Василий Шукшин(әңгіме)Түн баласында істейтіні осы!Селодағы абыр-сабыр басылып, жұрттың көзі ұйқыға б...
Шагдарын Мягмар. Дүние кезек (Әңгіме)
Фотосурет ЖИ
Шагдарын Мягмар – Говь-Алтай аймағы Хөхморьт (Көк атты) өлкесінде дүниеге келген (1943). Байырғы моңғолдық балуандардың қилы өмірі туралы көптеген қызықты кітаптардың ақиесі. Кейбір жазбаларда осы бағытта 36 кітап жазды делінеді. Балуандар туралы аңыз, әпсана, эсселері: «Тоғызыншы – биік саты» (Есийн даваа өндөр»), «Үш нүктеден кейін» («Гурван цэгийн дараа»), «Балуанның әдісі» («Бөхийн мэх онцлог»), «Анда болған екі арыстан» («Анд хоёр аслан»), «Салымды сыбаға» («Хийморь заяа»). Сонымен қатар «Шыл деген құс ауды» («Ногтрууны нүүдэл»), «Орден тойы» («Одонгийн цайллага»), «Малшы пайымы» (Малчны ухаан»), «Асаудың арыны» («Эмнэгийн булгиа»), «Су жағасындағы бұта тал» («Голын тэртээх бургас») қатарлы 60-қа жуық құндылықтардың ақиесі. «Д.Нацагдорж атындағы сыйлықтың» иегері. Жалпы оқырманға ұсынға кітаптарының ұзын саны 86.

Той думанға келгенде арқаланып, шіңгірлеген жіңішке дауысымен «аспанымның ауасы-ай» деп желпіне отырып ауылдың алты ауызын аңыратып, өзіне құйылған тостақтан үш мәрте ерінімен еміне ұртайтын тапалдау тазығыр шалдың есімі Жағай. «Жаратқаның қолдасын, жарандарың оңдасын...» дейтін бәлдір батагөйлігі де бар. Ауылдастары Жағайдың азғана мал түлігіне адамның тілін үйреткен кемеңгерлігін мадақтайды. Бұлайша мақтауының да жөн-жосығы да жоқ емес.
Сол қарт Жағайдың жат, жағдайы соңғы кезде тым мәз болмай бір түрлі тұнжырап жабығыңқы жүр. Қария бүгін көңейт дөңестің көлбеу ұшына түнеген бір топ келелі түйенің жанындаға белеске шығып бір тізерлеп жайғасты да ұзын мүштегінен дөңсенің түтінін будақтатып, жас кеуелген жанарымен жан-жағына қарай берді.
Жасынан мал соңынан қалмаған Жағай қарт түйе деген қасиетті ойсылқараның қасынан бір елі де алыстамаған-ды. Иә, айтары жоқ, бір қарағанға бәрі орнында секілді. Алайда жанын жегідей жеген бір бейазап алаңдаушылығы болмаса...
Өткен күнде белгі бар ма!? Мынау айбынды боз бурасы бота кезінен қандай сүйкімді еді шіркін?! Қазығын айналып қара көзіне мөлдір жас парлап, үшкірейген тұмсығын көтеріп, боздап өріске кеткен енесін іздейтін де тұратын. Боз ботақанды ауылдың кішкентайлары айналып, үйіріліп еркелетіп сылап-сыйпайтын. Сол кезде Жағай жасы келіп қалған әкесінің: «түйенің нәсіл түсі өзгеріп кетпесін» деген ақылына көнбестен боз тайлақты бура қойғаны есінде. Содан бері қанша жыл өтті! Шүкір, жаман болған жоқ! Жағайдың жадағай іргесіне бір топ өңшең тік өркешті күрең түйелер бітіпті. Артар атан түйесінің өзінен асқанын басқаға көлікке беріп дегендей біртүрлі үйлесімді тіршілік кешіп еді-ау?!
Ендеше... Бүгін не болды дейсіз ғой? Түмен түйесінің айбары, Кіндікқұмның пірі, маң құмдақты қойнауды кіл күрең төлімен гүлдендірген күлтелі бурасының күні өткенін, тіпті үйірінен қуылып, бақырып қашқанын да өз көзімен көрді!!!
Түс әлеті еді. Жағай оң жақ беткейдегі бетегелі жатаған төбешікке шығып түйелерін түгендеп дүрбілеп отырғанда кездейсоқ сол бір оқыс оқиғаны көзі шалып қалған еді. Бота, тайлағын шұбыртқан топ іңгенді үйіре қайырған боз бура қарағанның бұтарын желкесімен сүйкеп өтіп айдындап шабынып жүрген-ді. Мұнарлы кең мекиен құм ішінде өзіне тең келетін күш иесінің болмауы – оның осылай кердең-кердең басып жүруінің айғағы дерлік. Күшсізді күштінің жеңуі хайуанға тән заңдылық. «Қайран боз бурам-ай, қаншалық қартайып қауһары қайтып бара жатса да қайратынан қайтпағанын қарашы,ә?! Сүйегі асыл, белі де беті де ешнәрседен қайтпаған жануар биыл да күшті еді. Аз келелі үйірін жайлап қайырып жүрген. Келер жылы қалай болар екен?» деп іштей аса аяушылықпен ойлаған-ды.
