Тарих сөйлейді

ӘДЕБИЕТ
2541

Тынышбаев Мұхамеджан (12.5.1879, бұрынғы Жетісу облысы, Лепсі уезі, Мақаншы-Садыр болысы – 1938, Ташкент). Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтан шыққан алғашқы теміржолшы-инженер әрі тарихшы ғалым. Ол 1899-1900 ж. Верный ерлер гимназиясын алтын медальмен бітіріп, алғырлығы арқасында С-Петербургтегі тек дворян әулетінен шыққан балаларды ғана қабылдайтын І Александр атындағы жол қатынасы инженерлерін дайындайтын институтқа түсіп, оны 1906 жылы тәмамдаған. Алаштың біртуар азаматтарының бірі…

М. Тынышбаевтың «Великие бедствия» атты 1992 жылы орыс тілінде жарық көрген кітабындағы деректерді арқалансақ, патшалық Ресейдің саясаты да кешегі қазақтың үштен екісін жалмаған сұм жоңғардың қылапатынан кем түспегені айдан анық көрінеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін атамыздың Түркістан генерал-губернаторына жолдаған жазбасынан термелі, үзінді келтірсек дұрыс болар. Бұл материал 1916 жылғы толқуға байланысты Верный аймақтық сотының талабы бойынша жазылған түсініктеме және орыстық биліктің қазақтарға қандай көзқараста болғанын айғақтайтын қысқаша тарихи шолу боп та табылады. 

«Мен гимназияда оқып жүргенде және студент кезімде де Верный қаласынан Лепсіге салт атпен қатынап тұрдым. 1906 жылы институтты аяқтаған соң, Жетісу темір жолын салу ізденістеріне қатысып, қазақтар арасында 4 ай болдым. Жетісу облысына (көбіне-көп Лепсі уезі) екі-үш жылда бір барып тұратынмын. Яғни, мөлшері 1894 жылдан бастап, Жетісу қазақтарының тұрмыстық хал-қадарының қандай өзгерістерге түскеніне куәгермін деп өзімді есептеймін. Және орыс билігімен қазақтар арасындағы қарым-қатынасты да бажайлай бастадым. Қазақтар тұрмысының біртіндеп өзгеруіне сәйкес олардың қазіргі жағдайымен кешегісін салыстыруға болмайды. Өткенді екшелей отырып мынадай ұйғарымға келдім. Қазақтардың көпшілігі орыстардың келуін береке-бірліктен айырған ішкі итіс-тартыстың тежелуіне себепкер болатын тосқауыл деп есептеді. Өйткені күшіне сай, әділдігі де әйгілі ел көрінген-ді. Күні ертең не күтіп тұрғанынан бей-хабар жұрт орыс отрядтарын өздері бастап айқара ашылған құшақтарына алаңсыз ендіре берді. Сөйтіп бодандыққа өз еріктерімен жегілді. Соғыс Ресеймен Қоқан хандығы арасында ғана жүріп жатқан, ақыр аяғы күллі өлке тізе бүгіп, орыстардың қол астына өтті. Жетісу облысының алғашқы әскери генерал-губернаторы Г.А. Колпаковский болды. (1867 ж.) Сол жылы Жетісу облысы қарамағына кіретін Түркістан өлкесінің бірінші генерал-губернаторы боп генерал адъютант К.П. фон Кауфман тағайындалды. Осындай абзал азаматтарға билік тұтқасын беру арқылы үкімет жергілікті халықтың тілегіне сай көңілдерінен де шыққан еді. 1876 жылы генерал Колпаковский Верныйда қазақ балаларына арналған пансионатты ерлер гимназиясын ашты. (пансионатта тұрып, сонда оқығанның бірі өзіммін). Сол тұста генерал Кауфман да Ташкентте осындай ерлер гимназиясын ашқан-ды. 1874 жылы генерал Колпаковский қазақтардың мұң-мұқтажын ескере отырып, Жетісу казак әскери қосындарының соншалықты көлемді иеленуіне байланысты Лепсі уезінде арнайы комиссия құрылып, казактарға қажетті жерді ғана шектеп бөліп, қалғандарын жергілікті жұртқа қайтару жұмысы жүргізілді. Тек бір ғана Лепсі уезінде шамасы жүз мың десятина жер нағыз иесін тапты. (Соның бір бөлігінде менің әкемнің қыстауы орналасқан). 1880 жылдары генерал-губернатор Кауфман қазақтардың мал жайылымы таршылығын ескеріп, І қазанға дейін казактарға қарасты жерлерге тегін жаюға рұқсат беретін циркулярын шығарды. Бұл екі генералдың билік басында отырған кездерінде талай-талай үрдісті істер атқарылған еді. Түземдік әкімшілікте – осы тұста расында ары таза, әділдікке жүгінген көптеген адамдар еңбек етті. Әрине, сұғанақтық, парақорлық мүлдем болмады деу шындыққа жанаспас. Бірақ, бұндай шамалы кереғар жәйттер - әкімшілік тарапынан тиісті сыбағасын алып жатқанын ескерсек, ел билеуге білімі төмен болғанмен біліктілігі мығым кісілердің тартылғаны көңілге хош әкелетін.

