Бүгін Түркістанда Өзбекәлі Жәнібековті еске алуға арналған дөңгелек үстел өтті. Ұлт рухын ұлықтаған...
Нарцисс жанарындағы айдын
Өз бейнесіне өзі ғашық сұлу Нарцисс ұзақ күнге айдынға қараумен болушы еді. Ең аяғында сол суға қатты үңіле беріп, батып өледі. Ал жағалауда оның көз жасынан өзі аттас гүл өсіп шығады. Бірақ, Оскар Уайльд бұл әңгімені басқаша баяндайды. Нарцисс қаза тапқанда, орман нимфалары айдыннан:
– Сен неге жылайсың? – деп сұрайды.
– Мен Нарцисті жоқтап отырмын, – дейді айдын.
– Оған таң қалуға болмайды, – дейді нимфалар. – Оған ғашық емес жан жоқ, алайда оның сұлулығын ең жақыннан көрген жалғыз сен едің, – дейді.
– Ал ол сұлу ма еді? – деп сұрады сонда айдын.
– Бұл туралы сенен артық кім баға бере алады? – деп таң қалысады нимфалар. – Сенің жағалауыңда, сенің суыңа таң атып, кеш батқанша қарап отыратын сол емес пе еді?
Айдын ұзақ уақыт үндемей, ақыры былай деп жауап береді:
– Мен Нарцистің сұлу екендігін ешқашан байқамасам да, оны жоқтап жылаймын. Себебі, ол менің жағалауыма келіп, маған еңкейген сайын оның жанарының түбінен мен өзімнің әсемдігімді көретін едім, – дейді.
Міне, нағыз Нарцисс кім деген сұрақ осылай туады. Пауло Коэльоның «Алхимигінің» алғашқы беттерін ашқанда-ақ осы ойлардың жетегіне еріп, біз де әлдеқашан сол айдынға жұтылып кете барған едік. Шын мәнінде нағыз Нарцисс айдынның өзі ғой. Ол өзінің сұлулығын көру үшін бейшара бозбаланы ойланбастан құрбан ете салды. Көзсіз ғашықтың жолында көп нәрсе құрбандыққа шалынады. Нарцисс – сол құрбандардың біреуі ғана.
Дәл осы пайым Ницшенің «Құрдымға ұзақ қарап тұра берсең бір уақытта, құрдым да саған қарай бастайды» дегенімен де үндесетіндей.
Жалпы бразилиялық қаламгер Пауло Коэльоның «Алхимигін» оқыған әр оқырман қолына қалам алмауы мүмкін емес деп ойлаймын. Өйтетін себебі, роман ішіндегі небір күрмеуі күрделі, шешімі шимайланып қалған ұлы ойлар саған ешқашан маза бермес еді. Тіпті, Нарцисс оқиғасының бір ұшын сонау Жүсіп пайғамбарға апарып қосақтайтының қызық. Жүсіп пайғамбардың сұлулығынан хабары бар жан ретінде оның небір қиын сынақтарды арқалай жүріп Мысыр еліне баруын, түс жорушы екенін әлбетте романды оқып отырып есіңе аласың. Ең қызығы, Нарцистің сұлулығы Жүсіптікі болғанымен, оның ессіз ғашықтығы Зылиханың болмысы еді.
Екі көзі ащы жастан су қараңғы болып қалған Зылиха Жүсіпті көрдім деген жандарға бүкіл алтын-күмісін сыйға тартып, ең соңында: «Жүсіп деген кім?» дегендерге: «Жүсіп – ол менмін», демеуші ме еді?
Адам өз болмысын ұзақ таниды. Романдағы басты кейіпкер бақташы Сантьягоның ұзақ сапарға шығуы – бұл адамның өзін-өзі тануының ұзақ жолы болатын. Әлбетте сол жолда адамдар өзара бір-біріне айна екендіктерін көп ескере бермейді. Былай қарасаңыз, алдында бес-алты қойынан басқа ештеңесі жоқ қойшы Сантьягоны Салим деген елдің білдей бір патшасы Мелхиседектің өзі іздеп келуі – бұл да адамдардың бір-біріне айна екендіктерін ұқтырады. Кейін алып сахарада небір оқиғаларға тап бола жүріп алға қойған мақсатынан таймаған Сантьяго тіпті ұшы-қиыры жоқ шөлге де айна болады. Қайдан ұшып, қайда қонары белгісіз құйын жел де Сантьягодан өзін көреді. Алып Күн де Сантьягодан өз болмысын таниды.
