Ақын, талантты аудармашы Ақсұңқар АҚЫНБАБА қазақ әдебиетіндегі аударма саласына көп жылдардан бері е...
Жүрек көзі ашық жазушы
Өмір деген үлкен алаңда «жүрек көзі ашылған», «жүрегінде айнасы бар» өте мықты адаммен екі рет көрші болған жағдайым бар. Ол – өте қарапайым, қағілез, кісілігі мен кішілігі қабысқан, қазақ әдебиетінің қазіргі көзі тірі алыбы Әкім Тарази.
Жарықтық Абайдың:
– Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі, – деп келетін әйгілі өлеңі бар ғой. Осындағы «жүректің көзі ашылса» дегенге ерекше мән беремін. Негізі біздің қолына қалам ұстаған ақын-жазушылар «жүрек көзі ашылған жандардың» қатарына жатады. Әйтпесе, неге етікші отыра қалып, Абай, Пушкин, Мағжан секілді өлең жазбайды, неге үтікші Мұхтар, Ғабит, Сәбит секілді қарасөзді көркем кестелеп кете бермейді?!.
Абай атамыз одан әрі:
– Жүректе айна жоқ болса,
Сөз болмайды өңгесі.
Тыңдағыш қанша көп болса,
Сөз ұғарлық кем кісі, – дейді.
«Жүректегі айна» жоқ болса, қалған нәрсенің бәрі бос нәрсе деген сөз ғой.
Мынау Өмір деген үлкен алаңда «жүрек көзі ашылған», «жүрегінде айнасы бар» өте мықты адаммен екі рет көрші болған жағдайым бар. Ол – өте қарапайым, қағілез, кісілігі мен кішілігі қабысқан, қазақ әдебиетінің қазіргі көзі тірі алыбы Әкім Тарази.
Алматыда Шевченко мен Айманов көшелерінің қиылысында, Астанада Сауран мен Ақмешіт көшесінің түйісінде көрші тұрдық. Әкім аға Астанада жолыққанымызда маған «Мәңгілік көршім» деген атақ берген. Соған марқайып әлі жүрмін.
Екі қалада да Әкім ағаның қолы бостағы сүйікті ісі – жаяу серуендеу. Алматыдағы Ганди паркін төрт-бес рет айналып келеміз. Астанаға жасы ұлғайған кезде қоныс аударды да көбіне Сауран көшесінің ауласында жүреді. Қалбалақтап қасынан қалмайтын кездерім көп болды. Жай жүрмейміз, әңгіме тиегін ағытамыз. Күнделікті жаңалықтардан бастап, елдегі қоғамдық, саяси шетін мәселелерге дейін қозғаймыз. Ол кезде Әкім аға «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінің мүшесі. Жақсы істермен қатар қазақ қоғамындағы келеңсіз тұстарды ащы мысқылға алады. Таң қаламын. Саяси мәселелерді терең талдайды. Бәрі ақиқат. Үнсіз ілесіп жүре бергің келмейді. Өз бетіңше кесек мәселелердің күрмеуін шешудің амалдарын айтқан боламын. Жүрісіміз біткенде «Бала, осы әңгіме бүгінге жетер, қалғанын ертеңге қалдырайық» дейді.
Сондай серуен кезінде адам жанын түсінуге, жазушының рухани әлеміне терең бойлауға мүмкіндік аласың.
Абайдың 38-ші қара сөзінде: «Әуелі адам бір нәрсені жақсы көруі керек, жақсы көру үшін адамда адамгершілік, ақыл, ғылым болуы шарт. Ал бұларға жету үшін адам бойында жақсы қасиеттермен бірге дені сау болу, бұған тағы ортаның – отбасы, қоғам, дос әсерін» қосады.
Адамның ғылым-білімге махаббаты оянса, сол адам болады, содан соң Алланы таниды, өзін таниды, айналасын таниды, оң мен солын, жақсы мен жаманды ажыратады. Сондықтан Абай «әуелі баланы бастан дұрыс тәрбиелеу керек, болмаса ол бала жарым адамға, жарым мұсылманға айналады. Ондай баладан кемел адам шықпайды. Алла Хақиқат, Оған тек адам шынайлықпен жақындайды. Адам ғылымы-білімі арқылы әр нәрсенің ішкі сырын білуге, хақиқатқа, шындыққа ұмтылуы керек», – деген тұжырымға келеді.
