Рабиндранат Тагор"Түйінді түйірлер"("Коника") атты кітабынан1899 КЕМЕҢГЕР КӨҢІ...
Василий Шукшин. Адамның өмірі...
Василий Шукшин
ҚАТЫНАСУШЫЛАР:
Серега Безменов.
Клара – оның әйелі.
Серега Безменовтың шешесі.
Славка – Серега Безменовтың немере інісі.
Егор көке.
Серега бұрыштағы кір жуғыш мәшінемен алысып жүр. Сахнаның бір жағынан екінші жағына қарата, ұзына бойына аппақ жіп тартулы тұр. Авансценада, ауылдың ұп-ұзын дүкенінде Егор көке мен Сереганың шешесі отыр.
Сереганың шешесі. Кірді әйел жуушы еді... Мынанікі қай сасқаны?! Еркекке жат қылық.
Егер көке. Серіктің қатыны қабаған ұқсайды. Ақымақтау, қырсық, шәлкем-шалыс дейді ғой. Әбден мойнына мініп алған. Әлгіндей екенін тұтас ауыл біледі!..
Серега (жандарына жақындап, шылымын тұтатады). «Ішің күйсе – тұз жала» деген ғой, Ерік көке. Еһ, адамдар, адамдар! Тәуелсіз, іске пысық, оқыған-тоқыған жан. Біреудің басына бақ қонса, бақталастың да табылатыны заңдылық. Әне, жан-жануарлардан үйренейік. Мәселен, бір итті циркке алса, басқалары туламайды ғой. Ал, сіздер неге ашулысыздар?
Егор көке. Саған жанымыз ашиды...
Серега. Араның жанды жері... қайда екенін білесің бе? Міне, солай!
Егор-Ерік көке кетеді. Серега-Серік қайтадан мәшінеге барады. Клара-Кәмиля кеп, орындыққа отырып, кітап оқи бастайды.
Сереганың шешесі (киім-кешекті нұсқап). Мынау қатынның тірлігі ғой. Бірақ, кім білсін!..
Клара. Арақ ішпейді. Одан басқа не керек? Шаруасы – шаш-етектен.
Сереганың шешесі. Серікке жаның ашысын да. Өзің жуа сал. Апта бойына тыным таппады. Демалуы керек қой.
Клара (кітаптан көз алмай). Сонда мен қол қусырып отырмын ба?
Сереганың шешесі. Еркекпен санаспа. Таңның атысы, кештің батысы трактормен жүреді. Оның рөлін бұрау үшін қандай күш керек десеңші. Темірден жаралған жоқ қой.
Клара. Күйеуіммен қалай тұрам, өзім білем. Ішкенін қалайсыз ба?
Сереганың шешесі. Жоқ.
Клара. Онда, осымен сөз – тәмам. Адамға жақсылық жасасаң да жақпайды екенсің ғой.
Сереганың шешесі. Ұлымды аяймын.
Клара. Арағына тойып ап, ес-түссіз қоршау түбінде жатқанда неге есіркемедіңіз? Аяғаныңыз сол ма? Ендігіде, бұл тақырыпты қозғамаңыз. Түсінікті ме?
Сереганың шешесі. Құдай-ай, Құдай-ай!.. Ауыз аштырмады ғой. Еркек емес, ез қылдың.
Клара. Достарымен жиылып, араққа армансыз тойып алсын дейін. Сол керек пе?
Сереганың шешесі. Аузыңа арақтан басқа сөз түспеді ғой, бәтшағар! Жетер! Доғар, енді. Ол саған дейін де ара-тұра ғана ұрттайтын. Бірақ, салынып ішкенін көргем жоқ.
Клара. Жақсы... онда... кір жууға мұрша бермей жатыр деп айтам (кетіп бара жатқандай кейіп танытады).
Сереганың шешесі. Мақұл, мақұл! Сендейді шыбық тимес шыңқ етер дейді.
Клара (кітапты шетке ысырып, көзілдірік арқылы енесіне тесіле қарайды). Сонымен не ұсынасыз? Нақты айтыңызшы?
Сереганың шешесі. Ештеңе. Байқауымша, төскейде малы, төсекте бастарың қосылғанымен де, арты ұзаққа бармайтын сияқты. Шын жаның ашыса, аялар ең. Су тасып беруге де жарамадың. Жұлым-жұлымы шығып жұмыстан келген соң, тағы да жұмсайсың. Сонда, о, байқұс қашан демалмақ?
Клара. Қайталап айтам, осындағы ең жанашыр жан – мына мен. Қашан есіркейтінімді өзім білем. Еркек біткенді бетімен жібергенсіздер... енді емін таппай қиналып отырсыздар.
Сереганың шешесі. Құдай-ай, Құдай-ай! Бүгінгі әйелдің сиқы осы ма? Ай-ай-ай!
Клара-Кәмиля кітапты ап, түкпірдегі Серега-Серіктің жанына барады. Сахнаға қолына шабадан ұстаған Славка-Сәкен мен Егор-Ерік көке шығып, орындыққа жайғасады.
Егор көке. Демалысқа шығып па ең? Қай курсқа көштің?
Славка. Үшке (орнынан тұрып, дүкенді асықпай шолып шығады). Үйге ат ізін салмағаныма бір жыл болыпты. Ауыл-аймақ аман-есен бе? Өмірден өткен я үйленген кім бар, Ерік көке?
Егор көке. Иә. Әнеки, Серік Бейсенбаев (Серега Безменов) әйел алды... (Кір жуып жатқан Серега-Серік пен кітапқа ден қойған Клара-Кәмиляны көрсетіп). Ұлдың ұрынып қалғаны-ай! Алғаш рет емханадан көріпті. Жаңадан медбике боп орналасқан кезі ұқсайды. Қабылдауына барып жүріп ғашық боп қалған-ды. Сегіз күннен соң үйленіп тынды.
Славка. Бір көргеннен сүйіп қалатындай не кереметі бар екен?
Егор көке. Махаббатқа мас болған ғой... Оны қойшы, өзіңде не жаңалық бар? Бүгін кешке ауылда думандатамыз!..
Славка-Сәкен мен Егор-Ерік көке, ал артынша Сереганың шешесі де сахнадан кетеді. Серега-Серік пен Клара-Кәмиля скамейкіге отырады.
Серега (Клараға оқуға бөгет жасап). Кәмиля! Кәмиляжан! Үстіңе халат киші, өтінем!..
Клара. Тыныштық па? Таппайтын пәлең жоқ екен, осы.
Серега. Сені... ең әуелі... халатта көріп ем ғой. Киші... тағы да тамашалайын! Мына тұс... (жүрегін ұстап) мына тұс...
Клара (халатты киіп). Қай жері?
Серега (ауырған сыңай танытып). Мына... жүрегім...
Клара. Бұрыннан ауыра ма?
Серега. Міне... бақандай жетпіс бес күн болды.
Клара. Рұқсат еткейсің... (Құлағын Серега-Серіктің кеудесіне тақайды. Жігіт оны құшақтап, өбеді). Дәрігерді... дәрігерді сүюге болмайды!
Серега. Адам бақытты болам десе аяқастынан екен ғой. (Орнынан атып тұрып, сахнадан мәшінені итеріп әкетеді. Серега артынан Клара да ілесе жөнеледі).
Славка мен Егор көке сахнаға үстел әкеліп, оны скамейка алдына орналастырады. Сереганың шешесі дастарқан жайып, үстіне ас-ауқат қоя бастайды. Дастарқанға Егор көке, Славка, Серега, Сереганың шешесі және Клара отырады. Біразға шейін шулы-дулы әңгіме айтылады.
Славка. Жарайды, жарайды... (Гуілді басқысы кеп). Біз туралы айтып та, жазып та жүргендей... технократ екенбіз. Қатал халық ұқсаймыз. Осы жерде бір түзету енгізсем деймін... қатқыл емес, турашыл елміз. Десек те, бәрінен маңыздысы аса мәртебелі Факт мырза!
Клара (сөзін бөліп). Иә. Алайда, факт артында нақтылы адамдар тұр ғой.
Бәрі тынышталып, құлақ түреді.
Славка. Бұған дау бар ма?! (Жымиып, ұстамды сөйлеп). Егер... әркез факт артында тірі адамдар тұр дей берсек... онда ғылым мен техника тұралайтыны анық. О, кезде даму да болмайды!
Клара (барлығы еститіндей етіп даусын зорайтып, нық-нық сөйлейді). Сонда... медицина міндеті артыңыздан өліктерді жинау ма?
Тыныштық орнады.
Славка. Егер қажет болса... иә! Сөйтіп қана адамзат әлемнің бар байлығына қол жеткізбек.
Клара (қазы секілді сөйлеп). Бірақ, бұл – алаяқтық қой.
Славка (күледі, алайда ол қолдау таппайды). Мұның несі алаяқтық екен? Білуімше, қу залымдық тек медицинаға ғана тән.
Клара. Сіз өз еркімен жасалған түсікті меңзеп тұрмысыз?
Славка. Тек оны ғана емес...
Клара. Бақсы-балгерлік? Онда, мынаны ескеріңіз... қыл аяғы қарапайым тұмауды емдеуге бел буған адамда рұқсат болмаса, ол қылмыскерге айналады.
Елдер бағанағы гу-гу әңгімеге қайыра басады.
Егор көке (Серегаға сыбырлай сөйлеп). Мына қыздың тегі қалай еді?
Серега (кеудесін қуаныш сезімі кернеп, өз ханшайымымен мақтанғаны сонша, әрі қобалжып, әрі жылауға шақ қалады). Назаралықызы... (Никаноров-на...) Кәмиля Назаралықызы... (Клавдия Никаноровна...)
