Темірхан Медетбек арнайы мақала жазған 5 жас ақын кім?!

ӘДЕБИЕТ
2548

Ақын, мемлекеттік сыйлықтың сахибы Темірхан Медетбек тоқсаныншы жылдары «Алтынкөпірліктер» деп аталатын көлемді мақала жазды. Ол кезде менің ақын достарым осы бүгінгі Батырхан, Қайсарлардың жасында еді. Содан бері арада айлар аунап, жылдар жылжып, ширек ғасыр өтіпті. «Алтынкөпірліктердің» алды елуге келіп, арынын сабырға, сезімін салқын ақылға көшірген ағаларға айналды. Ең бастысы – олар Темкең айтқандай, қазақ поэзиясының өткенін жаңаға жалғаған нағыз алтынкөпірліктер болды. Олардан кейін толқын қуалап өлең дариясында тағы да толқындар туды. Осы бір буын соңғы кездері өз буына өзі пісіп, өз қазанында өзі қайнап, қайырусыз кетіп бара жатқандай ма, қалай?.. Сөз жоқ, бұлардың ішінде есімі ертең қазақтың қара өлеңімен қатар аталатын оғыландар да бар. Бірақ жас адам шығармашылық әлеуетін қапысыз танып, бағыт-бағдарын әуелде дұрыс таңдай алмауы мүмкін. Сөйтіп маңайындағы «жаңалықшыл», «модашыл», «экспериментшіл» және сонысы әдебиетке түбінде ештеңе бермейтін әулекілердің ықпалына түсіп қалуы әбден ықтимал. Міне, сол үшін де жастар шығармашылығын қадағалап, қарап отыратын ақсақал-аға буын керек. Өкінішке қарай, біздің үлкендер уәделесіп алғандай үндемейді. Сол үнсіздікті тағы да қазақ әдебиетінің бүгінгі патриархы, жастар поэзиясының жанашыры – Темірхан Медетбек бұзды.

Темағаң төменде 5 жас ақынның шығармашылығына тоқталыпты. Ал біз «Көк түріктер сарынын» ұстап күркірген аға ақынның бұл мақаласын 5 жас ақынның буынындағы тарпаң таланттарға арнаған ақжолтай тілегі деп білеміз, деп жазды «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат.

«Мәдениет порталы» - еліміздің мәдени мұрасын бір жерге жинақтайтын және тұрақты түрде насихаттайтын ағартушылық бағыттағы бірден-бір мәдени платформа болғандықтан «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланған белгілі ақын Темірхан Медетбектің "Қуаты ерен серпіліс күтеміз!" атты мақаласын қайталап ұсынамыз.


Бүкіл өмірін ұлы мәртебелі Әде­биеттің аясында өткізген, бү­гінде шау тартып, негі­зінен берерін беріп болған біз сияқты қалам­герлер, сөз жоқ, енді әде­биет­тің ертеңгі күнін көбірек ойлайтыны заңды болса керек. Әдебиетіміз қай бағытқа бара жатыр? Қай тарапта сөйлеп тұр? Кімдер келуде? Деңгейі қандай? Олардың әкеліп жатқан жаңалықтары бар ма? Бар болса, ол жаңалықтар күйіндіре ме, сүйіндіре ме? Осы сияқты сан алуан сұрақтар, жан-жағыңнан анталап шыға келгенде, ә дегенде кәдімгідей абдырап, аңтарылып қалатының бар…

Бірден айтайын, мен үнемі оқып жүретін адамдар­дың сойынанмын. Белгілі қа­ламгерлердің шығармала­рын ғана емес, әлі есімдері көпке таныла қоймаған, әдебиет табалдырығын енді ғана аттаған, тұс-тұсымыздан қаулап өсіп келе жатқан жастарды да, мүмкіндігімше, танып-білгім кеп тұратыным рас. Әрине, бұл ретте, өзім өлең жазатын болғандықтан, назарым поэзияға көбірек ауады. Мен, кезінде, жұрттың біразы білетіндей, жиырма шақты жас ақынның шығармалары жайлы «Алтынкөпірліктер» деп аталатын көлемді мақала жазғам. Қазір олардың, бәрі болмаса да, көбісі көңілі ояу, көзі қарақты оқырман қауымға белгілі болған дыңдай-дыңдай ақындарға айналды. Тақымдары берік, тегеуріндері мығым. Оған да көп жылдар өтіпті. Толқын соңынан толқын келіп жатыр. Әрине, бәріне тоқталып отыру бір адам үшін мүмкін емес шаруа.

