Шинжяң ол жұң го (中国) емес досым Шинжяң ол Жұң Го емес, досым. Шинжяң ол бұлттарға мініп, батысқ...
Темірғали Көпбай. Оппозиция туралы ой
(баллада)
Еркеғали Рахмадиевтің рухына
Салқар сөзі сиқырдайын санамызды түлетер,
Ол кісіні ойға алғанда орман жаным дүр етер.
Көңіл сұрап келіп едім, сексендегі сеңгірім,
Аурухана ауласында қыдырыстап жүр екен.
Ол – маэстро, операның жұлдыздарын жағатын,
Мәңгі өлмейтін музыканың көкке созған қанатын.
Көкірегі күйге толы қартым кейде қалжыңдап:
«Ғалилардың бәрі мықты,ә!» деп арқамнан қағатын.
Масаттанып қалатынмын ол арқамнан қаққанға,
Халық сүйген ер мақтаса, одан асқан бақ бар ма?
Жылдар жылжып барады деп, жеңіл ғана күрсініп,
Тебіреніп сыр айтатын оңашалау шақтарда.
Сол күні біз көп отырдық аурухана бағында,
Сырлы шақтың бір минутын бермес едім лағылға.
Есте қалды есті күннен бір естелік айтқаны,
Беу, дүние! Сол күндер де айналды ма сағымға?
– Мына менің құрдастарым қызық-ақ,– деп бастады,–
Ақыл кірмес абыз шаққа таяса да жастары.
«Президентті жадыратар не сиқырың бар сенің?»
деп сұрайды. Бұл сауалдың алыс жатыр астары.
«Біздер барсақ Елбасының ашылмайды қабағы,
Сені көрсе жадырайды, күлімдейді жанары.
Өзгелерді қабылдаса қатуланып қалады,
Сонда сенің ол кісіге қай мінезің жағады?».
Мен күлемін сөздеріне:
«Бар болыңдар, бәтшағар!
Көрінгенге күле берсе, кім болғаны, патшалар?
Бірің пәтер сұрайсыңдар, бірің қызмет балаңа,
Ал біріңнің көкейіңде алғың келген ақша бар.
Қайсы бірің қара бұлтын төндіресің әлемнің,
Содан кейін қалай ғана жадырасын жаны ердің?
Ал мен болсам өзім емес, елдің жайын сөз етем,
Сыналатып, бірін айтып жадыратар дәлелдің».
Елбасымыз сұңғыла ғой, көкірегі қырағы,
Қай бір жылғы қабылдауы көкейімде жүр әлі.
Сол жолы ол маған қарап:
– Мазамды алды мыналар,
Оппозиция туралы Сіз не дейсіз? – деп сұрады.
– Жастау кезде Мойынқұмның даласында,– дедім мен,–
Екі адамды жолықтырдым, күнқақты боп көрінген.
Қолдарында қаруы бар, жарағы бар сайланған,
Жақын барып амандастым, қарап жүрмей жөніммен.
Екеуі де ленинградтық ғалым екен, білгенім,
Шылым тартып, ағытты олар ұзақ әңгіме ілгегін.
Ақтарыла айтып берді Мойынқұмның жерінде
Асыл текті бұғы қамын ойлауменен жүргенін.
Табиғаттың тылсымына айта алмайсың өкпе түк,
Сұлулықты Құдай ғана жаратады текті етіп.
Алтай жақтың сұлу мүсін, асыл текті бұғысын,
Ленинград маңайына апарыпты көптетіп.
Сұлулықтың көсегесі көгерсін деп сол маңда
Бұғыларды жіберіпті қорықтағы орманға.
Бірақ, бірақ, қасқыр деген қылыш азу, қанды ауыз
Тең жартысын жеп кетіпті бір қыс қатты болғанда.
Қасқыр иттің бұл қылығы жақпаған ғой Құдайға,
Қымбат бұғы қырылғаны қожайынға ұнай ма?
Сұлу бұғы секем алмай, емін-еркін өссін деп,
Қорықтағы бар қасқырды қырып сапты бір айда.
Солай жүзін сындырыпты қасқыр деген қылыштың,
Осылайша орнатыпты бұғыларға тыныш күн.
Алты айдан соң Алтай жақтың кербез сұлу бұғысын
Көрмек болып оралыпты, бабыменен жұмыстың.
Қорық барса көрмек болып бұғыларын «ардақты».
Жалқаулық пен самарқаулық сұлулықты жалмапты.
Тоқтық пенен тыныштықтан бойкүйез боп семірген,
Бұғыларда сұлулықтың иісі де қалмапты.
Оны көрген ғалымдарда тың тұжырым бекіпті,
Мимырт күннің зиянына көздері әбден жетіпті.
Қарындары жерді сызып, әукелері салбырап,
Бұғы біткен семіздіктен сиыр болып кетіпті.
Ғалымдар бір ойға келген есті кісі ұғатын,
Сайлағанмен жануардың жайылымын, суатын,
Асыл текті бұғылардың қалпын сақтап тұруға,
Ең керегі қасқыр екен, тыным бермей қуатын.
Қасқыр жайлы ойлағанда тұла бойың дір етер,
Үркіп тұру – ол да керек қасиеттің бірі екен.
Ленинградтық екі ғалым жеткізуге қорыққа,
Мойынқұмның даласынан қасқыр іздеп жүр екен.
Осы жайдан сабақ болар бір мысқал ой түйдік пе,
Оппозиция – ол да қасқыр, тыным бермес билікке.
Оған да ерік беру керек ойын ашық айтарға,
Беттен қағып, жолын кеспей келелі іске киліксе.
Оппозиция – өз баламыз, орынсыз мін тақпайтын,
Бабам қазақ арландарды жөн-жосықсыз атпайтын.
Тыныштық та керек бізге еркін өсіп, дамуға,
Қасқырлар да аман болсын тепе-теңдік сақтайтын.
Олар шектен шыға қоймас, шама-шарық, әл білмей,
Абаданға айналмайды шулағанның бәрі бірдей.
Бір бүйірден түртіп тұрар оппозиция болмаса,
Сіз де бір күн сиыр болып кетесіз ғой әлгіндей.–
Деген едім, күлді Елбасы, ішек сілесі қатқанша,
Екі иығын селкілдетіп, көзінен жас аққанша.
Қабағынан кірбің кетіп, жадырады көңілі,
– Рахмет, аға! Ойланам,– деп,– бекер кінә таққанша.
Жүйелі сөз жөнін тапса, бас иеді хандар да,
Жәркеш жанар жалбағайдың сөздерінде мән бар ма?
Еркеғали ағамыздай Елбасынан қаймықпай,
Елдің сөзін сөйлегендер биіктейді заңғарға.
Темірғали Көпбайдың дербес парақшасына өтіңіз