Айым Ержанова мен Мардан Күншығаров рекордтық көрсеткішке қол жеткізді

Фотосурет ашық дереккөзден алынды

Қазақстан
891

Білім бәйгесінен оза шапқан Айым Ержанова мен Мардан Күншығаров ұлттық тестілеуден жоғары балл алып, ел мерейін үстем етті. Қазақстан бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізген оқушылардың жетістігі оңай тиген олжа емес. Жылдар бойғы қажырлы еңбек пен ізденісі олардың  мақсат-мұраттарына жол ашты, деп жазады madeniportal.kz тілшісі.

Рақымжан Қошқарбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп түлегі Айым Ержанова бала кезінен зерек, білімге құмар. Ол – мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап, озат оқушылардың қатарын толықтырған «Алтын белгі» иегері. Қоғамдық, мәдени іс-шараларда белсенділігімен көзге түскен оқушының ізденісі мен талабы зор. 

«Алғашқы мұғалімім Анар Мұхамеджанқызына, сынып жетекшім Гүлдариға Есламбекқызына, мектеп басшысы  Сұлуай Қуанышқызына айтар алғысым шексіз. Жетістікке жету  жолында үнемі қолдау танытатын ата-анамның орны бөлек. Бала кезімнен Абай, Мұқағали сияқты ақындардың әдеби байқауларында бас жүлде иегері атанып жүрдім. Жыл басынан бергі тестілеуден жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, қосымша білім алып жатқан «Зерделі» білім беру орталығынан Дубайға жолдама ұтып алдым. Телефоннан алшақтап, кітапқа көбірек көңіл бөлдім. Бар уақытымды тиімді пайдалануға тырыстым. Еуразия ұлттық университетінен екі шет тілі мамандығын таңдап отырмын», – дейді Айым.

  Талабы таудай Айымның анасы Айгерім Манатқызы тұла бойғы тұңғышының дара мінезді, алдына мақсат қоя білетін бала екендігін ерекше сөз етті. Ағайынды алтаудың үлкенінің ізінен ерген бауырларына деген қамқорлығы, үлкенге құрмет, кішіге ізет таныта алатындығының өзі нағыз көшбасшыға тән қасиет.

«Қызымның әкесі де, мен де мектепте үздік оқушы болдық. Айым қай салада білімі мен шығармашылығын шыңдаймын десе де, аянбай, қолдан келгенше қолдау танытып келеміз. Музыкалық мектепте қосымша білім алған қызымыз домбыраның құлағында еркін ойнайды.  Әжесінің ақ батасымен, құшағында жетілген қызымыз қайда жүрсе де, жақындарын ойлайды.Арманы еліміздің өркендеуіне, шетел арасындағы байланыстың дамуына үлесін қосып, болашақта білікті, өз ісінің мықты маманы болу. Білімге ынталы, қажырлы, ізденгіш қызымызға тек сәттілік тілейміз!», – дейді анасы.

Білім алып, дамимын деген оқушыға барлық жағдайды жасаған Қосшы мектеп-гимназиясының түлегі Мардан  Ғабитұлы ұлттық тестілеуден 139 балл алған үздік оқушы. Қасиетті Қызылорда өңірінің тумасы – қоғамдық іс-шаралардың көш басында жүретін оқушы, өз мектебінде кіші сыныптарға арнап ағылшын тілі курсын ашқан, пікір-сайыс клубының зерек қатысушы. «Ұлттық тестке дайындықты бір жыл бұрын бастадым. Дүниежүзі тарихы мен Қазақстан тарихынан дайындаған Әлішер Қамалханұлына және IELTS тестіне дайындаған Әліп Бибол ағайыма алғыс білдіремін. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін таңғы төртке дейін дайындалатынмын. Соның әсерінен мектепке талай кешігіп келдім. Бала кезімнен әлем аралап, шетелде оқуды армандадым. Ол үшін дайындықты ертерек бастап, Қытай, Гонконг, Түркия елдеріндегі жоғарғы оқу орындарына құжаттарымды тапсырдым. Осы жылдың наурыз айында еңбегім ақталып, әлемнің 100 университеті қатарына кіретін City University of Hong Kong университетіне шақырту алып, халықаралық қатынастар мамандығына оқуға түстім.Алтын ұя мектебімнің ұжымына мені қолдап, көмек бергендеріне шексіз алғыс айтамын. Жоғары балл алу үшін алдымен икеміңе қарай  ұнайтын мамандығыңа жетелейтін пән таңдау маңызды. Екіншіден, күн сайын тақырыпты түсініп, дайындалу керек. Сол кезде еңбек нәтижесі көп күттірмейді», – дейді алғыр оқушы.

 «Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебінің мұғалімі, тарих ғылымдарының магистрі, Марданның ұстазы Әлішер Қамалханұлы оның білім алу жолындағы ізденісін жоғары бағалайды. Әр сабаққа тыңғылықты дайындықпен келетін оқушысы туралы ойын ортаға салды.

 «Ұстаздың бақыты – саналы, әрі парасатты шәкіртінің болуы. Шәкірт ата-ананың берген тәрбиесімен тал бесіктен қалыптасып, жас өркен шағында мақсат-мұратына бағыт алады. Мардан менің озық ойлы шәкірттерімнің бірі, әрі бірегейі. Дүниежүзі тарихы сияқты ауқымы кең пәнді шәкіртім асқан қызығушылықпен игерді. Әлем халықтарының философиясы, экономикасы, саясаты, әдебиеті мен өнерін терең қызығушылықпен зерттеп оқыды. Білімге деген биік талпынысы, жоғары парасаты және адамгершілік қасиеттері оны «кемел адам» құндылығына жақындатады. Еліміздің болашағына оның саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік өміріне оң өзгеріс алып келетін үлкен тұлға боларына сенемін. Жаратқан басына бармақтай бақ берсін! Үздіксіз даму, өзінің жаңа қырларын ашу Марданның мәңгілік серігі болсын. Алашқа аты мәшһүр азамат атансын!», – деп жүрекжарды тілегін арнады.

Биыл тоғызыншы сыныпты аяқтаған 817 оқушы негізгі орта білімін растайтын аттестат, 315 түлек орта білімі туралы аттестат алды. Жеті мектептің арасынан  бітіруші тоғыз түлек  «Алтын белгі» иегері атанды.

Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, жастар өзін-өзі ұдайы жетілдіріп, жан-жақты дамытып, тіл үйренуі қажет. Мемлекет басшысының айтуынша, тек жауапкершілігі бар азаматтар ғана өзінің мемлекеті үшін міндеттеме ала алады.

«Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты мен жастарға сенемін!» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, көздерінде от ойнаған, сөздерінде жалыны бар осындай ұл-қыздарымызға сенім артатынымыз жасырын емес. 

Ақпараттың ағыны шексіз, айдыны кең заманда білімді серік еткен азаматтар ғана алдыңғы қатардан көрінері сөзсіз. Өйткені, бұл – заманына лайықты білім жолын адаспай таңдағандардың дәуірі. Үзеңгілес жолдастарынан оза келген қосшылық қос оқушы алып армандарын бағындырсын  деген тілек бар.

Жаңалықтар

Трансгендер, блогер Амилай көшеде ер балалармен төбелесіп, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 7 тәулікке қ...

Ауа райы

Синоптиктер 22 желтоқсанға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды madeniportal....