Елорданың 20 жылдығына орай 30 тамызда Астанада «Ақ ордалы Астана» халықаралық поэзия ке...
Қуандық Түменбай. Алматыдағы алтыншы палата (Әңгіме)
Фото интернеттен
Әредік алтыншы палата дегенді ести қалса Алауханның ішінде құйын ойнап қоя береді. Кітапханаларды кезіп жүретін албырт шағында Чеховтың «Алтыншы палата» деген әңгімесін оқып, істік темірлі сұрғылт шарбақпен қоршалған аурухана көз алдына келіп, біртүрлі сескеніп қалғаны бар. Бірақ, сонан кейін Чехов деген жазушымен етене боп бұ дүниенің жыртығын бірге жамап кетті, өзі дәрігер екен, осы әңгімені жазғаннан кейін «мен бұрын әдебиетпен көңілдес едім, енді біражола соған үйлендім» депті. Айтқыш екен де, бұл жайдан жай айтыла салған сөз емес, өз басын бәйгіге тіккен адамның басқа соқпақпен жүруге бел байлап тұрып бажайлап айтқан ақырғы сөзі. Әңгімеде дәрігер алтыншы палатаға жиі келіп, жындысүрей сырқаттармен сырласып тұрады. «Құдай жоқ болса, оны адамдардың өздері жасап алады» деген Достоевскийдің сөзін де осы әңгімеден оқып, «Астапыралла!» деп тілін кәлимаға келтіріп еді, соның бәрі бүгінде шындық боп алдынан шығып отыр. Бәрі бір адамды Пайғамбардың Көктен түскен өкілі ғып табынып жүр. Оу, Пайғамбар жалғыз емес пе? Диоген деген біреудің бөшке ішінде өмір сүріп, өзін бақытты сезінгенін де осы әңгімедегі жындысүрейдің аузынан естіп, жағасын ұстаса, қазір өзіне-өзі тәубе дейді. «Бес қарайғаным аман болсын, мынау ғылыми-зерттеу институтының атын алған зәңкиген кеңсем аман болсын, осы жердің вахтері боп шошайып отырғаным бір басыма жетеді. Құрқылтайдың ұясындай болса да баспанам бар, сол Диоген құрлы өмір сүрермін» деп бас бармағын түскі үзілісті жариялап шыр ете қалар қоңырау түймесіне апарды. Қақ маңдайшаға ілінген дөңгелек тас сағаттың ұзын тілі селк-селк етіп жорғалап тұр, алда әлі екі минөт бар. Тұп-тура 13-те қоңырау соғылғанда соның ащы даусы бәріне тәтті боп естіліп, бір-бірін жапырып, баса-көктеп түскі үзіліске шығады, әп-сәтте асханада біреу котлет, біреу манты жеп малжаңдап отырады. «Құлға тойып ішкен тамақ та бір той» демекші, болмашы жалақыға қараған осы ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері үшін сол ләззатты сыйлайтын Алауханның бас бармағы болғасын ба, жұрттың бәрі босағада монтиып отырған бұны көрсе бас изеп, күлімсіреп өтеді. Өзі де осы институттың кіші ғылыми қызметкері еді, 63-ке толған күні «көнсең осы, көнбесең өзің біл» деп вахтерлікке қарай ытқытып жіберген.
Чеховтың осы әңгімесін оқығаннан кейін Алаухан жаратқаннан ауруханаға түсіре көрме деп тілеуші еді, бәрі аяқ астынан болды. Мынау адам дегенің құрттай құжынаған институт жалға алған зәулім кеңсенің алдында аяғы көк мұзға тайып, тізесі сыздап, сол аяғының тобығы томпайып ісіп кетті. Сылтып басса да ешкімге ләм демеді, тек шалбарын киіп-шешіп, аяғына бәтеңкесін сұққанда жаны көзіне көрініп, жедел жәрдем шақырып, ақсаңдатып алып кетті. Рентгенге түсірсе, тобығы тайып, сол аяқтың шыбығы шытынапты. Шыңғыртып отырып ақ дәкемен орап гипске салды, сөйтіп, қолтығына балдақ қыстырып, палатаға келді. Балдақпен шоқырақтап басып келе жатып «6-палата» деген жазудың тұсына келгенде жүрегі зу етті. «Оқығаным алдымнан шықты-ау» деп бір жағынан көңілі күлкі шақырса, бір жағынан 19-ғасырда жазылған шығарма суреттері көз алдын кес-кестеп тұрып алды. «Ол – жарыместер палатасы, бұл – сүйегі сынғандар мекені, трамвотология» деп өз-өзіне тоқтау сап 6-палатының төртінші тұрғыны боп есік аузындағы бос кереуетке «уһ!» деп отыра кетті.
