Эссе Бестселлер.XX ғ. орыстың ұлы ақыны Анна Ахматова «Я научила женщин говорить»,...
Сені маған тағдыр берді, Заманым...
Тағдырды адам өзі жасайды... Адам болып өмірге келіп, тәлейіңмен таласа жүріп, талғаммен ғұмыр кешіп, өзгенің емес өз өміріңнің «патшасы» болғанға не жетсін!... Бірақ, өмір деген кино емес, соңы бақытты болумен аяқталатын. Бақытты болу үшін де ащы тағдырдың дәмін сезіну де – заңдылық сияқты. Заманым, асыл жарым, өзіңнің артыңда қалып, осылай «Еске алуды» жазамын деп ойласам, құрғыр бақыттың дәмін татпасам да, ештеңеден құры қалмас едім ғой... Үнемі айтатын едің: "Сен менің өміріме тек жан-жарым ғана емес, шығармашылық деген тылсым құдіреттің есігін аштырған жарығымсың" , - дейтін едің... Сол тылсымның тұңғиығының есігін енді ашқанда жұмбақ әлемге кетіп қалғаның не еткенің, жаным-ау!?... Болмыстағы тұғырыңның биіктігі өміріме мән әкеліп, тамырын тереңге жайғандай болып едің... Бәріне тек осылай нүкте қойып кеткеніңе не шара, Жаным?... Мені «Сансыз сұрақтардың арасынан адасып қалады-ау» деп ойламағаның ба? ...Мені қойшы, ғұмырыңа жұмбақ болып келіп, қаламыңнан сыр төгіп, өзіңнің ғана әлеміңе лайық ерекшелігіңді елеусіз ғана білдіріп, мақтау мен мадақтан, даңғаза мен дақпырттан жатырқап көлеңкелі ғұмыр кешуіңді қалай түсіндіріп кеттің? ...Міне, мен осындай сансыз сұрақтарға қамалып жүрмін. Қамалып емес, таланып жүрмін...
Адам шыр етіп өмірге келгеннен рухани тазалықтың өзге жаратылыстан ерекшелеп тұратын сана деңгейіндегі адамгершілік ар-ұжданымен дараланбақ. Қазақтың қара үйінде дүниеге келіп, сөз құдіретінің тылсым әлеміне бала кезден құмар болып өскен Заман Самалбекұлының өмір жолы әуелден-ақ даралықпен астасып жатқандай еді. Тіпті бозбала кезден өз қиялы мен арманының алдында аласармаған өмір сырын ұғынып, іште жатқан дархан даналықты елеусіз ғана жүрегіне түйіп өсті. Қыр баласының күнделікті бұйығы тірлігі уақыттың арбауымен жылжып жатса, Заманның ойы, қиялы сол уақыт еншісіндегі тағдырлы тіршілік иелерінің таным-түйсіктерін санасына тоқи жүріп, шығармашылық әлемге жол тартты. Сыртқа мінезі бірқалыпты көрінгенмен іште арпалысып жатқан сөз өнерінің сиқыры әлемге өзгеше қараумен, өзінше топшылау сияқты тылсымымен адамдардан бөлек ғұмыр кешіп жүргендей сырттай беретін. Біреу білер, біреу білмес. Бірақ осы бір жігіттің ішінде аласапыран, қайнаған өзгеше тіршілік бар дегенге кім сенер дейсіз, тіпті өзі де сезбей кеткендей... Айғақты ғұмыр ар алдындағы айқасқа толы тіршілігінде қаламын ой мен сөзге суғарып, өзгеше ғұмыр кешемін деп ойламаған сияқты. Әйтпесе әр шығармасындағы адам болмысының арыдан сыр шертер жақсы мен жаман пейілінен тұратын пендешілік сырларын астарлап жеткізе алар ма еді?...
