара матамен оранған бір қыз қобыз тартып отыр екен. Қорыққаннан жүрегім тас төбеме шықты. Бір-ақ аттап үңгірдің сыртына шығып кеттіппін.
– Ер жігіт әйел затынан қорқушы ма еді? – деп сықылықтап күліп қыз да сыртқа шықты.
– Кімсің? Жынсың ба әлде албастысың ба? Аузыма одан өзге сөз түспей қалды. Құлағымнан әлгіндегі қобыздың дауысы кетер емес. Қыз жауап қайтармастан қолындағы қобызды қайтадан тарта бастады. Қобыздың күңіренген әуені мені күш-қайратымнан ажыратып, әлсірете бастады. Одан соңғысы есімде бұлдыр-салдыр. Мені қайта жетелеп үңгірге кіргізді. Содан дастарқан жайды. Артынан маған қобызды ұстатып тартқызды… Бір есімді жинасам, ағыл-тегіл жылап қобыз тартып отырмын. Одан кейін тағы есімнен адасып қалыппын. Оянғанымда түн ортасы ауып кетіпті… Әлгі сайтан алғыр қыздың құшағында жатыр екем. Орнымнан атып тұрып қоярда қоймай жылқымды айдап кері қайттым.
– Мені тастап кете көрме… – деп ол жол ортасына дейін зар еңіреп бірге барды… сосын қайтты.
– Мен ауылға келгеннен соң да құлағымдағы әуен бір кетпей қойды… Сол әуенмен бірге қара киінген қыз. Сол жастықтың кесапаты ғой, осыған душар еткен. Араға жұма салмай-ақ, өзімнің сол қызға ғашық болып қалғанымды білдім. Бір күні үйдегі қобызды алып тартып көрмек болып отыр едім, Жәкем келді.
– Тартып үйренейін деп отырсың ба? – деп сұрады.
– Осыны мен тартып кететін сықылдымын дедім мен де. Содан қобызды қолыма алып, ысқысын ақырын ішегіне тигізіп тарта бастадым. Несін айтасың, майталман күйшідей боздата жөнелдім. Сол жерден сенің әкең де қобызды қолына алып тартып көрмек болды… Үнін шығара алмай біраз уақыт өткізді… Ақыры үйреніп тынды… Содан бірер ай өткеннен соң, бір күні қосар ат алдымда баяғы үңгірге қарай тартып кеттім. Келсем әлгі қыз әлі сол үңгірде екен.
– Сенің келетініңді білгенмін… – дейді. Енді үлкен кесапат басталады.
– Сен қобызды ініңе неге үйреттің? – дейді зар еңіреп. Мен әуелде албастының қызы болғанмын… Содан қолыма осы қобыз түсіп, адамға өзгерген едім. Бүл әуенді тек бір адам ғана тартуы керек еді… Мен өмір бойы соған тәуелді болып өтер ем. Ал екінші бір адам тартар болса баяғы бейнеме қайтып кетемін. Енді құрыдық, – дейді жылап.
Мен сенбедім. Қобызды өзіммен бірге ала келген едім, қыз қобызды қолыма ұстатып:
– Көзіңді жұм да шанағын қаптаған теріні алақаныңмен сипап көрші, – деді. Көзімді жұмып қобыздың шанағын керген көн теріге қолымды тигізе беріп селк ете түстім. Кәдімгідей бүлкілдеп тулап тұр. Құлағыма алқынып дем алған үні келді. Қыз ары қарай әңгімесін жалғастырды.