Романның айтар ойы да сол, біз әлемнің кішкентай ғана бөлшегі емес, үлкен мәнге ие негізгі кілтіміз дегенді үндейді. Біз әлемді сүйгенде сол әлемдегі өзімізді сүйетінімізді түсінеміз.
Ел кезіп, жер шарының жартысын жаяулап қазына іздеген бақташы Сантьяго ақыр соңында қазынаны өзі түс көріп оянған жерден табады. Шығарма Испанияның Андалусия жазығындағы қираған шіркеудің маңында ұйықтап жатқан бақташы Сантьягоның ғажайып түсінен басталады. Басты кейіпкер түсінде Мысыр пирамидаларына барып, сол маңнан мол қазынаға кенелгенін көреді. Екі күн қатарынан көрген түсін бақташы Сантьяго сыған әйеліне жорытып, болашақта қол жеткізетін байлығының оннан бір бөлігін түс жорушыға беретін болып жолға шығады. Қаншама қиындықтарға, қызықтарға тап бола жүріп діттеген жеріне ақыры жетеді. Алайда ол жерде ешқандай да алтын жоқ еді. Қолындағы азын-аулақ байлығын тартып алған қарақшылар қарқылдап күледі. Қайдағы бір түске сеніп сонша жер кезген нендей нақұрыссың деп мазақ етеді. Қарақшылардың біреуі: «Ондай түсті мен де көргем. Сонау шалғайдағы Испанияның қираған бір шіркеуінің түбінен алтын тауып алып жатқанымды түсімде мен де көргем, алайда ондай былшылға сенетін мен емес», деп кете барады. Оның түсінде көрген жері – Сантьягоның роман басталғанда ең алғаш қозғалған мекені еді. Міне, шығарманың бас-аяғы осы.
Жалпы Сантьяго қазынаны ешқайда сапарламай-ақ тауып алуы да мүмкін еді ғой. Бірақ сол жолды ол міндетті түрде өтуі тиіс болатын. Романда айтылғандай, кейде адамдар бүкіл өмірін алтын іздеумен өткізеді, алайда сол алтынды іздеуге апаратын жол жайлы мүлде ойланбайды. Жол – даналық кітабы. Бақташы Сантьяго ұзақ жолда өмірлік даналықты үйренді, жүрегінің түбіне апарар жолдың соқпағын тапты, таныды, талпынды. Шығарманы оқып болған адам соншама уақыт бойы Сантьяго қазынаны емес, өзін-өзі іздегенін көреді. Алхимиктер мыс, қорғасын сияқты қарапайым металды алтынға айналдыратын сиқырлы тасты іздейді. Сантьяго да басында қарапайым адамдардың қатарында еді. Ол өзін-өзі іздей келе, өзін-өзі шыңдай келе дүниенің тілін түсініп, кілтін табады. Тауып қана қоймай қара қорғасыннан алтынға айналды. Адам өзін-өзі таппай тұрып, бақытты таба қоюы екіталай. Өзіңнің арманың үшін адасқан жолдың өзі түзу, дұрыс.
* * *
«Алхимиктің» негізгі сюжеті еуропалық фольклордан бастау алады дегенімізбен, ара-арасында ағылшын ертегілерінің кейбір көріністері, сондай-ақ «Мың бір түннің» де эпизодтарына соғып отыратынын байқаймыз. Одан бөлек, Інжіл, Тәурат, Құран қағидалары да шығармаға өзек болады. Сондай-ақ романда орын алатын оқиғалардың көбі Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығын» еске түсірмей қоймайды. Ондағы оқиға соңында құйындататын алып бұрқасын, сыған Мельхиадестің Буэндиа әулетіне келуі, дүниенің тілін түсінуге талпынған кейіпкерлер үндестігі оқырманға ғайыптан жол көрсетіп отырғандай әсерге бөлейді. Бұларды көшпелі мотивтер деуге келмес, дегенмен екі шығармадағы кейіпкерлердің көңіл-күйі ортақ бір құбылысты меңзеп тұрады. Бәлкім ол адам жанының түкпіріне сапарлап бара жатқан жолаушы-кейіпкерлердің ортақ жолдары, ортақ уақыттары болар.