Абай ілімі – біздерге Темірқазық іспеттес. Ұлы ақын білімге, білімділікке толық анықтама бере келіп, қазақтың баласына нақты жолды нұсқайды. «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмағанда денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Дүние сырын танып-білу, білімділік – адамдықтың белгісі, білім-ғылымның жоқтығы, білімсіздік – надандық, хайуандық» деген үлкен ұғымды алға тартады.
Дүниенің «көрінбеген сырын білу» жайына келгенде, Абайдың: «Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықбірлән табылады». Әрбір нәрсенің сыртын көріп білгенмен тоқтамай, оның түбін, тегін, болу себебін білудің маңызы үлкен. Пендеге «өз ақылы жетерлік қадірін ғана білсем деген әрбір істің себебін іздеу» парыз. Онсыз білім-ғылымның хақиқаты табылмайды, мәні ашылмайды. Нәрсенің «болмысын айқындап беретін шалғай себептерді және таяу себептерді білу» даналық болып есептеледі.
Кез келген нәрсенің болмысын айқындайтын ішкі және тысқы себептерді білу – адам білімінің берік негізі. Әкім Таразидың өмірлік жолынан, шығармашылық еңбектерінен осы қағидадан еш айнымай келе жатқанын жазбай тануға болады.
Қазақ әдебиетінің классигі, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Тарази бұл күнде «Әдебиеттің Әкімі» атанды. Биыл заңғар жазушымен Астанадағы Ұлттық кітапханада жүздестік. Бұл жиынға Төлен Әбдік, Мырзатай Жолдасбеков, Шәрбану Бейсенова бастаған қазақ әдебиетінің айтулы тұлғалары, зиялы қауым өкілдері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ әдебиет жанашырлары, қаламгердің шәкірттері, жазушының жары, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова қатысты. Жанға шуақ беретін небір әдемі сөздер айтылды. «Қазақ әдебиетінде қоғамды сынау, адамды сынау, сын көзімен сыншыл реализмге бет бұру дегенді бастаған кісі – біздің Әкім ағамыз. Бұл кісі әр жанрда жетістікке жеткен адам. Прозасы бір бөлек, драматургиядағы еңбегі де өте үлкен. Қазақ драматургиясын биікке көтерген тұлға»,– деп жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдік қаламгерге арнаған жақсы ой айтты. Саңлақ суреткерге әділ баға берді.
Әкім аға залға кіріп келгенде жүзінен бір нұр көрінді. Жанары ойнап, жүзі жайнап тұрды. Адамның жасы қанша ұлғайса да, жүрегі мен жанары көп нәрседен хабар беріп тұрады. Баяғы сергек, ширақ қалпында. Екеуара айтылған көп әңгіме еске түсті.
– Жазушылық кәсіп маған бұл дүниенің сырын ашты. Басқа біреудің өмірін жазу үшін жазушы адам әуелі өзінің ішкі жан әлеміне терең үңілуі тиіс. Өзімді жазбасам, кімді жазамын?! Басқа адамдардың тағдырын екінші бір адам жазып, еш уақытта рахаттанбайды. Әдебиетте түрлі тәсілдер бар. Жазушы өзінің екінші дәрежелі кейіпкерінің өмірін айналып кете алмайды. Мен де өзімді-өзім кейіпкер қылдым, кейде кей кейіпкер автордың өзі болып тұрады. Өзін-өзі сыйлайтын адам басқа біреуден үйренбей, өзінен үйренеді. Сосын әдебиетке жолымды ашқан асыл ағаларым болды. Соның ішінде Ғабит Мүсіреп менің туған әкемдей болды. Не жазсам да қолдап отырды. Ғабең менің жолымды ашты. Ол кезде небәрі 23 жастамын. Әу бастан осындай жақсы кісінің жолыққанын кездейсоқтыққа балай алмаймын. Сол кісінің тәлім-тәрбиесін алдым. Ғабеңнің маған көрсеткен бір жақсылығы –әкем қатты ауырып, үйде болуыма тура келгенінде де қызметтен босатпай, ауылда тұруға мүмкіндік жасады. Одан кейін Мәлік Ғабдуллин, Ғабит Мүсірепов, Кемел Тоқаев есімдерін құрметпен еске аламын. Үшеуі де – менің рухани әкелерім. Олардан үйренгенім өте көп. Әдебиетте ғана емес, өмірде де ұстаз бола білді. Мен олардың жан-дүниесін, болмыс-бітімін, адамдық табиғатын түсінуге тырыстым. Менің ең жақын достарым ұдайы қасымда еді. Олар – Сайын Мұратбек, Қалихан Ысқақ, Рамазан Тоқтаров, Амантай Сатаев, Қабдеш Жұмаділов. Бұл өте сауатты, мықты ұрпақ болатын. Достарым мені қатты сыйлады. Олар мені «Әкітай» дейтін, кейде «Әкімушка» дейді. Мен де оларды өз қадерімше қатты құрметтедім. Талай рет әдебиет төңірегінде айтыстық та, тартыстық та. Мен осы достарымның ешқайсынан артық болған жоқпын. Әр уақытта өзімнің алдымда Сайын, Қалихан, Рамазан, Мұқағали, Жұмекен, Қадыр, Сағи бар деп сөйлеймін. Жазушы деген алдымен өзін-өзі тәрбиелейтін, сол тәрбиесі арқылы ұлтын да тәрбиелейтін адамдар емес пе. «Ақын-жазушылар» деген ат төбеліндей ғана топ. Екінің бірі жазушы бола бермейді. Жазушының өмірі шығармашылық азапқа толы. Ақ қағаздың бетіне телміріп, талай таңды ұйқысыз атқарасың. Ой іздейсің. Кейіпкер іздейсің. Оқиға іздейсің. Жазушы жеке-дара майданға шыққан жауынгер тәрізді. Біздің әдебиет төңірегінде ой-көзқарастарымыз ортақ болды. Ең бастысы – біз бір-бірімізді өсірдік. Біріміздің жазғанымыздан екіншіміз тағлым алдық. Бір-бірімізді қайталамауға тырыстық, – деген еді Әкім аға.
Әкім ағаның туындылары қайталанбас дара сипатқа ие. «Қорқау жұлдыз» романын Әкім аға 1987-ші жылы жазды. Осы романда жазушының бүкіл қабілет-қарымы айқын көрінеді. Романның негізгі кейіпкері Лима – педогогикалық институтта білім алған, көкжиегі кең адам. Бірақ өмірдің ащы сабағы оның тағдырын өзгертіп жібереді. Жан-жағынан көрсетілген қысым кейіпкерді тығырыққа тірейді. Соның салдарынан өмірден баз кешкісі келеді. Тосын әрекетке баруға мәжбүр болады. Ауыл мұғалімі Тұнғатар бейнесі де кесек сомдалған. Мектеп директоры Сәрсенбайдың қулық пен сұмдыққа бейім тұруы оқырманды бей-жай қалдырмайды. Сәрсенбайдың әйелі Ұлжанның, Сәрсенбайдың інісі Арсанбайдың әрқайсысы романда өз орнын тапқан. Шынайы.
Қазақ қоғамындағы отбасылық тәрбие, балалардың ой-пікірін тыңдамау, олармен санаспау, ішкі жан дүниесін түсінбеу сияқты проблемалар осы романда жан-жақты көрініс тапқан. Әкім Тарази отбасы құндылықтарына орын табылмаған қоғамда рухани құлдырау, тоқырау, тығырыққа тірелу құбылыстары болмай қоймайтынын кеңінен ашып көрсетті. Қазіргі таңда да бұл құбылыс ерекше сипат алып отыр. Жазушының қоғамдағы рухани кеселдерді тап басып тануы, оның зардаптарының сұмдық тамыр жайып кететіндігі туралы қаққан дабылы әлі күнге дейін өзекті.
«Қорқау жұлдыз» романы Кэтрин Жудельсонның аудармасымен ағылшын тілінде Лондон қаласында басылды. Шетелдік оқырмандар үшін бұл таптырмас үлкен олжа деуге де болады.
«Ақбердінің ауласы» романында Ұлы Отан соғысы кезіндегі қазақ ауылы мен қазақ баласының тауқыметті тағдыры суреттеледі. Бас кейіпкер Бораш – тылдағы қазақ баласының жиынтық образы. Борашты замандастарынан ерекшелеп тұратын қасиеті – намысшылдығы. Туынды Бораштың анасымен, кішкентай бауырларымен поездан түсіп, нағашысының ауылына келе жатқан сәтін суреттеуден басталады. Өзі кішкентай болса да інісін арқалап, батпаққа малтығып, жерге құлап түскенде жазушы: «Бораштың көзінен жас шығып кетті, абырой болғанда, нағашысының байқамағанын медет етті, намысқор бала өзінің әлсіз сәтін өзіне кешірмейтін», – деп бір сәттік әрекеттен кейіпкерінің қайратты ұлан екенін сездіртеді.
