Жошы ханнан Кенесарыға дейін...

Фотосуреттерді автор ұсынған

ӘДЕБИЕТ
611

Драматург Думан Рамазанның 2020 жылғы «Пешене», 2021 жылы шыққан «Тақ» кітабындағы пьесалар ХХІ ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы қазақ драматургиясындағы еселі еңбектің көрінісі. Иә, драматургия қиын жанр, соңғы біраз жылдар бойғы еңбегінің нәтижесін, қызығы мен шыжығын әбден көргендігі де болар, драматургияны прозаға айырбастайтын ойын білдірген автордың тып-тыныш прозасын жазып, жариялап отырғысы келгенін де байқадық, түсіндік, қиын жанрдың салмағын сезінгені деп білдік. Десекте, драматургия жанры бір рет басын сұғып шығарманың сахнаға қойылғанын, мазасыз күндер мен ұйқысыз түндердің нәтижесін режиссердің қоюында, актерлердің орындаунда «тірілгенін» көрген соң театр өзінің авторын оңайлықпен жібермек емес. Аға драматург Дулат Исабековтың: «Драматургияның басқа роман, прозаларға қарағанда өте маңызды, «жауынгер» жанр екеніне көзім жетті. Өйткені мен қазір «Қарғын» романымды, повестерімді кімнің оқып жатқанын білмеймін. Ал кешке театрда көрерменнің пьесамды көретінін, барғандағы реакциясынан білемін. Осылай менің драматургияға деген ынтызарлығым әр премьера сайын арта берді. Қазір «Бөртені» қосқанда, 28 пьесаның авторымын... Сондықтан да шығар, біздің жазушыларымыз қараусыз қалып жатыр. Ал мені асырап жатқан – пьесаларым. Мен прозадан ешқандай пайда көрмеймін» дегені осы сөзіміздің дәлелі. Думанның қиын жанрдың салмақ-жүгін бір адамдай сезініп, ауыр жұмысты әрі қарай жалғап жаңа тақырыптарға баруына, Иасауи хикметтеріне ден қойып, тағы бір тарихи драма жазғанына қуандық. 

Биылғы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқан біраз авторлардың кітаптарының ішінде драматург Думан Рамазанның «Жошы хан» (Алматы, Алматы-Болашақ» АҚ, 2023, 304 бет.) драмалық жинағының орны бөлек. Кітап болып шығып жатқан пьесалар жеткілікті десекте, бұл кітаптың мазмұнына тірек болған пьесалар: «Жошы хан», «Керей – Жәнібек», «Абылай хан», «Кенесары – Күнімжан», «Пешене», «Бейуақ» секілді автордың сахнаға қойылған таңдаулы драмалық туындыларынан түзілген. Түрлі толқымалы нәубеттерді басынан өткеріп, тағдырдың тезінен аман шыққан, отарлаушылардың бұрмалап жазуымен өткенімізді сұрыптап сарапқа салып, келісті келбетін шынайы тарих пен тарихи тұлғаларымызға арналған тақырыпқа жаңа заманның ойы, азат ұрпағының көзқарасымен беруге ұмтылыс драматург Д.Рамазанның суреткерлік және тәуелсіз мемлекеттің отансүйгіш азаматы ретіндегі келбетін көрсетеді. Бұл драмалар еліміздің бірнеше театрларының сахнасына қойылып, әлі күнге дейін театрлар репертуарынан түспей келе жатқан, көрермендер тарапынан өз бағасын алған туындылар. 

Тарихи кейіпкердің келбетін, толымды образын суреттеуде автордың көркем әдеби тілі мен кейіпкердің сахналық әрекетіне сеп болатын сөз саптауы тұлғалық кейпіне сай бере алған. Карантин кезіндегі Думанның әлеуметтік желінің мүмкіндігін шығармашылығына серік еткенін байқағаным бар еді. Автор бүгінгі әлеуметтік желіні оңтайлы пайдалана отырып жұмыс істеу мысалын «Тақ» шығармасын жазу барысында анық көрсетті. Автор заманның жаңа мүмкіндіктерін молынан пайдалана отырып әлеуметтік желідегі көзі қырағы оқырмандарға жазылып жатқан пьесасынан сиясы кеппей жатып үзінділер жариялай отырып, ашық талқылау өткізуден тартынбады. Желіде отырған тарих, тіл, салт-дәстүрді білетін білікті мамандардың қызу пікірталасы, ескертпелерімен тарихи шығарманы жазу, тарихи тұлғаның көркемдік келбетін сомдау сөз саптау ерекшеліктері секілді мәселеде өзінің шығармашылық лабараториясын оқырмандардың қажетті ұсыныстарымен толықтыра білді. Бүгінгі күн талабына сай шығарма жазуда оқырмандармен кері байланыста болу, осындай тиімді тұстарын назарда ұстағаннан пайдалы тұсын автор оңтайлы пайдалана білді.