Үш күн болды, медбике жамбасын жалаңаштап ине сұғып кетеді де, «Бұл витамин, сіздің еміңіз тапжылмай жату»,–дейді тақпақ айтқан баладай тәптіштеп. Бүгін үшінші күн, қасындағы үшеумен де бір адамдай танысып-білісті. Бәрінің қыңқыл-сыңқылы көз алдында өтіп жатыр. «Дәрігер келмей ме?»–деп сұрап қап еді, қол басындай транзистордан соңғы хабар тыңдап жатқан аяғы аспанға асулы Вова: «Ол ақылы палаталарды аралап жүр, қолы тисе келіп қалар», – деп тап басып бір-ақ айтты. Басқа мұсылман баласы ләм деп үн қатпады, бұ жердің шындығын бір аяғы жаралы болса да тілі сау кәпір Вовадан естіді. Мынау қатар жатқан қожанасырлау сып-сидам жігіт «Алтын Орда» базарында шипыр сатады екен, жұмыстан қайтарда мінген көлігі айтақыр жолда үш аунап түсіпті. Бес жолаушының екеуі тіл тартпай кетіпті, екеуі ауыр халде, бұл дін аман. «Беломыртқаң шошынған» деп жатқызып қойыпты. Өзі жанаяр екен, күніне бір жамбасына ине сұққанда ыңырсып қоя береді. Өзі Қытайдан келген оралман, көп сөзі түсініксіз, есімін есте сақтай алмағасын: «Сені Шипыр сатқан деп айтсам өкпелемейсің бе?» – деп еді, «Ерік өзіңде, ағатай!» деп аңқылдап қоя берді. Қазір де инені суырып ап, орнын мақтамен сипап тұрған медбикеге қарап: «Жаным қалғанына шүкір, үш аунап түссем де денемде дақ жоқ, тәуба, енді мына істікті неше рет сұғасыз?» дегенде дөрекі мінез жуан қыз дарылдап күліп жіберді.
Кеше Алауханнан бір сағат бұрын түскен төрде жатқан сарыауыз балапан жігіттің оң білегі байлаулы. Арықтан асығып аттай бергенде етбетінен түсіп, оң қолы астында қалып, жіліншігі опырылып кетіпті. Жеке тракторы бар екен, сонымен біреудің арығын, біреудің құдығын қазып күн көріп жүрген көрінеді, сынған қолынан гөрі ауылда қалған тракторын көп ойлайды, «орныма тастап кеткен інім қалай айдап жүр екен?» – деп айтады да отырады.
Бүгін бесінші боп тағы біреу түсті. Екі аяғымен тепеңдеп жер басып келді, тек оң иығын кіршең сары орамалмен томпайтып орап тастапты. Өзі монғолдың қазағы екен, Алауханмен құрдас боп шықты. «Есім-сойым Ұланбатыр» дегенде алтыншы палата аузын ашып қалды.
– Не болды? – деп Алаухан бірден жаралының жайын сұрады.
– Бұқа сүйретіп кетті, – деді жануарға деген ызасын ірке алмай.
– Оу, ол ұрғашы іздеп жүрген шығар. Сен кедергі келтірген шығарсың?
– Бәлесі де жоқ. Орнын ауыстырып байлайын деп едім, сүйреп ала жөнелді. Екі сиыр ұстаңдар дегесін мал басын көбейтсем деп едім... Бас жібін алақаныма үш орағанмын, әудем жердегі қысыр сиырға ұмтылып... сүйретіп ала жөнелді. Бір–ақ рет орағанда жібере салатын едім.
– Ол сенен сиырды қызғанып жүр ғой.
– Қызғанып... қашпаған сиырды мен неқылам... Мен бір сиырым екеу болсын деп жүрмін ғой, – Ұланбатыр шыр-пыры шығып отыр.
– Онда бұқаның өзіңе деген бір өшпенділігі болу керек...
– Неғылған өшпенділік? Жем-шөбі алдында, күнде күнжара жегізем. Осында көшіп келгесін екі сиыр асыраңдар деген сөзді естіп, жиған-тергенімді қосып, сатып алғаныма бір-ақ жеті болған.
– Жерсінбей жүр ғой, – деп Шипр сатқан күңк ете қалды.
– Алдына жем-шөбін қойғаннан басқа кінәм жоқ. Бас жіпті қолыма үш ораппын, бір орағанда жібере салатын едім, сүйретіп кетіп, майып қылды. Төрт аяқтыға сенім жоқ қой, – дегенде, медбике кіріп келіп:
– Ұланбатыр, отаға дайындал, – деді.
Ол оң иығын сау қолымен басып, жуан келіншектің соңынан еріп жүре берді.
– Мен сені енді Бұқа сүйреткен деймін, – деді Алаухан құрдастығын алға тартып.
– Не десең о де, жаным қалса болды,– адамға емес, жануарға деген ызасы жанын қинап бара жатыр.
Осының бәрін көріп тұрып Алаухан «тәуба» деді. «Менің жарақатым бұлармен салыстырғанда баланың ойынындай екен. Бірінікі – жол апаты болса, бірінікі – жануардың ызасынан болған жазым. Менікі кеңсе алдында көк мұздан келген кесір. Осы жарақатыма «производственный травма» деп қосымша төлер ме екен?» деп дәметіп қалды да, сол Аллатағала сынақ жіберген күнді есіне алды. Мен шоңқайып жатқанда анау экономист сәнқой әйел: «Ойбу, енді қоңырауды кім соғады?» деп мазақ аралас көңілмен қасымнан сөйлеп өтті ғой. Сол тірі куә емес пе? Көкірегінде «Әй, қайдам» деген күдікті ой шәу ете қалды. «Менікі де жекеменшік мекеме, жекенің жарылқағанын көрдің бе, мемлекеттік болса бір сәрі. Бірақ, солардың да жарытып жатқаны шамалы. Көреміз, сұрап көреміз. Әйтеуір аурухана мемлекеттік, тәуба, әйтпесе күн сайын жатар орныма 30 мың, ем-домыма 30 мыңды мен қайдан табам?» деп шұбалаң ойын шиіріп, тәуба айтып болғанша бұқа сүйреткен құрдасы оң иығына бір қом мақта жапсырып кіріп келді.
– Иықты тікті, дәрінің әсері ме, сыздауын қойды, – деп айтып үлгергенше:
– Ұланбатыр, сізге тамақ келді. – деген «барып кел, шауып кел» санитар қыздың жіңішке даусы естілді.
– Ол қалай барады, отадан жаңа шықты ғой, – деп оның орнына Алаухан жауап берді.