Екінші кезең 1889 жылдан 1905 жылдар аралығы. (Генерал Колпаковскийдің кеткен кезі) - өтпелі кезең. Бір бармағын ішіне бүккен небір алаяқтар бұл өлкеге ағыла бастады. Аңқау елдің қанын сонадай сорғанның бір дәлелі: шведтің бір шырпы қорабын бір қойға айырбастап шаш етектен пайдаға кенелді. Кейбір қазақтар сауаты ашылып, орысша сайрағанын мәртебе көріп, казак, татарларға еліктеп аяқтарына жылтыр етік, кәлөш киіп, бұрқыратып шылым шегіп, арақ ішкенді зор жетістік санады. Қазақтардың тірідей терісін сыпырып әкетуге әзір алып-сатарларлардың кеселінен тұрғылықты халық тұрмысы төмендеп, күнкөріс нарқы қымбаттады. Орыс әкімшілігі қатарына да арамза, пиғылы бөтендер топтасты. Олар қазақ жұртымен бұрын араласып көрмеген және мұң-мұқтажын белшеден басып өте беретін бейсауаттар еді. Сайлау кезіндегі астыртын ойын ертеректе мүлдем жоқтың қасы болса, енді келе-келе үйреншікті ғадетке айналды. Бұндай лас іске орыс әкімшілігі де жиірек былғанатын болды. 1897 әлде 1898 жылдары Қапал уезінде өткен сайлауда уез басшысы Петров деген қазақтың он екі де бір гүлі ашылмаған екі өрімдей қызын алдыртып, зорлық, зомбылық жасап, біреуі қинауды көтере алмай өліп кетсе, екіншісі ауыр науқасқа душар боп кейін әрең айығады. Петровтың Верныйдағы бір танысына көпіріп жазған хатын марқұм Тұрдыбек Сыртанов деген абзал азамат халыққа жария еткенімен Пантусов деген ықпалды шенеуніктің күшімен іс қозғалмай жабулы қазан жабулы қалды. Қалай дегенмен халық билік басында кімдер отырғанына көздері жете бастады. Сығарға биті жоқ боп кеше келген тілмаш-қазақ бір жылдан соң аяқ-асты байып, алдында үйір-үйір жылқы, басына ақ отау тігіп шыға келетін болды. Гимназияда дәріс алып жатқан қазақ балаларының ендігі асыл мұраты сірә-тілмаштық қана сияқтанды. Көңілге медеу етерлік тек ағайынды Сыртановтар еді, олар орыс әкімшілігі және халық алдында да аса үлкен беделге ие болған жандар.

Жалғыз ғана жағдаят бойынша көзқарас өз орнынша қалған-ды. Ол –қазақтардың қарауындағы жерге деген биліктің пікірі. Әрине, жерінен ығыстыруға талпыныстар болмады емес, дегенмен де көбіне-көп қазақтар пайдасына шешілгені рас. Әлі есімде (біраз құжаттардың көшірмесі өзімде бар) менің әкем он жыл аралығында он қабат уез басшысы, әскери губернатор, далалық генерал-губернаторға Лепсі станицасы казактарының қысым көрсеткені жайлы шағымданғаны, іс менің әкемнің пайдасына шешілгенімен келесі жылдары қайта жер таласы туындап жататын. Әйтеуір, 1898 жылы ғана өзіне тиесілі жерге ешкім тиіспестей әупіріммен қолы әрең жетті.