– Дүние әуелі осы әуенмен жаралған екен… Ғайыптан осы әуен шығып қаншама заман зарлап тұрыпты… Сосын осы әуенге келіп қобыз пайда болыпты. Алғашында әлсіз зарлап тұрған әуен қобыздан шыққан кезде тіптен күңіреніп кеткен екен, содан бар дүние әуеннің әуезіне қарай жарала беріпті, жарала беріпті… алдымен су, одан соң жер, одан соң тау жаратылыпты… Әуен тау мен суды бір-біріне сапырып атқақтатқан кезде от жаралыпты, отпен бірге біз жаралған екенбіз… Содан әуен талығып барып тоқтап, қайтадан құйқылжи жөнелгенде барлық тіршілік иелері жаралыпты… Тек алғашқы адам ғана ең соңынан әуеннің құдіретімен топырақты су шайып от қыздырғанда жаратылған екен. Оған дейін өзі боздап тұрған әуен кілт тоқтаған екен. Адам сол кезде қобызды қолына алып, ары қарай жалғастырып тартыпты. Тарта-тарта жалыққан адам талығып ұйқыға кеткенде, қобыз өзіне жүкті болып тағы бір қобыз босаныпты… Оны біз ұстаппыз. Міне, екі қобыз да бір жерде, енді біз екеуміз мынау әлем құрып жоғалса да, мәңгіге бірге боламыз… Тек сен ініңді өлтіруің керек. Ол әуенді тек бір ғана адам тартуы қажет, екінші адам тартар болса, сен ажалды пенде қалпыңда қаласың да, мен қайтадан албастыға айналып кетемін, – деді.
Мен інімді өлімге қимадым. Біраз уақыт болып кері қайттым. Қыз менен қобызды алып қалды. Келген соң Жәкем қобызды сұрады. Ананы бір, мынаны бір сылтауратып, біраз уақыт жалтарғаныммен ақыры қоймай бар шындығымды айтқызды. Барлығын білген соң Жәкем біраз уақытқа дейін дел-сал болып жүрді де, аяқ-астынан бір күні шешеңді алып қашып келді. Алды артына қаратпай асығыс той жасады… Мұның осынша жініккенін менен өзге ешкім де білмеді. Біз әкеден екеу ғана едік. Мен албастымен кетсем, өзі ажал құшатын болса әкеміздің ары қарай түтіні үзілмесін деген болу керек. Апта аралатып осы үңгірге мен келіп кетіп жүрдім. Әупірімдеп жүріп анау алдындағы тепсеңге шәкене қос қалқайтып алдым. Қыз да күнде тақақтап қоймайды… Менің ақыл есімді бірақ жаулап алған. Ауылға келсем Жәкемді қимаймын. Содан бір күні сол Жәкем:
– Ана албастыңа айта бар… Менің жаным оны ұшпаққа апарар болса, сәл күтсін, әйелім босансын… Ұл болса сол күні-ақ қолына өзім барам… деді. Мен сәлемін айтып келдім, қыз да күтетін болып келісті… Арада біраз уақыт өткен соң ай-күні толып шешең Бектас ағаңа босанды… Әке-шешеміздің қуанышында шек жоқ. Тек Жәкем екеуміз ғана түнеріп әзер жүрміз. Айтулы сағат жетті. Екеуміз бірге жолға шықтық. Албастының арбауына түскеніммен туған інімді қалай өлімге қиямын. Мен Жанасқа:
– Әдірем қалсын бәрі… Екеуміз амалын тауып, ана албастының көзін құрталық дедім. Екеуміз жолда Әден деген бақсы шал бар еді, соған соқтық… Болған жайдың барлығын айтып бердік…
Баяғыдан қалған әлдебір кітаптарын ақтарып арлы-берлі шиыршық атып, селкілдеген бақсы ақырында Жәкеме бір тұмар жазып берді де…
– Шамаларың барда тез жетіңдер… Ол да толғатып жатыр екен… Ол тумай барып өлтірсеңдер, бұл бәлекеттен бір жола құтыласыңдар… Егер кешіксеңдер түптің түбінде қайталап соғады. Тез аттаныңдар… Екі қобызды бір-біріне беттестіріп астыңа басып ал да, ысқысының қылын талдап үзе бер… Інің өз қолымен сонда ғана өлтіре алады, – деді…
