Серік Сейітман. Қажет емес заң маған!

ӘДЕБИЕТ
4575




ҚАЖЕТ ЕМЕС ЗАҢ МАҒАН


Қаныма анам сіңіртіп бар салтымды,

Хат танымай танып алғам қалпымды.

Отан-Ана!

Қажет емес заң маған,

Заңсыз-дағы қадірлеймін халқымды.


Туа сала кешпесем де суыңды,

Иткөйлегім өзеніңе жуылды.

Отан-Ана!

Қажет емес заң маған,

Заңсыз-дағы кірлетпеймін Туыңды.


Алтын көрсе айналатын түлкіге,

Заңгер аз ба қалып жүрген күлкіге.

Отан-Ана!

Қажет емес заң маған,

Заңсыз-дағы қол сұқпаймын мүлкіңе.


Айналайын жылы жұмақ ұядан!

Сені есеппен сыйлап жүр-ау кей адам.

Отан-Ана!

Қажет емес заң маған,

Заңсыз-дағы мәңгі өзіңді сүйе алам.


Қаңбақ құсап көшкенімен қонысқа әр,

Отаны бар!

Ер медет қып соны ұстар.

Қажет емес, 

Қажет емес заң маған,

Заңнан күшті менде биік Борыш бар.


Мейлі маған бермей-ақ қой көп бәйгі,

«Өзге Отан» деп жүрегім еш соқпайды.

Борышымнан айнып кетсем бір елі,

Ең алдымен Арым келіп соттайды.


ҚАЗАҚҚА ҰҚСАЙДЫ


Қазаққа ұқсайды зау мұзарт,

Асқақ шың бұлтпенен таласқан.

Сол шыңнан биіктеу жалғыз-ақ

Дүниеге шаңырақ – Көк Аспан.


Қазаққа ұқсайды, расында,

Күлімкөз алтын Күн көктегі.

Жарылқап досын да, қасын да

Бәріне шуағын сепкені.


Қазаққа ұқсайды, бауырым,

Байқасаң, далиған қара жер.

Артылып үстіне ауырың,

Қойнына өлгеннің бәрі енер.


Қазаққа ұқсайды жақпарда

Жылт еткен таудың бал бұлағы.

Өзендер өзгеріп жатқанда,

Бастауы былғанбай тұр әлі.


Түзетіп тарихи қатаны,

Ғылымға жаңалық ендір сен.

О баста Алла Адам-Атаны

Қазақ қып жаратқан, мен білсем!


КӨКПАР


Көк көрпе-көгалға көк серке тасталды,

Көн етік батырлар қиқулап бас салды.

Ат тұрмақ, аңның да табаны тимеген

Жапанның түзінде бір сойқан басталды.


Жібермей намысы шеткері қалуға,

Жігіт те, жүйрік те жігерін жануда.

Жалпысы таласты өзді-өзін аямай,

Ақсақал абыздан ақ бата алуға.


Томаға сыпырған қырандай күйге еніп,

Додаға түскенде тұру жоқ именіп.

Көп уақыт өтпей-ақ иуі қанды әбден

Көп тұяқ астында көк қамыр иленіп.


Кеудеде жаны бар, қазақы қаны бар

Көкпарда нағыз ер жан беріп жанығар.

Суыр да шыға алмас қамалдай додадан

Суырып серкені ап шықты жануар.


Бір қамшы салдырмай сабазың сауырға,

Бір сәтте айналып алапат дауылға,

Құйындай құйқылжып, мәрені бетке алды,

Жете алмас жел оған, тоқтатпас тауың да.


Жүйткіген жүйрікке жете алмай жел қалды,

Ұйтқыған желіңе ере алмай ел қалды.

Пейілі онсыз да көл-көсір қазақтың

Қызыққа қанбайтын көңілінде шөл қанды.


Шалқұйрық бойында көбікті тер сасып,

«Шалсақал» бойында топырақ-жер сасып,

Шабандоз бойында Рух, Намыс тең тасып,

Кетті көз ұшында бір құйын белді асып.


Салымды шомбалдың көңілі тым шат-ты,

Қазақтың еріндей көкпарды кім шапты?

Қарагер ат түгіл, қара жер қайысып,

Долданған топырақ Аспанға мұң шақты.


Арғымақ өтті, әне, ойнақтап, ойқастап,

Азамат кетті, әне, шалықтап, той бастап.

«Қазаққа кім де-кім қастандық ойласа,

Көкпардай иленер!» дегендей ой тастап.


ДОМБЫРА


Нағыз қазақ – қазақ емес,

Нағыз қазақ – домбыра.

Қадыр ақын


Нағыз қазақ арғы атамның баяғы

Арғы өмірге аттап кетті аяғы.

Арғы атамның көзін көрген қауымнан

Көзі тірі – домбыра ғой аялы.


Тақымыңа тайғақ-кешу жолда сын,

Мықты болсаң, сонда рухың солмасын.

Қоңыр даусын жоғалтқан жоқ домбыра,

Қақ төбесін ойғанда да қорғасын.


Сол домбыра қасиеттім, киелім,

Одан артық кімді қалай сүйемін?

Төрімдегі бас қонақ қып сүйегін,

Мойнымдағы тұмар еттім тиегін.


Домбыраның пернесінде ән ғажап,

Домбыраның шанағында зарлы азап.

Қазақ болып қалды мәңгі домбыра,

Домбыра боп қалса екен-ау әр қазақ.


БӘТІҢКЕ


Бәтіңкем-ау, қанықпын қал-жайыңа,

Үн бітпеген тілің мен таңдайыңа.

Табаныма кіретін шөңге-тікен

Сенің барып қадалды маңдайыңа.