Әдеби, мәдени ортада ортанқол тіршілік кешіп, лауазымы мен шығармашылығын қатар алып, бұйығы тіршіліктің қарапайым пенделік сырынан аспады. Мақтанбады, мақтан қумады. Бақталас, жарыс, жағымпаздық жанына жақпады. Елеусіз ғана ғұмыр кешіп, еншісіндегі шығармашылық деген сағымның соңынан қуып, адалдық пен араздық дейтін тіршіліктің аумалы-төкпелі сынағын да көрді. Төзді. Кейде бір адамның тағдыры осы бір жұмырбасты пенделердің аумалы-төкпелі тіршілігінде өзгеге ұқсамайтын жеке ғаламшар секілді, ішінде гауһары бар құпиясын аялап, өзімен-өзі алабөтен күн кешетіні болса, кейбірі салмағы жоқ тағдырының аста-төк шашылып жатқан дүние деген тойдың қызылды-жасылды сарқытындай әлдекімге жұғысып жүретіні бар. Алғашқысы, Заманның еншісіндегі тіршілік сыры. Тәңірден бұйырғаны сол болар. Дәметпеді. Бір биіктік – аяласа, бір құлдырау – сағын да сындырды. Қайта тұрып, күресінге толы тағдырының қаһарманы емес, шығармашылық деген бөлек әлемнің еншісіндегі нөкері іспетті адалдығына берік болды. Өз-өзінен батыр жасап жүретін кеудемсоқ пендеуи жандардың алдында аласармауға емес, шығармашылығына сәби пейілімен адал боуға тырысыпты. Мұның бәрі сізге сиқырдай болса, жанында жүріп аз ғана бірге ғұмыр кешсек те , адам деген атқа лайықты адал жар ретінде куә бола жүріп сезгенім еді. Болмысы бөлек жан десем де, өзіме де кейде беймәлім әуені ашылмай кеткен сырсандық іспетті. «Бұл өмірдің өзі жіпке ілінген шар сияқты не жарылып, не ұшып кетуге дайын тұрады. Сондықтан көзің көрінген сәттен артық еш бағалы жоқ» деп жазған әдеттегі «хаттарыңның» бір үзігі өз бағаңның соншалықты құнды екенін өз сырыңмен айтқызып тұрған тылысымыңа не шара?... Бүгін бар да, ертең жоқ адами тірліктің алмағы мен салмағын бір ауыз сөзге сидырып кетуің пенделіктің бағасыз, құнсыз екенін, тек адами терең пайымнан тұратынын қалай сомдап кеткенсің... Осының бәрі жұдырықтай жүрегіңе қалай сыйды екен... Өзгелер көре алмайтын айналадағы тіршіліктің құбылмалы өңін сонау тереңінен тартып әр шығармасының өзегіне айналдыру – екінің бірінің қолынан келмес шеберлік. Бірақ, сол шеберлік деп аспандатсақ та, оның ішіндегі өмір туралы, адамдар туралы айтар ащы шындықтың кермек дәмі сияқты. Шалқып ғұмыр кешу маңдайына жазбапты. Сонда да тағдырына арыз айтпай, «барды – бар, жоқты – жоқ» деп мойынсұнса да, жақын жандарының жанын түсіне алмауы қиын-ақ. Қалай түсінсін?... Адамдардан оқшау қырда өскен баланың табиғаттан сіңген тазалығы мен пендеуи ала-құлалықтан аулақ ой-өрісі адамтанудағы пайымына көп сызат түсірді. Қарапайым мал соңында ғұмыр кешкен әке-шешенің тәрбиесі мен дала мәдениетінің сыры тек шығармашылыққа деген адалдығына ғана берік болуды дарытса керек. Тағы да «хаттарыңа» үңілдім... Тағдыр теперішіне көндіккен пейілің айналаңдағы адамдарға үрке қарайтының, сырттай елеусіз көрінгенмен ішіңе бүккен талай сыр кеткенін аңғартатын. Алғашқы сәттен кездескеннен сабырлы мінезің мен тереңдігің екеумізді байлап-матап алған шығармашылығыңдағы тартылыс заңы іспетті. Өмірде көргенің мен білгеніңді, түйгеніңді сана деңгейінде қорытып шашып-төкпей, шығармаларыңның әрбір кейіпкеріне сыйғыза алғаның да өмірге айтар арызың деп білдім. Әдеттегі бір хатыңда ұзақ уақыт өзіңді таба алмай, шығармашылықтың дәмі кермек тартып көп сенделгеніңді жазғаның бар. Меніңше, өзіңді тапай жүргеннен гөрі, мына ақ пен қара алмасқан тіршіліктің тезінен өзіңді арашалап алар жылу іздеген сияқтысың. Адам жылуға зәру. Береке мен ынтымақтың бесігі – көңіл жарастығында. Көңілі жарымжан жанда қандай маза болсын. Жүрек тыныштығы сыртта емес, іште екенін өзің де жақсы білетінсің. Екеуміз кешкен аз ғұмырыңда ойыңның кенін сыр ғып ақтарған сайын «мұның бәрі жарыққа шығу керек қой» деп түйдім. Жасық көңілің ішіңдегі «алтын сандықта» сақталған сөз сырын аялап, қорғаштай беретінің де, сөз құдіретінің соншалықты жауапты, оның айтылар өз орны бар екеніне аса сақтықпен қараған екенсің ғой. Себебі, сен сомдаған әр кейіпкеріңде Заманның ұшқыны бар еді. Егер көзі қарақты оқырманың болса, менің нені меңзеп отырғанымды сөзсіз түсінеді деп ойлаймын. Сен туралы айтар сырым – ғұмырыма жүк. Бұл соңы емес. Себебі, ендігі маған бұйырған тіршіліктің сыры рухыңмен тілдесу. Сен жүріп өткен ғұмырлық жол шығармашылықтың ащысы мен тәттісінің арасындағы қысқа бір соқпақ. Ашылмай кеткен сырың да өмірдің қат-қабат қалтарысы мен бұлтарысында қалған жұпыны тіршілігіңнің айғағы. Заманды еске алып, толғанып отырып, сізге оның адами феноменін аша алсам, ол да маған үлкен олжа.