«Ақбердінің ауласы» романында алақандай ауылдағы қаншама тағдыр иесін қалам ұшына арқау етеді. Ақберді туралы: «Атақты батыр әрі ауқатты адам Ақберді жиырмасыншы жылдары асылтұқымды жылқы өсіріп сатумен айналысқан, Ақбердінің ұзын атқорасы мен Ақбердіге тең, сол кісіге тәнті бес-алты үй шоғырлана жиылып төрт бұрыш жасай келіп, сырт жағы тұтас, есік-терезесіз жабық бекініс құратын. Өзге дүниеден оқшау, ішіме ешкімді жібермеймін, тыста не болып жатыр, онда менің шаруам жоқ дегендей меңіреу де саңырау біртұтас берік әлем» деп салғаннан оқырманды жетелеп алып кетеді. Баланың жан-дүниесіне «періште» кейпінде танылған Шураның образы да оқыған адамды ойландырмай қоймайды. Шура жеңгесінің, әнші келіншектің көшіп келуі ауыл адамдардың өміріне өзгеше бір өзгеріс, соны серпіліс әкеледі.
Жазушы адам өзі өмір сүріп отырған қоғамнан ешқашан сырт қала алмайды. Қазақ жері – урбанизация, индустриализация секілді құбылыстарға тап болды. Шерхан Мұртаза «Қара маржан» деген шығарма жазды. Әкім Тарази «Кен» романын жазды. Қос қаламгер де өндірістік революцияның пайдасымен қатар қазақ ұлтының болмысына, мінезіне, тұрмыс-тіршілігіне кері әсерін тигізе бастағанын ақырын аңғартып өтеді. Қазақ даласына сырттан келген «өндірісшілердің» ащы суға елтуі көптеген қазақтың ішкіштікке салынып, моральдық жағынан азғындауына себепкер болғанын Әкім Тарази тамыршыдай тап басып анықтаған. Ата салты мен дәстүрі бұзылып, құдайсыздыққа ұшыраған ғапыл хал-ахуал анық көрсетіледі. Рухани азғындық, ішкіштік пен тұрақсыздық, отбасы құндылықтарын тәрк ету, нәпсіқұмарлық үйреншікті құбылысқа айналды. Жазушы осының астарын адам табиғатынан іздейді. Жат әдет-дағдының жаппай өріс алып жатқанын әйгілейді. Қараспановтар әулетінің үш буын ұрпағының көрген тағдыр-тауқыметін түрлі оқиғалармен өрістете отырып, бүкіл бір кеңестік дәуірдің келбетін, қоғамның бет-бейнесін ашып көрсетеді.
Кітаптағы Пірәли ақсақал образы – уақыттың жиынтық бейнесі. Кәкіш, Мәрзия, Берген, Ботабай, Сәния, Сағат, Гүлсім, Нұрәлі, Бәкен секілді кейіпкерлер бір-бір хикаятқа лайық жандар. Осы кейіпкерлер арасындағы қақтығыс, тартыс арқылы отбасындағы жағдайларды – Кәкіштің әйелінің өлімі, Ботабайдың әкесінің өлімі, Кәкіштің ұрлығы, Ботабайдың түрмеге түсуі тәрізді оқиғаларды суреттеу арқылы қоғамдағы қиюы қашқан тірліктерді қалам нысанасына айналдырады.
Әкім аға да, Шерхан Мұртаза да – қазақтың ең қасіретті кезеңі Ашаршылық заманының төлдері. Сол бір сұрапыл кезең туралы сұрай қалсаңыз, Әкім аға: «Бізді Құдай сақтап қалды. Бізді аталарымыз аман сақтап қалды. Әкем мен шешем аштықтан аман алып қалды. Сол бір күндерді еске алғанда көзімнен жас шығып кетеді. Аштық тақырыбын айту – мен үшін өте ауыр», – дейтіні бар.