1905 жылы Ресейдегі аграрлық өзгерістерге орай Верный қаласында көші-қон басқармасы құрылды. Бұл қазақтар тағдырына әсері мол – үшінші кезең боп саналады. Басқарма басшысы боп тәжірибелі және Жетісу өлкесімен ежелден таныс, байырғы түркістандық О.А. Шкапский сайланды. Экономикалық ахуалды тыңғылықты зерделеуден өткізген соң, 1905 ж. күзде Шкапский жер бөлімі басқармасының меңгерушісі Шванебахқа көлемді есебімен бірге қорытынды түйінін тапсырды. Онда Жетісу облысында қазақтардан қалыс қалған бос жердің жоғы аталған еді. Бірақ заңға сай келсін-келмесін Шкапский қазақтардан шұрайлы жерді тартып алу мақсатында ғана бұл мансапқа қойылғанын Шванебах оған ескертіп, кейін 1906 жылы оны Жетісудан мүлдем аластады. Оның орнына С.Н. Велецкий деген келіп, Верныйда аттай сегіз жыл әмір етті. (1914 ж. дейін) Қазақтар өз жерлерін тастап кеттіге сайып, заңға да ойға да қонымсыз жалған құжаттар жасап, өз мүддесі үшін келімсектер ешнәрсемен санаспады. 1907 жылғы 15 қаңтардағы № 34 жорналда уез басшысының ақпары басылған еді. Онда қазақтар өз қарамағындағы суармалы алқаптарын өз еркі түгіл, ешқандай қазынаға айырбастамайтындығы жазылған. Әскери губернатор генерал Ионовтың ара түскеніне қарамастан жер тартып алынды. 1908 жылы Лепсі уезінде 30 ½ мың десятиналық алқапқа қада қағылып, соңы нәтижесіз итіс-тартысқа айналады. Ақыры мақаншы-садыр управителі Құрбанғали Арапов деген жұртқа жарияға ұсынған комиссия шешімін тиісті уақыты өткенше жасырын ұстап, жергілікті халықтың еш наразылығы жоқ деп, қайта тапсырады. Облыстық басқарма қолдап, генерал-губернатор тоқ етер тұжырымын шығарған соң ғана бұл жайлы халық хабардар болады. 1910 жылы осындай айла-шарғы арқасында Лепсі уезінде тағы 61 мың десятина жер келімсектер үлесіне өтіп кетті. Заң тәртесін өз дегеніне бұрған келімсектер кейбір қазақтардың қыстауларын ғана өздеріне қалдырып, төңірегіндегі жерге аяқ бастырмады. Жайылымсыз қалған мал арып-ашып, саны да күрт азая бастады. Қазақтардың арыз-мұңын тыңдайтын ешкім табылмады. 1907-1914 жылдар аралығында облыс адам танымастай құлдырап кетті. Генерал Колпаковскийдің тұсындағы адамдар ығысып, шеттейді, олардың орнына өзгеше түсінік, көзқарастары бар, қазақтардың мұңын мұңдағаннан гөрі жоқ пәлені жапсырып, тықсыруға таяу тұратындар топталды. Күнделікті күйкі тірліктің әуресінен бас көтере алмай жүрген жұртты панисламизмдік діни бағыт ұстанды деп, қай тұсынан алса да қиыспайтын жала жауып, көкейлеріндегі өздеріне ғана аян түпкі бір мақсатты көздеуде. Айтып айтпай не керек, генерал Колпаковскийдің кезіндегі қазақтарға деген қамқорлықтың енді тұқияны да қалмады. 1868 жылғы жағдаят қазақтарды тән тұрмысынан адастырып, енді ала-құла партия боп, сайлауға түскен шым-шытырығы кешегі жер тартысынан да әрмен боп кетті. Қазір ешқандай сайлау қыруар қаржының көмегінсіз өтпейді. Әр сайлау алдында үміткер салықты азайтып, қой үстіне бозторғай жұмыртқа салатын заманды орнатпақшы боп уәде беріп жатады. Партиялық бәсекемен мәңгірген жұрт олардың неғып 5, 10, 20, 30, тіпті 40 мың сомды аямай шашып жүргеніне күдіксіз қарап, келешекте әлгілердің үш жылда алатын айлығы 900-1500 сомнан аспайтындығын қаперге де ілмейді. Халық соты немесе болыстыққа өткен жағдайда шыққан шығынын олар 5, 10, 20 есе ғып қайтарып алады. Бұл қып-қызыл тонау ел ішінде қазір де жүріп жатыр. Партиялық тартыс және жаңағыдай тонау халықтың ыза-кегін тудырып, тіпті қылмысқа жетелеуде. 1905 немесе 1906 жылы Лепсі уезінде арғанаты болысының правителі Мұхамед Ғали Бейсенбинді 500-600 адам таптап өлтірген. (Бұндай келеңсіз жәйттер өзге өлкелерде де орын алған. Аудармашы З.Т.) Алаңдатарлық тағы бір жағдай, қазақтармен қазақ еместер (орыстар, татарлар немесе сарттар) арасындағы дауды әкімшілік қасақана жала екенін біле тұра соңғылардың пайдасына шешеді. Сот алдында да қазақтар өздерін ақтап алуға қауқарсыз, орыс тілін жетік білмегендіктен де болар және аудармашы тілмаштың екіжүзділігі де оларды жерге отыруға мәжбүр етеді. Сондықтан орыс орысты жақтайды деген кереғар пікірдің қалыптасуы да әбден мүмкін. Кезінде Лепсі, Верный және басқа уездерде де мынадай жағдай қалыптасты. Егер орыстың малы жоғалып кетсе, оның арызына сәйкес көрсетілген болыстар түгелімен жауапты боп, 3, 5 күннің ішінде шеккен зиянын өтеп беруі тиістенді. Әкімшілік шығарған бұл өкімнің ешқандай заң аясына симасы айдан анық.