Заманның жаны таза еді. Оны екеуміз кездесе бастағанда сезуші едім. Кейін бір шаңырақта ғұмыр кеше бастағанда өмір туралы, адам туралы сырласқан сәттерімізде терең түсіндім. Бір адамды тануға онша көп нәрсенің қажеті жоқ. Сүю деген тәңірдің сыйы. Сүйгізе алу – тазалықтың патшасы. Сол патшалықта аз ғана көңіл жарастырып ғұмыр кешкеніміз өзгелерге үлгі болар бойтұмар болса деймін. Екеуміздің арамыздағы әңгіме-дүкен сиректеу болды. Бізге шығармашылық табыстырған өмір өткеліндегі аз уақыттың өзі бір-біріміз үшін жаралған жандар екеумізді сезіне жүріп, хаттар арқылы сырласуға ғана мүмкіндік болған сияқты. Себебі мен сенің жаныңда ұзақ бола алмай жұмыс бабымен шетелге жиі шығатынмен. Біз үшін әр кездесуімізді күту, сағыныш хаттары әдеттегідей аса ауыр салмақ түсірмейтін. Бір-бірімізден алыста жүрсек те рухани байланысымыз бір сәтте толастаған емес. Екеуміз бірге болған шақтарда мен адам дүниетанымындағы әр алуан мінез-құлық, ұстанымдарды көп сапарларымда кездескен әр ұлттардан түйгеніммен бөліссем, көп ойланбастан терең түсінік-пайымыңмен толғанып кетуші едің. Сонда сені «гений» деп бағалаушы едім. Сондай тереңдік, салмақтылық, білімің мен білігің мені таң қалдыратын. Жақсы бір кештерде бірге көретін фильмдер, образдық сан-алуан толғамдар, өмірдің өзінен алған шым-шытырыққа толы тағдырларды саралай отырып, терең өмірлік философияға сыр шерту ең аяулы шақтарымыз еді. Бірақ, өте сирек болатын. Сондай кездерде мен саған таңдансам, сен «сенің екінші тынысың – шығармашылық, осынша терең теңеу мен толғамдарды қайдан аласың, мен толғанып айтсам, сен барыңмен төге саласың, шіркін» деп – осы бір сәби көңіліңнің кіршіксіз тазалығы ғой менің жоғалып кетпеуіме себепкер болған» деп балаша еркелетіп отыратыныңды қалай ұмытайын... Тіпті екеуміздің бірге болған шақтарымызда өзімізді емес, замана, адам, көңіл туралы ортақ тебіреністеріміз мына қым- қуыт тіршіліктің бар-жоғын уақытша болса ұмыттарындай еді. Тым жұмысбастылығым өзіңнен алыстау жүруіме мәжбүрледі десем де, арамызда қалған тәтті сәттердің бағасын осылай көтеретін уақыт деген әміршінің даналығына сөз жоқ!
Менің асыл Құдіретім, Заманым! Саған деген кіршіксіз тұнық көңілімнің медеуі, үмітімнің тірегі...
Мына жарық дүниедегі Бақыт деген жүрекке тұнған ғажайып сезімнің сырын ұқтырған аяулы жарым едің... Өзіңді алғаш көргенде дауысыңның дірілінен аңғарғаным Құдіретті бойына құдай берген, өмірдің толқындарында өкініші мен қайғысына қанша тұншықса да, өз қалпын сақтай алған, тіршілігіңде тек жақсыны көруге ұмтылған, тұла бойыңда пейіштің иісі аңқыған, мені шын сүйе алатын жан екеніңді байқадым.
Болмысыңның ерекшелігі тазалық пен іңкәрліктен нәр алған, елжіреген нәзік жүрегіңдегі өр мінезіңе шын ғашық еттің... Жаным!