Сонымен, әдебиетке енді ғана келіп жатқан жастар шығармашылығы туралы пікірлер айтылып жүр ме? Айтылса, қай деңгейде айтылуда? Әрине, бұл сұрақ қойыла қалса, «айтылмайды» деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Айтылуда. Ал «қалай айтылып жүр?» дегенге келсек, онда біраз ойланып қалуға тура келеді…

Интернеттен де, баспасөз беттерінен де көріп отырғанымыздай, ол пікірлер қилы-қилы. Біреулер: «Қазіргі жастар поэзиясын айтқанда, олардың біразы нақты тірегі де, тұғыры да жоқ, түсініксіз қойыртпақтар көбейіп бара жатыр», – десе, тағы біреулер: «Олардың поэзиясы модернизм, постмодернизм, сюрреализм ауанымен кетіп, ұлттық дәстүрлі поэзиядан алыстап бара жатыр», – деп қамығады. Үшінші біреулерін тыңдасаң, тіпті, басқасын былай қойғанда, өлеңнің қарапайым техникасын да жөндеп меңгермеген әлдекімдердің бір-бірін классик деп әспеттеп, аспанға көтеретіндеріне ашынады.

Әрине, мұндай сорақы үрдіске біз де ашынамыз. Тіпті біз әлгіндей талантсыз жазғыштарды былай қойғанда, едәуір қабілетті жастардың да бір-біріне жұмсақ көпшік қойып сөйлейтіндерін ерсі көреміз. Әдебиеттің қасиетті есігін ашып үлгермей жатып, бірер өлең ғана жазып, жазғандарының бірлі жарымы сәтті болса, соған масайып, күмпіп, қомпиып сөйлеу өзіңе-өзің ор қазумен бірдей. Ұлы Абайдың өзі «мен келмеске кетермін түк өндірмей» демеп пе еді. Шығармашылық адамы, дүние-мүлікке емес, шығармашылыққа келгенде ашқарақ, тойымсыз. Көкірегіңді керіп, бұтыңа толып өзіңді керемет көретін болсаң, онда сенің құрдымға кеткенің…

Әрине, ол пікірлердің ішінде жастар творчествосына шын ықылас білдіріп, оларға зор сеніммен қарайтындар да баршылық.

Мен, өз басым, осы пікірлердің қай-қайсысын да жоққа шығара алмаймын. Қай-қайсысының да пікірлері негізсіз емес. Тек мені тосылдырып қоятыны, осы пікірлердің бәрі де, негізі бола тұра, жалпылама болып келетіндігі. Өйткені көбіне нақты есім, нақты шығарма айтылмайды. Солай бола тұра, қарама-қайшылыққа толы әлгі пікірлерді сараптай отырып, әртүрлі ағымда жұмыс істеп жүрген жастардың шығармаларын ой елегінен өткізе отырып, іштей риза болатыным, әдебиетімізде көп ұзамай, тың серпіліс болатынына көзім жете түскендей. Әдебиетте, мейлі қарама-қайшылықты болса да, әртүрлі ағым, әртүрлі процесс болмай, ол әдебиет өркендеуші ме еді?! Бір ағымды бір ағым ығыстырып, бір процесті бір процесс тықсырып, шынайы творчестволық бәсекелестік пен тартыс болмай әдебиет өсуші ме еді?! Бәс тігер бәсекелестік, не бел, не белбеу кетер айтыс-тартысқа түсіп шыңдалмаған әдебиет, әдебиет пе?! Мені, шынын айтқанда, жастар арасындағы осы үрдіс, яғни творчестволық бәсекелестік сүйсінтті.

