«Жетісу көктемі» жас әдебиетшілер форумының алғашқы күні аяқталды

ӘДЕБИЕТ
2521

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір жылдығына орай Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен Талдықорған қаласында бастау алып жатқан  «Жетісу көктемі» атты  жас әдебиетшілер форумының бірінші күні аяқалды.

Форумның алғашқы күні тағы сағат 9.00  де Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев, Қазақстан Жазушылар Одағы Алматы облыстық филиалының директоры, ақын Ерлан Жүніс, жазушы Есболат Айдабосын бастаған топ қасиетті Қарасай ауданында жас әдебиетшілерді қарсы алды.

 Жас әдебиетшілердің алғашқы қадам басқан жері – «Руxани жаңғыру» аясында пайдалануға берілген Қарасай  ауданындағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы болды. Бұл мәдени-тарихи орталық 2017 жылғы 1 желтоқсанда Алматы облысы Қарасай ауданының Шамалған ауылында ашылған екен. «Бұл орталықта экспонаттар Н.Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметінің, Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуының  негізгі кезеңдеріне сәйкес хронологиялық ретпен орналастырылған. Бұл Орталыққа келушілерге қазақстандық мемлекеттіліктің қайта жаңғыруы процесіндегі, экономикадағы және әлеуметтік саладағы, тарихи дамудағы түбегейлі терең өзгерістерді өткерудегі және Қазақстанның ХХ және ХХІ ғасырлар шеңберінде халықаралық беделінің нығаюындағы Елбасының ауқымды үлесін, рөлі мен еңбегін көзбе-көз бағалау мүмкіндігін тудырады»-дейді мұражайдың жауапты қызметкерлері. 

Форумға қатысушы жас әдебиетшілер мен қонақтардың келесі бағыты - Алматы облысы Қарасай ауданындағы сәулеті қайталанбас ерекше «Батыр бабалар» мемориалды кешені еді. Мемориалды кешен экспозициялары бір үлкен залдан және үш тақырыптық бөліктен тұрады екен. «Сақ дәуірінен Алаш Орда үкіметінің құрылуына дейін», «Тәуелсіздікке жетуге елеулі үлес қосқан атақты хандар мен билер» жəне «Ерлігімен туған жердің даңқын асқақтатқан батырлар» атты үш кешен келер ұрпақтың тарихымызға құрметпен қарауға, бағалауға өз үлесін қосары сөзсіз. 

Қарасай елдімекеніндегі тарихи-мәдени өлкетану нысандарын аралаған жас әдебиетшілер форумының делегаттары түс ауа Күреңбел елдімекеніне ат басын бұрды.
 Қазақтан шыққан тұңғыш этнограф-ғалым Шоқан Уәлихановтың жамбасы жерге тиген өлкеде болып, жас саяхатшының өмірі мен шығармашылығынан, Құлжа мен Қашқариядағы сапарларынан сыр шертер рухани шаңырақты аралады. Мұнан кейін қонақтар қазақтың жарық жұлдызы болған аяулы перзентінің ескерткішіне тағзым етті.
 Кербұлақ ауданында орналасқан Шоқан Уәлиханов мұражайы 1985 жылы ашылған екен.Мұражайда 700-ге жуық экспонат бар.

Жалпы, Жетісу топырағында бабаларымыздың, батырларымыздың, әулие-әмбиелердің құрметіне қойылған ескерткіш белгілер өте көп екен. Бұл өткенімізді еске ала отырып, бүгінгі бейбіт заманда ғұмыр кешіп жатқан ұрпақтардың сол кісілерге деген мысқалдай болса да құрметі екенін түсіндік.

Форумның ең қызық тұсы Қаратал өзені жағалауындағы демалыс аймағында өткен поэзия кеші болды.  Талдықалаға алғаш табан тіреген қаламгерлердің құрметіне орай жетісулық ақындар жырдан шашу шашып, әншілер кешті әуезді әнімен әрледі.
 Жетісу жерінде тұңғыш рет өткізіліп отырған жас әдебиетшілер форумы аясындағы алғашқы күнді қаламгерлеріміз осындай әсерлі көңіл күймен аяқтады.
Екі күнге жоспарланған форум – әдеби секция отырысымен жалғасын табады.






Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...