2021 жылдың 4 маусым күні сағат 16:00-де Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Бақыт Қай...
Әлемдегі ең танымал 10 скульптура
Скульптурасыз өнерді толыққанды деп айта алмайсың. Адамдар мен жануарлардың және әртүрлі заттардың кейіптерін ойып, мүсіндеу өнері адамзат тарихындағы тас бетке кескін салумен қатар пайда болды. Скульптура – бұл да картинаның бір түрі, тек дене пішіні бар, сондықтан эмоцияны сәл өзгеше тудырады. Статуялардың жеткізгісі келген сырын өзге өнер туындыларына қарағанда тез ұғамыз, себебі, ол материалды және өзімізге ұқсайды. "Мәдениет порталының" Сіздерге ұсынып отырған осы шағын мақаласында өте танымал және аса маңызды, түрлі мақсатта, әр кезеңде және әртүрлі материалдан жасалған 10 скульптура туралы айтылады.
Давид
Микеланджело
Библия кейіпкері Дәуіттің бес метрлік мүсінін жасағанда, Микеланджело бар болғаны 28 жаста еді. Бұл туынды Флорентия республикасының символы ретінде және Қайта өрлеу кезеңінің үздік шығармасы болып қана қоймай, жалпы адамзат данышпандығының асқан үлгісі еді.
Әлемдегі көруге құштар, ең тартымды мүсін саналады.
Ойшыл
Огюст Роден
Тағы бір өте танымал образды 1882 жылы Огюст Роден дүниеге әкелді. Әу баста скульптура «Ақын» деп аталмақшы еді, және «Тәңір комедиясы» негізіндегі - «Тозақ қақпасы» атты композицияның бір құрамы болуы тиіс-тін. Скульптура моделі - Париждің қызыл шамдалдар кварталында бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнап, өнер көрсетіп жүрген Жан Бо деген боксер еді.
Келе жатқан адам
Альберто Джакометти
Адамзат тарихындағы ең қымбат скульптура. 183-сантиметрлік «Келе жатқан адам» скульптурасын 1961 жылы швейцарлық скульптор жасаған 183-сантиметрлік «Келе жатқан адам» 2010 жылы Sotheby’s аукционында 104,3 миллион доллар рекордтық сомаға сатылды. Бұл туынды осы шебердің ең айтулы шығармасы саналып, оның кескіні 100 швейцарлық франкісінде бейнеленген.
Венера Милосская
мүмкін Агесандр Антиохийский
Ежелгі гректердің, мөлшермен біздің дәуірімзге дейінгі екінші ғасырда жасалған бұл атақты скульптурасын - 1820 жылы Мелос аралының жағалауынан саудаға жарар ескі жәдігер іздеп, тіміскіленіп жүрген француз теңізшісі тауып алады. Бастапқыда мүсіннің қолдары орнында, сау болған көрінеді. Кейін тауып алған француздар мен аралдың иесі түріктердің арасында болған жанжалдың кесірінен жәдігер бүлінген сын-ды.
Ника Самофракийская
Авторы белгісіз Ежелгі гректердің мрамордан жасалған Ника құдайының скульптурасы - 1863 жылдың сәуір айында, Самотраки аралындағы кабирлердің киелі орындары маңынан табылған болатын. Бұл статуяны - Родос аралының тұрғындары, сириялық патшаның флотын талқандаған жеңіс құрметі үшін тұрғызған еді. Ол теңізге жағасындағы жартастың ұшарына орнатылған-ды. Оның тұғыры соғыс кемесінің тұмсығына ұқсайтын. Құдірет пен айбынға толы Ника құдай, киімін жел желбіретіп, алдыға қарай ұмсынып тұр. Қазіргі кездегі орны Лувр.
Статуя парилік мрамордан қашалған, оң қапталы – гипстік реконструкция. Басы мен қолдары жоқ. Жалғасқан қазба жұмыстары кезінде статуяның өзге де фрагменттері табылды. 1950 жылы археологтар сол статуя табылған тұстан, үлкен тастың астында қалған, оның оң қолын табады.
Пьета
Микеланджело
Пьета дегеніміз - Мария бибінің ұлын аза тұтатын көріністі бейнелейтін кең таралған атау болып саналады. Соның ең үзідігін 24 жасар Микеланджело жасаған болатын. Мүсіннің мінсіз композициясы, эмоционалдылығы, адамгершілігі және терең символикасы оны Жоғары Ренессанс мәдениетінің теңдессіз үлгісіне айналдырды.