Осы жерде, бір айта кететін мәселе, өлең қай ағымда жазылса да, ол өлең адам жанын толқытып, тебірентуі керек. Бұл – аксиома: менің ойлап тапқан ештеңем жоқ. Талай-талай әлемдік поэзияның мүйізі қарағайдай алыптары айтып кеткен аксиома. Яғни өлең адам жанын толқытып, тебірентпеді ме, онда ол өлең – өлі өлең. Оны ешкім де ақтап ала алмайды

Енді нақты әңгімеге көшелік. Жас ақын Қайсар Қауымбектің өлеңдеріне назар салайық. Бірден көзге түсетіні, оның жас болса да, кәдімгідей төселгендігі, қаламының қалыптасып қалғандығы. Ол жастық шаққа тән мөп-мөлдір сезімін шертіп қалсаң сыңғырлап қоя беретін хрусталь рюмкаға сырбаз әдеппен шарап құйғандай етіп бере алады. Жұмсақ жымиысты наз, жүрегіңді шым еткізер ишара бар. Міне, басқа уақытта емес, дәл «іңір қараңғылығында келген көктеммен» бірге дүние де, ақын жаны да бір демде түлеп шыға келді. Көктемнің алғашқы бір тамшысынан «қоңыр жонның құйқасы шамырлап» жатса, ондай сәтте ақынның қырағы көзі көрместі көре алады ғой:

Қозы енесін іздейді, сөз егесін.
Сонау ба лғын күндерді кезеді есің.
Бала мұрты тебіндеп бозбала – тал
Көрші қыздың қағып тұр терезесін.

Байқадыңыз ба, қыз терезесін қағып тұрған өзі емес, енді ғана бүршік атқан, яғни мұрты жаңа тебіндеген бозбала – тал. Наз қандай, ишара қандай? Оқысаң-ақ, мөп-мөлдір бір сезім шым-шымдап өн бойыңа тарап бара жатады…

Бұл өлеңді көбірек талқылап отырған себебім, ол өлеңнің аса ерек болғандығында емес, жас ақынның қиюын келтіріп қиыстыра алатын шеберлігіне риза көңілім еді.

Қайсар Қауымбек қай тақырыпты жазса да ішіне кіріп, індетіп жаза отырып, сол тақырыпты адамдар өмірімен шендестіре сипаттауға құмар. Параллелизм. Онысы сәтсіз де емес. Барған сайын арнасы тарылып, тартылып бара жатқан Іленің суын өлеңмен өрнектей келе, «сен де ортайдың, сан тарау боп бүліндің, мен де ортайдым, мың сүріндім, жығылдым» деп Іле тағдырын өз тағдырымен ұштастыра отырып, бұл өмірдің опа бермейтінін, қайырымсыз екенін мына жолдармен жеткізіп берген екен.

Түнермегін! Ілем менің – мұңлығым,
Сізге пана, бізге пана кім бүгін?!
Бетон жүрек, безбүйрек бұл ғасырда
Бауырлар да іздемейді бір-бірін, –

деп күйінеді.

Оның Әбіш Кекілбайға арнаған «Қазақ пен абыз» өлеңі де түңіле қапалану мен безіне қамығудан туған жыр. Жақсыларымызға жасайтын кісәпір әрекеттерімізден шошынып, тіксінеді.

Поэзия босағасын батыл аттаған Батырхан Сәрсенхан өлеңдеріне көз жүгіртіп отырып, оның «жұрт көңілінен шықпай қалмаймын ба?» деп әрі-сәрі күй кешіп, дүдәмалдық танытпастан нар тәуекел деп қалыңға кіріп кететін мінезді ақын екенін байқадым…

Ақын дүние есігін енді ғана ашқан нәрестесіне тарихтың арғы қойнауларынан үн қатып отыр. Ол қызына, бірде Шумерлер тілінде Гильгамеш туралы жазбалар табылғанын айтса, енді бірде адамзат баласы өткен белді-белестерін бірінен соң бірін адақтап келіп, Ахмет Яссауи кезеңіне дейін толғап, ол жолдардың бәрі де ауыр да, азапты жолдар екенін айтып «назар сал әр бұта, әр саусақ табына, хақиқат әрқашан, әрқашан тереңде» дейді. Дәріс қана үшін емес, тағылым мен тәлім үшін. Тағы да адамзат баласының өткен жолдарын білмей, оны ойың мен бойыңа сіңірмей, адамның Адам боп қалуы мүмкін емес екенін жетесіне жеткізіп, санасына құю үшін.