Сидам қыз көзін төңкеріп бір қарады да, бұрылып кетіп, іле бір нән қауашақты ауырсына көтеріп келді. Оң қолындағы үлбіреген қапшықта құйқасы жұқарып, тісі ақсиған қойдың басы көрініп тұр.
– Қатын ет асып әкеліпті. Келіңдер, – дегенде, бастарын көтеріп, жылжи бастады. Тек Вова ғана жаралы аяқпен жарымжан көңілін ірке алмады.
– Мен ет жемеймін, бір стакан сорпа ішем.
– Етті біз жейміз, сорпаны сен ішесің, – деп Шипр сатқан түсінбесе де бетіне былш еткізді.
Вова ақсаңдап келе жатқан Алауханды жақын тұтқандай күлімсіреп, қырлы стаканын ұсына берді.
– Мынау сол бұқаның еті емес пе? – деп құрдасына әзілдің қамшысын үйірді.
– Жазылып шығайын, сосын оны біржақты қылатын шығармын. Екі сиырды онсыз да ұстармыз, – деп Ұланбатыр сау қолымен нән қауашақтың қақпағын аша берді.
***
Алаухан алтыншы палатада жатып таңның атқанын көріп, көңілі құйқылжып бір сергіп қалды. Таң сібірлеп келе жатқанда терезенің дәл түбіндегі оң қолы жаралы сарыауыз Әлиманның қалта телефоны шырылдап қоя берді. Ол қыздарға тән жіңішке даусымен «Иә» деді де, трактордың майы туралы айтып кетті. Алаухан шойқаңдап барып терезе пердесін ашты. Ол болса үзіліп кетердей жіңішке даусымен ышқынып сөйлеп отыр.
– 380 дей ме? Онда құйғызба! Заказ беруші өзі төлесін! Сенің нең қалады, менің жатысым мынау. Мен енді мына шолақ қолмен кемі бір ай ешнәрсе істей алмаймын, – деген кезде телефон шырт етіп өшіп қалды. Ызаға булыққан ол телефонның шүпірлеген сандарын бас бармағымен басып-басып жіберді де, «Не дейді? – деді даусы бұрынғыдан да гөрі жіңішкеріп. – 400 дейді. Жүрмей тұрып ал! Кәрізін өзі қазсын. Олар айтса болды, біз 400 теңгеге солярка құйғызуымыз керек пе?! – қалта телефонды жұп-жұмсақ кереуетке былқ еткізіп лақтыра салды. – Інім ғой, тракторды тапсырып кетіп едім, заказ беруші «тірлікті тез бітір» деп қоқаңдап жатқан көрінеді.
– Әй, сарыауыз, мен-ақ құйғызайын, маған ініңнің «Кәспиін» лақтыршы, таңғы ұйқымды бұздың ғой, түні бойы көз ілмеп едім. Айтшы, «Кәспиін», – деп бұжыр-бұжыр сүлгімен басын бүркеп жатқан Шипыр сатқан шырт ете қалды.
– Қойыңыз, аға, – деп сарыауыз Әлиман оң қолын қақайтып алға итінгенде Алауханның көзіне әр жерде қол созып тұрған бұрынғы көсем Лениннің ескерткіші елестеп кетті.
– Аға, осы жанармай неге қымбат? Біз мұнайдың үстінде отырған ел емеспіз бе? Бір бөтелке мұнайы жоқ Әзірбайжанда жанар май да, жолаушы мінген көлік те тегін, дейді. Бізде неге бұлай? Сіз оқыған адамсыз ғой, – деп Алауханға шұқшиып, ескерткіштей селт тұрып қалды.
– Мен вахтер боп істеймін. Мазақтап тұрсың ба? – деп ол қайыра жауап берді.
– Жоқ, оқыған адамға ұқсайсыз. Біз кітап ашпайтын наданбыз. Әкем де темір-терсекке үйір ғып өсірді. Бір трактор сатып алып ем, төрт дөңгелегі сау, маторы ақырып тұр, тек майы болмай жұтынып тұр. Інім болса жылап тұр, «заказ беруші «тез де тез»-дің астына алып жатыр» дейді. Солярка кешеден бері 380 теңгеге қымбаттапты. Менің жатысым мынау.
Осы кезде шырт етіп шам жанып, дөрекілігімен аты шыққан медбике «Подьем!» деп айқайлап кетті.
– Как в казарме, – деп Вова сау аяғымен үйме-жүйме көрпесін бір тепті.
– Көрпе-төсектеріңді әдемілеп жинап, тумбочкаларыңды реттеп қойыңдар. Бүгін емдеуші дәрігер келуі мүмкін, – деп медбике тағы да даусын көтерді.
– Келсе дайынбыз, – деп Алаухан ерін ұшынан сөз шығарды.
Вова сияқты ойын ашық-жарқын айта алмады. Көз астымен Шипыр сатқанға қарап еді, басын ақ жамылғымен бүркеп ап, «Хюндаймен» үш аунап түскен батырың таңғы ұйқының тәтті құшағына армансыз бөгіп жатыр.
***
Емдеуші дәрігер келмеді, алыс аудандағы аттан құлап қол-аяғы сынған қойшыға жедел жәрдем көрсетуге кетіпті. Осылай деп еркек пішіндес дөрекі медбике жеткізген кезде бұқа сүйреткен Ұланбатыр сау иығын қиқаң еткізді.
– Менің мына иығым сыздауын қояр емес. Жараны қайта таңбайсыңдар ма? – деп жабырқау күйде сұрау салды.
– Кешке дейін келіп қалар. Келмесе, кезекші дәрігер көреді, – медбике бөксесін бұлтитып шығып кетті. Талай тәулік бойына ұрғашы көрмеген бесеу көз арбаған бүркеулі тәнді елжіреп шығарып салды.
