Өтен Ахмет. Ұстаз (Әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
4115

Әнуар биыл, бұйыртса, көптен күткен әрі шаршап күткен зейнеткерлік жасына жетеді. Жоғарғы оқуын қалай бітірді, солай алғаш жұмысқа кірген мектебінен еш табан аударған жоқ. Оған да мінеки, бақандай қырық жылдың жүзі өтті.

Бар саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнапты деп, сірә, осындай ұстаздар жайында айтылатын болар. Бірақ содан тапқан абыройы… Әй, сол абырой дегеніңнің өзі құр қызыл сөз-ау. Рас, көмескіленіп артта қалған сонау-сонау жылдары қолына бір жапырақ қағаз ұстатып, арқадан бір қағып, жақсы мұғалімсің деп, өтірік мақтап қоятын. Онысы жай әшейін көңілге демеу демесең, еңбектің өтеуіне жүрмейтін, құрғақ қасықпен ауыз жыртқандай ғана кеп еді ғой. Қазір енді ол да жоқ. Көшедегі әркім бір-бір теуіп, қабырғасын сөгіп, қаңсылатып қорлап кететін иесіз бұралқы ит секілді. Нанбасаңыз, газеті мен теледидары жарыса жарапазандатқан мына зарлауық заманның қылуасына қараңызшы: анасының да, мынасының да сүйікті тақырыбы - мұғалім жаман, сауатсыз… Әнуар өз-өзінен мырс етіп күліп жіберді. «Мұғалім жаман, сауатсыз» дегенді құптағаны ма, жоқ әлде, «оттапсыңдар» деп келіспегені ме, ол жағына да пәлендей мән беріп жатпады. Әйтеуір, өз-өзінен күлді де қойды.

Мана бір әзірде, жұмысқа алғаш кіріскен бетінде, күннің сәт сайын 

күшейе түскен ыстығынан жаны рахат тауып сүйсінгендей де еді. Кәрі сүйектері жанға жайлы қызуды бірден сезіп, қан тамырлары бұлқына бүлкілдеп, тынысы да біртүрлі кеңіп сала берген-ді. Қалың, бітік өскен бидайдың ішінде белурдан келетін егістікті бойлай кешіп тұрып, ара-арасындағы сорайған арам шөптерді қолындағы дәу қытай қайшымен бырт-бырт қиуға кіріскен. Бірақ әу дегендегі асау арын ұзаққа бармады, жасының келгендігі бар, оның үстіне қалай дегенмен, мұндайға бұрыннан төселген қара жұмыстың адамы емес, тез-ақ шаршап қалды. Әлгінде ғана шекемді, жауырынымды қыздыра түссе екен деген күн жарықтық енді денесінің ашық жерлеріне ыстық табадай қарылып, жылбысқы, ащы терге малшындырып, бой-бойын шығарды. Бастағы ұйпа-тұйпа ақ шаштың арасынан, қыртыс-қыртыс әжімді маңдайдың терең қатпарларынан андыздаған тер моншақтары көзінің аңғалағына қарай шұбырып, мазасын алумен болды. Жанарының алдын мұнартты, кірпіктеріне су болып іркілді. Әнуар басын сілкіп қап, бос қолының сұқ саусағымен терге шылқыған көз аңғалақтарын қатты ысып умаждай сүрткен. Дүние кенет қараутып, басында дым көрінбей қалды да, артынша қайта ашылып, төңірек-маңайын анық шолды. Мезгіл түс әлеті еді. Бұлтсыз ашық аспан. Қарлы шыңдары көк тіреп, бір шетте асқақ Алатау тұр. Оған, сірә, бәрібір-ау: төменде кімдер жүр, бай ма, әлде кедей ме? Адам еркін бе, жоқ болмаса құл ма? Ешкімді де жақтамайды, сөкпейді де. Өз бетінше мызғымастан маңқиып тұра береді.

