-Бабаларым қазық қаққан кең дала,Көк бөрiдей ұлып тұр ма, тыңдашы?!Күмбiрлеген күй ағытып шанақтан,Т...
Мұхтар Мағауин. Бауырсақ
Бұл жазушының Түркияда жазған алғашқы мақаласы
Күнделікті әдетімше, негізгі шаруадан тысқары сәтте қазақ сайттарын ақтарыстап отырғанда тосын бір ақпарға көзім түскені. Бауырсақ күнін атаулы тізімге енгізу туралы ұсыныс.
Міне, тамаша! Қазақтың жүз тарам дастарқанындағы қастерлі тағамдардың бірі. Бірі ғана емес, бала-шаға, үлкен-кішіге ортақ, тәбеті тартымды, таңсық ас. Қазы-қарта сияқты, ешкімге талассыз ұлттық дәм. Қазы-қарта онсыз да әйгілі, ал бауырсақ міндетті түрде назарға алынуы тиіс. Қажетті, орынды ұсыныс.
Жұмыс кабинетімнен ас үйге бас сұқсам, біздің балалардың әжесі қамыр илеп жатыр екен. Сірә, жаңағы бауырсақ жөнімен. Столдың бір шеті, нан тақтайшасына тетелес, аузы ашылған қағаз қорапша тұр: «Бұғдай ұны». Түркия болған соң, әлбетте, түрікше. Біздегідей орысша емес. Және ұлттық әліпби – латын таңбасымен. Шамалап оқыдым: «Бұғдайы» – бидай, ал «ұны» – кәдімгі ұн. Ғажап емес пе! Бұл ғажап – тілдің туыстығында емес. Ұнның – ұн аталуында.
Түрік пен қазақтың, нақтылап айтсақ, оғұз жұрты мен қыпшақ қауымының арасы біржола ажырағаны – Х ғасыр, яғни тұпа-тура мың жыл. Біз Еуразия шегінде қалдық, ал оғұздар Сейхұн – Сыр-дариядан ығысып, Әму – Жейхұн-дариядан ары асып, Анадолыға орнықты. Мың жыл бұрынғы кеп. Яғни, біздің түрік қауымында бұдан мың жыл бұрын да диірмен тартылған және ұн – ұн аталған. Осы ұнға жалғас бауырсақ та болуы күмәнсіз. Және айтылып отырған мың жыл – ең бергі меже. Одан әріде тағы қаншама заман. Қазіргі түріктер ұмытса да, біз байырғы атаудан қол үзбеппіз.
Байырғы дейтінім, бауырсақтың арғы ұштығын да біледі екем. Осыдан тура жиырма жыл бұрын, бүгінгі Моңғол ұлысын аралап жүрген кезде қайран қалған жағдаят.
Әлқисса, мен өмірлік мұрат тұтқан біршама жазуымды жеріне жеткізіп, енді сайыпқыран Шыңғыс хан туралы, бірнеше кітаптық, кең көлемді тарихқа жан-жақты, тиянақты дайындықтың соңғы бір қайырымы ретінде, арғы бабаларымның ата-мекені – бұрнада Ғұн, беріректе Татар даласы атанған, бүгінде Моңғол ұлысы бауыр басқан Ұлы Даланың бедер-нұсқасын нақты тану үшін, арнайы жол-сапарға шыққан едім. Бас қаған туып-өскен, күш жинап, серпін тапқан кең дүние – орманды, таулы, жазаң өлкені, бойым сергіп, тура бір ай араладым. Қатпары мол, тарихы толымды Ұлы Дала – мен үшін айрықша қастерлі, ал бүгінгі тұрғын халқы қандай да құрметке лайық: ақ көңіл, дарқан, меймандос. Ескілік пен жаңалық ұштасқан абат өлке. Ел-жұртымен қоса, жүрекке соншама жақын.
Осы толқымалы, ғаламат сапардың алғашқы бір кезеңінде, кер бетегелі қыраңда қатар-қатарымен тізілген бес-алты киіз үйдің оқшауырақ тұрған, көрнекі біреуіне, ат басын деп айта жаздадым, машинамыздың тұмсығын тіредік. Әлбетте, іргеден дыбыс естілген соң үй иелері, кім болса да келіп тұрған мейманды қарсы алу үшін сыртқа шығатын. Ешбір елес болмады. Енді біз, мені қостап осы сапарға алып жүрген Сұраған ақын мен тізгіншіміз, Есім дейтін ер жігіт үшеуіміз, бұрнағы қазақта болған, бүгінгі моңғолда сақталған әдет бойынша, ешқандай сұраусыз есік ашып, ішке кіріп бардық.
Үй иесі, жасаңдау келіншек, қолында кәкпірі бар, орталық ошақтағы қазан басында тұр екен, қызыл шырайлы бетін бұрып, қысыла-қымтырыла сәлем қайырды. Шыға алмауы – қазанда қайнаған май, кәдімгі бауырсақ пісіп жатыр. Кәдімгі қазақтың бауырсағы. Бізде неше түрі бар ғой, соның бірі – сәл-пәл ұзыншақ, төртбұрышты. Бір жақ шетте, нан-тақтайда қамыр дайындап, шикі бауырсақты кесіп отырған он екі-он үш жасар қыз бала да жайдары амандасты.