Егор көке. Кәмиля Назаралықызы... Кәмиля Назаралықызы... (Клавдия Никаноровна, Клавдия Никаноровна!..)
Клара. Иә, тыңдап тұрмын.
Егор көке. Сіз... міне... туысыма... тұрмысқа шықтыңыз!
Жадырап-жайнаған Серега ырғала-жырғала орнынан тұрып, жымиып, Клараны құшақтап, сасқалақтаған күйі қайта отыра қалады.
Тойды сол күйі өткізбедік. Неге?.. Ата салтынан аттамай...
Клара. Той – сапаның белгісі емес. Оны керемет кепілдік дей алман, ал бар болғаны, жөн-жоралғысы ғана. Шаңырақ шаттығы босаған бөтелкелермен өлшенбесе керек.
Серега қуанғаны сонша, көз жасына ерік беріп, орнынан тұрып, авансценаға жақындап, жүресінен отыра шылымын тұтатады.
Серега. О, Жаратқан! Неткен бақыт... неткен бақыт!
Дастарқан басындағы әңгіме жалғасуда.
Славка. Ғұрыпты қозғамай-ақ қойсақ қайтеді, осы?! Онсыз-ақ оңып тұрғамыз жоқ!
Сереганың шешесі дастарқанды жиыстырып, сыртқа шығып кетеді.
Егор көке (өзімен-өзі). Серега Безменовтың қатыны қабаған екен... (Сахнаның түпкі жағына озады).
Сахна қараңғыланады.
Клараның даусы. Кішкентайым менің... Сүйкімдім!.. Сәкентай! (Славик...) Сонша неге асығасың?.. Әкеші, сені бір сүйейін... тәп-тәттім, менің...
Сырт-сырт еткен дыбыс естіледі.
Сәкентайым... (Славик), тәп-тәттім, менің... Қайда? Қайда? Әй, бұзығым-ай! Мұрнымнан сүйші!..
Сахна жап-жарық боп кетеді. Скамейкадағы Славка мен Клара сүйісіп отырған күйі қатып қалады. Серега бір сәтке абдырап, сонан соң үстел астынан балта ап шығады. Егор көке осы сәттен бастап уақиғаға араласпайды, тек баяндаушы қызметін ғана атқарады.
Егор көке (авансценаға шықпай). Сереганың жанарындағы жалын сөнді. Бар дүние қап-қара шыңырауға құлады. Ол бәрі біткенін сезді ме екен, әйтеуір құрдымға аяқ басты...
Серега (ақырын ғана, үмітсіздене сөйлеп). (Кларнети-ик) Кәмиляжан, Кәмиля-ш-ш-ш... бұл мен ғой, Серік (Серый). Ау-у! Қазір мен сендерді... өлтірем! (Балтаны дастарқанға қадайды).
Клара мен Славка қашып кетеді. Серега балтаны алып, көрермендерге арқасын бере отырады. Егор көке авансценаға шығады.
Егор көке. (Клара) Кәмиля, сол түні-ақ кетіп қалды. Құжаттарын артынан жіберді: еңбек кітапшасын, төлқұжатын. Орындықтан секіре аттағанда сары шашы ұйпа-тұйпа боп, күдірейе көтерілді... Өңі өрт шалғандай болды, тура... Сол суық қалпы жадыда жатталды. Серега бұрынғы қатынын еске алғанда, дәл осы сурет көз алдына келетін. Бір жағынан жылайсың... ал, бір жағынан күлесің!
Серега балтамен бір ұрып, айғайлап жібереді.
Сол күннен бастап Серега сабазды ауылдағылар шолақ (саусақсыз) деп атап кетті. Әлгі түні у-шу да әлсін-әлсін естіліп, сағым ұқсап алыстай бастады. Сөйтіп барып бір жерге сіңіп, жоғалды, жоқ болды. Серега... Секең балтаны құшақтаған күйі жалғыз өзі қалады. Сол қолын шөлкеге қойып, балтамен сарт еткізеді. Сұқ және ортаншы саусақтар опырылды. Серега балтаны тастай сап, ауруханаға тартты.
Сереганың шешесі жанына келіп отырады. Серега көрермендерге қарай бұрылады. Қолы – таңулы.
Сереганың шешесі. Ақыл айтып ем, құлақ аспадың ғой, балам-ау. Ол мыстан... зұлым дедім ғой...
Серега. Қайдағы зұлым?
Егор көке. Сонда, ол қандай? Мейірбан ба?
Серега. Мұның не қатысы бар, шеше? Әңгіменің бәрі ашу-ызаға тіреле ме?
Егор көке. Мәселе неде, балам?
Серега. Жә-жә, ештеңеде. Өзім де білмеймін. Алайда, ашудың қатысы жоқ. Басқа да балама сөз бар ғой.... Әйтеуір... «зұлым, зұлым...» дегеннен танбадыңдар.
Сереганың шешесі. Шын сүйді... шын сүйді. Ал, әйел жақтырмады... жақсы көрмеді. Ол бұзылған қатын. Бір рет ауызданды ма, қара да тұр, енді тоқтамас.
Егор көке. Өзегі шірісе болғаны, әр желге иілгіш келмек...
Серега (өзімен-өзі). Зұлым. Ашушаң. Кекшіл. Шірік. Қақсап қоймадыңдар ғой. Осындай дауыл тұрса... онда... саусақтан садаға кеткір! Ауырды. Жанға батты. Алайда... мереке ғой, мереке. Бас жазу... Той болды ма, өзі? Болды. Нүкте. Осымен сөз тамам!..
Инсценировканы әзірлеген:
И. БЕЛЯКОВА
НӨЛ... НӨЛ БҮТІН...
ҚАТЫНАСУШЫЛАР:
Синельников Вячеслав Михайлович.
Колька Скалкин.
Совхоздағы кеңсе. Үстел басында қағаздарды аударып-төңкеріп, маңғаз қалпынан танбай Синельников отыр. Үстінде – тозығы жеткен, мыжылған, әрі модадан шыққан ақ костюм. Оның жайдары, момын жүзі жылтырап тұр, қасы – ақ, түр-тұлғасы орташа келіскен. Колька еңбек кітапшасын әкетуге келген. Жұмыстан шықпақ ниетте.
Синельников. Так... (Өтінішті қарап отыр). «Өз қалауымен жұмыстан шығарылсын». Неге? Не боп қалды?
Колька. Ақшасы аз.
Синельников. Қанша?
Колька. Не қанша?
Синельников. Аз дегенің қанша?
Колька. Алпыс-жетпіс... не одан да аз.
Синельников. Енді... саған қанша қажет?
Колька. Маған ба? Осындай сомадан үшеу.
Синельников. Жетпеді ме?
Колька. Әңгіме жетпегенде емес... Бір жағынан ұят екен. Аяқ-қолым сау. Бала кезден қара жұмысқа пісіп өстік. А-а-а... тфу! Жә, жарар. Болды. Айтары жоқ.
Синельников. Қайда бет алдың?
Колька. Қазір ме? Тіректерге арналған шұңқыр қазам. Отыз жетінші шақырым (километр) жақта.
Синельников. Дипломың – қалтаңда, ал сен шұңқыр қазам дейсің. Екінші санаттағы жүргізушісің...
Колька. Не істемек керек?
Синельников (солғын сөйлеп). Арақты аз іш.
Колька (қатуланып). Менің еңбек кітапшамды үстелге қой. Ешбір бюрократиясыз. Анау-мынау... артық әңгіменің қажеті жоқ...
Синельников. Қандай артық әңгіме?
Колька. Лекция тыңдауға емес, еңбек кітапшасын әкетуге келгем.
Синельников. Жақсы сөз – жанға дәру... Арақ ішерде ақша табыла қалады, ал мұнда аз төлейді екен. Хм! Ашкөздер. Шарапқа сылқия тойғанды ғана білсеңдерші. Бұл мәнсіз тірліктен еш шаршар емес. Арақ атаңнан қалған ас па еді? Қанағат жоқ, сендерде.
Колька. Ой, әкең! Сен өзі қызық адам екенсің. Миды ашытқаннан өзге жұмысың жоқ па, бюрократ?
Синельников (әлі де солғын). Жалғастыра бер, жалғастыра бер.
Колька (одан сайын өршеленіп). Еңбек кітапшасын алуға келдім. Ары қарай істеуге құлық жоқ. Өтінішке қол қойылды ма? Қойылды. Әкел, құжатымды!
Синельников. Статьямен шығартайын ба, а? Сол керек пе, саған?
Колька (сасқалақтап). Неге?
Синельников. Тентектігің үшін. Тәртіпсіздігің үшін. Мына жерге белгі қойсам бітті... краковяк [поляк биі] я қамажай билейсің.
Колька. Белгіні не үшін қоясың?
Синельников (дауыс көтермей, байыппен сөйлеп). Таңбаласам, шұңқыр қазарда әлгілер: «Әй, шырағым, мына жерде... Жоқ... бізге мұндай жұмысшы керек емес», ‒ деп айтар. Бітті, болды. О, тірлігіңе, асқанда екі жүз рубль (екі жүз мың теңге) аларсың. Сондықтан, мұрныңды шүйірме. Мінез шығарып, аузыңа келгенді көкімей жайыңа жүр. Сасық кеуде!
Колька. Кім?
Синельников. Не кім?
Колька. Мен бе? Қалай дедің?
Синельников. Сасық кеуде дедім, ал.
Колька еш ойланбастан үстел үстіндегі қара сия толы құтыны Синельниковтың ақ кәстөміне төгіп жібереді. Синельников пенжакты шешіп, сия жерге тама таусылғанын күтіп, асықпай сілкіп, орындықтың арқалығына іліп қояды. Жейдесі мен шалбарын бір тексеріп шығады. Таза екен.