Жүріп жатқан соғыс жайлы (бірінші дүниежүзілік соғыс) қарапайым қазақ түгіл орта қол орыс зиялысының түбегейлі пікір түзе алмауын ескерген жөн. Ресейдің иә жеңіп, иә жеңілуі қазақтың да не қырылып, не аман қалуына себепкер жәйт. Егер Ресей жеңіп жатса орыстарға жақсылық боп, өздерінің де еншісіз қалмасы бесенеден белгілі, егер Ресей жеңілсе оны таптап өткен жау бұлардың ата-жұртын, мал-жанын, жер-суын тас-талқан етіп, өздерін тентіретіп жіберуі де ғажап емес қой. Сонда қайда барып бас сауғаламақ? XVIII ғасырдағы жоңғар шапқыншылығының түсірген жарасы әлі халық жадында. Қазақтардың осындай тұжырым түйіндеуіне байланысты тек орыстарға көмектескеннен басқа өзге амал қалмады. Бастапқыда әр отбасынан 50 тиыннан, 2 сомға дейін ақша жиналды, егер ол қаржы тиісті жеріне толық жетпей жатса оған қазақтардың кінәсі жоқ. Майдан үшін жергілікті халық барын аямады. Егін орып, басып, дайын астық, киіз үй, қой терісін, мал әзірледі. Оған берілетін төлемақы қазақтар қолына бірде тисе, бірде тимей жатты. Ақ патшаның үкіміне сәйкес 19-43 жас аралығындағы қазақтарды соғысқа окоп қазуға алыну көзделді. Бұл шараның мәнісін халыққа дұрыс түсіндіре алмағандықтан және соғыс жұмысына тарту тәртібінің оңтайлы ұйымдастырылмау себебінен бейбіт шешілетін мәселенің ушығып кетуіне әкеп соқты. Окоп қазу дегеннің ұрыс жүріп жатқан алдыңғы шептің алдында оқ астында болу екенін әрине қазақтар ұқты. Екіұдай жағдай туындап, қазақтың саусақпен санарлық зиялы тобы екі оттың ортасында қалғандай күйге түсті. 1916 жылғы 11 тамызда шыққан № 192 «Қазақ» газеті ел басына қоюланған қара бұлтты сезіп, І – Госдуманың бұрынғы мүшесі Бөкейханов, редакторлары Байтұрсынов пен Дулатов қазақ халқына бәлендей қауіптің жоқ екендігін, сабыр сақтауды баса ескертіп үндеу тастады. Орыс әкімшілігі тарапынан жіберілген шалағайлық, ұрдажықтық және жергілікті билеуші топтың пасық қылықтары шегіне жеткен ел төзімін ернеуінен асырып жіберді. Оқиғаның өрбуін бағамдай отырып, жекелеген кейбір жәйттердің сипатын ретті баяндамақшымын.

ҚЫЗЫЛБӨРІК ісі. (Верный уезі) Халық толқуы уез басшысының қызметін уақытша атқарып жүрген Хлыновский дегеннің есерсоқ әрекеті салдарынан туындады. Оған дейін ел ішінде тыныштық жағдай болған. Мал санағы жүріп жатқан кезде ежіректеген санақшылар қазақтардың төрт-бес беделді азаматын тұтқындап, 5 сағат ішінде соғыс жұмысына баратындардың тізімін толтырып беруін талап етеді. Бұған дейін кісі тізімі жайлы әңгіме қозғалмаған еді. Наразылық көрсеткен елдің басынан Хлыновский қорқытып оқ атады. Оның әумесер көмекшілері екі қазақты табан астында атып тастайды. Қазақтар жағы да қарсылық көрсетіп, аңшы мылтығынан есіреңдеген жандайшаптың біреуін оққа ұшырады…

БОТБАЕВ ісі. (Верный уезі) Соғысқа жұмысшы тізімін әзірлеу үстінде Әбдіғали Құрбанғалиев деген шолақ етек өз партиясынан ешкімді ендірмей, қарсылас партиядағылардың түгелін тізімге артады. Тағы да наразылық туындап, ақыры әскер шақырылып, жиналған жұртқа оқ атылады. 12 қазақ бораған оқтан жан тәсілім береді.

ЛЕПСІ уезі. Мақаншы-Садыр болысы. Бұнда да шолақ етек Жақамбаев, халық соты Омаров, Князев дегендердің дүниеқоңыз, қансорғыштығы кесірінен 100-ге тарта адам қаза болып, соншалықтысы абақтыға қамалды. (Осындай кесепатты қантөгіс: Қапал, Пішпек, Пржевальск, Әулиеата, Черняевск т.с.с. уездерде орын алды. 

Орысшадан аударған Заман Төлеуов

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...