ГЕНРИХ ГЕЙНЕАударған Аманжол Шамкенов ЛИРИКАЛЫҚ ИНТЕРМЕЦЦО * Май айында майса гүлдер құлпырып, Бүрш...
БІР ДЕПУТАТ
-Бөке, ояусыз ба, тұрдыңыз ба? - деді бажам Сылти, таңертең телефонымды безілдетіп.
-Ояу емеспін, шырт ұйқыда жатырмын! - дедім, жыным жуықтап.
-Әйда, давай, дайындалыңыз, мен жарты сағаттан кейін барамын, - деді ғадетінше елігіңкіреп сөйлей бастап.
-Иә, не болды? Қала әкімі саған қонақасы бермекші ме? Соған ала бармақшысың ба? Ол жаққа аяғым жүрмейді! - дедім, мен де ғадетімше қитығыңқырап.
-Одан да артық болады, давай, дайын тұрыңыз! - деді де, телефонын тұншықтыра салды. Сенбі, жексенбі күндергі «концертінің шымылдығы» осылай ашылады. Ойына өзіне «қызық» оны-мұны бірдеңе келе қалса-ақ қалжыңының қарауылына мені алады. Кейде, үш жас үлкендік құқымды пайдаланып, бажам болмақ тұрғай құдам болса да, дауысымды салқындатып шығарып: «Мені бүгін түрткілеме, уақытым жоқ!» деп, бетін ары қаратып жіберемін. Обалы кәні, келесі сенбі-жексенбіге дейін «оқыраламайды». Ал бүгін ол алмайтын қамал жоқ сияқты. Жарайды. Таңертеңгі шайымызды ішіп үлгіргенімізге шүкіршілік етіп, киінуге кірістім де, бәйбішеме:
-Әппағым, мен тайдым! - дедім, оқыс шошытып алмас үшін көңілдене сөйлеп.
-Е, қайда?
-Әлгі Сылти «Тойотосын» тыпырлатып келе жатыр. «Шөшкеге барып келейік» деді.
-Жолдарың болсын!..
Шөшкеміз – парламенттің дөй депутаттарының бірі Шошаққұл Шүрегеев. Сылтиымыздың досы. «Дөй» десең, дөй: бойы, менің көзөлшемім бойынша, екі метрге он сантиметр ғана жетпей қалған. Салмағы да, көзөлшемімше, бір центнерге он кило ғана жетпей тұр. Қырық үш жастағы қырмасақалға бойдың керегі не, керек етсе де енді өспейді, өсер «шекарадан» өтіп кеткелі қашан! Ал салмақта ес жоқ қой, қолайы келсе, - қосыла береді, деп түйгенімше болмады, ойымды оқи қойғандай-ақ, Сылти:
-Шошекең досым биыл да, қазір байқармыз, бес-алты кило қосады, құдай біледі. Депутат болған үш жылда он екі кило қосыпты, оны әнеугүні, каникул дегендеріне шығып, ел аралауға аттанатындарында өзі айтты, - дегені.
-«Шошекең» не, «Шөшке» демейсің бе?
-Ә, оған бәрібір.
-Өй, қырсықсың-ау!..
Шөшке бізді жайраңдап қарсы алып:
-Бәрекелді, төрлетіңіздер! Сылтеке, сенің хабарласқаның, ағаны ала келгенің жақсы болды! - деді.
-Сен өзіміздің ауылда да болыпсың ғой, естідім. Сарқыт көп, ә? - деді бажам дарылдап, алақанын ысқылап.
-Ауылымызда бір апта болдым, ауданды аралауға әдейілеп шыққан соң ауылыма неге соқпайын, туыстарыммен, бірге оқыған, бірге өскен құрбы-құрдастарымызбен кездесіп, бір рахаттандым! «Осы біздің Сылти жерлесіміз қайда?» деп сені сұрап, сәлем айтқандар болды, - деді Шөшке салмақтана сөйлеп. Содан соң маған ілтипат жасап: - Аға, хал-ахуалыңыз жақсы ма? Жеңгей, балалар есен-сау ма? - деді.
