Ұларбек Дәлейұлы. «Жарасы үлкен жас өлім...»

ӘДЕБИЕТ
1744


Түнделетіп Қақайды ауруханадан алып шықтық... 

Иә, Астанадағы нөмірі бірінші ауруханадан. 

Оны жанынан жақсы көретін марқұм апасы «Қақай» дейтін. Марқұм әкесі, жирен атты Елубай да сөйдейтін. 

Соған ілесе бүкіл Көктерек қыстағы Қақай деп атап кеттік. 

«Ауруханадан алып шықтық» дедім ғой. Менің санамда ол кезде әлі тірі болатын. 

Моргке полиция көлігінен бұрын жеттік. 

Бейне өзге біреулер келіп ұрлап кететіндей. Немесе, маған айтпай, өзі бір жаққа кетіп қалатындай. 

Қара пакетке оралған Қақайды сүйреткі арбамен түсіріп жатқанда, қасында мізбақпай қарап тұрдым. 

Менің санамда ол кезде де тірі болатын... 

Қақайды мұздай мәйітхананың мұздай суық тартпасына салуға сүйреп бара жатқанда кілт есімді жидім. 

«Жігіттер, тоқтаңдаршы! Жақын інім еді. Көрейін... Ашыңдаршы» дедім. 

Қазақы жігіттер екен. Қара пакетті сыдырып ашты. Күндегі Қақай емес. Осы жасыма дейін біраз өлімді өз қолыммен жөнелткемін. Кездейсоқ та талай мүрдені көргенмін. 

Мына Қақай басқа. Осыдан 3-4 күн бұрын көрген, қан қысымын өлшеп, ауызына күштеп тамақ салған Қақай емес. Ауысып кетпегеніне де сенімдімін. Жеті ағзасынан қан кетіпті. Шұғыл құтқару аспаптарының табы өшіп үлгірмеген. Сөйтсем... 

Сөйтсем, мұздай тәнін бізге тастап, ғасыл рухы Тәңір дәргейіне кетіпті. 

Кешеден бері жаны қалмай жүгіріп, шын тілеулес достарың жүрді... 

Екеуіміз де Көктерек қыстағында өстік. Көктерек қыстағынан осында келдік. 

Сырт ауылдың бізді шырамытқан елі мені «Көктерек қыстағындағы дәрігер Дәлейдің үшінші ұлы» дейтін. Сені «Көктерек қыстағындағы жирен атты Елубайдың үлкен ұлы» десті. 

Енді... Көктерек қыстағынан бірге келген бауырым 2024-ші жылы 6-шы қаңтар күні кешкі 19:00-де Астана қаласындағы ауруханада науқастан қапы қазаға ұшырады. 

Балалық дәуіріңді айтпағанда, қасымда он тоғыз жыл бірге жүрдің. 

3 күннен кейін қырыққа толатын едің. Қаңтар айы екеуіміз өмірге келген ай. 

Бұны егіле жазып отырмын. 

Білмеймін, сен туралы енді не жазарымды...

* * *

Оның тірі күндерінен соншама көп естеліктер қалды, маған... 

Балалық шағымызда, сабақтан соң алыс таудағы киіз үйлі қонысымыз – Серілік тауының баурайындағы Бәйжеге бірге барып-қайтатынбыз. Менен төрт жас кіші, өзі ешкімге зәбірі жоқ жуас, топ баладан оңаша жүретін. Оған тиіскен балалардың үлкені болсын, кішісі болсын, көріп қалған жерімде арашада жүруші ем.

Есейген соң, Алматыда қайта табысқан күнімізден бастап, өмірінің соңына дейін ажырамадық. Әсіресе, Алматы мен Шымкент, Түркістан, Астанада өткен алғашқы сегіз жылда жұбымыз мүлде жазылған жоқ. Біз туралы қоспасы көп аңыздар сол кезден тараған. 

Екеуіміз Гарсия Маркесті кемі он қайтара оқыдық, жүз қайтара толғандық. «Біздің Көктерек қыстағы Макондодан аумайды» деуші едік. «Қыстақ адамдарының ішінде Хосе Аркадио әулетіне ұқсайтын шаңырақтар, күрделі адамдар бар. Мен соларды жазамын. Маркестің ізімен емес, бірақ...» дейтін. Олар жайлы келістіріп отырып жазды да. Тек, толық жазуға үлгірмей кетті.