Етекте таспадай созылып ирелеңдеген тас жол. Қос қапталы қалың егін, жайқалып-ақ тұр. Егістік арасында қаптаған жасөспірім ұл мен қыз: бірінің қолында пышақ, бірінің қолында қайшы, қыбыр-қыбыр. Олар да Әнуар секілді егістік арасының арам шөптерін уыстап алып, қырқып тастап жүр. «Көп екен көргеніңнен көрмегенің, жақсы екен бәрінен де өлмегенің…» Кім айтса да тура Әнуардың басындағы қазіргі кеп. Иә, не көрмеді Әнуар бұл өмірден. Коммунизмге барар жолда комбикорм жеген. Сөткелеп кезекке тұрып, өзіндей өшіреттегілермен алысып-жұлысып жаға жыртысып жүріп талонмен арақ алған. Қытайдың бағасы үш теңгелік ши үзбесімен бергі жоқшылықтан да әупірімдеп аман өткен. Ал мына тап қазіргі көріп жүргендері - тарихтан қалай іздесең де теңеуі табылмас тіпті өзгеше керемет. Керемет емей немене, мына тас жолмен ауданға қарай әлдебір дөкей өтеді екен де, ол сонда егін арасындағы арам шөптерді көрмеуі керек-міс. Шүкір, мұндайда не айтсаң да көніп, айдауыңа жүретін мектеп бар, онда мұғалім сорлы мен шәкірт байғұс бар. Қолдарына қайшы, пышақ ұстатты да, егін арасына қара шегірткедей қаптатты да жіберді.

         -Ағай, сіз қу екенсіз ғой өзі. - Түрін көрмей-ақ дауысынан таныды. Оныншы сыныпта оқитын - Дамир. Мектеп директорынан қорыққандықтан еріксіз келсе де, манадан жарытып түк жұмыс істеген жоқ. Біресе егіннің ана басына, біресе мына басына шапқылап кетіп жүрген. Қайда барса қыздарға тиіседі. Жүрген жері у да шу, аламан қалжың сөз. Кетіп-ақ қалғаны жөн еді өзінің, кетпепті ғой.

         -Өй, ағай, қалай ептісіз. Агроном болатынсыз ғой.

Әнуар үшін қыршаңқы бала таңсық емес, ондайлардың талай сан-сапалағын көріп жүр емес пе. Ондайлар қитығыңа әдейі тиіседі. Мұғалім сабасынан шықса екен, ашуланса ғой, күйгелектеніп сөйлесе екен дейді. Ондай сәт ақылсыз тентек үшін таптырмас бақыт. Қуаныштан басы айналып, жүрегі жарылардай рахат хал кешеді. Бірақ Әнуардың да мұндайда бір өзіне жетерлік әккілігі бар. Кез-келген ақымаққа ондай         шексіз бақытты «мә» деп оп-оңай сыйлай салмайды.

         -Агронм болу саған бұйырсын, - деді шәкіртіне жайбарақат. - Маған енді ондай қауіп жоқ.

         -Өй, ағай, мен агроном да, мұғалім де болмаймын, - деді Дамир.

         -О неге?

         -Агроном болып…аңызақ далада ыстық күнге күйіп, қайдағы бір байыған біреудің егінінің масағын тегіннен-тегін салмақтап, тегіннен-тегін дәнін есептеп жүрер жайым жоқ. Мұғалім болып… бала-шағаның мазағына қалғанша, одан да қара базарға барып арба сүйретпеймін бе.

            -Мен… сеніңше мазақпын ба?

         -Егін біреудікі, меншік иесі бар дегендей. Сіз болсаңыз қолыңызға қайшы алып соның арам шөбін орып жүрсіз. Ұстазға жарасатын тірлік пе осыныңыз? Баяғының құлдарын да дәл мұндай ақымақтық шаруаға есектен де әрмен етіп, тап бүйтіп жекпеген болар-ау. Әрине, мазақсыз…

         -Сабақта да осылай сайрасаң ғой, шіркін... Ауданымызға бір үлкен кісі келетін көрінеді. Бітік боп таза өсіп тұрған егінді көріп, мақтап кетсе жаман ба? Айтпақшы, сен өзі біздің аудан әкімінің аты-жөнін білемісің? Білмейсің. Патриот емессің. Отан от басынан басталады.

         -Өй, ағай-ай, ХХ1 ғасырды білім жарысы ғасыры дегенде, әкімдердің аты-жөндерін жаттап алып озамын ба?

            -Әкімін сыйлайтын ел – ақылды ел. Ондай ел мұратына қайтсе де жетеді деп үйретіп жатқан жоқпыз ба?

         -Құлдың сөзін сөйлеп тұрсыз-ау, ағай.

         -Не дейсің-әй?! Құл иеленуші заманда да ұстаз адам құл болған емес.

         -Ой, ағай-ай, қатты айтсам тағы ренжисіз-ау…Құлдың кебін киіп жүріп, ақыл айтқанды қашан қоясыздар осы.

         -Қарғыстың ең жаманы: «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген.