Кенет сол жақтағы белегірдің басынан төмен қарай құлдилай ұштыртып келе жатқан қара құйындай бір сойқан ноқат көрінді. Мойынын алға созып қосаяқтап шауып келеді.
Мәссаған, бұл әлгі өткен жылы өзі бура қойған қара тайлақ емес пе?! Былтыр қыста ғана боз бураға қоңынан шайнатып, тілерсегінен оңбай тістетіп, құйрығын сабалап әйтуір әзер қашып құтылған құйттай тайлақ қой мынау!?. Жарауы басылғанша келеге жоламай қыр жағалып тек алыстан шолып қана жүретін еді. Енді мінеки оның ашық шабуылға шындап атойлап келе жатқанын көрген Жағай іштей - «Әп, бәрекелді! Менің боз бурам енді көрсетер, кәрі бураның азуының қандай қаттылығын...» деп қыбы қанып, ерекше шаттықпен қопаңдап, сақалып сипап қойып, ерін ұшымен күбірлеп отырған-ды. Бірақ, жағдай Жағайдың ойынан мүлдем басқадай болып өтті ғой. Жас жанды, ыстық қанды, ықшам бітімді хайуанның қылығын боз бура алымсынбады ма, әйтеуір алдынан шабынып та үлгермеді? Еңістен тайраңдатқан қара бура мойынын шәлт көтерді де бар екпінімен заулатып келіп боз бураны еңселей кеуделеп соғып өтті. Шаң бұрқ етті де боз бура шалқалай құлай берді. Жағай қария орынан атып түрегелді де демін ішіне тартып: «жәйрегі-і-ір-ай!...» дегенге шамасы келді. Қара бура сол екпінімен мүлдемге тоқтамай еңістеп желе жөнелді. Боз бура қатты шабуылдан сұлап түссе де, қос өркешімен бір аунап барып төрт аяғынан тік тұрды да қара буыршынның соңынан басын төмен салып ұмтыла берді.
- Енді нағыз майдан басталады, деп жеңін сыбанып, тізесін мыжғылаған Жағай қарияда ес қалмады.
Боз бурасының мертікпегені, қайратының әлі де қайтпағаны қарияның көңілін қатты толқытты. Осы сәтті күткендей, қас - қағымда қара буыршын қайта қайырылып, шабына қалғаны оғаш көрінді. Боз бура дәу қара тастай түйіліп, қара бұлттай шүйіліп қаймықпай имектеп шауып барады. Жағай қария қорқа бастады. Қара басқыр-ай, қас жарауынан құтырған мынау екі басқын бір-бірін турап тастамаса жарар еді?! Жағай қария бала шағынан жараған бураларды жағаластырып ойнайтұғын. Ашуға мінген аш буралардың айқасы тіптен қызықты болатын-ды. Жастық шақ не істетпейді?!
Ал, қазір қарияның жон арқасынан суық тер бұрқ етіп денесі біртүрлі тітіркеніп кетті. Отыздай жыл қасында болған айбарлы боз бурасына жаны ашыса да, оған болысқысы келсе де жаңа ғана үйірге қосылған жас бураны «жас қой, мертігіп, жігері мұқалып қалмасын...» деген ой ептеп қана мазалап өткен.
Енді мінеки екпіндей еңкейе ентелеген боз бураның алдын тосқан қара буыршын жалт бұрылып қағып қалып еді боз бура тағы да омақаса құлады. Қара буршын боз бураны тізерлеп тықсыра түскен. Қатты сасқан Жағай қария қойынына сыңар көз дүрбісін тыға-мыға аттана шапқан. Бірақ, кешікті. Көз алдында баяғы боз бурасы тайраңдай қашып, қара буршын тілерсегінен тістелеп, өрекпіп, өкшелеп қуып барады...
***
Қас қарая Жағай қария түйелерін жинап үйіне жабығ-е-е-п қайтты. Ол үйінен иі қанған сары қайыс арқан алып шықты да жауды жеңген батырдай аузынан ақ көбік аққан, басын шұлғып өркешіне шүйдесін дәміл-дәміл сүйкелеп кердеңдеген қара буыршынды ноқталап, оң аяғын алдыңғы өркешіне бүгіп матап тастады да үйірінен алыста оқшау қалған боз бураны қаумалап айдап әкелді. Мынау жәйрең келгір қара шелекті әбден шайнаса шайнасын дегені...
Не болса да еркін бір көрсін! Бірақ, боз бура матаулы тұрған қара буыршынға тиіспеді. Тіпті оның қасына да жақын жуықтап барукға дауаламады.
Қария қайтерін білмей, кәрі жанарына кіреуке жас толып, бұл жалған дүние өмірдің өткінші екеніне көзі әбден жеткендей мұңайып ауыр күрсінді.
***
Қария мен қайран боз бура қартайып, қауһарлы қара бура орынын басқаны осы екен! Дүние кезек, амал нешік!
Аударған: Сұраған Рахметұлы