Сондай-ақ Батырхан өзінің болмысында болып жатқан құбылыстарға көбірек үңілгенді қалайды. Ал өз бойында болып жатқан құбылыстар – тылсым құбылыстар. Оның қарсылығы да аса зор… Ақынның жанына жақын бір жаннан ойда-жоқта көз жазып қалған күйінішіне құлақ түріңіз.

Түндер сені сұрады, жел де сені,
бұлан ойым бұлтпенен белдеседі.
тағдыры ғой, – деймін мен, – оны
 әкеткен,
Әйтпегенде аңдаусыз сөнбес еді.
таулар сені сұрады, кеш те сені,
мен болғандай бүлігі, бәстесері.
жолдары ғой, – деймін мен, – оны
әкеткен,
әйтпегенде төбемнен өшпес еді.
көктер сені сұрады, жер де сені,
өз-өзімен қаталап  шөлдеседі.
жүрегі ғой, – деймін мен, – оны әкеткен.
жүрексізге махаббат бермес еді.
білем, білем сезімдер ес білгенін,
ес білгелі жөңкіген көшкіндерін.
құстар сені сұрады,
жалғыз ғана
сұрамады жайымды ешкім менің…

Жақын адам кетті. Арманда кетті. Ал оның күйігі ақынды омақастырып, опындырып кетті. Тамағына түйін боп кептеліп қалған ол опынысты өксік бұл ғұмырда жұтылар ма?! Ішкі дүниесі астаң-кестең. Сансыраған, сергелдең күйге түсті. Бірақ оның халін ешкім де сұрамайды. Қандай өкінішті…

Дүйсенәлі Әлімақын да – оқырман қауымға белгілі бір деңгейде танымал болып қалған ақын. Ол бірде қамықтырып, бірде зарықтырып кететін махаббаттың басынан өткен аумалы-төкпелі күндеріне көбірек ден қояды. Бір кезде жанын елжіреткен, бара-бара жолдары екі айырылған сәттерін ақын аса бір қимастықпен өлеңге түсіріпті. Ондай сәттер кімдердің басынан өтпеді дейсің, кімдердің жанына ұялап қалмады дейсің?! Алақұйын сезім құшағында отырып аңсарлы мұңмен еске алатын сол бір сәттер-ай…

Қоштасып, қайтып барады ол,
Жүрегі – көктем, жаны – қыс.
Оны ертіп кетті қара жол,
Мені ертіп кетті сағыныш.
 
Сөзіме менің бүлініп,
Самарқау жаны жүдеген.
Оны ертіп кетті бір үміт.
Мені ертіп кетті бір өлең.
 
Сағыныш хатым сарғайды,
Жанымды біреу ұққан ба?
Сырымды айттым ол жайлы
Қараша құстар қайтқанда.
 
Өртеді мұңы, өртеді,
Жыраққа тастап барлығын.
Мені ертіп кетті ертеңім,
Оны ертіп кетті тағдыры.

Жастық шақтағы тауқыметі мол махаббат тағдыры…

Енді міне, күні кеше ғана сүйгенімен қимай-қимай қош айтысқан оның аласұрған жүрегі бәрібір байыз таппақ емес. Өмірлік сыңарын іздейді. Махаббат деп соққан жүрегі кеудесіне сыймай, арпалысты күй кешуде… Кездестіргендей де болады. Бірақ ол… әттең-ай, әттең… салқын. Мұның өліп-өшкен жүрегіне салғырт. Сонан кейін ол әбден күдер үзген пұшайман кейіпте «Сені аяйтын Мен бар екем жалғанда, мені аяйтын кім бар еді, білмеймін» деп қинала күй кешеді де «Сені ойлайтын батыл жүрек менде бар, мені ойлайтын жүрек кімде жүр екен?» деп тығырыққа тірелгендей күй кешеді.