Аяқ дейтін аянбай қос ағаңа,

Иілесің маңдай тер жоса бола.

Мен төріне шықсам да талай үйдің,

Қаңтарылып тұрдың сен босағада.


Бірде жылдам, бәсеңсіп бір жәй жүрдің,

Жігеріңді солайша құмдай қылдың.

Аяқ бастың бұйрығын бұлжытпады,

Сен аяқтың ақылын тыңдай білдің.


Ақылына сәні сай бір көрікті

Үйленуге аруға біз «жерік-ті».

Бір бақыты сол бейбақ бәтіңкенің – 

Әу бастан-ақ жұп құрап үлгеріпті.


Аяқкиім бөленбес сая-нұрға,

Ей, бауырым, сен оны аядың ба?!

Ешкімге ешкім бәтіңке болмасыншы,

Мен тозайын қазақтың аяғында!


КӨК СЕРКЕ


Қарсы алдыңда дәу тұрса да не көрім,

Бойыңдағы намыс еді сенерің.

Қарағайдай мүйізі бар көк серке,

Бір отардың көшбасшысы сен едің.


Малдың жауы шибөрі де шибөрі

Мысың басып, отарыңа тимеді.

Саған сеніп, жамыраған қозы-лақ 

Өрісінде ойнақтады, биледі.


Кер ешкінің сенен туған лағы бар,

Лақ та болса күжірейген жалы бар.

Бақылдаушы ең, 

Бақырдың да бұл жолы,

Бауыздалып кете бардың, жануар.


Тулақтай боп тапталдың да аттарға,

Лезде айналып кеттің солай көкпарға.

Отарыңда топ бастайтын дәстүрді

Аманаттап қалдырдың ба лақтарға?!


Қой бастаған қоңыраулы көк серке,

Тарихымды еске салдың ескерте.

Қарап тұрып көкпардағы кейпіңе,

Ойға оралды-ау Алаштағы Көп Серке!..


ТҮРКІСТАН


Айналайын атамекен – Түркістан!

Сені өзекке тепкендерді жын қысқан.

Бір сен үшін атам жаға жыртысқан,

Бір сен үшін бабам жаумен қырқысқан.


Құйылып кеп қол болғанда бар түрік

Жау тентіреп кетпеп пе еді шарқ ұрып.

Тегін сатып тентек болды енді ұлың

Тарихының тамырына балта ұрып.


Төбеңе кеп тоқтап қалған арай күн,

Арай күнге көз аша алмай қараймын.

Қасиетіңді мансұқтаған

Қасиетсіз

Діншілдердерді мен де мойындамаймын.


Әрбір тасың сыбырлайды сыр айтып,

Әруағыңды алмайыншы мұңайтып.

Құшағыңда ұйықтап жатыр қанша алып

Сүйектері топырағыңды тыңайтып.


Жасыл өлкем қысы қопал, жазы көп,

Жүректерге тарихыңның сазын ек.

Сенде текке дамыл тауып жатқан жоқ

Қазы-биім қаз дауысты Қазыбек.


Басымды иіп құдіретіне Құдайдың,

Кесенеңде тілек тілеп жылаймын.

Аят оқып Абылайдың басында,

Хан бабамның «Үш арманын» сұраймын.


Айналайын Түркістаным – Тұраным!

Мирас еттің Қожа Ахметтің тұмарын.

«Әлхамдүллә – мен мұсылман қазақпын!»

Тірлігімде айтар осы ұраным.


АЗАМАТ


Алақаны табандай,

Апайтөсі даламдай.

Тірілгендей қайтадан

Тарихтағы Қабанбай.


Жұдырығы басындай,

Басы болса қазандай,

Сынға салсаң сабазды,

Шоршып тұр-ау сазандай.


Тұлғасына жедел, тез

Тоя алар ма көгенкөз?

Ауызынан түспейді

«Азаматтар!» деген сөз.


Тарылмаған парқы әман,..

Болсын сондай мәрт адам.

Түсірмеген ешқашан

Елдің жүгін арқадан.


Сөйлер сөзі жалаудай,

Сойып түсер сабаудай.

Жолап кет те жанына,

Ала жөнел алаулай.


Қасқа маңдай қазанат

Туса – туар қазақ-ақ.

Аз қазаққа 

Осындай

Көп керек-ау азамат.


ЖАМАУ


Ұлдарының іріп-тозып жейдесі,

Қыздарының үзіліп қап түймесі.

Анашымның саусағының сәні еді

Қиық мата, сабақтаулы инесі.


Шарам қанша, бозбалалық кейіппен,

Ұят қысып, қызарсам да күйіктен?!.

Алты қаздай алты әпкемнің 

Ер жеттім

Симай қалған киімдерін киіп мен.


Тым жұпыны өткенімен от күнім,

Көп өреннен биік болды шоқтығым.

Мен киетін киімдердің

Шетінен

Сау жерінен жамау жері көп-тұғын...


Кеудесіне бүгіп алып сырды мың,

Кешегімнен тұмандырақ бұл күнім.

Жамау жайлы білмей өскен масылдар

Жарқыратып көрсетіп жүр кіндігін.


Қартайғаны болса-дағы ағаттау,

Ана әдеті – со-о-л, инесін сабақтау.

Перзентінің бүтіндеймін деп үстін,

Ар-ұяттың жыртық жерін жамапты-ау.


Ізгілікпен өрілген соң тілегі,

Ісін бұлдап, шыға қоймас мінезі.

Ұлт жыртығын жамау үшін,

Бірақ та,

Менің Анам түк өндірмес Бір Өзі!..

author

Серік Сейітман

АҚЫН

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...