– Құдай білед, қайтарда сол қойшы аттан құлап жатса да, багажнигіне бір тоқтыны салып жібереді ғой, – деп Шипыр сатқан сөйлеп қалды.
Бір мезет палатаға садақша иілген қырбық мұрт жұқалтаң еркек «Рұқсат па?» деп жылбысқы қар жұққан керзі етікпен кіріп келді. Етік табанын жапқан санитарлық жұқа жамылғы да жоқ, табан ізі еденде су-су боп моншақша мөлдіреп жатыр.
– Нұқ-Нұқсартов. Бі-бі-бі-дірәлі кім болады? – деді қолындағы тілдей қағаздағы жазуды мүдіре оқып.
– Мен, – деп Шипыр сатқан басын жастықтан жұлып алды.
– Сен бе? Шығып сөйлесейік.
– Жоқ, болмайды. Бізге рұқсат жоқ. Оның үстіне сен бейтаныс адамсың, атып кетуің мүмкін. Қазір жағдай қиын. «Басы ауырмағанның Құдаймен ісі жоқ», осы жатқанның бәрі жарақат. Айта беріңіз, – деп ол кері сиіп сөйлеп, кәнігі мақамына салды.
– Мен... – деп анау мүләйімсіп айналасына қарады. Отыратын орындық та табылмады, бір бұрыштағы мүгедек арбасының қос дөңгелегі көзіне сұсты көрініп тұр.
– Мынаған отыр, – деді Шипыр сатқан әлгіге сұқтана қарап.
Ол темір дөңгелек арбаға қорқақтай көз салды да:
– Құдай сақтасын, – деді өз–өзінен сескеніп. – Қарағым, Бі-бі-бідірәлі, мен анау өзің мінген, үш аунап түскен «Хюндай» шопырының әкесімін. Әйтеуір бала-шағаңның бағына аман қалдың ғой.
– Менде бала-шаға жоқ, – деп шорт кесті.
– Болмаса болады. Әйтеуір тірі қалдың ғой. Ұрығың бойыңда. Сол үшін де бір Алланың септігі тиген шығар.
– Басқалар ше? Екі адам өлді, екеуі тірі ме?
– Тірі, бірақ тілге келе алмай жатыр. Сөйлеп, сөз айта алатын өзің ғана. Балам да, мәшине де қамақта.
– Тоқетері не? Не үшін келдің?
– Қарағым, Бі-бі-бідірәлі... балам түнгі сменнен шыққасын бір-екі айналып, тиын-тебен тапсам деген беті ғой. Түнде ет боршалайды, қасапшылығы бар. Малы барлар малын сойып сатып жатыр. Түбі 31-жылға ұрынбасақ болар еді. Солардың қасабы. Шиеттей бала-шаға...
– Ет ұрламай ма? Ішек-қарынның ортасында жүр екен ғой. Қарап жүргенше ұрлық істемей ме?
– Қайақтан... Көздерін алмай аңдып тұрады. Олар қасапты адам құрлы көрмейді, қит етсе ауыстыра салады. Көзіммен көрдім, қасаптың ата-бабасы малы барлардың жездесі сияқты, жеті атасынан бермен қарай сыбайды кеп. Шыдап тұра алмайсың. «Осыны қоя салсайшы» – деп едім, «Көке, жұмыс тауып бересіз бе?» – деп балам бетімнен алды. Сөйтіп жүргенде... қарашы...
– Тоқетерін айт?!
– Тоқетерін... балам рөлде отырып қалғып кетіпті ғой. Соны... көзі ашық, тілі сау жалғыз сенсің, «қалғыған жоқ, дұп-дұрыс айдап отырды» деп тілхат берсең, баланың жазасы жеңілдер еді.
– Мәшине үш аунап түскенде мен ештеңе көрген жоқпын, ештеңе білген жоқпын. «Саяхаттың» алдында тұрып: «Шелек, Шелек, Шелекке бір орын бар» деп қақылдап қоймағасын мініп едім. Әуелі қып-қызыл көзіне қарап, ішіп алған ба деп ойлап, жақын келсем, зәһардың иісі жоқ...
– Түнімен ұйықтамаған ғой, – деп әкесінің ерні дірілдеп кетті.
– Мен өліп кеткенде тілхатты кімнен алар едің? – дей бергенде, жуан бөксе медбике: «Сізге система. Антибиотик», – деп Шипыр сатқанның кереуеті жанына төбесінде төңкеріліп тұрған қос бөтелкесі бар қарағайдай тіп-тік сорайған темірді қойып кетті.
– Мен әуелі түзелейін, тілім сау болса, көрермін, – дегенде, медбике едендегі керзі етіктің арбиған ізіне шұқшия қарап, «Сіз 15 минөт деп едіңіз, 20 минөт болды ғой», – деп тарпабассалғанда қырбық мұрт: «Ертең тағы келем, мынаны жабылып көндірсеңдерші, «кемедегінің жаны бір» деп сөзін мәтелмен аяқтады.
– Сіз шығасыз ба, әлде, – деп медбике ауыр адымдап тақай бергенде, қырбық мұрт жуан бөксені жапқан ақ желеңнің жанқалтасына 2000 теңге жасыл қағазды сүңгітіп жіберді. Көзі бақырайып қараған медбике: «Ертең де келесіз бе?» – деп ернін жыбыр еткізді.
Осы жердегі ең сауатты Алаухан «Коррупция 6-палатадан басталады» деп іші шым етіп, көрген көрінісі қып-қызыл бояу боп бетіне шапшып шыға келді.