-Құдайға шүкір. Мына досың ойда жоқта ала жөнеліп, бажалығы бой бермей кеткенде өститіні бар кейде. «Тойотосына» мінгенімізде ғана көрсетті маршрутын.
-Дұрыс болды, аға, ыңғайсызданбаңыз. Жәмеш келініңіз қазір келеді, Сылтекең дәметкен сарқыт та бар...
-Ол жағын қатырасыңдар, ә?! – деп қалды Сылти. Екі дос мәз бола күлді.
-Ауданды аралап, сайлаушыларыңмен кездесіп, біраз жәйтті біліп-түйіп қайттың ғой? - дедім, басы артық сөздің базар күлкісін азайтқым келіп.
-Әй, Шошеке, сен былтыр каникулыңды Анталияда өткіздің, одан арғы жылы Италияның бір курортында өткіздің. Ал биыл ауданда, ауылда өткізгенің қалай? - деп Сылти екіараға сынаша қағыла қалды.
-Әй, Сылти, сыпылдамай тоқтай тұршы! - дедім, шын ренжіп.
-Бажеке, ағасы, мен Шошекеңнің сырын баяғыдан білем ғой, нағашысы Ноқай ақсақалға тартқан, сөйлесін деп түрткілеп, тартқылап жетектемесең аузын ашпайды. Парламентке апарылған үш жылда бір рет сөйлеп пе екен, өзінен сұраңызшы!
Шөшкеге көз тастадым. Ол досына жымия қарап, басын шайқады, Сылтекесіне дізгін-шылбырын беріп қойған болды.
-Ал сонымен, депутат мырза, ауданда, ауылда не көрдің, не білдің, қандай аманат арқалап қайттың, айтсаңшы? - деп Сылти тағыда сыпылдады. Мен оған ежіреймедім. Екеуінің сұрақ-жауаптарын қызықтап отыруды жөн көрдім.
-Ауданда екі апта, ауылымызда бір апта болдым, - деді Шөшке жайбарақат үнмен.
-Ауылымызда нендей өзгеріс, қандай жаңалық бар екен?
-Как раз мен барған күні Топай келін түсірді, Топайды білесің ғой?
-Ол итті білмегенде ше? Бір ұл, екі қызы бар. Ұлы сүрбойдақ еді.
-Келіншек алды.
-Құдасы кім екен?
-Орта мектептің мұғалімі.
-Е, жарымапты ғой.
-Кімді айтасың?
-Екеуін де. Топай өмір бойы дәрігер болды. Ескі сомы мен жаңа теңгесін араластыра есептесең, айына алпыс мың теңгеден артық жалақы алып көрген жоқ. Мына мұғалім құдасы да сол маңайда шығар. Әй, Шошеке, осы сендердің айлықтарың қанша?
-Сен оны есептеп шаршамай-ақ қой!
-Мемлекеттік құпия, ә?.. Мен естігенмін, бәрібір білемін. Бірі аласы бар, құласы бар балаларды оқытып, бірі ыңқыл-сыңқылы таусылмайтын кәрі-жасты емдеп, шаршап-шалдығып жүрген мұғалім мен дәрігердің айлығынан тым болмаса құлақтарың күнара бір рет шыңылдамайтын сендердің айлықтарың жеті-сегіз есе көп...
-Сылти, әй, сен, не, Шөшкемен дауласқалы келіп пе едің?! Ондайың болғанда мені неге әкелдің?! Кәне, даурыға сыпылдағаныңды қой! - дедім бажекеме, дауысымды көтеріп.
-Қойдым, ойбай қойдым, мен өзі бала жастан тілалғышпын, - деді Сылти сылқ етіп, екі қолын көтере ыржалақтап күліп.
-Саған да бастық бар екен, бұдан былай есте болсын, - деп Шөшкең қосыла күлді.