Біздің жас күніміздің көбі, әсіресе, төңкере оқып, төге жазатын уақытымыз не оқуға түсе алмай, не бір нәпақалық жұмыс ретін келтіре алмай бос өтіп кетті. Мақау, жемқор капиталистік қоғам – таудан түскен екі қазаққа мүлде жат, жанымызды түршіктірер сұмдығы көп, біз ешқашан қабылдай алмайтын суық орта еді. Тек, Жазушылар одағын, өз күйлері де мәз емес қалам ұстаған аға-апаларды пана тұттық. Солардың қамқорлығын көрдік.

Алматы біздің жастық шағымызды ұрлады. Онда біздің махаббатымыз, аяулы сезімдеріміз қалды. Көп күніміз парктерде түнеумен, анда-мұнда қонумен өткені жасырын емес. Бірақ, ешқашан жігеріміз жасып, тауымыз шағылған жоқ. Дүниеге өктем, паң қарадық. Қай қиырда жүрсек те біз Алматыны ұмытпадық.

Екеуіміздің бойымызда ұқсастықтар да, бір-біріне мүлде кереғар мінез бен түсініктер де болды. Ол өте тез жараланғыш, жаны тым нәзік-тұғын. Болмайтын нәрсеге көңілі түсіп, өкпелеп, томсарып қалатын. Мен анау-мынауды қаперіме ала бермейтінмін. Сыртта біз жайлы борап кететін қаңқу сөздерді, жеңіс пен жеңілісті, бар мен жоқты жүрекпен қабылдамайтынмын. Не болса да қолды бір сілтеп кете беретінмін. «Қақай, сен қатты уайымшылсың. Тіршілігі құрғырды несіне қайғы етесің? Барлық адам бізге дос емес қой. Өз басым өлімге тойдан қайтқандай ғана қараймын. Өмірді сүрсек сүрдік, сүрмесек қойдық. Онша маңызды емес дүние ғой» деп көп айтатынмын.

Сол кезде: «Сен бар ғой ұзақ жасайсың, тоқсанға келесің. Ештеңе саған уайым емес. Уайымдамайтын адамның ғұмыры ұзақ болады. Мен өзімді айта алмаймын. Егілгіш, әсершіл, жараланғышпын. Ол мінез өзіммен кетер» дегенді қайталайтын. Көтермелегені ғой. Әйтпесе, өлімнен қорықпайтын, ажалдан сескенбейтін жан бола ма?..

Жас кезінен-ақ тылсым дүние, әруақтар әлемі, өлім жайлы көп айта беретін. Маған ол елес көретін, әлденелермен сөйлесетін сияқты бола беретін еді. Түннен қорқатын. Майданға жаңа ерген жас сарбаздай, немесе, көгеннен босап, енесін тапқан жас қозыдай, қасымда бүк түсіп жатып ұйықтайтын. «Мені торуылдаған жын-перілер сені көрсе қашып кетеді. Қасыңда жатсам, өзімді қауіпсіз сезінемін» деп қарқ-қарқ күлетін.

Мен оған қарағанда жындыбас едім. Есерсоқтау болдым. «Ал давай» деген атышулы сырахана болған. Жазу жағалағанның дені сол жерден табылатын. Қазір бар ма, жоқ па, білмеймін. Соған жақын маңда сәбеттен қалған мәйітхана болды. Қақайдың өлім, О дүние жайлы ойын өзгерткім келде ме екен, есіріп жүріп, жолай жазуын оқып қалдым да, Қақайды сүйрелеп, сонда алып келдім. «Қорықпай жүр. Мен саған өлген адамның түр-түрін көрсетемін!» деймін. Күзетшіге әлде бір жалған есімді айтып, «Жақынымыз еді. Бір аптадан бері таппай жүрміз. Полиция қаладағы мәйітханалардан іздеңдер» деген соң бір шеттен аралап келеміз» деп сықпырттым. Ол кезде заман басқа-тұғын. Есік-есікте камера жоқ. «Барып, қарап шығыңдар» дегені.

Ұзын коридорда не түрліні көріп келеміз. Шіліңгір жаз еді. Қолқаны қабар өлік иісіне мұрнымызды басып, түкпіріне жеткен соң кері қайттық. Түрі есімде жоқ, бір ер адам алдындағы мүрдені сыртылдата сойып жатыр. Кәдімгі беріліп істейтін сүйікті ісі сияқты...