Сүйе білу мен сүйдірудің ғибраты қос жүректің үндестігіндегі адамдық пен мейірімнің табысуынан. Адам өз қалпын сақтай алса, тіршілік нәрін көруге ұмтылса, ынтымақты пір тұтса, жаратушы сол адамды «Сен де кереметтің бір тамшсысың» деп айтады екен.
Ақиқатым едің, зердем жетпейтін. Әттең, әттең.
Өзің деген сағынышым басылар емес. Сен кеткен күннен бастап, жарық дүниенің бар асылы сөніп, тар қапастағы күндер де баяу жылжып жатыр.
Сен жайлы ойлап кетсем, ойымның шегі жоқ. Жылт еткен үміт алдамшы сағымдай мына хаттарыңмен үн қатады. Егер тәтті шақтарымыздың баяны осы хаттарыңда қалған сезімнің сарқыты боларын білсем, жаныңның мәңгі ажырамас бөлігі болар едім, оған амалым бар ма?...
Артыңда қалып, адасып қалған сағымдай бұл күні елес болған ғазиз рухыңмен тілдессем, бақытты шақтарымыздың куәсі болған елес сырлар санамда қайталана береді.
Алғаш саябақта ұзақ сырласқан сәттерімізде өзіңмен қоштасарда «Ақиқат пен зұлымдықтың арасында үлкен бақ бар. Сізді сол жерде күтемін» дедім. Сен маған үнсіз ұзақ қарап тұрып «Ол әлемнің тұңғиығы махаббаттың тұнбасы» дедің...
Осылайша, сен кеткелі жүрегімде жатталып қалған сезім сырлары мен өзіңді жоқтап көзімнен тамған әрбір тамшыдан да үркіп, жоқ джеуге сене алмастай күй кешудемін.
«Көктемім» -дедің, жүрегіңде бір жарған жұпарлы сезіміңе теңеп, «Ертеңім» - дедің, өзіңмен атар әр таңның шуағына арнап, «Ұлы құпиямсың» -дедің, жаныңа сақтап өтер қымбат асылыңа балап, «Құдіретім» - дедің, тап-таза пейіл, арың мен жаныңды жаныма балап, Қош!... Сендік сезімнің кіршіксіз адалдығы осы сағынышты хаттарыңа аманат! Бітпейтін мұңға, айтылмас сырға айналып кеткен Ұлы сағынышым... Екеуміздің кіршіксіз сезіміміздің ақиқаты – хаттарыңның сырында.
Сен кетсең де қолыңның табы, жүрегіңнің сыры, көзіңнің нұры қалған менің Ұлы Қасіретім, ашылмай кеткен құпиям!
Жақсылар жаралыны жұбатады, Өзіңсіз түнегімді кім ашады. Жақсыда шежіре көп шиырланған, Шырақсыз енді қалай күн батады. Жақсылық нұр боп құйып өр кеудеңнен, Қаншама қалды артыңда ізгілік-ем. Қимағанмен өзіңді тағдыр-тағым, Тәж-ғұмыр тәңіріңнен болды еншің. Мейлі өтсін, жылдар жылжып, ғасыр сырғып, Сен мендік асыл-тұмар қымбатымсың. Мен енді көндіккенмен бұл өмірге, Жыр-ғұмыр екеумізге қалсын шын сыр. Қиындыққа бас тігіп бара алдық па? Адастырмас жолды біз таба алдық па. Жаныма сақтап өтер ардақтым-ау, Тылсымның шырақ шамын жаға алдық па?...
Дүние тұрғалы қаншама ғасыр тәңірдің талқысындағы адамзаттың уақыт өлшеміндегі тынысы мен тіршілігін түгесіп, тірлікте кешкен ғұмырының соңы осылайшы бір күні тоқтайтыны ақиқат екен. Сен жайлы қаншама сыр жүрегімде түюлі... Көзімнен кетсең де, көңілімдегі тамаша сәттер мен жүректе қалған сезімнің сырлары таусылмақ емес! Мендегі жүрек тоқтағанша өзіңе деген ұлы сағынышын сарқыта алмайды. Ендігі тәңірдің алдындағы бір тілегім- асыл рухыңның өшпес ғұмыры жұмақтың төрінде шалқысын! Пендешілігің болса кешіре көрсін! Сенің жүрегің тоқтағанмен ұлы рухың өлген жоқ! Мен соны сеземін, Заман!...
Мақала авторы Заман Төлеуовтың аяулы жары Гүлмира Ажихан