         -Сіздердің білгендеріңізді білмей-ақ қойдым.

         -Математиканы да ма?

         -Ағай-ау, енді оның жөні бөлектеу ғой.

         -Ендеше математикадан мұрныңмен жер сүздіртем. Осы айтқаным-айтқан.

         -Құлата алмайсыз. Отыз сұрақтың «а»-сын ба, «б»-сын ба, біреуін таңдаймын да сызып тастаймын.Бүкіл қазақ баласы сүйтеді. Мен де сүйтемін. Кем дегенде 8-10 сұрақтың жауабы дайын дей беріңіз. Қазақ баласына сол жетеді, одан артықтың керегі жоқ. Ар жағында қалған оқуды ақшамен ұрып алмаймыз ба. Өзіңіз де білесіз, қазақ баласына екі-ақ нәрсе керек: лауазымды мықты көке және ақша. Диплом дегеніңнің өзі де сатылатын қағаз екен ғой.

         -Әй, өзің бір… Сабақ айт десе ғой, аузыңа су толтырып алғандай мықшиып қалар ең…Кәне, жалтырат табаныңды бұл жерден! - Әнуарды кенет ашу қысқандай еді. Дамир сезе қойып, дегеніме жеттім деді ме, қуана жымыңдап, тұрған жерінен дереу тайып тұрды. Бірақ жай кетпеді:

         -Сабақ болмай қалса ғой, дәл бұлай қиналмас едіңіз, ә, ағай,-деп, Әнуардың онсыз да қанжылап қиналып тұрған жанын одан сайын қанын шығара сорғалатып, ащы тілімен оңдыртпай ойып түсті.

Жайқалған егін іші болмағанда, тұрған жерінде жасып, шөгіп отырып-ақ қалатын еді, отырмады. Егінді таптап тастайды ғой. Қолындағы қайшысын құр қайшылатып бір кез ошарыла тұрып қалды. Дамир… Ол баладан мектептің бар мұғалімі атын ататпай-ақ азар да безер. Кітабы болса, дәптерсіз. Дәптері болса, қаламсыз. Өзіне ұрсып та, ақыл айтып та еш абырой таппайсың. Адам екенін де, шайтан екенін де ешкім біліп болмайды, бір қызық жаратылған жан. Бірақ тап осы жолы Әнуар шәкіртінің сөкет қылығын аса жақтырмаса да, өзіне арнап айтқан сөздерін жоққа шығара алмады. Өйтуіне себеп те жоқ емес еді. Мойынқұмдағы жалғыз қарындасының күйеуі хал үстінде жатқанын есіне алған. Сол есіне түскенде өзінің шын бейшара екендігін іштей мойындағандай да еді… Иә, суық хабарды кеше түс ауа алған-ды. Ести салысымен салып ұрып директорға жетіп барды. Директор Бағлан - пұшық танау, жалпақ бет, семіз қатын. Астына қос орындықты қатар қойып отырады. Және құйрығын бір басқан жерінен оңайлықпен қозғай да қоймайды. Қайта тұруға еріне ме, кім білсін. Мектепте қазір жан баласы қалмаса да, жапан түз қыр басындағы тас балбал мүсін құсап жалғыздан-жалғыз отыр. Жайсыз хабардың ішке түскен өкінішінен гөрі, арнайы іздеп келгенде бастығының табыла кеткені артық шығып, балаша қуанған Әнуардың солғын жүзіне аздап қылауытып қан жүгіргендей еді.

         -Мені бір қонаққа шақыра келгендей көңілдісің ғой, - деді Бағлан түйеден түскендей дүңкілдеп сөйлейтін әдетімен. Ауыр денесін солқылдата ерсілене күліп қойды. Күлген кезінде астындағы орындықтары бірге қозғалып, сынып кетердей сықырлады.

Әнуар жөппелдемеде не дерін білмей сасқан. Сол екі арада бастығын үйіне дәмге шақырмағанына бір жылдан асып бара жатқанын есіне алып та үлгерді. Кезегім келіп қалған екен-ау деп ойлап қойды іштей. Сосын:

         -Жемге қойған тоқтым бар. Әлі де біраз семіре тұрсын. Ойда бар шаруа ғой, - деп алып барып қана есін жиды да, барынша сыпайы болып көрінуге тырысып, асықпай негізгі келген шаруасын сабақтаған.

         -Жоқ! Жұмыстан босата алмаймын, - деді директор Бағлан бірден кесіп айтып.