Пауло бұл романда кез келген адам өз арманына жету жолында ешқандай кедергілерге қарамай алға жүру керектігін насихаттай отырып, өз арманынан бас тартқандарды да жанама кейіпкерлер ретінде ілестіре отырады. Тіпті оларды алдыңғы планға да шығарып жібереді. Басында бозбала бақташы Сантьяго да қайдағы жоқ түс үшін соншама жолды кесіп өтуге, алдындағы бір отар қойын тастап кетуге жүрексінеді. Алайда Мелхиседек патша оған өз тағдырыңа өзің егесің, өз мұратыңа өзің жақтас болмасаң, өмір бойы жүгері сатып тұрған анау саудагерден еш айырмаң болмайды деп көндіреді. Сантьяго үлкен сапарға осылай аттанады. Мелхиседек патша сол жерде тағы бір ғажап оқиғаны баян етеді.
Әлдебір көпес ұлын ақылгөй кемеңгерге бақыттың құпиясы неде екенін білуге аттандырады. Қырық күн шөлді кесіп өткен бала данагөйдің тау басындағы алып қорғанына кіреді. Қорған іші сопының мекеніне мүлде ұқсамайды, жарқыраған зәулім қабырғалардың іші ғажап. Данагөйге қайбір уақыттарда кезегі жетіп алдына келген бала бақыттың кілті қайда деген сауалын қояды. Данагөй ештеңе деместен қолына май тамшылары құйылған қасықты ұстатып, алып қорғанды аралап келуін сұрайды. Бала аралап келеді. Алайда данышпанның «Сарайым қандай екен?» деген сұрағына жауап бере алмайды. Себебі, ол күні бойы қасықтағы май тамшыларының төгілмеуін ғана қараумен болған еді. Данагөй қасыққа май тамшыларын қайта құйып, сарайды тағы бір мәрте аралап келуді тапсырады. Екіншісінде сарайдың ғажап көріністерін есі шығып аралаған бала қолындағы қасықты мүлде ұмытып кетеді. Данышпанның сонда балаға айтқан даналығы: «Бақыттың мәні – дүниенің ғажабын мейлінше тану, тамашалау, сөйте тұра қасықтағы екі тамшыны төкпеу», дейді.
Жалпы адам өз-өзіне үйренген күні нағыз тоқырау басталды дей беріңіз. Бозбала Сантьяго өз арманын жүзеге асыру жолында көп қиындыққа тап болады. Сапарға шыққан бетте әлдебір алаяқтарға жем болып, бүкіл ақшасынан айырылып хрусталь сататын дүкеншіге көмекші болып жұмысқа тұрады, кейін сол жерде жинаған қаражатының арқасында Мысыр пирамидаларына аттанады. Дүкенші біз жоғарыда айтқандай, өз-өзіне әбден көндіккен, жоспарлы күнтізбеден ешқашан тайқып көрмеген өте бірқалыпты адам еді. Әрине, армансыз адам – қанатсыз құс. Дүкеншінің де кезінде асқақ армандары болған. Мұсылман адамның бес парызына жататын қажылық сапарға шығуды бала жасынан дүкенші де арман еткен. Алайда тағдыр жолындағы болмашы кедергілерге келісіп, өз арманынан бас тартқан. Былай алып қарасақ, Мысырдағы Пирамиданы көруге сапарға шыққан Сантьягоның арманы үлкен бе, әлде Хақ дініне мойынсұнып Меккедегі Қағба тасына тәу еткісі келген дүкеншінің мұраты биік пе? Мәселе, адамның ішкі ұстанымында деуіміз керек шығар.