Қаламгердің көрген-түйгені көп. Маған ерекше әсер еткен туынды – Әкім ағаның «Андрейі». Әкім Тарази Мәскеудегі университетте кино оқуын оқып жүрген кезін баяндайды. «Он бес республикадан жиналған отыз екі тыңдаушының» бірі қазақ жігіт – Әкім, бірі армян жігіт – Андрей» деп нақты өмірде болған жайтты баяндайды. Андрейдің әкесінің туған қарындасы – Манананың аузымен совет өкіметінің сұрқия сұмдығы айтылады.
«Сен, Андрей, түк білмейсің. Отызыншы жылы және отыз бірінші жылы... мен ол кезде жап-жас медициналық сестрамын ғой. Алтай тауында қазақтардың, кешір киргиздардың, кешір қазақтардың, – деп екі-үш рет қайталап қазақ пен қырғыздың атын шатастырып отырды, – ол кезде біз қазақ деп айтпайтынбыз, – деп маған бұрылды. – Сен кешір, Аким. Біз сенің халқыңды киргиз дейтін ек қой. Үлкен тапсырма болды бізге. Бүкіл Қазақстан бойынша үлкен тапсырма болды. Біз киргиз ауылдарын бір жерге жинап бәріне укол салдық қой, укол. Білесің бе, сен? Укол. Мен алғаш ол уколдың не сыры бар екенін білмейтін едім. Біз укол салғанда әскерлер, әскери адамдар киргиздарды қоршап тұратын далада болса. Үйде болса, біз укол салған үйлердің сыртында әскер тұратын. Мен оны ол кезде білген жоқпын. Мен көп укол салдым...», – деген жолдар санаңызға сарт етіп сойыл тигендей әсер етеді.
«Қасымда менің Вера деген қыз бар еді. Ол мендей емес, бәленің бәрін біледі ғой деп ойлаймын. Біз укол салып үйге қайтып келгенде ол жымыңдап, күле беретін. Мен кейде одан сұрайтынмын: «Сен неге укол салғанымызға қуанасың?» – дейтінмін. Ол менің ондай сұрағымды күтпегендей, күтсе де бұрыннан әзірлеп қойған жауабы бардай. – «Жәй, біз маман ретінде іске жарап қалғанымызды айтам да. Бізге сеніп осындай үлкен тапсырма бергенін айтам да», – деп кібіртіктей беретін, кібіртіктей беретін».
«Шәй іш, Аким, – деді. – Іш шай. Сендердің киргиздарың... осы сөз аузыма түсе береді, кешірші. Қазір қазақ деп атайсыңдар ғой. Білемін қазақтар маған керемет ұнайды. Жақсы халық. Мен киіз үйлерде ас ішіп, қонып та жүрдім ғой... Отыз бірінші жылы... отыз бірінші жылы... біз үлкен иттік жасадық. Біздің уколдан кейін қазақ ауылында түрлі аурулар пайда болды. Талай қазақтың мұрны шүңірейіп ойылып түсті, талай қазақ сары аурумен ауырды, талай қазақ, қазақ. Байғұс киргиздар... – өз-өзіне сөйлеп, сандырақтап отырғандай болып кетті Манана. – Көкірек ауруын да тараттық біз. Ең қиынын адамның ерік-жігерін құм қылатын дәрі салдық қой біз оларға. Есінен адасқан адамдай мәңгіріп қалды түгел Алтай халқы. Қайда жұмсасаң бара беретін, не айтсаң көне беретін халыққа айналды. Біз ауылдарды аралап жүрдік. Содан кейін білесің бе сен, білмейсің бе, отыз екінші жыл басталды ғой, Аким». Отыз екінші жыл дегенді үрейленіп, шошынып, қиналып айтты...
«Мен киргиз халқының алдында күнәһармын. Мен киргиздарға қаншама түрлі укол салдым. Бастарын таз қылдық, мұрындары опырылып түсетін укол салдық. Мен, мен мына қолыммен. Ал Вера болса, менен де батыр еді. Вера болса, менен де өжет еді. Тапсырманы бұлжытпай орындайтын. Бәрін айт та, Аким, ты сын киргизского народа, извини пожалуйста, сен сын казахского народа, не поймешь меня. Біз салған уколдан қаншама мықты болса да еркек адамдар мәңгіріп қалатын еді. Айтқан бұйрықты орындай беретін, орындай беретін кәдімгі нағыз мәңгүрт болып қалатын еді... Аким, ты понимаешь это?».