Оныншы жылдардың басында автордың «Кенесары – Күнімжан» драмасы Қаллеки театрының сахнасында қойылып, кезекті театр фестивалінде көрсетілді. Автор қазақ тарихында тағдыры қиын-қыстау кезде өмір сүрген тұлғаның ерекше сезімге құрылған қарым-қатынасынан майдан қыл суырғандай үлкен мәні бар тарихи мәселелерді көтеріп, ашық айтуға батылымыз бармаған кездегі шындықты сахналық қойылым арқылы бейнелі, метафорамен көрсете алғанымен есте қалды. Сахнаны безендірген қыл бұрау арқанның қазақ халқының екі өкпесінен қысып тұншықтыратын отарлық саясаттың қитұрқы әрекеттері, ел ішінен шыққан Қоңырқұлжаны Кенесарыға қарсы жау ету, халықтың ата бабадан мұра болған шұрайлы жер телімін отарлық өктемдікпен иемденуі, халықты шоқындыру арқылы өзінің ұлттық болмысынан ажырату әрекеттері анық әрі өткір көрініс тапқан қойылым болды. Спектакльдегі патша шенеунігінің шіркеу қоңырауының үнімен арқасын көрерменге беріп тұрған қазақтардың жауырындарына аралап жүріп кресті жапсырып шығуы арқылы шоқындыру саясатын көрсетуі жанымдағы қазылықта отырған өзге ұлт өкілінің келіспеушілігін тудырған сахнадан өткір айтылған метафоралық сахналардың бірі болатын.

Автор қазақ халқының хандық дәуірінің жарқын беттері болған соңғы ханы «Кенесары – Күнімжан» бастап, «Абылай ханның арманына» жетеледі. Осыдан он жылдай бұрынғы қазақ мемлекеттігінің бастау көзі деп 450 жылдық тарихымызды танып, ресми атап өтілген «Керей – Жәнібектің» дәуіріне сапар шектіреді. Алтын Орда ұлысы мен оның негізін қалаған тарихтың қатпарына жетелейтін «Жошы хан» тарихи драмасымен өзінің авторлық театралогиясын қорытындылады. Автор-драматургтің театр режиссерімен жұмыс тандамінің жоғары болғандығын осы жерде баса айтуымыз керек. Автордың өз театрын, өзінің режиссерін табуы бүгінде үлкен олжа. Талантты режиссер Болат Ұзақовтың автор Думан Рамазанмен жұмысынан екі шығармашыл тұлғаның бір бағытқа қарай жүзетін, бірі-екіншісін барынша толықтырып отыратын үндестігін көреміз.

Әрбір шығармасы тәуелсіз еліміздің тарихында маңызды белестерді айшықтауға арналған пьесалардың ішіндегі биылғы жылы ерекше назарда болатын «Жошы хан» атауымен шыққан жинақтың, пьесаның орны ерекше. «Жошы хан» тарихи драмасы Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік ұлттық қазақ музыкалық драма театрында тұсауы кесіліп, бүгінде репертуарда аншлагпен жүріп жатыр. Спектаклді тамашалаған ҚР Президентінің қойылым туралы жоғары бағасы театр ұжымы мен Думан Рамазанды қанаттандырып, отыз жылдық тарихы бар театрдың Ұлттық мәртебе алуы жайлы сөзі сол тұсаукесері болған күні сахнада айтылған. Спектакль туралы орталық БАҚ бетінде көп жазылды. «27 наурыз – Халықаралық театр күніне» ұйымдастырылған «Қаллеки тынысы» атты премьералар апталығының қорытындысы бойынша кейінгі екі жылда қойылған он спектаклдің арасынан «Жошы хан» қойылымы «Үздік спектакль» атанды, ал Жошы хан рөлін ойнаған Қайыржан Садық – «Үздік Актер», «Жошы хан» спектакліндегі Шыңғыс хан рөлі үшін Асылбек Қапаев «Үздік ер адам рөлі» аталымы бойынша жеңімпаз болды.

Әрине, биылғы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығарамшылықпен айналысатын замандас қаламгерлердің арасынан оза шауып бәйге алуға татырлық үздік, сапалы жазылған еңбектер жеткілікті. Солардың ішінен драмаларын сахнадан көріп жүрген, бүгінгі адам мен қоғамға айтары бар, отаншылдық, ел жайы мен халық тағдырынан толғана қалам тартатын драматург Думан Рамазанның «Жошы ханы» драматургиялық шығармалар жинағының оза шабуына тілектеспіз!

 

Амангелді МҰҚАН,

өнертану кандидаты,

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты

Театр өнері бөлімінің меңгерушісі

 

author

Думан Рамазан

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...