         -Сырқаттың халі ауыр білем, тынысы тарылып, дем салып жатқан көрінеді.

         -Бірер күнге жаны шыға қоймас. Шыға қалғандай болса, бәрібір сен барып тура келген ажалдан аман алып қалмайсың.

         -Жан дегенде жалғыз қарындасым…Осыдан күйеужанға бірдеңе болып кетсе, ертең бетіне қалай қараймын.

         -Туыс деген өкпелейді, қояды. Ашуланады, басылады. Бұл пәни дүниеде әкім шіркін ренжімесін, әкім ашуланбасын. - Бағлан ойын бұдан әрі тарқатпады. Қысқа қайырса да, айтқан сөзі Әнуардың санасына толығымен тура жетті. Шүкір, бала емес, түсінеді ғой. Иә, әкім деген сөзде көп мән бар. Қарсы алдында қос орындыққа зорға сыйып отырған бастығы, егер сенің нан жеп, су ішіп жүргеніңнің өзі әкімдердің арқасы десе де, қарсыласар бұл емес. Ләпбай тақсыр деп бас шұлғиды да қояды. Әсілі әкімнің қайсысы да бұл дүниеде математик Әнуардың бар-жоғын білмеулері әбден мүмкін. Бірақ, оның есесіне, олар директорды, әрине, өте жақсы біледі. Оған айтты: баланы дұрыстап оқыта алмайтын, босқа жүріп ақша алатын анау мұғалімсымақтарыңның қолдарына қайшы мен пышақ ұстат та, егін арасына жауып жіберіп, арам шөбін отатқыз деді. Айтылды-бітті. Сабақ өтілмесе өтілмей-ақ қойсын. Журналға өтілді деп жазылса болды да. Ал бірақ өл-тіріл әкімнен келген пәрменді орындайсың. Неге, дейді Әнуар іштей, неге? Сонау әлмисақтан бермен қарай мұғалімнің міндеті бала оқыту ғана еді ғой. Бұрын…әнебір балшабектердің заманында жұмыстың мұндай өзгеше түрін «зәк»-терге, яғни басында бас еркі жоқ сорлыларға істетуші еді. Енді сондай-сондайларын қой аузынан шөп алмас шетінен момын байғұстар-мұғалімдердің мойнына іліп қоятын болған ба, түге…Өй, әкесінің... Әнуар үстелді жұдырықтап бір қойсам деді. Мойнқұмға тартып берейін. Дәмі таусылып, өлгелі жатқан ағайынмен бақұлдасып қалуға жарамасам, адаммын деп жер басып жүргенімнің керегі не?», деп бір оқталды.Оқталды да басылды. Биыл күз, Алла жазса, зейнетке шығады. Өзіндей талайларға арман болған биік, қол жетпеген асу ғой. Ал бұл, бұйыртса, сол аңсарлы биікке жетіп-ақ қалды. Жеткен соң тағы да біраз жұмыс істей тұрғаны жөн-ау әсілі. Үш ұл, бір қыз-төрт баланың үйлі-баранды екеуі жұмыссыз, қыз байғұс жасы отыздан асса да, әлі тұрмыс құрмаған еді.Сонда бәрінің ауыз ашып қарайтыны бір өзі ғой. Иә, әлі де бірер жыл жұмыс істей тұрса, теріс болмас еді-ау, шіркін. Бастығының алдынан Әнуар құйрығымен шегініп үн-түнсіз ақырын шығып кеткен…

Күн табағы ақ басты Алатаудың биік шыңдарынан әрі аунағалы қашан.Тау етегі күңгірт тартып, ауа ызғар үйіре бастады. Егістік ішіндегілер жұмыстарын доғарып, жан-жақтан тізбектеле шұбырып, асфальт жиегіне жиналып жатыр. Шаршауды білмейтін жастар ғой, өзара ауыз жаппай у да шу, не айтып, не қойып жатқандарын тек өздері ғана біледі.Мұғалімдер болса, ең жас дегендері қырықты алқымдаған, жасамыстары алпысты иектеген: үстіндегі киімі ағашқа іліп қойғандай салпылдаған аш-арығы бар, кеудесі мен бөксесі тұтасып қанар қап сияқтанып кеткен аса етженділері бар - кілең қатын-қалаш бір шетке ұйлығыса қалыпты. Қызу-қызу әңгімелерінің нобайынан мына сөніп бітуге айналған бүгінгі күнгі тірліктеріне сонша қатты риза екендіктері айқын аңғарылады. Білек сыбанып жіберіп, қауырт қимылдапты; ара-арасында балаларға ақырып-бақырып, қақпайлап жөнге салып жүріп-ақ бар жұмысты қатырыпты; көз жетер жерден көзге оғаш көрінер селтиген бір арам бұта қалдырмапты; машинаның үстіне шығып алып қарамаса, дөкей қонақтың көзі сүрінетіндей, реніш-ашуын тудыратындай біркелкі бітік өскен егіннен басқа бөгде қылтанақ жоқ. Дөкей бізді мақтап кетсе екен. Ауданымыздың әкімі дөкейдің өз аузынан пысықсың, іскерсің деген мақтау алса ғой, шіркін. Мектептің де абыройы өскені болар еді-ау.

