Мұхтар Шерім: Шындық қайтыс болып кеткен...

ӘДЕБИЕТ
1744

Ол елең еткізбей, еліктеткізбей, өзіндік пікірін білдірмей, өзгені күлдірмей қоймайтын, елдің қамын ойлайтын, су жаңа тақырыптарды уақытында талдап, тереңіне бойлайтын бірден-бір сатирик. Иә ол өндіріп жазады, тіпті кез-келгеннің жүрегі дауалай бермейтін саяси тақырыптарға да қаламын көндіріп жазады. Бүгінде «Сүзеген» атты сатиралық театрын ашқалы отырған кейіпкеріміз – сатира қышқылын нысанасына дөп тигізер снайпер, көрнекті жазушы-сықақшы Мұхтар Шеріммен сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.


–Күлкінің құдыреті неде деп ойлайсыз?

–Күлкінің құдыреті–оның салмағында. Салмақты күлкі, ащы күлкі адамды ойландырады, жақсылықтарға жетелейді, кемшіліктердің алдын алады, адамның рухани жаңғыруына септігін тигізеді. «Апырмай, күлкіге айналып кетпесем жарар еді!»– деп сақтанып жүреді. Күлкі–қоғамды сауықтырады, адамдарға қуаныш әкеледі, денсаулығын жақсартады. Ал, қаңбақ күлкі езуді екі құлаққа апарғанымен, тез ұмытылып қалады. Неге күліп отырғаныңды да аңғармай қаласың. 


–Тойларда асабалар күлдіремін деп бүлдіріп жатады. Бұлар арзан күлкіге жататын шығар? 

–Ия, дұрыс айтасың. Асабалар тойда саяси сатира айтып тұрсын деген ойдан аулақпын. Дегенмен, жиналған жұртты ойландырып қоятын ұтымды да, ұтқыр сатираның айтылғаны жөн. Асабалар «әйтеуір күлдіремін» деп ойларына келген сөзді айтып жатады. Тіпті, әкесіндей құдаларды қағытып, мазақтап жатқандарын білмей де қалады. Демек, әзілдесудің де өз орны бар. Қазір жастар әзілге бой ұра бастады. Құдайға шүкір, бейне камерасы бар, ұялы телефондары бар, өздері түсіре береді. Бірақ татымсыз, дәмсіз, құрғақ дүниелерді түсіріп, «біз қатырдық»» деп ойлайды ғой деймін, «Ютубқа» сала қояды.


 –Сонда сіз сатира «азып–тозып» кетті демекшісіз бе?

 –Жоға. Салмақты сатиралар жазылып жатыр. Айтылып та, орындалып та жатыр. Мәселен, күні кеше «Әзіл әлеміндегі» Тұрсынбек Қабатовтың орындауындағы «Мұғалімдердің жалақысы» қандай керемет! Салмақты сатира. «Депутаттардың да жалақыны отырған қатарлары бойынша алғаны дұрыс болар ма еді?» –деген сауалы қышқыл. Шымырқанасың. «Дөп айтты ғой!» деп қуанасың. Бұдан сатирада бәрі бірдей ащы болсын деген ұғым тумаса керек. Ара-арасында тұрмыстық мәселелерді де «шайнап» тұру керек. Дегенмен, әлеуметтік сатираның жөні басқа. Өз басым әлеуметтік сатирада жазғанды жаным қалайды. Сондықтан болса керек, менің кейіпкерлерім парақор министрлер, ұйықтап қалғыш депутаттар, халықты алдай салатын әкімдер, шіренген шенеуніктер.


 –Сатирик болу үшін талантты болу аз шығар?

 –Әрине! Сатира –  менің хоббиым. Мамандығым –журналист. Сатирик болу үшін талант керек, бірақ ол аздық етеді. Ең бастысы–еңбекқорлық, білім, батылдық. Су жүрек сатирик болсаң, «қатын–қалаш» тақырыбының ішінде жатасың. Қоғамға үн қатпайсың. Жас сатириктердің «Аспаннан салбырап түсе салғысы» келеді. Оған әлі ерте. Тәжірибе, ізденіс деген бар. Сосын оқиғаның бәрі сатира емес. Оны ойната білу керек. Сарказммен суару қажет. Классикалық кітаптарды ерінбей оқысаң, мұратыңа жетесің. Бейімбеттің «Сексен сомын» оқы. Абайдың «Болыс болдым мінекейін» жатта. Марк Твенді тізеңе қойып оқы. Шекспирді шалқаңнан жатып оқы. Әзиз Несинді ұмыта көрме. Оспанхан Әубәкіровтың кітаптарын түсіңде де оқы. 