Так... өзің таңда... кәстөмді химтазалаудан өткізу үшін жиырма рубль (жиырма мың теңге) не мені қорлағаның үшін, әдепсіз әрекетің үшін сотқа берем.
Колька. Ар-ұжданымды бірінші боп аяқасты еткен өзің ғой...
Синельников. Мен сөзбен ғана... оны ешкім естіген жоқ. Ал, сия... мені, бәрі көрініп тұр. Бақытыңа қарай, өзім де бояғым кеп жүрген. Химикалық сияны кетіре ала ма екен, олар? О, жағын білмедім. Жиырма бес рубль (Жиырма бес мың теңге). (Телефон тұтқасын қолына алады). Тезірек шешім қабылда. Әйтпесе, милицияға қоңырау шалам.
Колька. Неге жиырма бес? Жиырма еді ғой... бірден аспандатып жібердің.
Синельников. Бес рубль (бес жүз теңге деп те алсақ артық емес) – жолкіреге. Ауданға ары-бері барып келер ақша. Сасып қап, бірден есептеп үлгермедім.
Колька. Бір басына екі жарым ба, не? Елу тиынға жол-жөнекей бәрі ала кетеді.
Синельников. Ары қарата кезіккенге отыра салам, ал бері келерде таксилетіп!..
Колька. Мырза-ақсүйек (Фон-барон), өзінше! «Таксилетіп» дейді!
Синельников. Иә, не бопты? Несі жабайылық екен?
Колька. Ештеңе... күріш арқасында күрмек су ішкен ұят емес пе?
Синельников. Үстіме сия төктің. Бұл – арсыз қылық емес пе? Жиыра бес! Жаз, бол!
Колька. Нені?
Синельников. Қолхатты!
Синельников қағазды Кольканың алдына сырғытады. Ол оны жирене алады.
Колька. Не деп жазам?
Синельников. Мен... пәленше түгеншеев, толық аты-жөніңді көрсет... жолдас Синельников Вячеслав Михайловичке, санмен емес, жазбаша... жиырма бес (мың), нөл-нөл бүтін теңге (рубль) төлеуге уәде берем...
Колька (ызалы). «Нөл-нөл бүтін»... Мә, басеке, мынауыңыз...
Синельников (бірсыдырғы). Нөл-нөл бүтін тиынды қасақана ақ кәстөмді бүлдіргенім үшін жолдас Синельников В. М.-ге төлеймін.
Колька (жазуды доғарып). Неге қасақана? Өз еркіммен төлейін деп отырмын емес пе? Бұлай деудің қандай мәні бар? Мынаны оқыған соң... ана жақтағылар... тиісе бастайды ғой.
Синельников (ойланып). Мақұл, онда, жолдас Синельников В.М.-нің ақ кәстөмін... бүлдіргенім үшін де.
Колька (ренжіп). «Жолдас» пен «В. М.» дегенді алып тастаймын.
Синельников (сөзін жалғап). Химиялық сиямен...
Колька. Автоқаламда химиялық бола ма?
Синельников. Қандайы бар? Біз тізімдемеге химиялық түрін ғана жазамыз.
Колька (күңкілдеп). Әй, жазушым-ай...
Синельников. Қолыңды қой! Бүгінгі күнді көрсет!
Колька қол қойып, бүгінгі күнді жазды. Синельников қолхатты алады.
Саған есеп бойынша қаншауы тиесілі?
Колька. Мен қайдан білем? Бастық сен емес пе?!
Синельников. Түс ауа есептесуге кел... және... кітапты ала кетерсің.
Колька (орнынан тұрып). Сен... менен... нөл бүтініне шейін сыпырып алғаныңды ел естімесін. Әйтпесе, масқара болар. О, жерге басқа нәрсе жаза салғын.
Синельников. Жарайды.
Колька есік аузына жақындайды-дағы, сәл-пәл кідіреді.
Немене?
Колька (өзімен-өзі). Итке сүйек тастағандай қылдым. Садақа! Отқа орансын! Ол қу ақшаны шұңқыр қазып-ақ тауып алам. Еш өкінбен!..
Инсценировканы әзірлеген:
Г. ДРОБОТ
СЕНЕМ!
Үйге Максим кіреді. Дастарқан басында кәдуілгі поп отыр. Алдында – спирт толы бөтелке. Максим мен поп бір-біріне ұзақ қарайды.
Поп. Не болды?
Максим (басын көтеріп). Жаным сыздап тұр. Осы, діндарлардың жаны ауыра ма екен? Соны білуге келгем.
Поп (паузадан соң). Мынаған қалайсың?
Максим (үстелге жақындап). Соған бола келді екен деп қалма. Қарсы емеспіз! Алайда, басқа шаруамен соқтым. Жаның ауыра ма? Айтшы, осыны!
Поп (екінші стақанға спирт құйып, оны Максимге сырғытады). Спиртке суды қалауыңша қоса ғой! Жаным... ауырып тұр деймісің?
Максим (қағып сап). Иә!
Поп. Так. (Соғыстырып ішіп алады да, дастарқан жиегімен аузын сүртіп, орындық арқалығына қос жауырынын сүйеп, сақалын салалайды). Әңгімені арыдан бастайық. Мұқият тыңдағын! Сөзімді бөлме! Адамзат жаралғалы бері... зұлымдық та бас көтерді. Ал, зұлымдық пайда болғалы, сонымен күрессек деген ниеттің де бар екендігі сөзсіз. Сөйтіп, жақсылық пайда болды. Басқаша тәпсірлегенде, зұлымдықпен қатар қайырымдылықтың да болуы заңды. Бір-бірімен байланысты дүние ғой. Түсіндің бе, мені?
Максим (тағатсыздана). Иә, иә.
Поп. Ғайса деген кім? Ол жер бетіндегі зұлымды жоюға жіберілген пайғамбар. Жақсылықтың жаршысы. Екі мың жыл бойына ел арасында жамандықты құрту идея есебінде таралды. Екі мың жыл бойына Христос, Иса атымен зұлымдықпен күрес жүріп жатыр. Ал, бұл соғыстың ақыры жоқ. Шылым шекпеші, өтінем. Немесе терезенің жанына бар-дағы, сонда түтіндет.
Максим (темекіні жерге тастап, аяғымен мыжып өшіреді). Өкпеге не болды?
Поп (немкетті). Ауырады.
Максим. Борсықтың майын қолданып көр...
Поп. Иә, көмектеседі. Ары қарай кеттік...
Максим. Қалайша?
Поп. Сөзді бөлме дедім.
Максим. Өкпең туралы сұрадым ғой...
Поп. Жан неден ауырады дедің? Енді, көңіл жайлансын деп мен саған әлемнің суретін сызып беріп отырмын. Мұқият тыңда және таны, түсін. Сонымен, Ғайса идеясы зұлымдықты жеңуден туындаған. Көз алдыңа елестет. Жақсылық үстемдік етсе... онда Христостың жеңгені. Бұның бәрі не үшін керек? Ешбір қажеттілік болмай қалады ғой. Әйтпегенде, бұл мәңгілік емес, пролетариат диктатурасы секілді келімді-кетімді дүние деңгейінде ғана қалар еді. Мен мәңгілікке... мәңгілік күш-қуатқа... орнайтын мәңгілік тәртіпке сенгім келеді.
Максим. Мәңгілік тәртіпке? Коммунизмге ме?
Поп. Коммунизм?
Максим. Коммунизмге сенесің бе?
Поп. Ол саған жарасады. Ал, маған жоқ. Қайта сөзімді бөлдің бе?
Максим. Болды, болды, айып етпе. Бірақ... шамалы түсініктірек ғып айтшы. Одан кейін асықпа.
Поп. Түсінбейтін несі бар-ей? Мәңгі ізгілікке, мәңгілік әділдікке... осының бәрін жаратқан мәңгілік жоғары күшке сенгім келеді. Және... сол күшті танысам деймін. Соның жеңіске жететініне сенем. Онда... мұның барлығы не үшін қажет? Ол күш қайда? Бар ма, өзі?
Максим. Білмеймін.
Поп. Мен де білмеймін.
Максим. Мәссаған! Не дейді?
Поп. Расында да, мен бұндай күшті танымайды екем. Бәлкім... адамда оны толық білуге мүмкіндігі де жоқ шығар. Олай болса, өзімнің жерлік ретіндегі жорығымды аса түсіне алмай отырмын. Сен де дер кезінде соқтың. Менің де жаным ауырып отыр. Бірақ, дайын жауапқа келе қалдың. Ал, мен осының түбіне жеткім бар. Алайда, бұл мұхит қой. Және оны стақанмен тасимын деу ессіздік. Біз мына пәлені ішкен кезде... мұхит тұңғиығына жетсек деген мұратымыз болады. Бірақ, көрдің бе... тек скақандап қана! Шеңбердің ішіндеміз. Одан шыға алмаймыз.
Максим (ол да қағып сап). Сен мені кешір... бір ескертпем бар еді!
Поп. Айта ғой!
Максим. Сен өзі қызық адам (поп) екенсің. Имам (Поп) деген осындай болушы ма еді?
Поп. «Мен – адаммын. Сол себепті, адамға тән дүниеден ада емеспін». Бұл – бір ұлы құдайсыздың сөзі. Тап басып айтқан!
Максим. Демек... құдай жоқ па?