Қас қарайып, қараңғылық қоюлана түсті. Әне келеді деген автобус әлі жоқ. Мұғалімдердің өзара күңкілі басылды. Оқушылардың у-шу құс базары тиылды.Ақыры сонша жұртты зарықтырып көп күттірген хабар да жетті. Аудан автобус жібермейтін болыпты. Ауылдары мынау тұрған сегіз-ақ шақырым тиіп тұрған жер,-жаяу барсын депті…

Жас шаршаса, қаперсіз ұзақ тыныш ұйқымен тынығады. Жасамыс шаршаса, жүйкесі кетіп, ұйқысын бұзып алады. Оның үстіне Мойынқұмдағы жалғыз қарындастың күйеуі өліп қалды ма, не болды деп ойлап, бара алмағанына іші оттай күйіп, көзі ара-арасында сәл ілініп кеткені болмаса, Әнуар таң атуын шаршап күткен. Егер бастығы рұқсат берсе, әлі де болса Мойынқұм жаққа жүріп кетпектен ойы бар. Бірақ тағы да жолы болмады. Дөй қонақ ауданнан қайтар жолында осы ауылға ат басын бұрады-мыс.Олай болса, ауыл қақпасына кіре беріс жолдың қос қапталынан бастап, сонау төріне дейінгі аралықтағы жабайы өскен ши, қамыс, есек мия, қара отын дейсіз бе, - бәрін түптей отап, ұстарамен шаш алғандай етіп жылмитып қойса жөн.

         -Сөзді доғар, біреу ерте, біреу кеш деген, тағдыр… Кімнің туысы өлмей жатыр. Өлсе, алда әлі жетісі бар, қырқы бар дегендей, барарсыз, көрінерсіз,-деген Бағлан аузын аша бергеннен-ақ Әнуарды сөз айтқызбай тыйып тастаған. -Қазақтың қаңсып қалған әлдебір ауылына дөкей келіпті дегенді естігенің бар ма? Естіген жоқсың. Ал біздің ауылға келеді-міс. Біле білгенге бұл дегеніңіз өте зор құрмет. Осындай-осындайдан барып беделіміз өседі, басымызға бақ құсы қонады. Жә, несіне ежіктей берейін. Өзің де бәрін білесің. Мұғалімдер ішінде, шәкірттер арасында, бұл істі жақтырмай күңкілдеушілер болса, қой деп айтарсың, ұғындырарсың деп жатқаным ғой…

Ауылдың кіре беріс қақпасынан төріне дейінгі бір жарым шақырымдай ұзын жолдың бойында мектептің үлкен-кішісі қаптап түгел жүр.Әнуардың үлесіне дәл орта тұстағы күндіз-түн ақша жасап тынымсыз жұмыс істеп тұрған жекеменшік дүкеннің қарсы беті тиген-ді.Нағыз бесбатпан былықтың өзі екен.Темекінің бос қорабы, балмұздақтың орау қағазы,сырасынан босаған шишалар, әралуан пластмасса құтылар, целлофан дорбалар, әр-әр жерде бырдай боп шашылған темекінің тұқылы, аштықтан қаңғып өлген мысық пен иттің өлекселері, сиырдың кетпендей-кетпендей жапалары-топырақ басып, балшыққа былғанып, бірімен-бірі мыйдай араласып, былыға баттасып жатыр.