Дүйсенәліде адамның құпия бір тұстарын ашатын мұңлы лиризм бар… Ол енді, менің пайымдауымша, осы бір аңсарлы сағынышты кезеңнен келесі кезеңге өту алдында тұрған сияқты. Ол қандай кезең? Оны уақыт пен өзінің құлаш-қарымы көрсетсе керек. Күтеміз…

Қай жаққа шарықтап кетсең де, алыста қалған қарапайым ғана туған жердің аты – Туған жер. Шіркін, кіндік қаның тамған ол жерге не жетсін?! Күндіз қайта-қайта есіңе алып, түнде жиі-жиі түсіңе кіретін киелі жер.

Жас ақын Жақсылық Қазымұратұлының «Өртке оранған туған жер» атты өлеңі былай басталады.

Шағым бұл – сағынышты  ой жанымды үгіп,
Бойдағы жеңіп шыққан бәрін күдік.
…Түсімде Жоңғар төсін өрт шалыпты,
Ен жатқан қамсыз елді сабылдырып.
Жалын от айналаны қарша борап, –
Зар жылап, ел босыды тау сағалап.
Ішінде қалың өрттің әкем де жүр,
Қабірін әкесінің арқалап ап.

Бұл көрініс, ақынның түсі екенін біле тұрсаң да, еріксіз дір еткізеді. Тұла бойыңды түршіктіріп әлдене жүгіріп өткендей… Қалың өрт ішінде қалған әкеңнің қабір арқалап аласұруы, бойында аяушылық сезімі бар кім- кімді де бей-жай қалдырмайтын үрейлі сурет. Бұл өлең өзектері өртеніп, қауіп пен қатерде қалған шекараның арғы жағындағы ағайынның қазіргі жағдайынан хабар бергендей… Өлең кейде айтарын астарлап, осылай да жеткізеді…

Жақсылықтың жырларымен танысқан сайын, оның қалың қазақы ортадан шыққанына, ұлттық дәстүр мен тәлімді бойына молынан сіңіріп өскеніне куә боласың. Тағы да ол ұлттық қарекеттерді суретке түсіргенде, сол қалпында бейнелемей, оны бұрынғысынан үстемелетіп құбылтып жібере алады.

О, менің аяз мінез, асау далам,
Ұлың ем, бір өзіңе қашанғы адал.
Ұшқанда қыраныңа жол баcтатып,
Жортқанда құланыңды қосарға алам.

Неткен ірілік! Көктегі самғаған қыранға жол бастатып, тарпаң құланды қосағына алған ақынға бұлай демей не дерсің?! Алыс сапарға осылай аттанған ақынға айың оңынан, күнің солыңнан тусын деп тілек айтамыз!

Ал Асылан Тілеген өткен өмірдің қилы-қилы өткелдеріне көбірек үңілгенді ұнатады. Сол жырларының ішінде оның «Өтежанның жүрегі» деген өлеңі назарыңды өзіне еріксіз аударады. Ол өлеңінде Асылан өмірден шерлі боп өткен, мінез жағынан да, творчестволық бітімі жағынан да ешкімге ұқсамайтын Өтежан Нұрғалиевтің «Соғыстың соңғы жазы» кітабының әсерінен туған тебіреністерін арқау етіпті. Шынында да, Өтежанның ол кітабы, кім-кімнің де қабырғасын сөгіп жіберердей аса бір күрделі, тағдырлы шығарма еді. Бірақ, әттең, әдебиетіміздің алтын қорынан ойып тұрып орын алатын бұл шығарма да, Өтежан да көп айтыла бермейтіні жанды ауыртады.

Кезінде менің ол кітап туралы былай дегенім бар: «Оның «Соғыстың соңғы жазы» кітабы, шынын айту керек, қазақ поэзиясында, қай жағынан болсын – орындалу жағынан да, батылдығы жағынан да, философиялық тереңдгі жағынан да, образды ойлау жағынан да – сирек кездесетін кітап».