Поп. Әуелгіде, жоқ дедім. Ал, енді бар деймін. Қане, спиртты құйып, жиырма бес пайыз су қос та маған бер. Өзіңе де тамыза ғой. Сөйтіп... түбіне жетеміз. (Ішеді). Енді... құдай бар деп айтам. Оның аты – өмір. Сол жаратушыға қатты сенем. Бұл – қатал, әрі құдіретті құдай. Ол жақсылық пен жамандықты алдыңа қатар тартады. Жұмақ дегеніміз – сол. Неге жақсылық жамандықты жеңу керек, а? Көрдің бе, сен байқұсты аяп қана қоймай, өз санама салмақ сап жатырмын. Терең ойланып... О, құдаймен күнде сөйлесіп тұрам. Жаным неге ауырады деп сұраймын. Жақсы. Жақсы. Әйтеуір, жамбасыңды көтердің ғой. Әйтпегенде, сені пештен түсіру мұң болар еді. «Оралыңның барында ойна да күл». Арғы өмірде тіліңмен шоқ жалаймын деп қорықпа. Өйткені, мына өмірде-ақ сазайыңды аларсың. Жұмақты да, тозақты да көресің. Кімге сену керектігін білгің келді ғой, иә? Дұрыс байқапсың... діндарлардың жаны ауырмайды. Үміт артарың не? Өмірге сен. Бұл немен тынары өзіме де құпия! Адамдардың қайда бет алғанын да білмеймін. Маған олармен қатар жарысқан, қажет десең басып озған қызық боп тұр. Зұлымдық па? Зұлымдық! Егер сол керемет бәйге кезінде біреу аяғымнан шалса, мен оны бетінен ұрар ем. «Оң бетіңді тос» деген болмайды. Бетінен ұрам! Сонымен бітті!
Максим. Егер жұдырығы тоқпақтай болса ше?
Поп. Демек, пешенеме солай жазылған-ды!
Максим. Маңдайымның соры бес елі ғой!
Поп. Әлсізсің. Әлсізсің. Көзіңді аударып-төңкерме.
Максим. Поп! Егер қақ маңдайыңнан қақшитсам не болады?
Поп қарқылдап күледі.
Поп (жұдырығын көрсетіп). Көрдің бе?! Мұндайда табиғи сұрыптау болады.
Максим. Жақсы... жаның неге ауырып тұр?
Поп. Дерттімін. Құйып жібер.
Максим стақанға спиртты құяды.
Ұшақпен ұшып көріп пе ең?
Максим. Иә! Көп рет.
Поп. Мен осында келерде, тұңғыш рет ұшаққа отырдым! Ғаламат! Егер ұшақ жерге құласа, демек маңдайдағы жазуым – сол... деп ойладым. Өкінбен, қорықпаймын да. Жол бойы өзімді жайлы сезіндім! Ол мені жерден жұлып ап, аспанға көтергенде, риза болғаным соншалық, темірді сипап: «Жарайсың!» – дегенім бар. Ұшаққа сенем. Жалпы... өмірде әділеттілік көп. Елдер Есенин ерте кетті деп өкінеді. Ғұмыры ән секілді келте дер. Егер деймін да... әлгі ән ұзаққа созылса, онда мына сары уайым, мына сағыныш, мына мұң-зар болмас та еді ғой. Шұбалаңқы-шұбыртпалы әнді әлі кездестірмеппін!
Максим. Шіркеулеріңдегі ән...
Поп. Бізде ән жоқ, тек ыңырсу, күңіренген күйзеліс бар. Жоқ... Есенин... Уақытында кетті. Ол ақын ұнай ма?
Максим. Иә.
Поп. Қосылып ән айтамыз ба?
Максим. Ондай өнерім жоқ.
Поп. Ілесіп отыр, бірақ кедергі келтірме. (Ыңылдап ән салады).
Клен ты мой опавший...
Бір шумағын ғана айтады.
(Жылайды). Жарқыным! Жарық Айым! Халықты шексіз сүйді ғой! Өкінді! Абзал жан еді! Ал, мен сені жақсы көрем. Әділетті ме? Әділетті. Кеш пе? Кеш!..
Максим (Попты құшақтайды). Поп! Поп! Тыңдашы!
Поп. Керек емес!
Максим. Тыңдашы деймін!
Поп (жылайды). Қажет емес. Аяғыңда әзер тұрсың...
Максим. Мен... сендейлерді жеткізбей кетем. Шаң қаптырам! Аяғыңда әзер тұрсың дейді ғой... Көкжөтел!
Поп (орнынан тұрады). Сыйын! Артымнан қайтала!
Максим. Менен аулақ жүр!
Поп Максимның жағасынан ұстай көтеріп, жанына топ еткізіп қояды.
Поп. Қане, қайтала! Сенем!
Максим. Сенем!
Поп. Қаттырақ! Салтанатты түрде айт. Се-не-мін! Қане бірге. Се-не-мін!
Максим мен Поп (бірге). Се-не-мін!
Поп. Авиацияға, ауылшаруашылық механизациясына, ғылыми революцияға сенем! Және ғарыш пен салмақсыздыққа! Бұл – әділ көзқарас. Менімен бірге...
Максим мен Поп (айғайлап). Се-не-мін!
Поп. Бәрі үлкен қалаларға шоғырланатынына сенем! Сол жақта тұншығып, қайта ауылға, табиғат аясына оралатынына сенем! Сенем!..
Максим мен Поп (айғайлап). Се-не-мін!
Поп. Борсықтың майына, бұқаның мүйізіне... тәнге және соның жұмсақтығына сенем!.. (Тізерлеп отырған ол, орнынан атып тұрып, қызу биге кіріседі. Әндетеді). Еһ, сенем, сенем! Былай, былай, бы-лай... бір! Сенем, сенем! М-па, м-па, м-па... екі! Сенем, сенем!..
Максим (ол да биге араласып, әнге басып, попты айналып жүреді). У-тя, у-тя, у-тя... үш! Сенем, сенем! Е-тя, е-тя... төрт болды! Сенем, сенем!
Поп (бұтын керіп-созып, отырып билейді). Еһ, сенем, сенем! Ты-на, ты-на, ты-на... бес! Сенем, сенем!
Максим. Алтыда бар... халықтың салты! Алтыда бар абырой! Сенем, сенем!
Поп пен Максим аласұра, ашулана, ессіздер ұқсап есіре биледі.
Инсценировканы әзірлеген:
И. АНИСИМОВА
ЕКІНШІ СЕАНСҚА БИЛЕТ
ҚАТЫНАСУШЫЛАР:
Тимофей Худяков – қойма меңгерушісі.
Николай-Угодник – Тимофейдың қайын атасы.
Поля – Тимофейдың бұрынғы ғашығы.
Ермоха – қойма күзетшісі.
Уақиға қоймада, Тимофей мен Поляның үйінде өрбиді. Қойма. Дастарқан басында Тимофей мен Ермоха отыр.
Тимофей. Жаным жай таппай тұр. Мына бірсыдырғы тіршіліктен жерініп кеттім. Төрт аяққа тұра ғап, ырылдап, басымды бұлғаңдатып, ит секілді үрсем бе екем, а?!.
Ермоха. Сенікі жайшылық па?
Тимофей. Тасбауыр тағдырға налып отырмын да!.. Мойны бұрылмай, басы қозғалмай қалсын... Асы ішіне барып тас болғыр!.. Кепкен нанға кептеліп қалсын... Мынандай қаққан қазыққа отырсын...
Ермоха. Ашулысың ғой!
Тимофей. Ішім удай ашып тұр. Ашуланбай қайтейін, ит тірлік жасады.
Ермоха. Егер сен тағдырға налысаң, басқасы қайтпек?! Не жаныңа зор келді? Үйдегі шаруа – шаш-етектен.
Тимофей. Ішкенім – артымда, ішпегенім – алдымда. Балаларды оқыттым-тоқыттым. Менің теңім емес. Жаным ауырып тұр.
Ермоха. Ар соты маза бермей ме? Түйені түгімен жұтып ең. Бірде бір рет ұсталған жоқсың ғой, сұмпайы-ау.
Тимофей. Қой, қайдағы жоқты шатымай. Өтірік-өсекке ермей жайыңа жүргін. Бетің шімірікпей қалай айтасың? Жоқ, Ермоха! Мәселе басқада. Көңілде алаң бар. Неге екенін өзім де білмеймін.
Ермоха. Ештеңе етпес, өткінші нәрсе.
Тимофей (орнынан тұрып). Жарайды, кел кетераяқ болсын! Жұмыс қалып барады. Асығып тұрмын!
Екеуі алдындағы арақтан алып қояды. Тимофей қойманы жабады. Сахнада жалғыз өзі қалады.
Қайда барам? Үйге тартпай тұр. Гутя ызыңдайды ғой... Тіршілік кешіп... ал, енді өмірдің аяқталар шағына жеттім... Қалған өмір, өмір емес, мүжілген жілік қана. «Бір аяғы – жерде, бір аяғы – көрде» деген – осы. Сөйтіп, тфу... бүкіл ғұмырың лезде-ақ өте шығады. Ебін тауып, еңбек қылып, үй сап... өмірбақи өтірік-шыны аралас ананы, мынаны жиып... жанталастым. Солай Ермоха... бейнеттің зейнетін де көргем жоқ. Ермоха ептеп тіршіліктің тәтті дәмін сезді. Кейде шыны керек... цирк қызметкері секілді сыммен бара жатып, тірсегің дірдек қағады. Махаббаттың да қызығына батпадық. Поля Тепляшинаны есепке алмағанда. Гутька екеуі ауыз жаласқандай, тура. Сөздері бір жерден шықты. Жаман-жәутік төбетше алдына сап қуалады ғой. Соған қосыла сықылықтап күлді. «Әлгі мырза жігіттің халі қалай?» – дейді біреуі. Сұғанақ сұраққа жауап та дайын еді... «Есен-аман шауып жүр. Пеш үстінде жатып, қандаланы мыжып әуре», – деді екіншісі. Әдейі істей ме? Ішті тырнаған сары уайым мен мұң-зардан қалай құтылам? Оданда, Поляға барайыншы. Бәлкім, жеңілдеп қалармын.