Кале азаматтары
Огюст Роден
«Кале азаматтары» атты скульптуралық топ - Кале қаласының муниципалитеті тарапынан берілген тапсырыс болатын. Роден оны 1888 жылы аяқтап шықты. Жүз жылдық соғыс кезінде ағылшын королі III Эдуард қаланы қоршап алады. Біраз уақыттан соң, аштыққа ұрынған қорғанушылар беріледі.
▶ ▷ Адамзат тарихындағы 10 ұлы композитор (ФОТО, ВИДЕО)
▶ ▷ «Қыз Жібек» фильмі туралы 20 қызық дерек
▶ ▷ Әлемдегі ең әдемі, ең танымал 7 театр
Егер осы қаланың асыл текті алты азаматы мойнына қыл арқан тағып, дарға асылуға өз еріктерімен келісім берер болса, король қалған халыққа тимеймін деп уәде қылады. Оның бұл талабы орындалады. Өмірін халық үшін пида етуге дайын екенін, жұрттан бұрын, қаладағы асқан бай саналатын Юсташ де Сен-Пьер деген білдіреді. Аштықтан азып-тозып, әбден күйзелген мына қаһарман азаматтарды көрген Филиппа королеваның жүрегі езіліп, әлі дүниеге келмеген іштегі нәрестесінің атымен, күйеуінен оларды кешіруді өтініп, аман сақтап қалады.
Роден жаңашыл көзқараспен тұғырдан бас тартады. Ол талап скульптордың көзі кеткен соң ғана орындалды. Фигуралар көрермендермен бойлас қалыпта орналастырылды.
Кіші дәрет сындырушы бала
Брюссельдің ең көрнекті тамашасы. Статуяның жасалу тарихы мен уақыты беймәлім. Кейбір деректерге қарағанда - бұл статуя XV ғасырдан бері келе жатқан деген жорамал бар. Брюсселдік біреулер: бұл, гримберген соғысындағы оқиғаны еске салатын ескерткіш дейді. Готфрид III Лёвенскийдің ұлының бесігін - қала жұртын рухтандыру үшін, әдейі көрнеу етіп, ағашқа іліп қойған көрінеді. Ал балақай болса, ағаштың түбінде жаумен шайқасып жатқан жауынгерлердің төбесінен шаптырған сыңайлы.
Тағы бір аңызға сүйенсек, қамал түбіне жарылғыш оқ-дәрі қойып жармақ болған кезде, төбеден шаптырған баланың зәрі оны тұтандырмай, өшірген көрінеді.
1695 жылдан бастап статуя бірнеше қабат ұрланады. Соңғы рет 1960 жылы қолды болып, тағы да көшірмесін қоюға тура келеді.
Терракоттық әскерКемінде 8099 скульптурадан тұратын қытай әскерлері мен мінген аттары Қытай мәдениетінің бір жетістігі болып табылады.
Терракоттық статуялар әрбірі өзіндік нышанға ие, олар Цинь династиясының бірінші императоры Цинь Шихуандимен бірге әскери саппен жерленген еді. Ол - Қытайдың басын біріктірген және біздің дәуірімзге дейінгі III ғасырда Ұлы қорғанның әр жігін жалғап, біртұтас еткен ел басы болатын. Бұл жауынгерлер о дүниеде де императордың билігін қолдауы тиіс-тін.
Алтын Будда
Әлемдегі ең үлкен, алтыннан тұтастай құйылған бұл статуя бангкоктағы Ват Траймит ғибадатханасында қойылған. Биіктігі үш метрден астам, ал, салмағы бес тоннаға жуық.
Бирмамен соғыс өрті тұтанған тұста – статуяны әдейі гипспен қаптайды. Сонан бері, бұл Будданың құпиясын әлі күнге ешкім аша алған жоқ. 1957 жылға дейін, оны жаңа орынға алып кетпейінше, статуяға ешкім аса назар аудармайды. Ел аузындағы қауесеттерге құлақ ассақ, оны алып бара жатқан кезде жауын жауады да тасымалдаушы краннан құлап түседі. Жаңбырдан қорғау үшін ораған дәке сыпырылып, статуяның бір бөлігін жауын шайады. Сөйтіп, оны сылаған зат суға еріп, монахтардың көзіне ерекше жылтыраған көрініс түседі. Тағы бір әңгімеде статуя құлаған кезде гипс шытынап, содан әшкереленген сыңайлы.
Дайындаған З. Самалбекұлы