Асылан да осы бір тағдырлы кітаптың ішіне кіріп:

Бұл неғылған өтпей қойған жыл еді,
Көзден ұшып кетпей қойған жыл еді.
Жер бетінен көшкен сонау соғыстың
Cоңғы жазы – Өтежанның жүрегі, –

дейді. Ол Өтежан ақынның қапалы жүрегінен жарып шыққан жырларын өзінің тұла бойынан өткізе отырып:

Жүрегіне қатқан қара беріш мұң,
Жырын білдім,
Сырын білдім – толыстым.
…Өтежанның өмірінде, шынында,
Соңғы жазы сол емес пе соғыстың, –

деп ақын тағдырына тереңірек үңіледі. Яғни, Өтежан ауыр да азапқа толы, бір ғана соғыстың соңғы жазын емес, содан кейін де соғыстың қаншама соңғы жаздарын өткізгенін меңзейді…

➢ ➣ Адамзат тарихындағы 10 ұлы композитор

➢ ➣ Әлемдегі ең танымал 10 скульптура

➢ ➣ Қазақстандағы ең мықты 10 суретші

➢ ➣ Ұлы суретшілер картинасындағы қол нені меңзейді

* * *

Байқап отырсыздар, бірқатар ақын жырларын жан-жақты қамтымасақ та қарастырып өттік. Әрине, бұл тізімді одан әрі де созып жалғастыруға болады. Әрине, ол тізім көп болмас, бірақ аз да емес. Шүкір, талантты жастар жетерлік.

Алайда мұндай талантты жастардың өлеңдеріне көңілің тоғайып, жаның жадырап қалса да, өлеңнің не екенін толық ұғынып болмаған, әдебиетке кездейсоқ келген әлдекімдердің тым қарабайыр, тым қораш өлеңсымақтарының көбейіп бара жатқанына қарның ашып, жаның жабығып қалады.

Ең өкініштісі, ол жырсымақтардың мүлде түсініксіздігі. Ал түсініксіз дүниеге қалай ғана жаның толқып, жүрегің тебіренбек. Беталды лағып сөйлейді. Не айтып, не қойғандарын өзге түгіл, өздері де түсінбейтіндеріне бәс тігем. Бел алып бара жатқан бұл сорақы үрдістің залал-зардабы сонда, жұрттың өлеңге деген талғамын былғап, ластап бара жатқандығы қынжылтады. Мұндай тұрпайылық пен, сұрқайылыққа қарсы енді қандай сөз айтуға болады…

Реті келіп тұрғанда талантты жастарға қаратып айтар сөзім, олардың ұлттық топыраққа ендеп тамыр сала қоймағандығы. Рас, әртүрлі эксперименттерге барады. Сәттілері де, сәтсіздері де бар. Әрине, бұл жастарға тән қасиет. Мен өз басым эксперименттерге барғанды тіпті де оғаш көрмеймін. Өйткені кезінде мен де экспериментке барғам. Урбанизммен ауырғам. Ол ағымда жазылған өлеңдердің ішінде, әлі де өзіме ұнайтындары бар екенін жасыра алмаймын…

Бірақ, бір ұққаным, қандай ағымды қаласаң да, нағыз ақын, ең алдымен ұлттық топыраққа тамыр салады.

Құдайға шүкір, біз де бір-біріне мүлде ұқсамайтын әлемдік поэзияның ең үздіктерін азды-көпті оқып өстік. Солардан алған басты тәліміміз, ол ұлы ақындардың қай-қайсысы да өзінің ұлттық топырағына тамыр салғандығы, содан қоректеніп, содан нәр алғандығы. Сол арқылы ғана адамзат баласының бәріне ортақ ұлы тұлғаларға айнала алғандығы. Дегенмен ішкі өзегіңмен жалғасып жатқан күре тамырыңды ұлттық топыраққа жіберіп, сол күре тамырыңнан тарайтын басқа тамырлармен, қуатың жетсе, әлемнің ең үздік ақындарынан нәр алып ұлттық поэзияны байыт.

Ұлттық топыраққа тамыр салған ақын ғана ұлт тағдырын айта алады. Яғни, ұлт тағдыры ақын тағдырына айналуы керек. Ұлт тағдыры тақырыбы тарам-тарам жолдар мен сан қилы құбылыстардан тұрады. Оларға ендеп кіретін ақынға талмай ізденіс пен қайтпас жігер керек. Мен жастардың, негізінен, осы бағытта жұмыс істегендерін қалар едім.

Солай боларына сенем де! Қалай болғанда да, біз сендерден екпіні қатты, қуаты ерен серпіліс күтеміз. Жолдарың оңынан болғай!

author

Батырхан Сәрсенхан

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...