Поляның жып-жылы үйі. Дастарқан үстінде – самауыр. Келбет-кеспірі келісті келіншек жалғыз өзі отыр.
Тимофей (кіріп). Амансыз ба?
Поля. Қонақ деп осыны айт. Неге келдің?
Тимофей. Келсе не бопты? Сені айналып өтерліктей жұқпалы ауруың бар ма еді? Баяғыдай өзімізше отырып, бір жырғайық та. Арақ ішелік. (Орталап қалған бөтелкені үстел үстіне қояды). Өткен-кеткенді еске алып...
Поля. Бар болса бірсәрі ғой!
Тимофей. Анекдот айтып берейін бе?
Поля. Қойшы!
Тимофей. Не болды сызылып? Келдім, ал! Онда тұрған не бар екен? Осы, сендер бар ғой, әйелдер... ақымақ халықсыңдар. Түсініп болмайсың, шын айтам!
Поля. Ақымаққа кеп жүрген өзің де сау емессің ғой.
Тимофей. Ақылды қатынды қайдан табам? Бірін екіншісіне алмастырғаннан басқа не амал бар, бізде?
Поля. Тексеріс келді-ау, шамасы? Шамырқанып тұрсың ғой?
Тимофей. Мені тексеретін ревизор әлі туған жоқ.
Поля. Бәсе, байқадық.
Тимофей арақ толы стақанды тартып жіберді. Поля тіскебасар ештеңе ұсынған жоқ.
Тимофей. Бағана анекдот айтып берем деп ем ғой. Тыңда! Бір еркек қалаға кеп, көше-көшені кезіп жүр екен дейді... Өзі пысық, еті тірі ұқсайды. Кіммен таныссам деген ойдың жетегінде желе жортып келе жатады. Қалалықтардың қағынғанын біледі, сөйтіп ойы кетеді. Бір кезде сымбатты, мүсінді, өте сыпайы бір қыз алдынан шыға қалғаны. «Менімен жүріңіз, жақын жерде тұрам», – дейді. Өзі кеп қолға түсті. Көктен тілегені, жерден табылды. Жігіт – мәз-мейрам. Сөйтіп... үйге кіреді. Қыз: «Ал, шешініңіз, қазір келем», – дейді еш саспастан. Өзі келесі бөлмеге өтеді. Жігіт тұттай боп, лыпасыз отырады. Біраз күтеді. Содан не керек... әлгі келіншек балаларын ап кіріп: «Қараңдар, балапандарым! Егер тамақ ішіп-жемесеңдер, осындай боласыңдар!» – дейді.
Поля. Нені меңзедің?
Тимофей. Менімен де тағдыр сөйтті. Өмір сүре берсең, көре бересің, Тимофей! Басың барда ешкімнен қорықпа. «Қолдан келсе, қоныштан бас...» дегенді ұмытпағын. Ал, Тимофей... «аңдамай сөйлеген, ауырмай өледінің» кері болды ғой.
Поля. Адал жүрсең адамнан қорықпас ең.
Тимофей. Ой, сенде!.. (Төсекті нұсқап). Мұнда... бөтен еркектің қойнында жатқан кім екен, а? Ондайды естіп пе ең?
Поля. Иә, естігем! Ал, сен қатыны бар еркектің келісті келіншекпен төсектестігі туралы естідің бе? Басым бос, жесір ем ғой. Ал, сен отбасылы болдың. Оңбай кеткір!..
Тимофей алдындағы арақтан тағы да тартып жібереді.
Тимофей. Ақ бұқашық туралы ертек есіңде ме, Поляжан? Біздің жайт соған ұқсас боп тұр ғой...
Поля күледі.
Неге күлдің?
Поля. Енді, жылайын ба?
Тимофей. Қажеті жоқ... Қисық тісіңді түзетпек керек.
Поля. Кезінде байқамаушы ең ғой...
Тимофей. Байқайтынмын. Тек... Еһ! Ең өкініштісі мынада ғой. Біреулерге білім де, жанын жалдамай-ақ жалақы да бұйырады, өзі бұрымды, тісі маржандай сұлуды да құшады. Ал, Тимохаға... тісі құрт, қисығы да жарай береді!
Поля. Сұр жылан! Сұмырай! Сыйды білмес сиыр! Бөтелкеңді ал да, жоғал ары! Әйтпесе, көсеумен басыңнан ұрам... Ақылдысымақ, неме!
Тимофей. Былай да жарайды.
Тимофей бөтелке тығынын асықпай бекітіп, ішкі қалтасына тығып, тартып отырады. Ол тағы да жалғыз өзі кетіп барады.
Зиян шектірдім, шер-шеменімді құстым, кәдімгідей жеңілдеп қалған секілдімін. Тағы кімге соқтықсам екен, а? Құдай біледі, одан сайын жеңілдермін.
Тимофей үйіне жетеді. Бұнда шынтағын үстелге тіреп, сұрланып Николай-Угодник ақсақал отыр.
Угодник. Ассалаумағалейкүм, Тимофей.
Тимофей. Уағалейкүм... ассалам, Николай-Угодничек. Сені бірден таныдым.
Угодник. Қызусың ғой, а!
Тимофей. Аз-маз ғана! Көбіне... жаным жабырқаулы. Айып етпегін, әкетай! Бәрі уайымнан ғой. Салынып ішкен жерім жоқ. Балаларды жеткіздім. Енді, неге ұрттамасқа? Самайын қырау шалыпты... Жайша келдің бе?
Угодник. Не уайым, ол?
Тимофей. Қайдан білейін. Сенім жоқ жерде... сергелдең басталады. Құдайға сенуден қалдық... содан, міне... қайғымыз қалыңдады. Боқтанамыз. Зинақормыз. Азғындадық, әбден. Оның арты азап!..
Угодник. Бұрын да сеніп пе ең?
Тимофей. Әлбетте, әкетай! Имандай шыным! Бала кезде иланғам. Өскенде өзімшілдікке салындым. Заман да өзгерді.
Угодник. Өзің қайдан келген жансың? Жаратушы алдында жауапкершілікті сезінесің бе?
Тимофей. Қайдам! Саған өтірік айтайын десем, арым жібермейді. Алайда... қайын атам бар. Оны отызыншы жылдардың ойраны кезінде-ақ кулак деп қуғындаған...
Угодник. Содан?
Тимофей. Міне, мен де содан бері «ақырын жүріп, анық басуды» (Абай) құп көрдім.
Угодник. Рас па, Тимофей?
Тимофей. Барын бардай айттым. Неге кеп ең? Тыныштық па, әйтеуір?
Угодник. Неге деймісің?!. Сендей антұрғандардың хал-ахуалын білуге де!.. Тізерлемей, орныңнан көтеріл.
Тимофей. Тұра берем! Тұрмасқа шара бар ма? Аяғым ауыра қоймас. Ел-жер аралап жүрсің ғой, хазірет. Халықтан күй қашты. Байқадың ба, соны?
Угодник. Жоқ. Қайын атаң жолыңды кесті ме?
Тимофей. Иә. Кулак дейтіндей, кулак та емес еді. Құтырынған бір пәле. Колхозбен қоян-қолтық қызмет етті. Көптің көзіне түсті. Пысықай ғой. Делқұлылау. Дүлей. Бірақ, мықты тұрды.
Угодник. Содан?
Тимофей. Бәрі өтті де кетті ғой. Бір-бірімізден алыстадық. Оны сол күйі көргем жоқ. О, топас ұлының қолында екен. Ол да айдалада тұрады. Жұрт жұпыны киінеді, иә? Тоз-тозы шыққан, а?
Угодник. Айтарлықтай.
Тимофей. Жағдайы нашар. Ішеді. Ұрлайды. Мен де білдірмей жымқырам. Қоймадағы заттарды қоймадым. Күнә екенін білем. Алайда, айналама қарап шүкір деймін.
Угодник. Білдірмей жымқырам дейсің бе?
Тимофей. Иә, хазірет. Онсыз ана балаларды қайдан оқытайын?!. Әкетай... (Жанына тізерлей жақындап). Мынаны өтініп сұрайын дегем...
Угодник. Нені?
Тимофей. Сен менен гөрі, Ғайсаға... пайғамбар, сахабаларға... жақынсың ғой... Мәриям анаға да... Асықпай ақылдасқан соң... әлгіндей... деймін да! Бірден шешім шығармаңдар! Менде де жүрек бар. Ақымақ еркек емеспін. Сауатым аз болса да, біразын сан соқтырам...
Угодник. Түк түсінбедім.
Тимофей. Дүниеге қайта келсем ғой, а? Мына өмірімді өшіре салыңыз. Мені анадан жаңа туғандай етіңізші. А?
Угодник. Біресе жатып кеп ренжисің, біресе жалынасың... Иттің ғана баласысың ғой, Тимоха.
Тимофей. Ғұмырым зая кетті! Күлесің ғой, әкетай. Күлерлік жағдай ма? Ішім толған ‒ қайғы-қасірет. Әне, жер бетінде рақат қой. Қарашы! Түсінбеді деймісің? Бәрін түсінем! Бәріне жаным ашиды. Тфу!
Угодник. Ал, екінші рет мүмкіндік берілді делік. Өміріңді қалай өткізер ең?
Тимофей. Әуелі, басқа әйел алар ем. Махаббат туралы Інжілде де жазылған ғой. Ал, мен үшін махаббат не, сыздауық, тілім ‒ жазықты, кешіре гөр, Жаратқан, бәрі ‒ бірдей. Қатыннан қатты қателестім. Ақылы аздау! Әкесіне тартқан, тура. Аузын кере ашып: «Әкел», ‒ дегеннен танбайды. Қатын емес, қара сандық қой. Сондықтан да, ұрлауға мәжбүрмін. Жемір ғой! Нағыз ашкөздің ашкөзі! Мендегі ақыл-оймен баяғыда-ақ ел басқаратын адаммын ғой. Тамаша сот, қадірлі қазы шығар еді, менен. (Тізерлей отырып, Угодниктің нұр шашқан көзіне, әулиелі келбет-кеспіріне қарап қалады). Ол кезде, қайын атамның аузына қақпақ қойып, сөйлетпей тастар едім ғой...