–Сатириктердің бірін-бірі қолдауы қандай дәрежеде? 

–Бір-бірімізді қолдап жүруіміз керек–ақ. Өйткені, біз аз халықпыз. Қызмет құлағында қасынып отырған кейбір сықақшыларымыз кейде керенау болып, жас сықақшыларға қолдау көрсетпейді. Бәрі шеттерінен классик. Ал, сатираларын оқысаң, не күлмейсің, не жыламайсың. Жастарша айтсақ, «мандраж» болып отырғаның. Ал, атақтарынан  ат үркеді. Меніңше, сатириктердің ағайын болып, араласып тұрғанына не жетсін?! 


–Бұл жанр өз биігінен көріне алмай жүр дейтіндер жетерлік. Кедергі көп пе? 

–Сатираны «өлтіріп, қара жерге көміп» тастайтындар бар. Сатира мүлде өшті деуге бола ма? Сатиралық театрлар сатираны сүйреп келеді. Басылымдардағы сатира бұрыштары өз алдына әңгіме. Сатириктердің әлеуметтік желілердегі дүниелерін оқып тауыса алмайсың. Бірақ, өзің айтқандай, «рейхстагты» алдық па? Мәселе осында. «Уралап» жатырмыз. Сатира садағын тартып, туралап жатырмыз. Қай жерге дейін уралап бардық, ол уақыттың еншісінде.


 –Алпысыңызды Ақтөбе атап өтіпті. Туған жеріңіз Шымкентте қашан өтеді? 

–Мен 1957 жылы 12 желтоқсанда туылғанмын. Демек, былтырғы желтоқсан айы ғана менің еншігімде. Аз. Бір ай ішінде бір жас қоса салатын Алпамыс батыр емеспін. «Жұрт бір жыл тойлайды ғой»,– дедім де, 2018 жылға қарай аунай салдым. Ақтөбе облысыныңң әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен, мәдениет басқармасы, филармония басшыларының ерекше ілтипатымен, әсіресе «Екі езу» театрының жетекшісі, сатирик Нұрлыбек Жұбатқанның жанкештілік ұйымдастыру іс-әреткеттерімен менің алпыс жылдығыма орай шығармашылық кешім жоғары деңгейде өтті. Бірінші болып қуанышыма ортақтасты. «Екі езу» әртістері сатираларымды сахналап, көрермендерді күлкіге көмді. Ал, Шымкенттегі шығармашылық кешім күзде өтпек.


 –Қоғамда сізді нелер алаңдатады? 

–Қоғам жалаңаштанып барады. Қара көздеріміздің кейбірінде Ар,Ұят, Намыс жоғалды. Қыздар жалаңаштануларымен мақтанатын болды. Әншілер байлықтарына мақтанумен әлектеніп кетті. Сахнада ауыздарын қимылдатып қана, халықты алдап ақша табу әдетке айналды. Адамдар адамгершілік дағдарысына ұшырай бастады. Қатігездік өршіп барады. Туған анасын, туған әкесін өлтіретін жастар туралы еститін күнге жеттік. Елді жемқорлық жайлады. Құқық қорғаушылар қорлаушыларға айналды. Осының бәрі балаларымыздың болашағы үшін алаңдатады.


 –Сіздің «Шындықтың жаназасы» атты сатираңыз классикалық шығарма. Қалай ойлайсыз, қоғамда шындық бар ма? 

–Шындық қайтыс болып кеткен. Оның жаназасын билік дәлізіндегілер әлдеқашан шығарып қойған. Қарапайым мысал: облыс әкімдерінің өзі жылда өтірік есеп береді. Сөйтіп, шындықты өлтіре салады. Құқық қорғаушылар Шындықты соттайды. Прокуроарлар Шындықты айыптайды. Киллерлер Шындықты атып кете салады. Әрине, Шындықтың ұрпағы құрдымға кеткен жоқ, Әділет, Жақсылық, Намыс деген немере, шөберелері әупірімдеп болса да, өмір сүріп келеді. Соның өзіне қуанамыз. Бірақ шындық қайта-қайта өлгенімен, уақыт өте тіріледі. Шындықты ешкім тұншықтыра алмайды. Оның емші тәуібі–уақыт патша.


 –Әсерлі әңгімеңізге рахмет аға! 



Әңгімелескен Гүлмира СҮЙЕКЕНОВА.


author

Мұхтар Шерім

ЖУРНАЛИСТ

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...