Кеше егістік басынан тым кештеу қайтып, жолшыбай түнгі салқынға ұрынып, тоңыңқырап қалғаны болмаса (иә,солай, жетінші сыныптан үш бала, сегізіншіден екі бала өкпелеріне суық тигізіп, ауруханаға түскен), күндіз күні бойы біркелкі салқын самал соғып тұрды да, соның арқасында еркін қимылдап, пәлендей шаршай да қоймаған еді.Бүгін аспан шырағы әлдекімге ерегіскендей сәскеге жетпей шақырайып, ауа тез ысып кетті. Ойық-ойық ескі асфальттің тастары жас баланың еңбегіндей былқылдап, үйілген күл-қоқыстар қаңсып, маңайға мүңкіген бір жағымсыз иіс тарай бастады. Кешегісі қалай да елден жырақ тасалау қалың егіннің іші еді. Бүгінгі халі хал емес, мүлде ауыр: көше бойлап ағылған үлкен-кіші - бәрі де бұған жаңа көргендей қадала қарап өтеді. Бұл оларды, олар мұны, әрине, жақсы таниды: өзі оқытқан кешегі шәкірттер, бүгінгі шәкірттер. Көшенің боғын сыпырып жүрген ақ басты қарт ұстаздарын көріп, олар не ойлап барады екен,ә? Мүсіркеп аяи ма, әлде іштей мысқылдап, мазақ қылады ма екен? Қайткенде де ұстаздарының тап мына қалпы ешқайсысының жүрегінде мысқалдай да құрмет сезімін оятпайды-ау, сірә. Әрине, оятпайды. Қызық-ай,ә, дейді іштей Әнуар қысқы тоңы жібіп, иістене бастаған арық сабалақ иттің өлексесін қоқыс үйіндісіне сүйреп апарып тастап тұрып, бұрын, сәл ілгеріректе, еңбектен табар тиын-тебенді емес, содан алар абыройын алдымен ойлаушы еді-ау адам жарықтық. Енді ше? Абырой деген киелі ұғым әдірам қалды. Оның орнына күнкөріс деген жанталас келді.Тіршіліктің басты ұраны, мақсат-мұраты күнкөріс болған соң, ар-ұят, обал-сауап, кеудеңдегі иманың да бірге өледі екен. Бизнес ұстап, кісі еңбегін жалдайтындар айлатып, жылдатып бар жұмысын тегін істетіп –ап, талай сорлының көз жасын сорғалатып, зар илетіп қаңғыртып жіберіп жатыр.Тұрақты жалақы алады дейтін ақ басты қарт ұстаз Әнуардың түрі болса мынау.Өз ойын өзі қызық көрді ме, Әнуар қалай күліп жібергенін байқамай да қалды. Қылығының ерсілігін сезгенде, жылайтын жерде күліп, күлетін жерде жылайтынымыз бұл да, сірә, кейінгі уақытта ұлттық менталитетімізге қосылған жаңалық-ау деп ойлап қойды.

         -Оу, ағай, қиял дариясына батып кетіпсіз ғой. - Оқушысы Дамир. Дүкеннен сауда жасап шыққан беті болар, қолындағы балмұздақтың сыртқы орамын сылдыратып шешіп алып жатыр.-Нормаңыз орындалмай қалып, бастығыңыздан сөгіс алып жүрмеңіз.

         -Сондай жаның ашығыш болса, келіп көмектеспейсің бе?

         -«Асар» деген ұғымнан аулақпын. Әйтпесе…

         -Онсыз да жұқарып жүрген жүйкемді сен-ақ тоздырып болдың-ау.-Әнуарды аяқ астынан қатты ашу қысып, суық тигендей қалшылдап кетті. «Тумай, туа шөккір» деп қарғағысы келген. Одан қалып «мына қолымдағы бұзаубас дәу күрекпен құлаштап тұрып бір персем ғой» деп іштей кіжінген. Ұру қайда…Ұру түгіл баланың құлағынан тартудың өзі қалғалы қай заман.

Дамир болса, өз-өзінен жымың-жымың. Мұғалім біткеннің не көшеде, не мектепте қадірінің жоқтығын, қадірсіздіктен мүлде шарасыздығын үнемі көріп, біліп өскен әккі қу ғой. Балмұздақтың сыртқы орауын жол-жөнекей ажыратқан күйі сылдырата умаждап-умаждап Әнуардың алдына таман, арық ішіне қарай лақтырып жіберді.

         -Бір жапырақ қағаз ғой, сізге бәрібір емес пе. Қоқыс үйіндісіне апарып қоса саларсыз.