Угодник (ызаланып). Тәйт! Сол қайын атаң... менмін ғой, әзәзіл неме! Ұрлықшы! Көзіңді аш! Өлгенше ішкенбісің?
Тимофей өзіне-өзі риза кейіпте орнынан тұрып, шалбарын қағып-сілкіп, сабырға келгендей болды.
Тимофей. Қараңдар, расында да қайын атам екен. Атам-ау! Олай болса, кел, тартып жіберейік. Кездесу үшін! Мен сені басқамен шатастырсам...
Қайын атасы. Араққа тойып ап, аузына келгенін сандалып, бұл да!
Тимофей. Ай-ай-ай! Саған бүкіл сырды айтып бердім! Тс-с-с! Ештеңе жоқ, ести бер! Бірақ... оңбай сүрінгенімді-ай, әкең! Өзімнің де тұзым жеңіл ғой. Ай-ай-ай!
Жаңағы жағдай реттелген секілді. Біреу алдағанына риза, екіншісі алданғанын да аңғармай қалды. Бірақ, олар өзін-өзі, өз тағдырын алдады. Соның құрметіне арақтан алып қойды.
Қайын атасы (Тимофейге тылағын көрсетіп). Міне саған екінші өмір! Міне саған екінші сеансқа билет! Ұрлықшы...
Тимофей. Оңбай сүрінгенімді-ай, әкең! Ай-ай-ай!
Қайын атасы. Түрмеге тығам, жемқор!
Тимофей. Сен бе? Қоя ғой! Кім сенеді, сөзіңе?
Қайын атасы. Мә, мә, саған екінші сеансқа билет! Хе-хе-хе! Басқа өмірді аңсап жүр екен ғой! Мә, тағы да!
Қайын атасы-Угодник Тимофейге қайтадан тылағын шығарып, қорқытып-үркітіп жатыр. Еркек оның басына стақандағы арақты төгіп, қалтасынан сіріңке ап шығады.
Тимофей. Өртеп жіберем, қазір... өртеп жіберем!
Қайын атасы (басын сүртіп жатып, жылап қалады). Кәрі адамды тәлкек қылғанын қалай? Ұятсыз! Оңбаған! Саған не болды, Тимохажан? Бұған жақсы адам ғой деп келсем...
Тимофей. Білмеймін. Білмеймін қайын ата. Шынымды айтайын, менімен не боп жүргенін өзім де түсінбеймін. Осынау жалған тірліктен жалыққам ғой. Өле мезі болғам. Сивкаң анандай болды. Арғы өмірге аттанды. Өкінішті-ай! Комедия үшін... әдепсіз әзілім үшін айып етпегін. Шын жүректен кешірім сұраймын.
Инсценировканы әзірлеген:
Г. ДРОБОТ
ДӘРІГЕР
ҚАТЫНАСУШЫЛАР:
Володя – студент-дәрігер.
Лариса.
Тазбас жолаушы.
Сахнада пойыздың бір вагоны ғана көрсетілген. Шеттегі купе есігі ‒ айқара ашық, ал көрші купелер ‒ жабық. Уақиға кешке өрбитіндіктен купе ішіне жарық түсуде. Үстел басында Лариса кітап оқып отыр. Володя вагон ішімен өтіп бара жатып, қызды байқап, бірден теріс бұрылады. Лариса оны көріп қап, кітапты жауып қояды.
Лариса. Володя?.. Ой, сәлем!
Володя (таңданысында жасандылық бар). Хелло! (Пауза.) Мұнда не істеп жүрсің? Қай жерден? Қайда?
Лариса. Демалысқа шықтым. Каникул.
Володя. А-а, иә, иә. Демалыс қалай өтіп жатыр? Қанша уақытқа? Қыркүйекке шейін бе? Әлде қазан ба?
Лариса (Володяның даусын салып). О, жағы белгісіз. Өзіңіз ше? Сізге де айтты ма, әлде өзіңіз жай әншейін бара жатырсыз ба?
Володя. Қалай екенін білмедім. (Пауза). Қыркүйекте жиналасыңдар деді. Қайта кәртөшкеге сала ма деп, біздікілер үйде, колхозда жұмыс істедік деген анықтама алмақшы.
Лариса. Бізде де солай!..
Володя (ажуалап). Қойыңызшы, енді! Тарсылдатып орындап тастайсыз. Сонымен болды ғой. Көңді жазық далаға жалықпай тасыдым ғой. (Қызға тез көз тастайды да, қалтасынан шылымын алып шығады).
Лариса. Былтыр қай жерге алып барып еді?
Володя. Заозерьеге... Көктасқа!
Лариса. Ал, біз Красногорск ауданына барғанбыз. Керемет серпілдік! Бір жасап қалдық қой!
Володя. Үйдегі демалысты қалай өткізесіз? Не істейсіз?
Лариса. Не істесіз дегенде... сол... жеміс-жидек теріп... іш пысатын тірлік қой.
Володя (әзілдеп). Кооперация құрамыз ба? Әйтпесе, зерігіп жүрмін. Арамызды он төрт шақырым ғана бөліп тұр емес пе? Велосипедке отырып...
Лариса. Жақсы. Бізде жастар өте аз. Жоқ деуге де болар. Азын-аулақ, бірді-екілі құрбым қалған, бірақ... (Көңілін мұң торлап). Бір қызық нәрсе, қараңызшы, құрбыңыз болады. Сөйтіп, арадағы байланыс... аяқастынан үзіледі...
Володя. Бұл түсінікті жағдай ғой.
Лариса. Неге?..
Володя. Өмір жолы екіге айырылады. Теңіздегі кемелер ұқсап... (Еркінси сөйлеп). Адамда қалай екі аяқ, екі қол, бір жүрек болса, бұл да сол сияқты табиғи нәрсе.
Лариса. Медицинада оқыған қалай екен? Қиын емес пе, а?
Володя (жақтырмай жымиып). Неге? Жоқ, іріктеп-сұрыптайды ғой... Бірінші курста анатомия сабағында... бір қыз өлікті көріп: «Ой, ұстаңдар, мені!» ‒ деді де құлағаны бар емес пе?!
Лариса. Талып қалды ма?
Володя. Иә. Ол дәрігер бола алмас. Ендігіде, фармацевтикаға бару керек.
Лариса. Өкінетін шығар, иә?
Володя. Ал, сендерде ше? Жағдай қалыпты ма?
Лариса. Екінші курстағы бір қыз оқудан шықты. Ауысып кетті. Әкесі әскери адам екен. Олар көшіп-қонып жүреді емес пе?! Соған байланысты ғой. Владивосток! Ал, былай... жайшылықта оқуын орта жолдан тастамайды. Ауылдарыңа клуб сап берді ме?
Володя. Жоқ, кинотеатр. Былтыр ғана. Бір фильмін барып көргем, жарты сөзін түсінбедім... мыңғырлаған, мылжыңдаған бір нәрсе. Аяғына жетпей шығып кеттім. Жібі түзу кітапхана жоқ. Сендерде ше?
Лариса. Бізде де сол. Өзіммен бірге әкетіп барам.
Володя (образға ене сөйлеп). Ол не болды екен? А?
Лариса. «Христофор Колумб саяхаты». Бұл ‒ күнделік, хат, құжат сипатындағы кітап... Мен ‒ жағрафияшымын ғой. Сізде не бар?
Володя. Менде ме? Арнайы дүние. «Дәрігер жазбасы...». (Ыңғайсызданып). Анау бір жазушы бар еді ғой... Кім еді? Әлгі...
Лариса. Чехов па?
Володя. Жоқ. Бірақ, екеуі жора-жолдас боп араласып тұрған... Есім-сойы есімнен шығып кетті. Фамилиясы қалай еді? А-а-а, Бредбериден бір нәрсе бар ма?
Лариса. Жоқ. Дәрігерлер туралы оқығанды ұнатасыз ба?
Володя. Аса емес... ортақол дүние болмаса оқимын. Ал, Камюден ештеңе жоқ па?
Лариса (Володяның екпініне шыдай алмай, қос иығын қиқаң еткізеді). Жоқ!
Володя. Зерігумен қалай күрессек екен?
Лариса. Біреге отырып...
Соңғы сөз Володяға үміт сыйлады. Қобалжып, ұялғанынан орындыққа сылқ етіп отыра кетеді. Қызға ұзақ, әрі анықтап қарайды. Қыз да ыңғайсызданып, күле бастайды. Володя да күлкіге қарық болады.
Володя. Ақыры осы жерге... (Күлкісін тия алмай). Осы жерге... күркешік тігіп... сонан соң...
Лариса (ол да күлкіге көміліп). Робинзон сияқты... әлгі... қай жерде еді... аралда...
Іргедегі купенің есігі ашылып, жолаушы шығады, нақтырақ айтқанда, оның тазданған басы ғана көрінеді.
Тазбас (ашуланып). Концертте отырған жоқсыздар ғой! Сонша шулап не көрінді? (Күлкісін тежей алмаған қызға, жігітке, көрермендерге жақтырмай, әрі сынай қарап, купе есігін тарс жабады).
Володя. Жас көкпаршыда (ковбойда) ұйқы жоқ. (Қатты шыққан даусынан өзі шошып, сыбырлап қана). Дәлірек айтқанда, тазбаста!
Екеуі де айбарлы купеден алыстайды. Қалжыңы өтімді екенін аңғарған Володя батыр одан сайын күшейе түседі.