***
Түнде жер сілкінді. Алаухан ұйқысы қашып, кірпігі айқаса қоймағасын бел жазып отырғысы кеп түпкірде тұрған мүгедек арбасына жайғасып еді, терезені көлегейлеген шыт перде сілкініп-сілкініп қалды. Қос темір дөңгелекті қолымен тез-тез қозғап, терезе алдына жеткенде салбыраған перде жел тигендей желп-желп етіп тұрып алды. Бір шетін түріп, қою түнге көз салғанда қиық Ай жарқырап, жерге суық сәулесін шашып тұр екен. Пердені қайта жауып, есік алдына келді. Медбикелер терезені қымтап, есікті тарс жауып тастайды, сәл сығырайтып ашсаң бәлеге қаласың, «сенің бұл әрекетіңді ертең емдеуші дәрігерге баяндаймын», – деп қорқытады. Есіктен сығалап қарап еді, төбеден салбыраған дәліздің күңгірт шамы арлы-берлі тербеліп тұр. Дөңес ләмпішке екі-үш минөт теңселіп, бір мезет орнына кеп тынши қалды. Алаухан жер сілкінгенін білді, «бірақ, болжаушылардың алдын-ала ескертуі болған жоқ қой» деген күмән ой көңіліне көлденең тартыла берді. Мұндайда жыландар жылжып кетіп, сезімтал хайуанаттар үн шығарып, белгі береді деуші еді. Адамдар неге үнсіз? Бізге ләм деген ешкім жоқ». Сығырайған есік алдынан сытылып, арбасын кері бұрып еді, Шипыр сатқан қорылдап, 6-палатаның сәнін келтіріп жатыр, үш аунап түскен «Хюндайдан» аман қалған ер-азаматқа екі дүние бір қадам. Тек тракторының майын ойлап, түн ұйқысы төрт бөлінген сарыауыз Әлиман таңулы қолы шошайып, дөңбекшіп жатып баяу үн қатты.
– Аға, кереует тербетіліп кетті, сіздің коляскаңыз тербелген жоқ па? Жер сілкінді-ау деймін?
– Коляскамен қоса тербеліп жүрмін ғой.
– Аға, сіз оқыған адамсыз. Бұны алдын-ала айтпай ма? Тракторымның быт-шыты шыққан жоқ па екен? Сіз...
– Қарағым, мен вахтермын. Осы «оқыған адамсың» дегенді қойсаңдаршы.
– Неше балл болды екен? Әжептеуір тербелді ғой. Тек бізде емес, барлық палатада осылай болған шығар. Бірақ, олар платный ғой.
– Адам жерге ақша төлемейді, жер тегін, жер сілкінісі де тегін болады. Төленген-төленбегеніне қарамайды. Жат енді, – деп Алаухан арбадан түсіп, төсегіне қисайды. Балаға ауыр айтып қойдым ба дөңбекшіп, біразға дейін көне кереуеттің үстінде аунақши берді.
***
– Сырқат азаматтар, түнде жер сілкінді, білдіңдер ме? – деп дөрекілігімен аты шыққан медбике шамды шырт еткізіп жағып, самбырлап сөйлеп қоя берді. – Мен қатып ұйықтап қалыппын. Санитар қыз «жаман қорықтым», –
дейді жыламсырап. Сендер ше?
Шалқасынан түсіп жатқан Алаухан естілер-естілмес күбір етті.
– Сездік қой.
– Келіп айтпадың ба? (Ол жұрттың бәріне «сен» деп сөйлейді).
– Есіктен бас қылтиту күнә емес пе? Сөз естіп қалам ба деп қорықтым. Оның үстіне бүгін емдеуші дәрігер келсе...
– Емдеуші дәрігер келе қойса..
– Дәліздегі шам тербеліп тұр екен.
– Ой, сұмдық-ай. Оны қайдан көрдің? Алдын-ала ескертетін ешкімнің болмағаны ма?
– Құдайдың құдіретін ешкім де ескерте алмайды.
Дөрекі медбике сөзге түсіне алмай сәл тұрды да, өзінің даңғыл жолына түсті.
– Мен түннен шықтым, енді кезегімді дневнойға тапсырам. Түндегі ЧП-ға мен кінәлі емеспін. Енді не болса о болсын, үйіме аман-есен жетейін,–деп бұрыла бергенде, керзі етігінің ізі еденде қалған кешегі қырбық мұрт есіктен емпеңдеп кіріп келе жатты.
– Таң атпай тағы келдің бе? Кім шақырды сені?
– Қызым, қазір есептесем, – дегенде, дөрекі медбике аңтарылып қалды да:
– Мен кетіп барам, кезекшілігімді тапсырам, – деді түсін суытып.
Қолын қалтасына салған тосын жүргінші жалпақ бөксені жапқан ақ желеңнің қалтасына тағы бір екі мыңдықты сүңгітіп жібергенде дөрекі мінез-құлықтың белгісі де білінбей мүләйім күй кешіп бұрылып жүре берді.
Тосын қонақ кешегідей емес, кәнігі таныстардай көсіліп сөйлеп қоя берді.
– Түнде жер сілкінді. Білдіңдер ме? Мен сендердің амандықтарыңды білейін деп таң атпай осында жүгірдім, – деп Шипыр сатқанға бұрылды. – Сенің жағдайың қалай, әйтеуір еш нәрсе әсер еткен жоқ па? Ойбай, жаман болды. Бір минөттен аса итаж үй тербеліп тұрып алды. Мен сені ойладым, – деп тағы бір адымдап, Шипыр сатқанға жақындай түсті.
– Балаңды ойлаған жоқсың ба?