Әнуар тілі байланғандай, бірдеңе деп сөз қатуға дәрмені жетпегендей, бір орнында селтиіп үнсіз тұрып қалды…

Әупірімдеп нормасын орындап, шөлден тілі аузына сыймай салақтап, күрегін сүйретіп үйіне келген. Мұның келер жолын әдейілеп тосты ма, есік алдында бейуақтағы көлеңкедей жарбиып әйелі Айгүл тұр екен. Осы бертінге дейін, байғұс, әйелдік көркін жоғалтпай-ақ жетіп еді. Құйрық, төсі қалпында топ-толық ақсары қатын болатын.Үйді ыстық бумен жылытатын қазандық қирап қалды.Су құбыры тас бітелді. Көмір жағып, күл шығарып, ауызсуды ауыл шетіндегі жалғыз құдықтан тасып ішетін болды.Содан кейін-ақ баяғы көзге жағымды сүйкімінен лезде айырылып, жүнжіп жүдеді де қалды.Бөксе солды.Төс бір уыс шеміршекке айналды.Байғұстың үйде де, түзде де қазіргі киетіні-қытайлық синтетика жемпір, қолпылдаған сүп-сұр бүрме балақ шалбар. Аяқта қолқылдаған резеңке кебіс, іліп алады да жөнеледі.

Айгүл анадайдан кемсеңдеді.

         -Ау, не болды?-Қолындағы күректі шөп арасына лақтырды. Не болғанын іші сезіп тұрса да,қарап тұрмастың кері еді,баяғы.

         -Жақсы көретін ең…Айырылып қалдың.Балалары әлі жас еді. Қарындасың… Қайын сіңіліме артық ауыртпалық түсетін болды-ау…Жақын жерде де емес, ептесіп-септесіп жүретін…

         -Жә, болды. Жетер. Естірттің. Мені де жылатамын демесең…Хабарын кім жеткізді?

         -Телефондағы әйел.Өзі келіп айтып кетті.Сөзін жазып алатын қағазымыз болмай қалды дейді.

         -Жерлеуі қашан, білдің бе?

         -Бүгін дейді.

Әнуар түсіне қойды. Күйеу бала, сірә, алғаш суық хабары келгеннен кейін көп ұзамаған секілді. «Бүгін дейді…». Құс болып қанат бітіп ұшса да, жете алар ма. Жан дегенде жалғыз қарындастың шаңырағындағы ауыр қаза…Уақытында төбе көрсетіп бара алмады.Қиын сәтте қасында болып, жұбату айтып, шаруасына жүрмегені өз алдына, қабіріне бір уыс топырақ салуға да жарамағаны ғой. Осыдан кейін бұл өзін кіммін десе жөн…

Бойын мазасыздық билеген Әнуар үйге бір кіріп, бір шыққан. Шайын да дұрыстап іше алмады. Ойы он сақта: жолға шығып жүріп кете берсе қайтеді? Сонда қалай, туысты қара жер қойнына тапсырған, қаралы жиын тарқаған…Бұл барады екен сүмірейіп. Жалғыз сопайып. Жаяу келдім, сүйтіп кешіктім дей ме…Мұндайда көрінбеген, жөн-жоралғы міндетін жасамаған қазақты тасбауыр, қарабет дейді. Өлімнен ұят күшті… Ол бұрын еді ғой. Ал қазір…елінің қақысын жеп, ағайын-жұртын шуылдатқандар, баукеспе ұры-қарылар, түрлі-түсті алаяқтар мен зорлықшылар - шәниіп төрде отыр.Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылған бір түсініксіз кер заман.Сырт пошымына қарасаң,- бәрі дұрыс секілді.Айналып барып іш жағынан үңілсең ғана нақ анығын көресің; адамнан кісілік ізет, иман кеткен. «Адам бір боқ көтерген боқтың қабы…» Абай айтқан. Қазір тіпті ондай да емес. Бүгінгінің ішінде сығып алар боғы да жоқ.Құр бос қуыс. Әрі кетсе, қуыршақ. Біреу қадалып айтпаса да, отырар орныңды, сөйлер сөзіңді өзің-ақ білесің. Өзіңе өзің цензорсың. Басқаша болып байқашы, мықты екеніңді көрсін жұрт. Жолың әне десін. Ал ол - жол емес, дозақ. Табанда нансыз, нәрсіз қаласың. Азып,тозып, ешкімге керексіз боп қор болып өлесің. Әйтпесе соңғы демі біткелі жатқан ағайынмен бақұлдасып, қабіріне мұсылмандық бір уыс топырақ салуға қырық жыл елдің баласын оқытқан ақ басты қарт ұстаздың соған рұқсат сұрайтындай не жөні бар еді.Кете берсе болмас па еді. Өйте алмады. Жасы да, сіңірген еңбегі де бүгінгі күннің адамына бедел емес. Сыбайласың, қолдаушың болмаса, құрыдың. Сені мұқататын, қорлайтын сылтау табылса болды, есекке теріс қаратып мінгізеді де, адам аяқ баспас қиянға апарып айдап тастайды.Зейнеткерлікке міне жетемін деп тұрғанда жұмыссыз қалса, қор болғаны емей немене.Базар жағалап кетуге жас емес, өз күшіне сенетіндей қауқар жоқ. Және ол жерде де ұйымдасып, топ құрап жүрмесең, ақша таппақ былай қалып, бір күн еркін аяқ аттап баса алар ма екенсің. Қой, деді кенет Әнуар өзіне-өзі, менің басымдағы әлдебір ойым, кеудемдегі күмбірлеген сезім күйім, көзқарас пікірім кімге керек. Одан да нартәуекел, бастығымның алдынан тағы бір өтейін.Тым болмаса марқұмның жетісіне үлгерейін.

