Қазақстандық боксшы Балауса Мұздыман теннисшілер Елена Рыбакина мен Юлия Путинцеваны сынға алды, деп...
Қазіргі экологиялық қауіпсіздік туралы не білуіңіз керек?
Фотосурет ұсынылды
Технологиялық прогресс экологиялық жағдайдың нашарлауына әкеледі. Өзге елдерде ғана емес, біздің елімізде де аталмыш мәселе назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы экологияны жақсарту, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейту, табиғатқа ұқыпты қарауды дамыту мәселелеріне басымдық береді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауында осы бағыттар бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды. Қазіргі экологиялық қауіпсіздік туралы madeniportal.kz тілшісіне Астана қаласы бойынша мемлекеттік экологиялық инспектор Аружан Өтегенова айтып берді.
Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету Үкіметтің, бизнес пен қоғамның кешенді тәсілі мен бірлескен күш-жігерін талап етеді. Аружан Өтегенованың айтуынша, тұрақты даму қағидаттары мен табиғи ресурстарға ұқыпты қарау кезінде ғана елдегі тұрақты және қауіпсіз экологиялық жағдайға қол жеткізуге болады.
«Негізгі маңызды құжат экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты дамуды реттейтін Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі болып табылады. Қазіргі уақытта экологиялық қауіпсіздік мәселесі өзекті бола түсуде. Елімізде қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды сақтау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Қауіпсіздік саласындағы кәсіпорындар мен халықтың қызметін реттейтін заңнамалық актілер маңызды құрал болып табылады», - дейді Аружан Өтегенова.
Экологтар мен экобелсенділер көптен бері дабыл қағып келеді. Бірақ, өкінішке орай, олардың дәлелдерін бәрі ести бермейді. Қазақстанның экологиялық проблемалары әртүрлі себептермен туындайды: халықтың өсуіне, өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығы құрылымдарының дамуына және тағы басқаларға байланысты. Мұның бәрі қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіреді.
Қарапайым қазақстандықтардың басым бөлігін «Қалай ақша табуға болады? Бала үшін үздік балабақшаны қалай таңдауға болады? Несиені қалай төлесем екен?» деген тұрмыстық мәселелер мазалайды. Күнделікті өмірде екінің бірі экологиялық қауіпсізік мәселесі жайлы толғанып отырмайтыны жасырын емес. Ал Қазақстандағы экологиялық ахуал нашарлай түсуде, аталмыш тақырып бүкіл әлемде көтерілуде.
«Кодекстің 2-тарауында, 8-ші және 9-шы бапта қоршаған ортаны қорғау тақырыбы көрсетілген. Экологиялық қауіпсіздікті реттейтін негізгі заңдардың бірі - "Қоршаған ортаны қорғау туралы" Заң. Ол қоршаған ортаны қорғаудың негізгі принциптерін анықтайды, қоршаған ортаға әсерді бағалау процедураларын реттейді, экологиялық ережелер мен стандарттарды бұзғаны үшін жауапкершілікті белгілейді», – дейді мемлекеттік экологиялық инспектор.
Аружан Өтегенова атап өткендей, Заң Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленді. Экологиялық қауіпсіздікке қатысты негізгі ережелерге қоршаған ортаны қорғауды және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету, қоршаған ортаға және адам денсаулығына зиянды әсердің алдын алу, биоәртүрлілікті сақтау және экологиялық тепе-теңдікті сақтау жатады.
«Заңнамалық нормаларды орындау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан аумағында түрлі іс-шаралар өткізіледі. Бақылау іс-шарасы кәсіпорындардың экологиялық талаптарды сақтауын тексеруді, ауа, су және топырақ жағдайының сапасын талдауды, сондай-ақ экологиялық жағдайды жақсарту бойынша бағдарламалар мен жоспарларды жүйелі түрде құруды қамтиды. Қазақстан үкіметі елдің экологиялық инфрақұрылымын дамыту, қоршаған ортаға зиянды әсерді азайту үшін жаңа технологияларды енгізу бойынша белсенді жұмыс істейді, сондай-ақ халықтың экологиялық сауаттылығын арттыру бойынша түрлі іс-шаралар өткізеді. Осылайша, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету біздің планетамыздың болашағы үшін маңызды. Қазақстанда қабылданған заңнамалық актілер мен шаралар табиғатты сақтауға және болашақ ұрпақтың өмірі үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етеді», – деп есептейді Аружан Өтегенова.