Лариса. Расында да, улап-шулап кеттік. Елдер ұйықтап жатыр еді ғой...
Володя (тауы шағылып, тауаны қайтқан ол жоқ, керісінше әзілін үдете түседі). Алғашында, сопаң ете қалған, бас емес, біреудің тізесі ме деп қалдым!
Үнсіздік орнайды. Қыз шашын түзеп, шалқая қолын артқа жіберіп, білінер-білінбес қана жымиыспен Володяға қарайды. Жігіт оның иығына қолын сезіктене артқанымен де, өзіне тарта түсуге жүрексінеді.
Лариса (қатуланып). Бұның не?
Володя. Бастаймыз ба?..
Лариса. Нені? Сенікі жайшылық па?
Володя қызды құшақтауға дәті жетпейді. Себебі, өзі қолайсыз жағдайда қалды. Лариса оның қолын итеріп әуре.
Володя. О, Құдай! Сонша неге шошыдың? Торға түскен торғайым-ау! Бар, ұйықта, ұйықта. Кеш болды. Иә?
Жауап күтіп, аз-кем бөгелістен соң жүгіре жөнеледі.
Лариса (артынан қуып). Ертең бірге барамыз ба? А?
Володя (шымылдық артына тығылған ол, басын қылтитып). Иә, міндетті түрде! (Лариса кетеді. Володя кеп, орындыққа отырады да басын ұстайды). Тфу, тфу, тфу! Аяқ-қолымды да қиратқам жоқ, пойыздан да қалман, шабаданымды да ұрлатқам жоқ... есесіне өзіме-өзім зиян жасадым. Әлгі географ қыз... мына масқараны ешкім көрмесін, ешкім естімесін. Ер деген атыма сын болады... Суайт! Боқмұрын!
Сахна қараңғыланады. Купеде біреу арлы-берлі жүр, даңғыр-дұңғыр еткен дыбыс естіледі, шамасы заттарын жинастырып жатса керек: «Межелі стансыға жеттік!» ‒ деген дауыс естіледі. Купесінен тазбас жолаушы шығып, сахнаға беттейді. Екі қолында ‒ екі шабадан. Володя оны көзімен шығарып салады. Сонан соң шабадандарын тасып, купесінің алдына жайғасады.
Володя. Ана Лариса елдің бәріне жаятын болды. Біреу қызға сөз сап, артынан жүгіргенде... ол бетін қайтарып тастаса, бүкіл жұрт артын ашып күлетін-ді. «Өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай...» ғып айтайын деп тұр ғой. Досқа күлкі, дұшпанға таба болдым-ау, әттең. (Пауза). Тіліңнен біреу тартты ма? Нең бар еді, мақтанып? «Дәрігер жазбасы...»! Хм! Қай доғдырдың фамилиясын ұмыттың? Камю?! Бредбери?! Сол Камю мен Бредбери туралы әңгіме тамамдалғанда, өзің де риза боп кеттің емес пе?! Енді, неге өтірік соқтың? Арсыз адамның рөлін сомдаудағы мақсатың не? Ал, ол ше?.. Еркінсігеніңді сезіп, бірден қағып әкетті. Сөзді сол жерден-ақ үзе салатын адаммын ғой. Жобалауымша, Ләзка... Лариса жолға шықпақ!
Володя оны сахнада күтіп тұрады.
ӘЙЕЛІ ЕРІН ПАРИЖГЕ АТТАНДЫРДЫ
ҚАТЫНАСУШЫЛАР:
Колька Паратов ‒ қоңырқай көзді, ашаң жүзді, бұйра шашты, бойшаң болмағанымен де мығым денелі, өңді жігіт.
Валюша.
Баяндаушы.
Колька Паратовтың шешесі.
Колька Паратовтың қайын атасы.
Колька Паратовтың қайын енесі.
Баяндаушы. Колька Паратов, әр аптаның сенбісінде, кешқұрым қора ішінде концерт береді. Үш қатарлы гармонын алып шығады да онысын құлаштай серпіп, әнге басады.
Колька Паратов.
Күйеуіне Париж жаққа аттанған,
Салды әйелі жолыңа деп кепкен нан...
Тара-рам, тара-рам, та-та-ра-рам,
Три-рам, три-рам, та-та-та.
Баяндаушы. Колькабай! Қаражорға биіне басшы! («Цыганочка»).
Колька Паратов. Валюша! Валюшатай! Төплиімді (штиблетімді) лақтыршы! Халқым қаражорға («Цыганочка») билеп берші деп жатыр.
Валюша. Адам қорада концерт қоюшы ма еді, Колька-ау?! Жұрттан ұялмайсың ба? Есі дұрыс адамның тірлігі ме, мынау?
Колька Паратов (Даусын құйқылжыта өзгертіп шақырады). Валюшатай! Ау, Валюшатай! Бір көзіңмен немесе сол аяғыңмен болса да белгі берсейші.
Валюша. Мен саған белгіні қазір басыңнан кәстрөлмен ұрып беремін, ләухи!
Баяндаушы. Аяғыңның өлшемі қанша еді, Коля?
Колька Паратов. Фиер цванцихь – қырық екі.
Баяндаушы Колькаға туфли ұсынады, сонан соң ол биге басады. Өзін-өзі ұмытып, келістіре билейді. Бірде байсалды, бірде тіпті айбатты да кейіпке енеді. Домбырасы (Үш қатарлы гармонь) қолда ойнап, керек жерінде тына қалады да аяққа кезек келеді.
Баяндаушы. Колька мен Валюшаның танысқан кезін айтып берейін бе? Онда, тыңдаңыздар. Әскерде қызмет істеп жүрген кезінде Валюшаның (Валяның) ағасы жолдастарына қарындасының суретін көрсеткен-ді. Бірден-ақ бұған бірнеше солдат жүрегі елжірей елітті. Қыз әдемі болатын. Бәрі де оның тұрағын сұрады, бірақ ағасы мекен-жайды басқаға емес, өзінің жақсы көретін досы Колькаға ғана берді. Колька Москваға суретін, оған қоса «әралуан сөздер» жазып, хат жолдады. Валюша қыз (Валя) жауап қайтарды. Арада хат алысып, хат берісу басталды. Колька Валюшаның ағасынан бір жас үлкен еді, әскерден бұрын босады да, Москваға жалғыз аттанды. Кольканы көруге Валюшаның (Валяның) барлық туысы жиналды. Колька солардың бәріне де, Валюшаға да (Валяға) ұнады. Бір ғана кемшін жері: солдаттың сопақ басы, жалбыраған кекілі, бұдан басқа дәнемесі де жоқ, мамандықты да игермепті. Солай бола тұра, ердің қосы жүре түзеледі дескен-ді. Сонымен Колька Москвада қалып қойды, ауылына барып шешесін де көре алған жоқ. Жігіт пен қыз отасады, алайда, уақыт өте келе олар бір-біріне мүлде жат жандар екені анықтала бастады. Бір жыл өткенде дөңгелек жүзді, аппақ, сүйкімді Нина туды... Колька қазыққа мықтап байланғанын сезді. Жақын-жуық туысқандары көптеп-көмектеп бұларға екі бөлмелі пәтер сатып әперді. Валюшаның жақын-жуығы ата-бабасынан тартып тігінші еді. Жігіт бір жерге тұрақтамай, жұмыс орнын сан рет өзгертумен болды, бірақ қайда барсын айына жүз, мықтағанда жүз жиырма (сомнан) мыңнан артық ақша таба алған жоқ. Ал, Валюша үш жүз мыңнан (сомнан) «таза» табыс тауып отырды. Валя телеграфист боп бір тәулік жұмыс істейді, екі тәулік үйінде іс тігеді. «Өзара түсінісу» мынадан басталды: көп кешікпей-ақ Колька әйелінің адам таң қаларлықтай нысапсыз, ақшақұмар екенін білді. Ер оған бүйтуге болмайды деп ескерту жасағысы кеп еді, Валюша бетін қайтарып тастады.
Колька Паратов. Ақыр-аяғы біздің ауылдың (деревняның) әйелдері де тап мұндай ақшақұмар емес...
Валюша. (Деревняңмен) Ауылыңмен қоса құры. Жүре бер сол ауылыңда (деревняңда), мұнда сенің ешкімге керегің жоқ!
Баяндаушы. Ол ақылды жігіт еді. Тағдыр оны бұл сияқты көк айылға кездестіреді деп ешқашан ойлаған да, білген де емес. Әскерде жүргенде-ақ өмірім қалай болар екен деп талай ойға шомған. Алғашқы жылы қолайлы жұмыс іздеп сабылды. Ойдағыдай іс табылмай, одан күдер үзген соң, базарда жүк тасушы боп қала берді. Бұдан кейін қызы дүниеге келді де, барлық бос уақытын соның тәрбиесіне жұмсауға тиіс болды, өйткені сараң Валюша (Валя) бала күтетін әже жалдамады. Колька қызын аула ішінде орындыққа отырғызып қойып, оған домбыра (гармонь) тартып беріп, сықақ өлең айтты.
Колька Паратов.
Армандап жүрдім сені текке, білем,
Үмітім болды ғайып неге менің:
Жанымнан жымия бір өткеніңмен,
Сен мені кісі екен деп елемедің.
Баяндаушы. Қызы күлді, ал дәрменсіз де ызалы Колька жылауға шақ қалды. Ол өзінің ауылына (деревнясына) кетіп-ақ қалар еді, онда қызынан қол үзіп қалатыны есіне түседі де, мысы құрып сала береді. Жоқ, бұған оның жүрегі дауаламайды. Бұдан жарты жыл бұрын Кольканың шешесі келіп кеткен. Валюша оны әдеппен қарсы алды, бірақ енесі бәрібір одан қорықты, пәтеріне аттап баса алмады, немересін құшақтауға да батпады... Колька шешесіне мұңын шақты.