– Ол түрмеде, мәшине де қамауда. Ойламай тұра алмаймын ғой, сосын ғой, ерте келіп тұрғаным. Ойбай, жаман болды. Орыстар үшінші итаждан секірді. Рәссиядан, Мәсквадан келген, Украинадағы соғыстан қашып жүргендер екен. Бұрын мұндайды көрмеген ғой. «Енді қайда барып күн көреміз, дейді. – Өзбектер кіргізбейді, қырғыздар кіргізбейді, бізге ең жайлысы қазақ деп келіп ек, бұлардың да жері сілкініп, бізді қарсы алмай жатыр» деп өксіпті, дейді.
Осы сәт оң аяғы аспанға асулы Вова көзілдірігін көзінен алып, бір сүртіп тастап, жаңалық сөзге шекесі шың етіп, әудем жерден шүйкедей шалға тесіле қарады. Москва, Россия деген сөздерді құлағы шалып қалған оның көңілі елеңдеулі еді.
– Москва, Россия дедіңіз, ол жақ тыныш па?
Сол-ақ екен, Шипыр сатқан жіңішке даусымен шыр ете қалды.
– Екі ауыз сөзді түсінбесең, өзіңнен гөр. Қазақстанда туып, отын оттап, суын сулап жүріп, екі ауыз сөз білмейсің, – деп еді:
– Оған түсіндіретін менің орысшам жоқ. Сен аман болшы, – деп кереуетіне бір табан жақын келіп, маңдайынан сипады. – Сен аман болшы. Тағы бір апаттан аман қалдың. Сен аман болшы, – деп қолын қойнына тықты да, төрт бүктеліп, өңі оңып кеткен сарғыштау парақ шығарды. – Мынаған «Ол қалғып кеткен жоқ, сергек отырып айдады» деп жазып, қолыңды қойып берші. «Сонда балаңды түрмеден үй қамаққа шығарам» дейді тергеуші. Сен де екі өлімнен қалып отырсың ғой, – деп қолын созған күйі тұрып қалды.
Шипыр сатқан тағы да шырт ете қалды.
– Әкелші бері, жаның жайлансын, – деп шалдың қолынан кіршең қағазды жұлып алды. – Мен қытайдан келген қазақпын, орыс әрпін дұрыс жаза алмаймын. Не деп жазайын. Айтшы, екі ауыз сөзді.
Мүләйім шалдың жүзі жайнап шыға келді.
– Шопыр Рақат Жапақұлы рөлде өте сергек отырды, ешқандай қалғып кету болған жоқ. Жол тайғақ еді, бар бәле содан болды деп кепілдік беремін. Бі-бі-біді.. Сенің атың кім еді?
– Атымды ұмытып қалдың ба?
Бір сәт мүләйім бейне сәл тіктеліп, кеудесін керіп, сыртқа қарай бұрыла бергенде Шипыр сатқан саңқ ете қалды.
– Ертең, дәл осы уақытта, мына жатқан бесеумізге бір табақ ет асып әкелесің. Ыстық сорпасымен.
– Айтсаңыз болды. Беймарал. Тауық сорпа ма, қой еті ме?
– Қой еті. Біз тауық емеспіз.
– Беймарал. Ертең келем. Тегіс сауығып кетіңіздер. – Ол арқасы дүңкиіп, табанынан су сорғалап, еденге болмашы із тастап кетіп бара жатқанда Алауханның қалта телефоны шыр етті.
– Иә, Секергүл Демесіновна, қашан шығатынымды білмеймін. Дәрігер әлі қараған жоқ.
– Институт вахтерсыз қалды ғой. Қоңырауға үйренген жұрт бет-бетімен босып жүр, жұмыстан қашқандар да бар. Түнде жер сілкінді, бәрі терезеге қарап, далаға шығуға дайын отыр. Әнебіреу еден жуушыны отырғызып қойып едім, соткаға үңілген күйі қоңырау соғуды ұмытып кетіпті. Тезірек шық.
– Секергүл Демесіновна, мен жұмыс уақытында майып болдым. Маған қосымша ақы төлене ме! Институттың алдында тайып жығылғанымды жұрттың бәрі көрді. Бұл производственный травма. Төленуі керек қой.
– Производственный травманы түсіңде көрерсің. Бізде матпомощ, премия дегеннің атымен жоқ екенін білмейсің бе? Біз мемлекеттік емес, өз күнін өзі көрген қоғамдық мекеме емеспіз бе? Ғылым Академиясы жекешеленіп кеткенін сен білмегенде кім біледі? Біздің институт Академияға бағынбайды, оу, институт сенің қоңырауыңа бағынбай ма? Сырқатың ауыр-ау деймін, сөзің біртүрлі. Сенің қоңырауың қымбат боп тұр, так что, тез шық, – деп қалта телефонын шырт еткізіп өшіре салды.
Алауханның көңілі Күн тұтылғандай бұзылды. «Қазақ аурудың көңілін сұрап, жылы сөз айтпас па еді, «ауру да жылы сөзден сескенбей ме?». Мына әйел ә дегеннен басып-жаншып... Осы біз не боп барамыз? 19-ғасырда жазылған «Алтыншы палатаға» күлуші едім, басыма келді. Ол капиталистік қоғамдағы көріністер емес пе? Біз қанатымыз қатайып келе жатқан еркін елміз. Еркіндіктің жөні осы деп еркін сілтей береміз бе? "Қазанда қақпақ, итте ұят болмай ма?" Түбі не болар екенбіз? Адам факторы дегенің айтыла салған сөзге айналғаны ма?»
– Завтрак, завтрак, таңғы ас, – деп шыр-пыры шығып сөйлеп тұрған тауықтың балапанындай жаңа медбике қызға:
– Қарағым, бүгін емдеуші дәрігер келе ме? – деп еді:
– Ол кісі платныйдың командировкасымен жүр ғой. Ертеңдері кеп қалар, завтрак, – деп тағы бір шыр етті.