Айта кету керек, Қазақстан БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (UNEP) Дүниежүзілік банк сияқты ұйымдармен ынтымақтаса отырып, Халықаралық экологиялық бастамалар мен жобаларға белсенді қатысады. Қазақстан жел, күн және гидроэнергетиканы қоса алғанда, жаңартылатын энергия секторларын дамытуда. Экологияның артықшылығы – тозған жерлерді қалпына келтіру және ластанған аумақтарды қалпына келтіру жұмыстары. Табиғатқа ұқыпты қарау туралы әртүрлі жобалар мен бағдарламалар бар. Мысалы «Жасыл көпір», «Таза ауа» бағдарламалары, өзендер мен көлдерді қоса алғанда, су объектілерін тазарту және қалпына келтіру жобалары жүзеге асырылуда.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемдегі ластанған ауаны "жаңа темекі" деп атады және қарапайым тыныс алу әрекеті жылына жеті миллион адамды өлтіреді деп мәлімдеді. Ғаламтордағы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан қазірдің өзінде ауаның ластануы жоғары елдер тізімінде екен және елдің жекелеген өңірлеріндегі жағдай нормативтерден 10 есе асады.
"Экосервис-С" компаниясының зерттеуіне сәйкес, қазір Алматы экология көрсеткіштері бойынша дамыған елдер деңгейінен едәуір артта қалып, әлемнің 297 қаласынан 214-орынды иеленді. Айта кетейік, Қазақстанның тұңғыш астанасы, еліміздің ең ірі қаласы – Алматы – географиялық жағынан қазаншұңқырда орналасқан.
Ресми ақпарат бойынша, ұзақ уақыт бойы елдегі ауаның ластануы бойынша көшбасшы болған Алматыдан бөлек өзге қалалар да басты назарда. Қазгидрометтің деректеріне сәйкес, Өскемен, Атырау, Ақтау, Астана, Қарағанды, Атырау, Жезқазған және Балқаш көшбасшы атанды. Алматы, Ақтөбе, Екібастұз, Теміртау, Ақсай, Шу және Петропавлда көрсеткіштер сәл төмен, бірақ әлі де жоғары.
Бірі бісе, бірі білмес, белсенділердің бірі Алматыда ауаның ластану деңгейін өлшейтін бірқатар аспаптар орнатты. Датчиктерден алынған деректер сайтта көрсетіледі, нақты уақыт режимінде ауадағы ұсақ бөлшектердің немесе РМ2.5 деңгейі көрсетіледі. Олардың басқа бөлшектерден айырмашылығы –адам ағзасына оңай еніп, зиян келтіреді.
Адамдардың жаңдайы мен денсаулығына, сондай-ақ экономиканың дамуына орасан зор әсер ете отырып, экологиялық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөліктерінің біріне айналуда. Қазақ Географиялық қоғамы Қазақстандағы экологиялық жағдайды жақсартудың топ әдістерін әзірледі. Буріншіден, газ және электр көліктерін енгізу керек: электромобильдер жыл сайын қол жетімді болып келеді және автокөлікті газ жабдығына айналдырудың артықшылықтары әр жүргізушіге белгілі. Екіншіден, жеке көліктің орнына қоғамдық көлікті пайдалануға кеес беріледі. Бірақ велосипед жақсы. Сонымен қатар, жалпы қалалық аумақтар мен қорық аумақтарындағы тұрақты "сенбіліктер" өткізуді әдетке айналдырған жөн. Ал су, эектр, қағаз сияқты ресурстарды үнемдеуге қалай қарайсыз? Білімге назар аудару да маңызды: оқушылар арасында табиғат аясына шығу, биология және география бойынша практикалық сабақтар санының артуы. Оған қоса, күн батареялары мен жел станцияларының көбеюі өзіндік септігін тигізеді. Егер күн батареяларын ел аумағының 3-7% - на орнатсақ, онда бұл барлық электр энергиясына қажеттілікті 80% - ға қамтамасыз етеді.
Жанар АХМЕТОВА