Колька Паратов. Шеше, мұның қалай?
Колька Паратовтың шешесі. Не?
Колька Паратов. Тым болмаса немереңнің қолынан да ұстамадың ғой.
Колька Паратовтың шешесі. Қорқамын, балам, сөйтіп жүріп бірдеңені бүлдіріп аламын ба деймін.
Колька Паратов. Ту, сізге не болған?..
Колька Паратовтың шешесі. Онда тұрған не бар? Сендерді көрдім, болды, Құдайдың мұнысына шүкіршілік. Жақсы тұрады екенсің, балам, жақсы. Бұдан артық не керек, бәрі де сәтті болған! Келіншегің жаман емес. Рас, тік мінезділеу екен, бірақ әлдеқалай былжыраған салдыр-салақтан гөрі сонысының өзі жақсы. Үй иесі. Өмір-жастарың ұзақ болсын!
Баяндаушы. Шешесі осылайша балам жақсы тұрады екен деген оймен аттанып кетті. Шешесі кеткен соң ерлі-зайыптылар отбасы ұрсысып қалған еді, Валюша ерінің намысына тие шағып алды.
Валюша. Сенің шешең қандай адам?.. Келді де ыздиып отырып алды. Не тамақ дайындаған жоқ, не немересін алдандырмады... Жатыпішер ақсаусақ екен.
Колька Паратов (Сонда әйелін алғаш рет желкеден түйіп жіберді). Бүйтіп айтушы болма. Ұқтың ба?
Валюша. Онда мен төркініме кетем. Қош сау бол!
Колька Паратов (стақанға арақ құйып, тартып жібереді). Кетсең кет! Қарай гөр, мұны!
Қайын атасы. Не жағдай? Тыныштық па?
Колька Паратов. Ештеңе.
Валюша. Жағдайын қиын. Өзінен сұраңыздар!
Қайын енесі. Сен байқа, бала, байқа!
Қайын атасы. Көзіңді ашып қара! Сен қол жұмсағаның үшін әп-сәтте Алматыдан қуыласың. Біз оны сен сабасын деп өсірген бе екенбіз! Әліңе қара! Валюша сенің теңің емес. Жақсы, мықты жігіттердің де көзіне түскен.
Колька Паратов. Сіздер қалайша жаза басып қалғансыздар? Шу дегенде кез келе кеткенін, түп етектен алып АХАЖ-ға (ЗАГС) апару керек еді ғой. Әлде олар сіздерден айласын асырып кетті ме екен? Өз көңілдерін тындырып болғаннан кейін ши түбіне бұға-бұға қалған болар. Қалайша ғана ауыздарыңызды ашып қалғансыздар?
Қайын атасы. Иттің баласы!
Қайын енесі. Қазір милиция шақырамыз!
Валюша. Шақыру керек! Аяудың қажеті жоқ!
Қайын атасы. Дайын дүниеге ие бола кетіп, онымен де тұрмай!.. Иттің ғана күшігі!
Қайын енесі. Жексұрын! Оңбаған!
Валюша. Еркек емес, ез!
Қайын атасы. Осындай сөзді естігеніңше, өлгенің артық қой.
Нина жылап қоя берді. Кольканың өңі қашып, сұп-сұр болып кеткен еді. Ет шабатын балтаны ала сала атасына, әйелі мен енесіне тұра ұмтылды.
Колька Паратов (баяу да болса нық сөйлеп). Айқайды қоймасаңдар, мына сендерді ‒ өлімтіктерді... табанда түгел жайғаймын!
Баяндаушы. Осыдан соң ерлі-зайыпты Паратовтардың сеніміне селкеу, махаббатына сызат түсті. Екеуі бұрынғыдай емес, өзімен-өзі еркін жүретін сыңай да білдірген-ді. Кешкілікте Валюша (Валя) бір жаққа кетіп те қалып жүрді.
Колька Паратов (ашуын ішке бүгіп). Қайда барып жүрсің?
Валюша. Тапсырыс иелеріне.
Колька Паратов (әйелін жамбасынан сипап қойып күлді. Бұл ‒ ыза аралас күлкі еді). Иә, тапсырыс иелері не деді?
Валюша. Ақымақ! Ойлама... мен ондай адам емеспін.
Колька Паратов (ойға берілді). Осы біз не істеп жүрміз? Не істеп жүрміз екі ақымақ? Жақсы тұруымызға да болады емес пе? Басқалар солай істеп те жүр ғой!
Баяндаушы. Ол өзінің басынан қандай күн кешіп жүргенін жақсы түсінеді осы да тұрмыс болып па, жиіркенішті, бойға қорлық, игіліксіз бірдеңе... Істерге жұмыс жоқ, жаны құлазып, теке-тіресті, ұсақ-түйек удай ащы сезімге жем боп барады. Базар төңірегіндегілермен бірігіп арақ ішуді үйренді. Жұмыс істеп жатқан олар жоқ. Басы қосылса үш-төрт бөтелкені төңкеріп тастауға әзір. Енді не қалды? Онсыз да тіршілігі оңып тұрған жоқ. Осы бір жексұрын «не қалдының?» байыбына бармас үшін Колька өзінің ауылын (деревнясын), шешесін, өзенін ойлай бастады... Жұмыста да, үйде отырып та ойлады, күндіз де, түнде де ойлады. Бірақ, сонда да жанын жегеннен басқа ештеңе өндіре алмады, көңілі ішкілікке ауды. Жұрт әлдеқашан үйді-үйіне тарқап кеткен. Колька мұңды бірдеңені жаймен естілер-естілместей тартып отыр. Ол ойға кетті. Ой соңында бүкіл өз ауылын (деревнясын) кезіп, оның бұрыш-бұрышын түгендеп шықты. Ағынды, мөп-мөлдір өзен жағасына барып отырды... Егер жалғыз өзі келсе, шешесінің жылайтынын Колька сезді. Іштен шыққан баланы тастап кету кешірілмес күнә.
Валюша. Сен солайша ырылдатасың да отырасың ба? Жұртқа мазақ болып біткен едің, енді оларды ұйықтатпауға қалдың ба, жарымес? Осындағы барлық пәтердегінің сені қарғап-сілеп жатқанын естимісің? Нина ұйықтамай жатыр! Жын жайлаған орын ғой, бұл.
Колька Паратов. Пештің көмейін біте. Терезені жап, сонда ұйықтайды.
Валюша. Салдақы. Шешең екеуің жекеменшік тұрмысты аңсайтын боларсың? Колхозда болуды ұнатпайсыңдар ғой? Тоғышарлар. Туған әкең, басқа да туыстарың сіңірі шыққан кедейлер ғой.
Колька Паратов (Домбыраны (гармонын) орындықтың үстіне қойды да күбірледі). Жетер енді! Істі тындыру керек. Өзі тілеп алған бұл азапты тоқтату керек. Бұдан қалай да құтылған жөн.
Ол бөлмеге қалай кіргенін де білмей қалды. Бір сұмдықтың боларын сезген Валюша (Валя), қызын құшағына ала қойды.
Валюша. Тиісіп көр! Тиісіп көр, осыдан!
Колька Паратов (қалш-қалш етіп, тілі күрмеліп). Қ-қ-қоя бер баланы!
Валюша. Тиісіп көр!..
Колька Паратов. Бәрібір мен сені бүгін өлтіремін... (қайран қалды, бұл сияқты жан түршігерлік сөзді өзі емес, басқа біреу, ойланып-толғанып айтқан сияқты көрінді) Тағдыр сағатың жетті... дәм-тұзың таусылды... Жарық дүниеде жүргің келмейді екен ғой? Иманыңды үйіре бер. Мен сені бүгінгі түннен аман қалдырмаймын. (Ас үйдегі балтаны алады).
Баяндаушы. Колька аспай-саспай қимылдады. Қалшыл басылған. Су ішті. Шүмекті жапты. Шүмекті қайта ағытты да, мұны неге ағыттым деп ойлады.
Колька Паратов. Мейлі, су осылайша аға тұрсын! (Бөлмеге келіп кірсе, Валюша (Валя) жоқ. Жан-жақтан іздейді. Жоқ). Қашып кеткен екен ғой.
Баяндаушы. Баспалдақта сәл тұрғаннан кейін үйге қайта кірді. Балтаны орнына қойды. Ac үйде әрлі-берлі жүрді. Тығулы тұрған жерінен арақты тауып, одан бір стақан құйып, қайтадан орнына қойды. Стақанды қолына алып біраз кідірді де ішімдікті қолжуғышқа төге салды. Сыпырғышпен еденді сыпырды. Өзіне-өзі сұрақ қойды. Демек, әйелі ерін Парижге аттандырды деген осы екен ғой? Терезенің желдеткішін жапты. Есікті бекітті. Шылым шегіп, дүркін-дүркін сорып, ақыры бітірді. Қолына қарындаш алып газеттің шетіне ірі әріппен: «Қызым, әкең жолаушылап кетті» деп жазды. Газетті көрінетін жерге қойды... Сонан соң газдың екі бірдей оттығын ашып тастады... Таңертең ертемен Валюша (Валя), қайын атасы мен енесі келгенде алақандарын бетіне төсеп, ас үйдің еденінде Колька жатты. Баспалдаққа дейін газ иісі аңқып тұр. Енесі жүрегін қолымен басып, мықшиып тұрып қалған. Атасы Кольканың жанына келіп, оны аударып-төңкерді... Кольканың көзінен аққан жас әлі құрғамапты... Кекілі ұйысып бір жағына ауа құлаған. Қайын атасы Кольканы олай-былай қозғап байқады да, оның көзін жапты...
Шымылдық
Аударған: Әлібек БАЙБОЛ