Төрге шықтық. Жатаған, төрт қырлы жозы үстіне жарты табақ ыстық бауырсақ қойылды. Және сары май. Және кесегімен опырылған, кәдімгі құрт. Және, ілкіде көргем, сарлықтың қою сүтінің бетіне тұнған шынтақ елі қатырма қаймақ.
Серіктерім мән-жайды, сірә, менің құмет-мәртебемді қоса айтып, үй иесімен монғолша сөйлесіп кетті. Арасында әңгіме сұлбасын маған да жеткізіп қояды. Отағасы малда жүр. Қыз бала Ұлан-Баторда оқиды. Демалысқа, бірер күнге келген екен. Гимнастика ғой деймін, әлдебір спортпен айналысады екен, масаттанып, атаулы орын алған медальдары мен мақтау қағаздарын көрсетті. Бұдан бұрын да түскен, тіпті қоналқаға тоқтаған барлық үйлердегі сияқты, мұнда да табиғи, риясыз жағдаят. Советтік социализм бұзып үлгермеген, тәуелсіздік заманынан бері өзінің ақиқат жолын тапқан бауырлас халықты тым жақсы көріп кеткен едім.
Ашық әңгіменің қалт еткен бір тұсында мен сыпайы келіншекке тежеусіз, мол дастарқаны үшін қазақша ризашылық айтып, мына пісіріп жатқан, енді біздің алдымызға тартылған өзгеше тағамның атын сұрадым. «Бауырсақ» деді. Мен жаңылыс естідім бе деп қайыра сұрап едім. Қатесі жоқ. Бірақ нақты дыбысталуы сәл-пәл өзгеше – боорцак екен. Есебі, біздің бауырсақтың дәл өзі – боорцак, яғни бауырсақ.
Енді ойлап қараңыз. Бүгінгі моңғол жұрты да бауырсақ пісіреді және нақпа-нақ дерлік бізше атайды. Бауырсақ!
Өзінің «Ескілік киімі» аталатын бір өлеңінде: «Ойланып, ойға кеттім жүз жылға өткен...» – дейтін Абай атамның жорасымен, одан да әрі – мың жылға кетіппіз. Қыз балаға, оқуында, әуесқой спортында үлкен табысқа жетуін тілеп, қазақы сувенир сыйлап, бауырсаққа тойғызған үй иесі әйелге ықылас-пейілімізді білдіріп, жолға шыққаннан соң серіктеріме шағын тарихи дәріс айтыппын. Сол жерде қалмады, енді қағазға түсірудің орайы келіпті. Ұмытпастық үшін.
Жыл санаудан бұрынғы дәуір, бүгінгі Моңғол үстірті және терістік-шығыс Қытай шегінде баба-түрік (прототүрік) тайпаларымен қатар, баба-моңғол тайпалары іргелес жасаған. Арыда ғұн, кейінірек әйгілі қағанат түріктері өз заманының алдыңғы легінде болды. Есте жоқ ескі дәуірде, жабайы аң тұқымдарын жуасытып, үй малына айналдырды, жаңа эраға дейін, шамасы бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті; тіршілікке, көші-қонға қолайлы, ағаш сүйекті киіз үй құрылымын ойлап тапты. Ал іргелес, кейде тату, көбіне қату баба-моңғолдар бұл кезде тек қана аңшылықпен жан бақты, аң терісі жабылған күрке, лашықтарда тұрды. Мұнда, өз заманынан тыс алабөтен кемістік жоқ, бүгінгі Еуропаның алдыңғы қатарлы саналатын халықтарының өзі дәп осындай, бұдан да жұпыны тұрмыс кешкен. Мың жыл алға кеткен ханзу текті жұртты айтпасақ, түрік қауымы бүкіл әлемнің алдында болатын.
Хош. Уақыт оза келе, манағы жаппай аңшы жұрт, көршілес баба-түрік әсерімен, олар да мал ұстай бастайды. Әсері дейтініміз талассыз – бүгінгі моңғол тіліндегі мал атаулары түгелге дерлік – түрік негізді. Өзара алшақ екі тілдің туыстығы емес, ауысу, алмасу нәтижесі. Сондай-ақ, салдыр-салаң лашықтан киіз үйге көшеді. Және дәнді дақыл, оның ішінде бидай егуге бой ұрады.
Міне, бағзы түріктің бауырсағы – дәлме-дәл өз атауымен моңғол жұртына жұғысуы да осы қадым заманға сәйкеспек. Әлбетте, кейінгі қуатты қағанаттар ықылымына дейін. Ғұн дәуірі, бәлкім, одан көп бұрын.
Есебі, бүгінгі бауырсақтың кем дегенде жиырма ғасырлық ғұмыры бар. Арғы бабаларымыздан бастап, екі мың жыл бойы бауырсақ жеп келеміз. Шынында да таң қаларлық, сүйінішті жағдаят.
Ендеше, кейінгі бір ақылды балалар ұсынып отырғандай, Бауырсақ күнін тойламасқа немене.
Жасасын, қазақтың қастерлі Бауырсағы!
Тісі жаңа шыққан жас баладан бастап, азуы кетілген қартымызға дейін, бұйыртып жегізе бергей!
Қазақпен бірге жасап келе жатқан қайран Бауырсақ!..
16-17.ХІ.2023
Кемер, Түркия.