Директор Бағлан әдеттегісіндей қатар қойылған қос орындықтың үстінде жалпая жайылып отыр. Күнде осылай жұмыстың аяғына таман келіп, әбден кеш түсіп кеткенше тапжылмайды.Сірә, жоғарғы жақтан іздеп қалғандай болса, орнымнан табылайын, жинақы пысық болып көрінейін дейтін секілді ме.

Әнуар жағдайын айта бастап еді, Бағлан жақтырмай қабағын шытып:

         -Туһ,сен өзің…Осы күні өлген адамның асы мен жетісін бір-ақ қосып беріп жүрген жоқ па ел,-деп сөзін бірден белден бөліп тастады.- Өлетін ағайының өліпті. Ажал жеткен күні бәріміз де өлеміз. Қырқына барарсың.

         -Саған айтқан жоқ па еді?-деп Бағлан кенет қарсы алдында бетегеден биік, жусаннан аласа боп жас баладай монтиып естен танып отырған қарт ұстазға суық көздене адырайып бір қарап қойды.

         -Не туралы?

         -Әй, соларды да көмекші дейді-ау.Директор басыммен бәріне де бір өзім жүгіріп жүргенім. Әйтпесе жұмыс бітпейді.-Бағлан орыбасарларының сыртынан сыбағаларын беріп, сыпыртып бір сыбап алды.-Тексеру келе жатыр.

         -Апырай, мектептен не іздейді екен?

         -Іздейді.Табады да. Алдымен мына тап сенен.

         -Менен…Сабақ бергеннен басқа, Құдай-ау, біздің қолда не бар.

         -Мүмкін сабақ өткізген күніңді журналға белгілеп қоюды ұмытып кеткен шығарсың. Қанша қақсап айтсақ та, сендерден ондай-ондай шығады. Сондай-сондайларыңды жіпке тізеді де, сосын сені бала оқытпай-ақ қоғам ақшасын жеген қылмыскер етіп шығарады. Өзің білесің, пара беріп құтылмасақ, сүйтеді. Одан да сен маған рахмет айт,тексеру келетінін алдын-ала біліп отырғаным үшін. Босқа отырма, бар.Мұғалімдер бөлмесінде бәрі аяқ астынан жанталасып журналдарын ретке келтіріп жатыр.Тексеруші ертең таң атпай ерте келіп қалғандай болса, сақ отырайық, әйтпесе құримыз. Әй-шай жоқ, бірден журналдарды арестовайть етеді.Түнімен отырсаңдар да, журналды жөндеңдер,тап-тұйнақтай етіңдер…

Әнуар басқыштарды бір-бірлеп санағандай, аяғын еппен жайлап басып, екінші қабатқа қарай көтеріліп келеді.Бет әжімдері әдеттегісінен де терең айғыздала түсіп, бойын әлдебір мазасыздық толқыны билеп алыпты.Бірақ бұл жолғысы, түсіне білгенге, ағайын қазасының қасында болып, қабіріне бір уыс топырақ сала алмадым-ау деген уайымнан емес, ертеңгі тексерістен аман өтсем, онсыз да аз ақша айлығымнан сорлатқанда да сорлатып, ойып ұстап қалмаса екен деген ішкі қорқыныштан туған үрей-алаң еді…

Өтен Ахмет

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...