-«Бастық» демекші, ауылымыздың әкімі кім екен? Алдыңғы жылы барғанымда Жармақ жынды еді, - деп Сылти маған езу тарта қарап: - Ол менің құрдас достарымның ішіндегі, мына Шошекең сияқты, қымбаттарымның бірі, бұлардың аттарын өңдемей айта алмаймын, - деді.
-Аға, жынды Жармағы мұны, мына бажаңызды, «Салдыр-гүлдір» деп атайтын, дәл айтқан, көріп жүрсіз ғой, - деп Шөшке ұпайын түгендей түсті.
-Ол жынды «басқа жаққа көшемін» деп еді, көшіп пе, әлі де әкім болып жүр ме екен? - деді Сылти.
-Білмеймін.
-Шөшке, ауылдарың үлкен бе, тұрғындары қанша? – дедім, бос сөз базарын тарқатуды ойлап.
-Ауылымыз Төрттерек қой, ауданымыздың орталығы, тұрғындарының саны... сайлау болған жылы бір мыңға жуық дескен.
-Клубтары күшті еді, өзің білесің, оны облыс орталығында тұратын бір бизнесмен сатып алып, сырахана етіпті, алдыңғы жылы барғанымда көрдім. Қатырып жөндеп, жайнатып қойыпты. Мәдениет үйі мен наубайханасы да сатылмақшы еді, сатылып па, кім алыпты? - деп Сылти тағыда қыстырылды. Е, мейілі.
-Білмеймін.
-Сұрамадың ба?
-Жоқ.
-«Уақытым болмады» деші.
-Қайдан... бір күні Қайыр мен Сәуір Қоңыркөлге алып кетіп, екі күн сонда болдық, шомылып, балық аулап.
-Содан кейін?
-Тоқжігітті білесің ғой, соның балдызының ба... иә, «балдызым» деді, соның қызы босанып, шілдәханада болдым, Тоқаңның көңілін қимай бардым.
-Ауылымызда ұста болған Көгенбай шал есіңде ме?
-Есімде.
-Оның ұлы электрик Марқаны білесің ғой?
-Білем.
-Мен алдыңғы жылы барғанымда соны көрдім. Бұдан он жыл бұрын ба, көрші ауданға көшіп кеткен болатын. Қайтыс болған әкесінің жылын беруге келіпті. Өткен-кеткенді айтып дегендей, біраз әңгімелестік. «Ой, аға, ауылымыздың жағдайы жақсы емес екен. Кеше әкім Жармақ аға шақырып алып, ауылдың ауызсусыз қалғанына алты жыл болғанын, электр бір күн жанып, екі күн сөніп, бұрынғы электр құдықтарының бәрі істен шыққанын, аудан, облыс әкімдеріне, өздері сайлаған арғы-бергі депутаттарына жазған арыз-шағымдарынан ештеңе шықпағанын айтып: «Сен электриксің ғой, қандай көмек көрсете аласың?» деді. «Ағатай, мен үш күнге сұранып келдім, ертең қайтамын және электр қуаты тұрақты емес жерде ештеңе істеуге болмайды» деп құтылдым. Бұрын орыс жігіт электриктері болған екен, ол электр қуаты құбыла бастасымен Ресейіне кетіп қалыпты» деп, Марқа шаршап сөйледі. Шошеке, ауылдың сол проблемасы шешіліп пе, әлде шешілмеп пе, білдің бе?
-Жоқ.
-Онда...
-Сәлеметсіздер ме? – деп Жәмеш келіп кірді. Сылти жалт қарап, қуана ұшып тұрып:
-Ә, сұлу келіншек, келдің бе?! Сенің депутатың ауылдан әкелген сарқытынан бір түйір де татырмай, сені күттіріп қойды, давай, кіріс, тездет! – деп әніне басты. «Салдыр-гүлдір» не деп сыпылдаса да, «сенің депутатың» дегенінің жөні түзулеу ме, қалай?
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ
(12. 02. 2019 ж.)