Осы үзік үзінділерден ғасыр сұмдығын сезесіз. Тұла бойыңыз түршігеді. Көшпелі халықтың жерін иелену үшін сәбет өкіметінің адам айтса сенгісіз, адам жаны төзгісіз асқан қатыгездік қадамдарына барғанын көресіз.
Біздің қазақтың жері ғана полигон болған жоқ. Адамдары да нағыз полигонда өмір сүргенін, егеуқұйрықтарға екпе салғанындай түрлі медициналық сынақтан өткенін білесіз.
Тарази қаламынан шыққан туынды көп. «Жастықтың жігер-жалынымен көп жаздым, бірақ авторы ретінде атымды көрсетпедім. Түрлі бүркеншік аттар қойдым. Хат иесінің атынан да фельетон жазатынмын. Сол фельетондарды өзімнің шығармам деп айтуға намыстанып жүрдім. Әдебиетке мөлдіреген таза қалпымда, ештеңеге былғанбай, жазушылық атқа кір жұқтырмай келуім керек деп ойладым. Фельетон да әдебиеттің бір жанры екеніне мән бермеппін», – дейді Әкім аға бір сұхбатында.
Әдебиет әлеміне «Етікші» деген тырнақалды туындысымен келген қаламгер сол кезеңді былайша еске алады. «Осыдан көп ұзамай, пионер вожатый ретінде балаларды бастап апаруым керек болып, Алматыға жолым түсті. Бір күні келе жатсақ, бас поштаға қарсы беттен «Ара» – «Шмель» деген жазуы бар үй ұшыраса кетті. «Жауапты хатшы» деп жазылған есікті аштым. Телефонда сөйлескен Әбен Сатыбалдиев. «Етікшің» бізге ұнады. Бірақ баспаймыз» деп анада айтқанын қайталады тағы. «Баспаса неге шақырады?» деп ойлаймын. Іле осы ойыма жауап қатқандай: «Есесіне біз сені қызметке аламыз» – деді. Шамалыдан кейін Ғабит Мүсіреповке алып кірді. Ғабең жарықтық әуелі маған қараған жоқ. Басын салбыратып өз ойымен отырғандай. Міз бағар емес. Үндемейді, алып кірген кісі де үндемейді. Әсіресе, жас кезімде менің мінезім де келіскен мінез емес еді. Осы, қарғып тұрып шығып кетсем бе екен деп ойладым. Осылай «Етікшім» басылмаса да, қызметке тұруға септігін тигізді, әдебиет ортасына енгізіп жіберді. Бірақ кейін жарияланды».
Егер сол «Етікші» еленбесе, Ғабеңнің назары түспесе не болар еді?!.
Айта берсе сөз көп. Әкім ағаның творчествосын әлі талай талдайтын, қаламгерлік құпиясының сырын ашуға талпынатын жас әдебиетшілер шоғыры шығады. Қазірдің өзінде Қорғанбек Аманжол, Ұларбек Нұрғалым, Нәзира Мұқышева, Айзат Қыдыралиева секілді сөз өнерінің сәулесі түскен азаматтар ағаның туындыларын терең зерттеп жүр.
Қаламгерге түрлі адам баға береді. Халықтың бағасы – әділ баға. Сондай-ақ ең үлкен бағаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев берген еді.
«Біріншіден, Әкім Тарази – жазушы әлемінде өте сирек кездесетін тұлға. Бұл кісінің қазақ әдебиетіндегі орны ерекше, бірегей жазушы деп айтуға болады. Әкім Тарази жалпы қалада болып жатқан дүниелер, яғни урбанизация туралы жазады. Бұл тұрғыдан алып қарасақ, белгілі түрік жазушысы Орхан Памукқа ұқсайды. Ол кісінің философиясы өте терең. Тағы бір ерекшелігі – ол кісі нағыз реалист. Туындыларын жазған кезде оқырмандарын аямайды. Шерхан Мұртаза айтқандай, «жазушының көзі – көкірегінде». Ә.Тарази – жазушы ретінде де, драматург ретінде де өмірге көкірегімен қарайтын қаламгер», – деп тоқсан ауыз сөзге тобықтай түйін жасады.
Нұртөре ЖҮСІП,
сенатор