Сантьягоның өміріне ерекше әсер еткен жандардың бірі осы саудагер еді. Өзінің күнделікті ісіне әбден берілген, белгіленген шеңберді ешқашан бұзғысы келмейтін көнбіс жан арманшыл бозбалаға үлкен сабақ болып кезігеді. Бар ақшасын ұрлатып, бір үзім нанға зар болып келе жатқан Сантьяго сол дүңгіршекке кіреді. Шаң басқан хрустальдарға көзі түскен бозбала дүкен иесіне хрустальдарды жарқыратып жуып бергісі келетінін айтады. Еңбегінің өтеуіне тамақ сұрайды. Дүкенші басында жай қызық үшін келіседі. Алайда жуылған хрустальдар дереу өте бастайды. Екеуі осылай танысады. Шын мәнінде шаң хрустальдарды емес, өзінің жап-жарық арманшыл болмысын дүкенге көміп тастаған дүкеншіні басқан еді.
Испандықтарда мынандай мәтел бар екен: «Ең үлкен қараңғылық – таң алдындағы қараңғылық». Сантьяго өзінің де шаң басқан хрустальдарға айналып бара жатқанын сезеді. Сезеді де дереу сапарына дайындалады. Бақташы бозбалаға бәрі айна еді. Сапар барысында, ағылшын оқымыстысымен танысады, керуен басымен сөйлеседі, мал айдаушымен сұхбат құрады, алхимик туралы естиді. Кейін Әл Фаюм оазисында ол алхимикпен танысады да. Сайып келгенде алхимик Сантьягоның нақ өзі еді.
Жалпы автордың айтпағы – әлемнің бар жаратылысы бір-бірін ұғатын жалғыз тіл махаббат деп тұжырады. Дей тұрып, байлық та, патшалық та, тіпті махаббат та армандарыңнан бас тартуға тұрмайды дегенді айтады. Сантьяго сахараның қақ ортасындағы құдық басында әлемдегі ең ғажап сұлу перизат Фатимаға жолығады. Ғашықтың халі белгілі, қыздың шарпыған ыстық лебіне мас мәжнүн дәл сол жерде қазынадан да, отар қойынан да, патшалықтан да, бар арман-мұраттарынан да бас тартатынын жеткізеді. Сонда Фатима: «Біз сахараның табиғатынан алыс кеткен емеспіз. Біздің болмысымыз күтуден тұрады. Тағдыр жазса келерсіз, ал қазір жолыңыздан қалмаңыз», дейді.
Сантьяго жүрегін тыңдайды. Жүрегі оған сол сәттен бастап жолбасшы болады. Өмір белгілерін анық тани түседі. Тіпті, сенің жолыңды тосқан қарақшылардың өзі арманыңды жүзеге асыруға келген белгілер деп қабылдауың керек.
Әлем бір ғана қолмен жазылған үлкен шығарма дейді. Сантьяго ең басты қазына – алып сахараның ортасындағы оазисте өмір сүріп жатқан Фатимаға ғашық болды. Жалпы іздеген қазынасын Мысырда емес, өзінің отанында – Испанияда табады десек те, оның ең үлкен қазынасы тағдырының тым күрделі жолында кезігіп, құдықтың жанында қалған Фатима еді.
Роман да: «Фатима, мен өзіңе қарай апаратын ұлы сапарға шықтым», деген Сантьягоның ғашық сөзімен аяқталады.
Өмір бәріміздің өз тағдырымызға бейжай қарамауымызды қалайды. Жалпы бір адам келесі бір адамның өміріне кіруге, оған иелік етуге ұмтылып тұратындай. Сол басқыншылардан өз патшалығыңды қорғай алу – соғыстың ең үлкені. Оны жазушы өз ойларының бірінде «Көпшілік адам ақиқат деп санайтын дүние ақиқатқа айналады» деп түйеді. Бұл ойын тағы бірде «Ең мықты жауынгер – өз дұшпанын досына айналдыра білген жауынгер», деп қорытады. «Жеңіске сенген кезде сен жеңесің, өйткені жеңіс саған сенеді», деп тағы бір қайырады.
Сантьяго – нағыз жеңімпаз кейіпкер.
Мирас Асан
"Egemen Qazaqstan" газеті