Сол оқиғадан кейін ол біраз өзгерді. Өмірдің қадірін, тіршіліктің дәмін сезе бастаған. Күні кешеге дейін осы жайтты, мәйітханада бастан кешкен сезімдерін жазамын деп көп дайындалды. Бірақ, қағазға түсіре алмады. Жалпы, екеуімізге ортақ талай оқиғалар бастан өтті. Сәттісі де, сәтсізі де бар.

Кез келген ақын мен жазушыны бір шығармасынан-ақ танып қоятын асқан көрегендігі болды. Таң қалатын едім. Көбінесе бетке айта салатын, онысы біраз жазарманға ұнамай да қалды. Онымен дәмдес, тұздас, рухтас болған жігіттер көп болды. Кейбірі оның тасқындай жөңкілген алапат талантын не түсіне, не мойындай алмай шептен тайқыды. Әділеттен ауытқымайтын, ұнамаған нәрсені ішіне бүгіп, ұзақ жүре алмайтын. Соны кек тұтқан кей замандастың кешегі қазада фб болсын, басқа болсын, кез келген мүмкіндікті пайдаланып не көңіл айтуға, не Астанада жүргендерден жаназаға қатысуға жарамағандары содан... Ал, өзге себеп жағдайлар түсінікті ғой.

Ол екеуіміздің ішімізде айтылатын да, мәңгі айтылмайтын да сырлар бар. Елді көп толғандырғаны – оның өлім себебі. Оқырмандары мен жұрт көңілінде әлдене қалмас үшін айтайын. Ол жүрек аурудан кетті. Былтырғы жыл бойы еткен тынымсыз еңбек, ауыр ойлар мен миына симай лықсып кететін, сіз түгілі, маған да жұмбақ тосын сезінулер оған тым ауыр болған. Ағзасы біртіндеп бүлінген. Ғаламат таланты мен жан төзбес ыстық отына өзі күйіп кетті.

Асыл жары оны өмірінің соңына дейін түсіне қарап, әр түрлі кедергіден жаны шыр-пыр болып қорғады. Нағыз жазушыға бұйыратын нағыз әйел бола білді. Оның ұңғыл-шұңғылы мен адам пендесі түсіне бермес кей мінезіне төзді. Қақай негізінде әйелге, үйге жайлы адам болатын. 

Өмірі суретке түсуге қошы болмады. Екеуімізден қалған суреттер тіпті, санаулы ғана.

22-ші желтоқсанда, түн ішінде қоңыраулатты. Ұзақ сөйлестік. «Артқы істерімді өзің жайға. Тұтас өміріміз бірге өтіп келеді. Баяғыда-ақ, түнді таңға жалғап сырласқан күндерімізде мәмлеге келген, өлім жайлы ортақ түсінігіміз бар ғой. Сүйегіме өзің түс. Арық екенімді білесің, арқама қиыршық батпасын... Былай ғой, қап-қараңғы жердің астын да жарық етіп жатуға болады. Мен жалғызсырап қалмайын, әйтеуір. Өзің бар деп кетіп барамын». Сөз соңын әзілге бұрды. Мен ол кезде тұтас сөзін әзілге баладым.

...Кетерінен төрт күн бұрын іздеп бардым. Қатты ауырып жатқан. Қан қысымын, жүрек жағдайын тексердім. Өң-әлпетінен, көзқарасынан ендігі жайы маған түсінікті еді... 

Алдыңғы сөзін қайталады. «Арт жағымдағы өзің жайғайсың ғой...»

Жайғауын жайғаймын ғой. Арқаңа батпас үшін тұтас жер шарын алақаныммен сипауға бармын. Жанымда бүк түсіп ұйықтаушы едің. Бір-ақ уыс қарғам-ай!.. Бір-ақ уыс қалпыңмен онда қалай жалғыз жатпақсың енді? Тәнің мәңгі тыныштыққа шомды. Аласатқан жүрегің де енді соқпайды. Қабіріңе жиі келетінім де сөзсіз. 

Тек, мынау мұңды, жаны жаралы ағаңның қайғылы жүрегін қайда сыйдырамыз?..

Мәдениет порталы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...