Аяғы саулар шыныаяқтарын ұстап тиіп тұрған ас үйге беттеді. Алауханның тамаққа зауқы жоқ, көңілі далада қалғандай құлазып отыр. «Осы менікі не жатыс, үйімде жатып, вахтада отырсам да сынығым бітпей ме?» деген бір ой көңілінде ызың ете қалды.
Вовадан басқасы қисаңдап-тербетіліп есіктен шығып кетті. Аяғы аспанға асулы оған тамақты әкеп береді.
– Что земляк, скучно стало? – деді екеуден екеу қалған Вова жаралы жанын түрткілеп. – Жер сілкінді, қазақтар қашан сілкінер екен? – деп тағы да орысшалап жіберді. Жастығын биіктетіп, басын көтеріп ап әудем жерден тағы да тіл қатты. – Ты, чересчур грамотный, саған платныйға жату керек еді, жағдайың жаман емес секілді, – деп сұрау сала қарады.
– Я – вахтер – деп бұл да орысша жауап берді.
***
Қолхат алып кеткен әлгі адам ет асып әкелмеді, оны тағатсыздана күткен Шипыр сатқан орнынан ұшып тұрып, әрлі-берлі жүріп, абдырай сөйледі.
– Әлгі бүгін келмеді, сонда мені алдап кеткені ме? Мен сендерге ет жегізіп, сорпа ішкізсем деп едім. Қолхатымды қайтып алам, баласын өмірлік түрмеге айдатам.
– Тергеуші қолхатыңды қайтарып бере қойса, – деп Алаухан кереғар сөйледі.
– Оның да аузын майлап қойды дейсің ғой. Оу, көкесі, менің немді майлады, бір табақ ет әкелуге жарамады. Оқыған адамсың ғой, осынысы дұрыс па?
– Оқыған деп қоймадыңдар ғой, менің сенен қай жерім артық. Айтшы?!
– Кітапты көп оқығансың дегенім ғой.
– Қазір кітап оқығаннан гөрі оқымағандар алда жүр. Өзің бел ортасында жүрсің ғой.
– Көке, мен үйге шығам. Дені-басым аман, тілім сау, босқа жатырмын. Қарап жатқан дәрігер жоқ, күніне бір рет шыңғыртып ине шанышқаны болмаса. Арғы беттен келген бір тәуіп бар, соған барып тамырымды ұстатам.
– Менің де шыққым кеп отыр.
Осы мезет үстіндегі ақ желеңі тіп-тік бойына құйып қойғандай теректей қақиған бір жігіт кіріп келді де, самбырлап сөйлеп қоя берді.
– Сырқат азаматтар! Мен сіздердің емдеуші дәрігерлеріңіздің міндетін атқарушымын. Кімде қандай жалоба бар? Айтыңдар.
Таңғы асқа қарны тойып келген Бұқа сүйреткен мен тракторшы Әлиман ауыздарын ашып қарап қалды.
– Менің дені-басым сап-сау. Мен үйге шыққым келеді.
– Аты-жөніңіз?
– Әбдірәлі.
Ол қолындағы бір жапырақ қағазға қарады.
– Сізге шығуға болады. Жұлыныңыз сап-сау, аздап нервіңізге зақым келген. Сізді мұнда емес, жүйке ауруларын емдейтін дәрігер қарау керек еді.
– Жүйкем де орнында.
– Онда дайындалыңыз. Тағы кімде жалоба бар?
Алаухан жастықтан басын көтерді.
– Мен Қожамжаров Алаухан...
Дәрігер қағазға қарады да, аурудың сөзін тыңдамай сөйлеп кетті.
– Жеті күн бұрын сол аяғыңыздың жіліншігі шытынапты, тайған тобығыңыз орнына түсіпті. Екеуі де өзінен-өзі бітіп кетеді, тек қозғалмай жату керек.
– Емдеуші дәрігер бір-ақ рет көрді.
– Ол кісі платный бөлімшенің командировкасымен алыста жүр. Біздегі жалғыз травматолог-хирург қой. Ақша қандай роль ойнайтынын білмейсіз бе? Сізге де платныйға жату керек еді, – деп шашы артына жапырыла қайырылып, зиялының өңін берген Алауханның бет-жүзіне шұқшия қарады. –Аурухана түрме емес. Шығам десеңіз, қолыңызға кесел қорытындысын береміз, өзіңіз тіркелген емханаға барып көрініңіз. Жалпы, бұл жерде бір жетіден артық ұстамайды. Не көп, басы жарылып, аяқ-қолы сынғандар көп. Көшеде әйтпесе мектепте қапияда таяқ жеген оқушылардың да де саны артып барады. Банк тонап, оқ тиген ұрыларды емдеу де біздің мойнымызда. Қоғамның жағдайы осындай боп тұр. Жер болса тайғақ, – деп сөзінің соңын жұтып қойды да, – Сіздер не ғып жатсыздар? – деп Бұқа сүйреткен мен тракторшы Әлиманға бұрыла бергенде, Алаухан кереуетінен түсіп, шойқаңдай басып дәлізге беттеді. Уақытша міндет атқарушы дәрігер Ұланбатыр – Бұқа сүйреткенге қарай шалт бұрыла бергенде, дәл ортада тұрған мүгедек арбасымен соқтығысып қалды да, тізесін ұстап, шамырқана сөйлеп кетті.
– Осындай жерге де коляска қоя ма? Беспредел! Сіз не дейсіз?