Біз жанұшырып осында жеткенімізде таң атып кеткен еді. Аттан түсе бергенімізде, жас баланың баж еткен дауысы шықты. Біз қосқа атып кірдік. Мен екі қобызды бір-біріне беттестіріп жамбасыма бастым да қыздың қобызының ысқысын талдап үзе бастадым. Жәкем бақсы шалдың берген ала шылбырымен ананы буындыра бастады… Жаңа туған бала сақ-сақ күліп, қостың ішін айнала еңбектеп шапқылып жүр. Жәке буындыра түсті… Мен ысқының қылын барынша жанталасып үзіп жатырмын. Ақыры соңғы, қылы үзілгенде әйелдің денесі лап етіп отқа оранды да жоқ болып кетті. Енді Жәкем баланы айнала қуып ұстай алмай, біраз арпалысты… Ақыры ұстап оны бажылдатып қылқындыра бастағанда, мен шыдай алмай сыртқа атып шықтым. Сүт пісірім уақытта Жәкем сыртқа шықты да менің қолымдағы қобыздарды жұлып алып, албастының қобызын тасқа бір періп қаусатты да, өзіміздің қобызды алып маған қарамай атына мініп, шапқылай жөнелді… Қосқа кірсем бала жоқ. Ошақтың орнында жатқан тулақтың үстінде бір-ақ уыс күл жатыр екен. Содан бастап қырсық шалды мені. Ауылға қайтып келе жатып Ерментауға соққанмын. Ерментауда жас шамасы жетпістердегі бір кейуананың үйіне қонғанмын. Ұйықтап жатқанмын, таң ата дабыр-дұбыр дауыстан оянып кеттім. Басымды көтергенімше болмады, екі-үш адам келіп бас салып жұмарлап, қолымды артыма қайырып байлап тастады. Шырақ жағылды. Манағы кейуана зар еңіреп жылап отыр.
– Мынау қанішер менің жалғыз қызымды өлтірді, – дейді. Қайдағы қызы деп мен аң-таң, мен келгенде кемпір жалғыз еді ғой деп ойладым. Терезе жақта қап-қара матамен оранып біреу сұлық жатыр. Келгендер сақшы қызметкерлері екен. Шақырған кемпір. Кемпірден уақиға туралы түсініктеме алып жатыр. Мені тұқыртып екеуі басып ұстап тұр. Тағы біреуі терезе жақтағы мүрдені суретке түсіре бастады. Бетіндегі қара жамылғыны алып қалғанда, мен ышқынып барып құлап қалдым. Үңгірдегі әйел. Мұнда қалай келген деп ойландым. Мені сыртқа алып бара жатқанда кемпір қасыма келіп:
– Әзірге бара тұр… Уақыты келгенде сенімен тағы есеп айырысатын боламын, – деді. Сот сараптамасы менің қандықол екенімді дәлелдеді. Мен жиырма жылға сотталдым. Содан шыққанымда баяғыдағы кемпір алдымнан шықты.
– Сен менен әлі құтыла алмайсың… бір қызымды өлтіргеніңмен енді бір қызым бар… енді сонымен есептесесіңдер… – деп ескертті… Мен ауылға қайтпай басқа жаққа кетіп қалмақ болғанмын. Оған кемпір.
– Сен менің талабымды орындамасаң ініңнің жанын аламын, – деп күш көрсетті… Ақыры ауылға келдім. Мен келе жатқанда кемпірдің үлкен қызы Жәкеме кезіккен екен.
– Кенже ұлың он беске толғанда менің қызыма бересің! Арамыздағы қанды кек сонымен жуылады… Ұлыңды алып кетеміз… Оған көнбесең барлық тұқымыңмен құртамын деген екен. Екеу ара ақылдаса келе, ақыры әйелдің шартына көніп, осында көшіп келдік. Енді, міне, сен де он беске толдың… мен барлығын айттым, ары қарай тағдырыңды өзің шешесің… Манас көкем осыны айтып атының басын тартты, біз үңгірдің аузына келіп қалған екенбіз. Үңгірдің ішінен сыңғырлаған қыз күлкісі естілді. Мен аттан түстім. Атынан еңкейіп маңдайымнан сүйген Манас көкем көзінен жас парлап, атын борбайлай шатты өрлеп шаба жөнелді… Қыз күлкісі тіпті жарқын-жарқын естіледі. Нартәуекел деп үңгірге қарай кіріп бара жатқанда әкейдің:
– Бектай… қарғам менің, құлыным… – деген даусын естіп тосылып қалдым.
Астындағы атын борбайлап маған қарай шауып келе жатыр. Қолында қара қобыз.