– Мені бұқа сүйретіп кетіп еді, оң иығым әлі сыздағанын қояр емес. Отадан кейін әлі ешкім қараған жоқ, – деп бастай бергенде, Шипыр сатқан бұрыштағы көне шифонерден киімін алып, сыптай боп киініп, кезекшілікке келген жүзі жарқын медбикеге: «Мен кетуге дайынмын», – деді. Шойқаңдап кірген Алаухан да: «Қызым, мен де дайынмын», – деп қосып қойды.
– Ой, сендерді топырлатып шығарып жатыр ма? Бір жағынан аурудың кеткені жақсы, жұмыс азаяды, – деп ақжарқын қыз ақтарылып қоя берді.
Бір бет қағазды қолына ұстаған Шипыр сатқан:
– Ал, жақсы, мені іздесеңдер «Алтын Ордаға» кеп "Шипыр сатқан қайда?" десеңдер, білмейтін адам жоқ. Шипырды арзанға берем, – деді де, – Енді анау қолхат жазғызып ап алдап кеткенді таппай қоймаймын, – деп шалт бұрылып жүре берді.
Онан кейін Алаухан кесел қорытындысын қолына ұстап кеп палатамен қоштасты.
– Бұқа сүйреткен құрдас, сен сол бұқаны сойып таста. Ол сенен сиырларды қызғанып жүр. Әйтпесе саған онан да зорын көрсетеді, – деді.
– Көреміз. Әуелі иығымды жазып алайын. Иығымды салған оташы келсе, мен де шығамын.Екі сиыр сол бұқасыз да бұзаулар, – деп жұмсақ даусымен жылы қоштасты.
– Сен, Әлиман інім, трактор майың қымбаттап бара жатса маған айтшы, бір жолғысын мен-ақ төлейін, – деп еді, ол да естір құлақтың есесін жібермеді.
– Әуелі өзіңіз производственный травмаға құн төлетіп алсаңызшы, ақшаңыз таусылып қап жүрер, – деп миығы тартты. Саққұлақ екен, біреудің сөзін босқа жібермей бетіне басып тұр.
– Басқа жерде кездесейік, – деп Вова орысша қоштасты.
Алаухан шойқаңдай басып, 6-палатаны тастап кете берді. «Чеховтың сол «Алтыншы палатасынан» оқыған Диоген деген пақыр бөшкеде өмір сүрсе де, өзін бақытты сезінген екен, мен де отбасы – ошақ қасыма барып, бала-шағамды көрсем, бұдан асқан бақыт бар ма? Тар болса да кең сарайдай өз үйіме не жетсін! Бибімді көрмегелі де біраз болды. Сынық адамның жасына қарай бітеді, дейді. Бір жеті өтті, енді елу жеті күн күтуім керек. Не де болса, таяқ сүйеніп жұмысқа шығамын. Вахтер боп қақиып отырам, жаңа шыққан бір кітапты тауып ап ермек қылам... Апта соңында шығатын әдеби газетті күтем... Ары-бері өткендерді көз астымнан өткеріп, қоңыраудың түймесін дер кезінде басып отырсам...» деп бір желпініп қалған кезде биікке ілініп, көз алдын кес-кестеген дөңгелек қоңыраудың ащы даусы құлағына естілгендей тұлабойы тітіркеніп кетті. «Жүз адамды бір шыбықпен айдап отырған да осы қоңырау. Даусы сондай ащы, бірақ тәттіні қайдан табамын?» деп бір сәт салы суға кеткен Алаухан бала-шағасын көргенше асығып, аялдамаға қарай ақсаңдай басты. «Апырмай, Чеховтың сол әңгімесінде дәрігер жындысүрей адаммен күнде кездесіп, көңілін аулап жүреді де, аяқ астынан өзі о дүниелік боп кетеді, – деп тағы да «Алтыншы палатамен» сырласты. – Сондағы жындысүрейдің дәрігерді жоқтап налығанын көрсең. Ақыл-есім түп-түзу менің аяғымды салған оташыны жеті күнде бір көрмедім. Аман болсын. Ол да бала-шағасының қамын күйттеп жүрген өзім сияқты біреу шығар». Осылай ой кешкен ол қарсы алдындағы аялдамадан жылжи берген 32-автобусты көріп қап шалт алға итініп, қол бұлғап еді, сәл кідіріп, тоқтамады. «Отырғандардың біреуі «Тағы бір жолаушы келе жатыр, тоқтай тұршы» деп айтпағаны ма?» Көбі қалта телефонға үңіліпті. Бір жасөспірім ыржиып терезеден қол бұлғады. Оған бәрі қызық. Қасында дір-дір етіп таяқ сүйенген қарт тұр. «Онсыз да кісі көп екен, келесісіне мінермін» десе де, бала-шағасын көргенше жанын шүберекке түйген Алаухан жаралы аяғын сылти басып, бағдаршамнан өтіп, аялдамаға жетті. Әне, келесі автобустың төбесі көрінді. Бірақ, ол да қасынан зу етіп өте шықты. Жалғыз жолаушы үшін есігін ашуға ерінген тәжірибелі жүргізуші кәнігі әдісіне салды. «Такси тоқтатсам ба екен» деп қалтасына қолын сұғып еді, тесік қалтаға саусақ ұшы сүңгіп кетті. «Қасқарайған жоқ, асығатын не бар» дегенде, бала-шағасынан кейін жан-жарының күлімсіреген бейнесі көз алдына жалт ете қалды. Алыстан тағы бір томпиған автобустың төбесі көрінді. «Мынау тоқтар ма екен? Біреуден екеу жақсы еді» деп айналасына қараса, аялдамада өзінен басқа жан жоқ. Сылти басып, тағы бір аттап күре жолға көз тікті. Қоғамдық көлік жақындап қалыпты.